23.11.2024

Атырауда Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Атырау қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында Самал ықшамауданындағы 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген жалпы білім беретін №29 орта мектептің лентасын қиып, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

«Еліміздің бас мерекесі қарсаңында қаламыз тағы бір білім беру ошағымен толықты. Бұдан былай 831 бала заманауи талапқа сай бой түзеген осы жаңа мектепте білім алады. Олар бұған дейін қаладағы басқа мектептерде оқып келген болатын. Тәуелсіздік жылдары білім беру саласына айрықша көңіл бөлінді. Өйткені, қуатты мемлекет құру үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу керек екені сөзсіз. Сондықтан педагогтардың мәртебесі көтіріліп, жалақысы жылда артуда. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да тұрақты түрде жаңартылуда. Облысымызда білім беру саласын дамытуға баса мән беріледі»,- деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Оның сөзінше, 1991 жылдан бері тек Атырау қаласының өзінде 23 мектеп салынған. Биыл күн санап өсіп келе жатқан қалада 2 мектеп ел игілігіне берілген. Ал 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, үшеуінде аяқталды.

 

Облыс басшысы «Береке» ықшам ауданында 1200 орындық, ал Дамбы ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынып жатқанын да атап өтті. «Келер жылы Жаңаталап ауылында 300 орындық, «Балауса» ықшам ауданында 600 орындық, Ақжар-2 ауылындағы 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу үшін бірқатар жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, 4 мектептің жанынан қосымша 120 орындық жапсаржай салынды»,-деді.

Ал, ғимараты апатты жағдайдағы №1 М.Жұмабаев атындағы орта мектеп орнына алдағы уақытта 160 орындық жаңа ғимарат салу жоспарлануда екен. Облыс басшысы Махамбет Досмсұхамбетов «Мұның барлығы Тәуелсіздіктің тірегі — жас буынның сапалы білім алуы үшін жасалған жағдайлар. Өйткені, сапалы білім ғана саналы ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді. Осы мақсатта Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе отырып арнайы жол картасын дайындап жатқанымызды айта кеткім келеді» – деді.

Үш қабатты мектеп ғимаратында 200 орындық акт залы мен 130 орынға арналған асхана, жаңа үлгідегі психология кабинеті мен медициналық пункттер бар. Су жаңа білім ошағы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА