21.11.2024

Беделді оқу орнының мерейлі белесі

Биыл Астана медицина университетінің 60 жылдығы қарсаңында түрлі іс-шаралар, конференциялар көптеп ұйымдастырылды. «Astana Medical Forum 2024 «Болашақ медицинасы – ғылым, білім және практика интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция соның жарқын жалғасы болды. Оған елдің әр аймағынан, шетелден тәжірибелі мамандар келді.

Конференцияның ашылу салтанатына Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Пре­зи­дент Іс басқармасы Меди­ци­налық орталығының басшысы Алексей Цой, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елдік офисінің басшысы Скендер Сола, Парламент депутаттары қатысты. Басқосуға отандық медициналық уни­верситеттердің ректорлары, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Нидерланд, Беларусь, басқа да елдердің медициналық жоғары оқу орындарынан басшылары, мамандары шақырылды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлна­­за­рова университет тарихына тоқталып, саладағы бет-беделін атап өтіп, алдағы жоба-жоспарларына табыс тіледі.

– Астана медицина уни­верситетінің тарихы 1964 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын құрудан бас­талды. Ол кейіннен академияға, сосын университетке айналды. Осы жылдар ішінде университет медициналық білім мен ғылым саласында көшбас­шы болды. Білім берудегі ин­но­ва­ция­лық тәсілдер мен жоғары стандарттарға ден қойды. Ден­саулық сақтау ми­нистр­лігінің реформалары мен бас­тамаларын белсенді қолдады. Жоғары оқу орыны мұнымен тоқтап қал­майды. Осы конференция аясында респираторлық медицина, жүрек ырғағы саласында екі жаңа ғылыми-зерттеу институтын ашу жоспарланған. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің радиациялық қауіпсіздігі мәселе­ле­рі жөніндегі оқу орталығы мен референт-зертхана ашылады, – деді министр.

Медицина университеті құ­­рыл­ған бүгінгі күнге де­йін 30 мыңнан астам маман даярлап шығарды. Олар жоғары дәрежелі дәрігерлер, фар­ма­цевт­­тер, мейір­гер­лер, ден­сау­лық сақтау саласын ұйым­дас­­тырушылардың қатарын то­лық­тырды. Универ­ситеттің ғы­лы­ми қызметті дамы­ту­ға қос­қан үлесі өз алдына бір төбе. Уни­верситет жанында радиобиология және радиациялық қорғау, профилактикалық медицина, радиология саласындағы ғылы­ми-зерттеу институттары бар. Онда медицинадағы маңызды зерттеулер жүргізіледі.

Конференцияда Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне, практикалық дәрігерлерге, университеттің оқыту­шы­лар құрамына «Еңбек ардагері» медалін, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Ден­саулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыс етті. Ми­нистр медицина ғылымдарының докторы, профессор Салидат Қайырбекова атындағы стипендияны Қо­­ғам­дық денсаулық сақтау мектебінің 3-курс студенті Малика Айбе­коваға табыс­тады.

Астана медицина универ­си­тетінің ректоры Камалжан Надыров оқу орнын, ғы­лымды дамыту мақсатында іске асып жатқан жұмысқа тоқталды.

– Үш жыл бұрын біз Жоға­­ры оқу орынын зерттеу уни­вер­ситетіне айналдыруға бағыт­тал­ған жаңа даму стратегиясын қабылдадық. Біздің ЖОО жанында үш ғылыми-зерттеу институты табысты жұмыс істеп келеді. Зерттеу қызметін дамытуда ғылыми қызметкерлерді ғана емес, сонымен қатар жас зерт­­теуші студенттерді де белсенді қолдайтын арнайы ғылым қорын құрдық. Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің қолдауымен Medipol University жетекші еуро­палық уни­верситетінің филиалын ашу­ға қатысты жұмыс жан-жақ­ты жүргізіліп жатыр, – деді К.Надыров.

Екі күнге жалғасқан конференцияда инновациялық емдеу әдістерінен бастап, ме­ди­циналық білім берудегі өзекті мәселелерге дейін қа­рал­­ды. Медицина мамандары денсаулық сақтау саласына маман даярлау, инновациялық технологияларды клиникалық практикада қолдану, цифрландыру, медицина ғылымын дамыту келешегін кең көлемде тал­қылады.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА