22.11.2024

Тілді тұқыртудың тетігі ме?

Биылғы оқу жылында облыстағы білім ошақ­тарында 130 мың оқушы білім алуда. Оның ішінде жергілікті ұлт балала­рының саны – 82 936. Осы оқушылардың 21 700-і орыс тілінде оқиды, ал өзге ұлт өкілдері балаларының 762-сі ғана қазақ тілінде оқып жатыр.

Оған аралас мектептерде оқитын жергілікті ұлт өкілдерін қоссақ, тәуелсіздік алғалы отыз жыл өтсе де өлкеде қазақ тілінің кірпігі әзер қимылдап тұрғанын аңғару қиын емес. Облыстағы 555 жалпы білім беретін мектептің 159-ы ғана таза қазақ мектебі. Аралас мектептің саны – 218. Бұл мектептерді де ойланбастан орыс тілінде білім беретін мектептерге қоса салуға әбден болады. Аралас мектептердегі жеткіншектердің үзілісте де, сабақ үстінде де орыс тілінде сөйлейтінін елдің бәрі біледі.

Көкшетау қаласында небары үш мектеп қана таза қазақ тілінде, қалғандары орыс тілінде білім беретін немесе аралас мектептер.

– Аралас мектептерді мүмкіндігінше азайту керек, – дейді білім саласының ардагері Қазбек Айтпаев, – таза қазақ тілінде білім беретін мектепке айналмай, көсегеміз көгермейді. Ауыл­­дық жерде оған мүмкіндік болмауы ғажап емес, ал облыс орта­лығында мұндай мүмкіндік әбден бар. Әнебір жылдары осын­дай мәселе жиі көтерілетін. №6 мектепті таза қазақ тілді бі­лім оша­ғына айналдыру ту­ра­­­лы бас­тама аяғына дейін жеткі­­зіл­­меді. Өзге ұлт өкіл­дерін өкпе­­летіп аламыз ба деп тайсақ­тадық. Бұл білім оша­ғы­ның дәл жанында №5 және №2 мек­­тептер бар. Қаланың қақ орта­лы­­ғын­дағы білім ошақтары. Орыс тілінде білім алғысы келген, осы ауданда тұратын оқушыларға тіпті де алыс емес. Тәп-тәуір бас­талған талпыныстың соңы нәти­желі болмай қалды.

Қалалық білім бөлімінің мең­герушісі Дина Башарованың айтуына қарағанда, облыс орта­лы­­ғындағы №19 мектеп келер жылдан бастап таза қазақ тілін­де білім беретін мектепке ауыс­пақ. Қазір құ­жаттары дайындалып жатқан кө­рінеді. Бірақ ата-аналардың па­йым­дауынша, қордаланып қалған мә­селені түбегейлі шешуге әлі ерте.

Аралас мектептің алысқа апар­майтынын ата-аналар да айқын аңғаруда. Қазақ сыныптарында оқитын оқушылар отбасында да, білім ошағында да орыс тілінде сөйлейді. Демек, қазақ сынып­тарындағы оқушылардың өз тілдерін еркін меңгеру жайына күдікпен қарауға әбден болады.

– Кешегі кеңес заманында орыс тілінде білім алмаған адамның болашағы жоқ деген ұғым болды, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев. – Мектепте мұғалім болдық, мектеп директоры болып қызмет еттік, аудандық білім бөлімін басқардық, сол кезде дәл осындай пікірдің кең етек жайғанын жақсы білеміз. Бірақ қазақ тілінде білім алған бала далада қалады деу – түбірімен қате. Арғы-бергі ел тарихын екшесеңіз, алысқа бармай-ақ, осы Көкшетау төңірегінде аты шыққан жақсы мен жайсаңның қазақ тілінде оқып, білім алғанын жақсы білеміз. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» деп атап көрсетілді. Ұлт сапасы жас толқын ұлт тілінде, өз тілінің мәйегінен нәр алғанда ғана артатыны мәлім. Әрине, біз орыс тілінде білім алып жатқан қазақ балаларын кінәлаудан аулақпыз. Бірақ солай бола тұра, уыздарынан жарығандары дұрыс болатын еді. Бәлкім, рухани жаңғырудың біз елеп-ескермей жатқан бір қайнар бұлағы осы жерде шығар. Ұлттық құндылықтарды өз тілінде меңгермеген адамнан ұлт қамын жейтін азамат қалыптастыру өте қиын. Жаман тұмау жолымызды жаппай тұрғанда қалалық ардагерлер кеңесі еңбек ардагерлерін, айтар пікірі бар аға буын өкілдерін жас ұрпақпен жиі жүздестіріп тұрушы едік. Сол кезде туған топырағына жан-тәнімен адал қызмет еткен адамдардың басым көпшілігі, бәлкім түгел дерлігі өз тілінде тәлім-тәрбие алған азаматтар екенін көзімізбен көріп жүрміз. Ана тілі ананың сүті тәрізді сәбиінен сүйегіне дарыса ғана жұғымды болмақ.

