22.11.2024

Талғат ӘНУАРБЕК. МҰҒАЛІМ ӨЗГЕРМЕЙ…

Қазақстанның болашағы жастардың қолында.
Жастардың болашағы ұстаздардың қолында.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

Алғы сөз

Мұғалімдер, бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Біз соған дайынбыз ба?

Қазақтың ғұлама ойшыл данышпаны Шәкәрім Құдайбердіұлы Толстойға хат жазып үш сұрақ қойдым дейді. Біріншісі, мен оған «Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың өзім білетін бәрін тізіп жаздым да, осылардың ішінде және біз білетін арға ең ауыр тиетіні не?»- дедім.
Толстой бұған: «Осы жазғандарыңның бәрі де адамшылдық арға тиетін нәрселер. Меніңше, арға ең ауыр тиетін іс бар. Ол – егер адам көпшілікке, не жалпы қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны үш нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші, сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсаң, малыңа зияны тисе, екінші, сен мансапқа ие болып, сол хақиқатты айтсаң, мәнсабыңнан айырылатын болсаң, үшінші, сол хақиқатты айтсаң басың жазаланатын болса. Міне, осы үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетіні осы », – депті. / Шәкәрім – 88 –бет/
Бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Біз соған дайынбыз ба? Шындығын айтсам мен бұған күдікпен қараймын. Неге?

Негізгі сөз

«… Қайнайды қаның, ашиды жаның…»

Мен мұғаліммін. Ұстазбын деп айта алмадым. Өйткені, «ұстаз деп кімді айтамыз?» – дегенге әртүрлі пікір айтылып жүр. Осы жолда, мұғалімдік жолда мұғалімдер дайындайтын колледжде, жоғарғы оқу орнында оқыған жылдарымды қоссам отыз алты жылдай уақытым, соның ішінде он алты жылым оқу ісінің меңгерушісі ретінде мұғалімдер еңбегін бақылауға, бағалауға, кемшілігі болса түзетуге, білмегенін үйретуге кетіпті. Еңбек ете жүре аудандық, облыстық деңгейдегі әртүрлі сайыстарға қатыстым немесе оқушыларымды қатыстырдым. Түрлі деңгейдегі сайыстарға, тексерістерге комиссия болып бардым… «Ащы менен тұщыны татқан білер» демей ме, мұның қаншалықты ауыр, қаншалықты жеңіл екенін осы еңбекте істеп жатқан әріптестерім айта жатар. Менің айтайын дегенім мынау. Осы жолда мен кіммен кездеспедім.
Бастауыштың математикасының күрделі есептеріні дұрыс шығара алмайтын, «ң», «н», «ұ», «ү» т.б дыбыстарды ажырата алмайтын, Ы.Алтынсариннің жазған өлеңін білмейтін бастауыш сынып мұғалімін, басқасы басқа Абайдың қазақ үшін кім екенін білмейтін, ҰБТ-ның есебін айтпағанда оқулықтағы А деңгейінің есебін сыныпта істетіп, С деңгейінің есептерін үй тапсырмасына беретін математика пәнінің мұғалімін, Қаныш Сәтбаевты білмейтін биология пәнінің мұғалімін, құрлық пен материкті ажырата алмайтын геогапия пәнінің мұғалімін, химиялық элеметтердің таңбасын толық білмейтін химия пәнінің мұғалімін, күнделікті сабақ жоспарында; тақырыбы: «Тік тұру», мақсаты: «Оңға, солға бұрылу» деп жазған денешынықтыру пән мұғалімін, оқушысына ұялы телефонының қымбаттығымен мақтанған мұғалімді, сабақты «ит қуды, қоян қашты» бос әңгімемен өткізетін мұғалімді, оқушысына берген уәдесін орындамайтын мұғалімді, сабақ үстінде ұялы телефонмен отыз минут сөйлескен мұғалімді, фото суретімді сұрап алып, соңынан керексіз деп (өзіме қайтармай) қоқысқа тастаған «әріптесімді», қазақ мектебінде істеп жүріп орысша сөйлеуді әлі де мақтан көретін, патриоттық сезімнен ада мұғалімді (олар өздерін керемет патриотпыз деп кеудесін ұрғанда сондай), оқушыларының кемшілігін бетіне басып ұрсатын, оқушысынан кеткен қателіктерді көрсе, «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, қатты сөздер айтып жөнге салғысы келетін мұғалімді, оқушысымен қосымша жұмыс өткізгісі келмейтін, жан тыныштығын бірінші кезекке қоятын мұғалімді, ақшаны жақсы көретін, ауырдың үсті, жеңілдің асты, аз істеп, көп алғысы келетін, жеке шаруасын бірінші кезекке қоятын, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбейтін мұғалімді, жас келген мұғалімдерге үлгі-өнеге көрсетіп, ақыл-кеңес бергеннің орнына «отырса опақ, тұрса сопақ» ететін мұғалімді… Әлі де тізбекті созуға болушы еді. Біз, мұғалім деген атқа ие болып жүріп осындай кемшілктердің бойымыздан табылғаны қалай? Сізде осындай жағдайларды көріп жүрсіз. Неліктен мұнша төмендедік? Мұның сыры тереңде…

Кешірім етіңіз, бұл мақаланы оқып білім саласында жақсы ештеңе де жоқ екен деп ойлап қалмаңыз. Өз мектебіме тоқталсам, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі әртүрлі сайыстарда өздері және оқушылары да орын алған, басқаларға мақтанышпен айтқан, айтып жүрген мұғалімдеріміз де баршылық. Мектебіміз тоғыз жыл үзбей аудандық көрсеткіштердің нәтижесі бойынша «Ең үздік ауыл мектебі» деген атты тұрақты қорғап келді. Бұл да мұғалімдер еңбегі екені даусыз. Мектептегі жиырма бес мұғалімнің сегізі жоғарғы, жетеуі бірінші санатты мұғалімдер. Бұл да жақсы нәтиженің жемісі деп ойлаймын. Бірақ сол жақсыдан үлгі, ғибрат алып алға ұмтылғанның орнына бәрі керісінше. Қазақ: «Алтынның қасында мыс сарғаяды» демеуші ме еді. Менің көзім жеткен бір нәрсе, «жақсының» басқаға жұқпайдындығы. Жаңағы жақсы деген мұғалім жаманға қарап «бой түзегенін» көрдім. Ол солай істегенде, мен неге олай істемеймін дейтіні қалай? Жаңағы жақсылар: «Бұл бізге ұят демейді. Мен солай істесем ештеме етпес», дейді. Солай өзін-өзі жамандыққа қияды. Жеткен жетістігімізден, шыққан биігімізден неге төмендейміз? Одан артық биіктік жоқтай сезінетіні несі? Айтсаң естігісі жоқ.
«Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде», – деп түңілмеп пе еді, мұндайда, данышпан Абай.
Қысқасы, «Айта- айта «Алтайды», Жамал апай қартайдының» кері болды. Дәл мұндай жағдай сіздің де басыңызда да бар шығар әріптес? Мұндайда не істеу керек? Қандай харекет қылмақ керек?
Шәкәрім:
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам айла, зорлықсыз мал табалық,
Өшпес өмір, таусылмас мал берелік
Бір білімді данышпан жан табалық….
Жалыналық Абайға, жүр баралық! – дейді.
Ендеше, біз де Абайға жүгінелік.

Үшінші сөз

Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі болмайтұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?
Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.

Отызыншы сөз

Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не ақылдығы, арлылығы жоқ.

Отыз жетінші сөз.
Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың.

Отыз сегізінші сөз

Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады. Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапхат, қайратты тұрлаулы, ғаделет ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын.
Міне, бұл – Абайдың түйіні. Түйсігі бар адамға алақанға салғандай.

Ақырғы сөз.

