Қазір әлем елдерінің бәріндегі білім беру жүйесі осыған дейінгі қол жеткізген сапаны жоғалтып алмау жолында жанталасып жатыр. Себебі дүниені дүрліктірген індеттің кесірінен білім беру ошақтары жабылып, қашықтан оқыту форматына көшті. Жаңа жолда тәжірибесі жоқ жанның жұмысы жедел жемісін бермейтіні секілді, оқытудың аяқ асты енгізілген форматы да бірден жоғары сапаға сеп болмайтыны сөзсіз. Керісінше бүгінге дейін жиған жетістік жоғалып барады. Осылайша білімдегі дағдарыс басталғандай. Одан қалай шығамыз?
«Білімдегі дағдарысқа дәлеліңіз бар ма?» дерсіз. Біз де бұл сөзді негізсіз жазбадық. Жақында PISA – Білім алушылардың жетістігін халықаралық бағалау бағдарламасының көрсеткіштері жарияланды. Аталған көрсеткіштер білімге айрықша көңіл бөлетін әлем елдерін алаңдатып отыр. Өйткені онда қашықтан оқытудың 3 айдағы нәтижесі бойынша дамыған елдердің өзінде білім сапасының айтарлықтай нашарлап кеткені көрсетілген. PISA нәтижелеріне көз жүгіртсек, әлемде білім беру сапасы жөнінен алдыңғы орындарды бермейтін Аустралия оқушыларының математикалық сауаттылығы 16,7 пайызға, ал оқу сауаттылығы 11,5 пайызға төмендеген. Ал алпауыт АҚШ-та 2019-2020 жылдар бойынша білім алушылардың көрсеткіші математикадан 30 пайызға, оқу сауаттылығынан тіпті 50 пайызға нашарлап кеткен.
Біздің елдегі жағдай қалай? Қазір бұл сұраққа мектеп оқушысына сабақ оқытып отырған ата-ана немесе жауапкершілік жүктелген ересек жан кез келген білім беру саласының сарапшысынан артық айтып беретін шығар. Үйде отырып-ақ отандық білім берудің қазіргі жай-күйіне баға беріп жатқандардың пікіріне сүйенсек, жағдай қиын. Бәріміз білетіндей, бүгінде қазақстандық орта білім беретін оқу ошақтары (шағын жинақты мектептерден басқасы) негізінен қашықтан оқытуға көшті. Балалары көп мектептерде ішінара сыныптар ата-аналардың өтінішімен штаттық режімде оқытылып жатыр. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар «төтенше тоқсаннан» (наурызда жарияланған төтенше жағдай кезінде еліміздегі білім алушылар оқу жылының соңғы тоқсанын түгел қашықтан оқыды) бері тәжірибеге енгізілген жаңа форматтағы оқытуға біршама бейімделіп үлгергендей. Бірақ бәрібір білімдегі біраз бей-берекеттің беті ашылып қалған сыңайлы.
Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Әсия Ермұхамбетова өзінің парақшасында: «Жиенімнің сабағына қалай араласып кеткенімді өзім де білмей қалдым. БЖБ, ТЖБ-ғы қате сұрақтар, грамматикалық қателер, ағылшын тілі мұғалімінің сөздерді бұрыс айтуы, 45 минуттың орнына өтілетін «WhatsApp»-ғы 15 минуттық сабақтар. Мұндайда қандай сапа болады? Бұл – небәрі 3-сыныптағы жағдай. Оқулықтардағы сұрақтарды қараймын, менде білімнің сапасына қатысты тағы 99 сұрақ туады. Кезекші сыныптардың сабақ кестесін өзгертеді де жатады. Мұны мектептің 3 ауысымда оқытатынымен түсіндіреді. Мемлекеттік мектептерде не болып жатыр? Көп нәрсені кадр тапшылығына ысыра салады», деп жазды. Оның ойынша, егер мұғалімдер пандемия жағдайында дұрыс оқыта алмаса, онда қолынан келетіндерге беру керек. Білікті мұғалімнен сабақ алса болғаны, мамандардың қайда тұратыны маңызды емес. Себебі бәрібір білім қашықтан беріліп жатыр.
Негізінен бұл идеяны министрлік «төтенше тоқсан» басталғаннан-ақ қолға алғандай болды. Мықты мамандардың сабағынан видеолар әзірлеп, білім беру платформалары мен телеарналар арқылы таратуы – соның айғағы. Десек те тәжірибе толығымен және жан-жақты қолға алынып, іске асырыла алмай жатыр. Әйтпесе білім саласын біліксіздерден тазартудың таптырмас құралы болатын. Өйткені оқушылар мен ата-аналар таңдаған мұғалімге мемлекет еңбекақысын төлесе, ең маңызды салада сақалары ғана қалар ма еді. Өйткені Ә.Ермұхамбетованың «Білім сапасы жақсармаса, бітпейтін стандарттардың не қажеті бар. Ең қызығы, мұғалімдер кез келген өтініш пен ескертуге басқа жақсы мектеп табуды немесе тіптен жеке мектепке кетуді ұсынады. Алайда грамматикалық қателер мен қате сұрақтардың дәл пандемияда пайда болмағаны анық қой», деген сөзінде шындық бар.
Елордадағы №82 мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Гүлмира Көкталқызы ТЖБ, БЖБ-ғы сұрақтардың мазмұны алдын ала тексеруден өтіп, бекітілуі тиіс екенін айтады.
«Мектебімізде тестілердің мазмұнын, ондағы сұрақтардың сапасын тексеріп, қол қоятын арнайы мамандарымыз бар, олар қажетті курстардан өткен. Меніңше, бұл жүйе барлық мемлекеттік мектептерге енгізілген болуы керек. Ал біз сабақты 15 минутта өткізбейміз, ZOOM платформасында толығымен 40 минут болады. Одан кейін мектеп оқушылары мен ата-аналары түгел Microsoft Teams-ты қолданады, өте ыңғайлы. Әлбетте WhatsApp желісінен басқасын қолданудан бас тартатын ата-аналар бірен-саран кездесіп жатады. Солар үшін ғана қолдануымыз мүмкін. Бірақ сабақ онда өткізілмейді. Айтпақшы, кезекші сыныптардың кестесі де мүлде өзгермеді. Бастауыштағы кезекшілік сыныптардың кестесі қыркүйекте бекітілгеннен өзгерместен әлі тұр. Осы тоқсаннан бастап 5-сыныптікін қостық», дейді Г.Көкталқызы. Оқу ошағы өкілінің айтуынша, пандемия кезінде білім сапасы түсіп кетпеді. Десе де барлық мектептегі оқыту мен білім берудің сапасы орынында ма? Мұғалімдердегі қателіктерді қайда қоямыз?
Paperlab тобының сарапшысы, белгілі әлеуметтанушы Камила Ковязина мәселе мұғалімдерде емес екенін жеткізді.
«Біздің мұғалімдер шын мәнінде жаман емес, олардың жаңа жағдайға әрең бейімделетіні және заман талап еткен қажетті қабілеттерді зорға игеретіні қиын. Жаңартылған білім берудің өзін әлі толық түсінген жоқ. TALIS сауалнамаларына сәйкес әрбір үшінші мұғалім жаңартылған білім беруде, критериалды бағалауда өзін толығымен бәсекеге қабілетті, сенімді сезінбейді. Ешкім олардан цифрлы дағдыларды талап етпеді және оқытпады да. Сол себепті педагогтерді әрдайым оқытып, біліктілігін арттырып отыру керек. Бұдан да маңыздысы, білім беруге бөлінетін қаржыны үнемдеуді тоқтату қажет. PISA көрсеткіштерінен неғұрлым бір оқушыға қарастырылған қаражат көп болса, соғұрлым білімнің сапасы да жоғары болатынына көз жеткізе аламыз. Рейтингтің тұрақты көшбасшылары – Сингапур, Жапония, Финляндияда бір оқушының шығыны 11-14 мың долларды құрайды. Ал аталған сома Қазақстанда – 560 доллар (2019 жылы бір оқушыға орта есеппен 224,3 мың теңге бөлінген). Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл – мүлде мардымсыз», дейді К.Ковязина.
Сарапшының сөзіне сенсек, пандемияда анық байқалған білімдегі дағдарыстан шығып, теңсіздікті азайту үшін (ауыл балалары, мәселен, қалалық оқушылардан 1,5 жылға артта қалып келеді) цифрлы білім берудің күшін қолдану керек. Осы тұста әлеуметтанушының ойы жоғарыда айтылған сөзімізді толықтыра түседі. Яғни біз қашықтан оқытуды дамыту арқылы білім саласында білікті кадрларды іріктей аламыз. Екіншіден, сарапшы айтқандай, ауыл мен қала балаларының білім деңгейіндегі теңсіздікті жоюға жәрдемдеседі.
«Егер денсаулық сақтау мамандары телемедицинаның маңыздылығы туралы үнемі көтерсе, біз неге қашықтан білім беру жөнінде айта алмаймыз. Ең жақсы мұғалімдер алыс ауылдардың (кешіріңіз, ауылдық шағын жинақты мектептерде мұғалімдердің біліктілігі қаладағы әріптестеріне қарағанда төмен деңгейде) балаларын қай кезде оқытады, ал мектеп мұғалімдері тәлімгер, репетитор, консультант рөлін қашан атқарады? Бірақ бұл үшін әрине алдымен ең маңызды инвестиция мәселесін шешуге тиіспіз», дейді әлеуметтанушы.
Иә, мектептердегі жарамсыз компьютерлер, таудың етегі мен төбеде ғана ұстайтын интернет, контенті сапасыз платформалар проблемасын пандемия келгенде ескергеніміз анық қой. Шынтуайтында, технология заманында цифрлық білім беруді дамытуға инвестицияны тарту керек еді. Ал біздің төтенше жағдай жарияланғанда алдағы жылдарға бөлінген қаражаттың есебінен жанталасып техника сатып алғанымыз «ас ішерде» дегенге саяды.
Жалпы, коронавирустың кесірінен пайда болған білімдегі дағдарыс Қазақстан секілді дамушы елдерде ғана емес, дамыған елдерде де орын алып отыр. Айталық, елімізде ауыл мен қала балаларының білім деңгейіндегі арақашықтық түйткілге айналса, Англияны әлеуметтік топтар арасындағы білім деңгейінің теңсіздігі алаңдатады. Себебі соңғы уақытта жарияланған көрсеткіштерге сәйкес, білім беру жүйесі озық елдің бірі саналатын Тұманды Альбионда әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топтар оқушыларының арасындағы алшақтық 46 пайызға артыпты. Әлбетте бұл мәселе бізге таңсық дей алмаймыз, себебі халықаралық, ақылы мектептер Қазақстанда да жұмыс істейді. Дегенмен шетелдік тәжірибеде тұйықтан шығудың жолы қайсы? Міне, біз үшін осы – маңызды.
Ұлыбританияда «Ұлттық репетиторлық бағдарлама» жобасы биылғы маусымнан бастап іске асырылып келеді. Өйткені Англия үкіметі репетиторлықты жағдайы жақсы отбасының балалары пайдалана алатын қызмет емес, әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топтар арасындағы оқыту сапасының алшақтықтығын жою мүмкіндігі ретінде қарастырып отыр. Іс жүзінде COVID-19 пандемиясына байланысты Ұлыбританияда мектептер жабылғанға дейін репетиторлық қызметтер әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы отбасылардан шыққан оқушылар үшін ғана қолжетімді болды. Ал қазіргі таңда Англиядағы аталған қызметке деген қоғамдық көзқарас Үкіметінің шешімі нәтижесінде түбегейлі өзгеретін сияқты. Жоба бойынша мектептер арнайы белгіленген тізімдегі репетиторлық қызмет көрсететін орталықтармен немесе мамандармен жұмыс істей алады. Әрі бұл қызмет – тегін. Мұндай қызметті тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалардың пайдалануына басымдық беріледі. Осы үшін мемлекет репетиторлық қызмет көрсететін мекемелермен әріптестік орнатқан екен.
Иә, дәл қазіргідей білімдегі дағдарыс уақытында білімнің сапасын арттыру жайында сөз етудің өзі қисынсыз. Оны дамыған елдердің білім сапасына қатысты халықаралық көрсеткіштерден де анық көруге болады. Сол себепті әлем елдері осыған дейін қол жеткізген білімнің сапасын сақтап қалуды көздеп отыр. Өйткені білім дегеніміз – адами капитал. Ал адами капитал құлдыраған кезде болашақ туралы әдемі әңгіме айту мүмкін де емес. Түптеп келгенде, дәл осы дағдарысты тудырған пандемиядан да адамзатты алып шығатын білім ғой.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
“Егемен Қазақстан” газетінен