Енді осы қаны шығып тұрған мәселенің түп-тамырына үңіліп қарайықшы. Тақырыпты қаузап ізденгенімізде, Кеңес заманында орыс тілін озық көрген буынның әлі күнге дейін үзілмей келе жатқандығында жатыр. Нақтырақ айтсақ, алдымен ата-аналарының өздері өз тілдерін еркін білмейді. Мәселенің мәнісі осы!

– Немеремді қазақ тілінде білім беретін мектепке берейін-ақ деп едім, бірақ бала мен келін менің ұсынысымды қоштай қоймады, – дейді қала тұрғыны Алпысбай Тұрсынбаев, – өзіміз кінәліміз. Кешегі Кеңес заманында қызметсіз қалмасын, болашағына әсер етпесін деп балаларымызды орыс тілінде оқытып едік. Бұлай боларын кім білген. Енді бала да, келін де қазақша білмеген соң немеремді қазақ тілінде білім беретін мектепке берсек, сабақ оқыған кезде көмектесе алмаймыз деп азар да безер болады. Амал жоқ, орыс тілінде білім беретін мектепке беруге мәжбүр болдық.

Міне, осылай сабақтаса берсе, жергілікті ұлт өкілдерінің өз тілін меңгеру мәселесі таяу арада шешіле қоймайды екен. Өйткені об­лыс­тағы 601 мектепке дейінгі мекемеде де дәл осындай көрініс. Олар ертең тағы да «қа­ғынан жеріген құландай» өз тілдерінен өздері жеріп, өзге тілді өмірлеріне серік етпек.

– Ел егемендік алған алғашқы жылдары мен Қарағанды облы­сының Саран қаласында қыз­мет істедім. «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы тіл туралы» заң шыққаннан кейін ынталы топ құрып, әр қазақ отбасының үйлерін аралап, орыс мектебінде қазақ сыныбын аштырып едік, – дейді «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төраға­сы Мейрамбек Қиықов, – немере­лерім­ді өзім бас болып, қазақ сыныптарына бердім. Екеуі де ана тілін емін-еркін меңгеріп қоймай, орыс және ағылшын тілдерін де жетік үйренді. Сондықтан баланы мемлекеттік тілде оқытудан жүрексінбейік. Сәбидің бойында ұлттық салт-дәстүрді құрмет­теу­шілік болмаған жағ­дайда, басқа тіл­дер­ді үйре­не қоюы неғайбыл. Сол себепті ағайынға айтар уәжім, бала­ла­рыңызды, немерелеріңізді қазақ мектептерінде оқытудан тартын­баңыздар. Өйткені мек­тепті де, жоға­ры оқу орнын да мемлекеттік тілде оқы­ған жас­тарымыз көштен қалып жатқан жоқ.

Өз тілін өзі менсінбеудің тағы бірі іс қағаз­дарын мем­лекеттік тілде жүргізу жайына байланысты.

– Шынын айту керек, қазақ ті­ліндегі құ­жаттар дайындал­ға­ны­мен, басшылар оны оқымайды да, қолдарын да қоймайды. Әйтеуір талапты орындау үшін, заңды бұзбау үшін осылай істейді. Құжаттың бәрі орыс ті­лінде дайындалады да, ішінара қазақ ті­ліне аударыла­ды. Іс қағаздарын ең ал­ды­мен қазақ тілінде дайындасақ қана үстем бол­маған күннің өзін­де те­резесі теңесіп қалар еді. Оның үстіне мем­лекеттік қызметшілердің барлығы дер­лік орыс тілінде сөйлеседі. Демек әлі де жергілікті ұлт тілі кәдеге аспай жатыр, – дейді мемлекеттік қызметші Берік Қазбеков, – оны сол мемлекеттік қызметте істей­тін жастар көріп отыр ғой. Сосын қазақ тілінің болашағына кү­­мәнмен қарайды, керексіз деп ойлайды.

Тіл тұғырын биіктету үшін әлі де талай жұмысты атқаруға тиіс­ті­міз. Соның ішінде ең алдымен ара­лас мектептерді азайтып, таза жер­­гілікті ұлт тілінде білім беретін білім ошақтарының санын көбейту. Сәби­дің санасына сіңбеген тіл сәуле шаш­пайды.

 

Байқал БАЙӘДІЛ
Ақмола облысы
“Егемен Қазақстан” газіненен алынды

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА