21.11.2024

Ұрпақ тәрбиесіне кешенді көзқарас қажет

Кейінгі уақытта жастар арасында жанжал жиілеп, арты қылмысқа ұласып, қоғамға алаңдату­шылық тудырып отыр. Мұндай оқиғаның тек ер балалар емес, қыздар арасында да ұшырасуы ойлантады.

Жақында болған бірнеше ре­зо­­нансты оқиға мәселенің күр­деле­ніп бара жатқанын көрсе­теді. Өңірлердің бірінде 16 жаста­ғы жасөс­пірімнің топтасқан тұр­ғын­дар­дың соққысынан қаза табуы көп­шілікті дүр сілкіндірді. Ақ­тауда бір топ қыз бала мектеп оқу­шысын ұрып, соның салдарынан ол ауыр жарақат алды. Ас­тана қаласында тапа-тал түсте, адамдардың көз ал­дын­­да бір жігіт­ті өлімші етіп сабап кеткен.

Осындай оқиғалар кейбір азаматтарымыздың оқу мен даму орнына зорлық-зомбылық пен қылмысқа бой ұрып, қате жолды таңдағанын көрсетеді. Мұндай жағдайлар қоғамның болаша­ғы саналатын жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеудің маңызын тағы бір мәрте көрсетіп отыр.

Жастар арасындағы құқық бұзу­шылықтың артуына бірне­ше себеп бар деп ойлаймыз. Ең ал­дымен, отбасылық тәрбие­нің жетіспеушілігі мен эмоционал­дық қолдаудың жоқтығы. Әсіресе ата-ананың назарынан тыс қалған балалар мен жасөспірімдер қиын жағдайларға жиі ұшырайды. Тәрбиенің негізі отбасында қаланатыны сөзсіз. Сол себепті отбасылық қарым-қатынастың үйлесімсіздігі жастардың мінез-құлқына едәуір әсер етеді. Эмо­ционалдық қолдаусыз қалған бала өз сезімін дұрыс басқара алмай, агрессивті әрекеттерге бой ұрады.

Екіншіден, әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайлардың әсерін жоққа шығаруға болмайды. Қар­жылық қиындықтар, бос уақыт­тың көптігі және әлеуметтік тең­сіз­дік секілді мәселелер жасөс­пірімдерді құқық бұзушылыққа итермелейді. Әлеуметтік әділет­сіздік жағдайында балалар мен жасөспірімдер заңсыз әрекеттер арқылы өз мәселелерін шешуге ұмтылуы мүмкін. Бұған қоса қоршаған ортаның, яғни дос­тар мен әлеуметтік топтардың ықпалы да бар. Жасөспірімдер өз ортасында беделге ие болуға тырысып, кейде заңсыз әрекеттерге барады.

Үшіншіден, білім жүйе­­­сін­дегі олқылықтар жас­тар ара­сындағы құқық бұзушы­лық­тың өсуіне әсер етеді. Мектеп­тер­де психологиялық қолдаудың жетіспеушілігі, оқушылар ара­­­сындағы буллингтің ерте анық­талмауы, балалардың эмо­цио­налдық қажеттіліктеріне мән берілмеуі – осының барлығы агрес­сия мен құқық бұзушылыққа әке­луі мүмкін. Құқық қорғау орган­дары мен білім ме­ке­ме­лері ара­сындағы тығыз қа­рым-қатынас орнатып, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту қажеттігі туындап отыр.

Төртіншісі әрі маңыздысы – заманауи медиа мен техноло­гия­лардың әсері. Интернет пен әлеуметтік желілерде агрессив­ті контенттің таралуы, виртуалды кеңістіктегі қудалаулар мен қысым көрсету сияқты жағдайлар балалардың психологиялық жағ­дайына теріс әсер етеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде танымал болу үшін жастар заңсыз әрекет­терге жиі барып жатыр.

Кейінгі уақытта интернетте кең танылған «Слова пацана» сияқты контенттер – жастарды теріс жолға бағыттайтын мысал­дардың бірі. Бұл контенттерде агрессия және заңсыз әрекеттер романтика ретінде көрсетіліп, жасөспірімдердің санасын бұрмалауға әсер етеді. Мұндай материалдар жастар арасында құқық бұзушылықтың жағымды әрекет ретінде қабылдануына ықпал етеді. Бұл орайда мәселенің шешімді жолы ретінде медиа сауаттылық сынды дағдыны дамыту аса маңызға ие. Жастарға ғаламторда дұрыс контентті таң­дай білуді үйрету – буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алудағы маңызды қадам.

Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жан-жақты, кешенді шаралар қажет. Отбасылық тәрбиені кү­шейтуден бастап, мектептерде психологиялық қолдауды жақ­сарту, құқық қорғау органдарының рөлін арттыру арқылы ғана қоғам­да құқықтық тәртіп орната аламыз.

Ұрпақ тәрбиесіне жауапкер­шілікпен қарап, ұлттық және жал­пы адами құндылықтарды бойларына сіңіру арқылы жас­тарды дұрыс бағытқа жетелеу – кемел келешекке деген басты мақсат.

 

Нұрбол ТӨЛЕБАЕВ,

Бас редакторлар клубының вице-президенті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА