Биыл Астана медицина университетінің 60 жылдығы қарсаңында түрлі іс-шаралар, конференциялар көптеп ұйымдастырылды. «Astana Medical Forum 2024 «Болашақ медицинасы – ғылым, білім және практика интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция соның жарқын жалғасы болды. Оған елдің әр аймағынан, шетелден тәжірибелі мамандар келді.
Конференцияның ашылу салтанатына Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдік офисінің басшысы Скендер Сола, Парламент депутаттары қатысты. Басқосуға отандық медициналық университеттердің ректорлары, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Нидерланд, Беларусь, басқа да елдердің медициналық жоғары оқу орындарынан басшылары, мамандары шақырылды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова университет тарихына тоқталып, саладағы бет-беделін атап өтіп, алдағы жоба-жоспарларына табыс тіледі.
– Астана медицина университетінің тарихы 1964 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын құрудан басталды. Ол кейіннен академияға, сосын университетке айналды. Осы жылдар ішінде университет медициналық білім мен ғылым саласында көшбасшы болды. Білім берудегі инновациялық тәсілдер мен жоғары стандарттарға ден қойды. Денсаулық сақтау министрлігінің реформалары мен бастамаларын белсенді қолдады. Жоғары оқу орыны мұнымен тоқтап қалмайды. Осы конференция аясында респираторлық медицина, жүрек ырғағы саласында екі жаңа ғылыми-зерттеу институтын ашу жоспарланған. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің радиациялық қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі оқу орталығы мен референт-зертхана ашылады, – деді министр.
Медицина университеті құрылған бүгінгі күнге дейін 30 мыңнан астам маман даярлап шығарды. Олар жоғары дәрежелі дәрігерлер, фармацевттер, мейіргерлер, денсаулық сақтау саласын ұйымдастырушылардың қатарын толықтырды. Университеттің ғылыми қызметті дамытуға қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Университет жанында радиобиология және радиациялық қорғау, профилактикалық медицина, радиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары бар. Онда медицинадағы маңызды зерттеулер жүргізіледі.
Конференцияда Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне, практикалық дәрігерлерге, университеттің оқытушылар құрамына «Еңбек ардагері» медалін, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыс етті. Министр медицина ғылымдарының докторы, профессор Салидат Қайырбекова атындағы стипендияны Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің 3-курс студенті Малика Айбековаға табыстады.
Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров оқу орнын, ғылымды дамыту мақсатында іске асып жатқан жұмысқа тоқталды.
– Үш жыл бұрын біз Жоғары оқу орынын зерттеу университетіне айналдыруға бағытталған жаңа даму стратегиясын қабылдадық. Біздің ЖОО жанында үш ғылыми-зерттеу институты табысты жұмыс істеп келеді. Зерттеу қызметін дамытуда ғылыми қызметкерлерді ғана емес, сонымен қатар жас зерттеуші студенттерді де белсенді қолдайтын арнайы ғылым қорын құрдық. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Medipol University жетекші еуропалық университетінің филиалын ашуға қатысты жұмыс жан-жақты жүргізіліп жатыр, – деді К.Надыров.
Екі күнге жалғасқан конференцияда инновациялық емдеу әдістерінен бастап, медициналық білім берудегі өзекті мәселелерге дейін қаралды. Медицина мамандары денсаулық сақтау саласына маман даярлау, инновациялық технологияларды клиникалық практикада қолдану, цифрландыру, медицина ғылымын дамыту келешегін кең көлемде талқылады.