Жүрек сыны

Қайта Шәкәрімге келейік. Оның Толстайға қойған үшінші сұрағы, екіншісінің бізге көп байланысы болмаған соң тоқталмадым. «Жазушы, оның ішінде мен өз жазғанымның дұрыс, терісін сынай алмаймын. Өз шығармамның қатесін қандай әдіспен көріп, сынап-түзетуге болады?» – дедім.
Бұл үшінші сұрағыма Толстой: «Жазушының артық қасиеті – өз қатесін өзі көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» деген де бар. Бәрінен адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзеген артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол адамға біткен – ақ жүрек. Егер адам өз істеген ісін, ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере алады. Ақыл-толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ықпалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, басқаның мінін де көре алады. Сондықтан әділ сыншың – ақ жүрегің,»- деді. Осындай ақыл-кеңес берген Толстойды мен ұстазым деп бағалаймын!» – дейді. /Шәкәрім -88-бет/
Мүмкін болса, ой түйіп көріңіздер, қадірменді мұғалімдер.
Қазір білім саласында жүріп жатқан өзгерістер үлкен үміт күттіретіні рас. Мұғалімдерді үш айлық қайта даярлау деңгейлік курстарынан өткізу де өз нәтижесін берер. Курста болған мұғалім ретінде курстың мақсатын толық қолдайтындығымды білдіремін. Бұл жерде бір нәрсеге көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді. Шульман ілімі бойынша негізгі нәрсе «бас». « Бас» -бұл теория. Өз мамандығы бойынша мұғалімнің теориялық дайындығы мықты болу керек. Өзі теориялық деңгейі төмен мұғалім оқушысына несін үйретсін. Курстың жанынан осыған бақылау қойылса. Соңғы бақылау тесті осыған бағытталса да дұрыс болар еді. Курста оқып жүрген кезде бұл туралы өз пікіркірімді білдіргеніммен курстың негізгі бағдарламасында ондай жоқ деп қолдау таппады. Сонымен бірге, мұндай курстан мұғалім мамандығын дайындайтын жоғарғы оқу орны оқытушыларын, студентерді де арнайы өткізген жөн сияқты. Болашақта мұғалімдікке кездейсоқ келушілерге жол берілмеуі керек.
Қырымбек Көшербаев мырза министр болып тұрғанда: «Мұғалімдердің көбі үшке оқығандар» деген сөз айтқанда, көбіміз реніш белдіргенбіз. Ойласам, жаны бар сөз айтылған. Орташа мұғалімнен жақсы шәкірт шықпайды. Оқушы ұстазына қарап өседі. Бүгінгі күні мұндай олқылыққа жол берілмеуі керек. Болашақта мұғалімдікке үздік оқушыларды ғана іріктеп алу керек. Және бейіміне көңіл бөлген жөн. Мұғалім боламын деген оқушыны ҰБТ-ға қатыстырмай тура ЖОО-дарына грантпен жіберген дұрыс. Мұғалім мамандығына бейімі бар оқушыларды таңдауға мектеп әкімшілігін, аудандық білім бөлімдерін қатыстыруға болады. Мұғалім мамандығына оқуға түскендерге арнайы жәрдем ақы төлеу, оқуын бітіргеннен кейін ауылдық жерлерге барса баспанадан бастап әлеуметтік көмектер беру жөнінде мүмкіндіктер қарастырылса бұл жобаның іске асуына үлкен мүмкіндік болар еді. Қазіргі істеп жатқан мұғалімдердің арасында осы мамандыққа қыры жоқтар қаншама. Оларды түзету мүмкін бе? Оған күдікпен қарайтындығымды жасыра алмаймын.
Қазір ауданымыз ҰБТ бойынша облыста соңғы орында тұрмыз. Мұның себебі көп қырлы болуы мүмкін. Бірақ басты себеп мұғалімнің білімі, біліктілігі деп ойлаймын. Сондықтан мұғалімнің өз мамандығы бойынша теориялық білімін жетілдіруге көңіл бөлген жөн. Осы бағытта аудандық білім бөлімінің мұғалімдерді мамандығы бойынша тестіден өткізген бастамаларын қолдаймын. Мұны жалғастырған дұрыс. Бұл мұғалімдердің өз мамандығы бойынша білімін жетілдіруге әсері мол болады деп ойлаймын. Бірақ мұның өте әділ өткені дұрыс. Әділ өткізуге мүмкіндіктер бар. Егер дұрыс өтпесе зияны екі есе…
Сол үшін аудан мектептерінің барлық пән мұғалімдерін «Бетпе – бетке» шақырамын. «ҰБТ-2014» электронды нұсқасы бойынша тест орындауға. Үш рет үш түрлі нұсқа орындап сайысқа түсеміз. Бұл – білім сайысы. Аудандық білім бөлі басшылары мені қолдайды деп ойлаймын. Мұны биыл кешіктірмей өткізген дұрыс. Ал жыл сайын өткізетін дәстүрге айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Сіз дайынсыз ба, әріптес. Сіз дайын болсаңыз, мен дайын.
Сондықтан, «көштің басынан дұрыс көшкені жөн». Қазақстан дамыған күшті елге айналуы үшін мұғалімі білімді, білікті болуы керек. Мұғалім түзелмей, қоғам түзелмейді. Біз көргенімізді айттық, көңілге түйгенімізді жаздық. Қорытынды жасау сіздің еншіңізде әріптес! Өз үлесін қосам деушілерге іске сәт!

Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Мариновка қазақ орта мектебі,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА