Білім саласында елді алаңдататын екі негізгі мәселе болса, соның бірі оқулыққа қатысты өрбиді. Жасыратыны жоқ, журналист ретінде бұл тақырыпты бірінші болып біз қозғап отырғанымыз жоқ. Алайда, ізденіске салып, ғаламтор мен газет бетіне көз салғанымыз сол еді, оқулық жырына қатысты сындардан көз сүрінеді. “Оқулықтың олқылығына мән беретін кез жетті”, “оқулықтағы қателіктерден қашан құтыламыз?” деген жанайқайы мол мақалалар білім саласындағы даудың басын ашып тұр. Міне, қанша уақыттан бері оқулық айналасындағы алаңдаушылық әлі де басылар емес. Биыл да жаңа оқу жылының басталғанына бір ай болмай жатып оқулыққа қатысты қателіктер ел ішінде айтылып, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Оған кейінірек тоқталамыз.
Оқулық оңбай оқу оңбайды. Мақсат – оқулықтан қате іздеп, елдің назарын аудару емес. Қаншама жылдан бері неліктен оқулық сапасы әлі де сын көтерер емес деген сұрақ мазалайды. Әлбетте, оқулық жазу, оқулық шығару екінің біріне берілетін міндет емес. Себебі оқулық – білімнің таразысы, оқудың өлшемі. Ала-құла, қалай болса солай жазылмауы керек. Мұны білім саласында жүрген, ұрпақ үшін күйіп, жауапты сала мамандарымен сөз ұстасып жүрген азаматтардың сөзінен айқын аңғаруға болады. Расында, оқулық сапасы жайында билік, билік дегеннен гөрі ресми тарап пен қоғам арасында екіұдай пікірлер бар. Баласын білім алсын деп, мектепке жетектеп баратын ата-ананың соңғы кезде оқулық жазатын авторлар мен баспаларға деген реніштері басым. Тіпті, оқушы түгілі ата-ананың өзі кітапты бірнеше рет қайта қарап, бас шайқап қалатын кездерді біз айтпай-ақ өзіңіз де көріп жүрген боларсыз. Бұл нені білдіреді? Оқытудың жүйесі өзгерсе де, оқулықтың мазмұны сақталуы тиіс емес пе?
Хош! Бұрындары оқулық жазу жауапкершілігі бір баспаға жүктелетін. Тиісінше, білім мазмұнына жауап беретін де осы бір орта еді. Бас-аяғы 5 жыл ішінде бұл талап өзгерді. Баспалар бәсекелестік ортада дамуы тиіс саналғандықтан оқулық жазу міндетіне бірнеше баспалар кірісті. Әрбір баспа жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес өз оқу бағдарламаларын даярлады. Қазір кітап шығарумен айналысатын 10-нан аса баспа бар. Оқулық жазу бәсекелестік алаңына түскендіктен әрбір баспа жеке авторларды тартып, стандартты сақтай отырып, оқулық шығарады. Міне, мәселенің басы осы жерден басталады. Анығын айтқанда, әрбір мектеп әртүрлі баспалардың оқулықтарымен оқуға көшті. Мұның арты үлкен сұраққа алып келді. Стандарты сақталғанымен, мазмұны біркелкі болмағандықтан ата-аналар тарапынан түсінбеушіліктер туындады. Ең арғы түбі бұл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде де басы ашық сұрақ ретінде қойылды.
Қалай десек те, оқулық төңірегіндегі кемшіліктер білім тағына отырған министрдің қай бағытта жұмыс жасайтынына байланысты. Қазір оқулық шығару процесін ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы орталық, Ұлттық білім академиясы, оқулықтардың сараптама орталығы бақылайды. Алайда, аталған орталықтар оқулықтың кемшілігіне нақты жауап беруге міндетті емес. Себебі оқулық сапасына – баспалар жауапты. Біздегі жағдай осы. Бірақ та, екі жылдан бері министрлік оқулық сапасын арттыру жұмысын көздеп, оқулықтарды қоғамдық бақылау тетігін құрды. Мұнымен министрлік жанындағы “Оқулық” республикалық ғылыми-практикалық орталығы айналысады. Орталықтың негізгі жұмысы оқулықтарға сараптама жүргізеді. Оқу процесіне енетін оқулықтарды қоғам назарына ұсынып, ашық пікір алаңына арналған ресурс негізінде жұмыс істейді. Әйткенмен, ұстаз, “Қазбілім” орталығының директоры Аятжан Ахметжан оқулықтарды қоғамдық бақылау жүйесіне көңілі толмайтындығын білдірді бізбен сұхбатында.
– “Оқулықтарды қоғамдық бақылау” жобасы бұл жауапкершіліктен құтылудың жолы деп білемін. Мұны сәтсіз жоба деп айтуға тура келеді. Себебі 6 ай уақытқа жетпейтін мерзімде сайтта тұрған кітапты оқу мүмкін емес. Жылына 500 кітап сараптамадан өтетін болса, әр кітапта кемінде 300 беттен бар. Бұл кітаптарды жүктеп ала алмайсыз, оны әрбір бетін жеке талдап отыру керек. Шынайы осы кітаптарды бақылауға ниеттенген адамның өзі де кемінде 1-2 жыл отыруы керек. Егер қағаз жүзінде ұсынылса, қарап шығуға болар. Ал, сайтта тұрған кітапты сараптау бұл атүсті шолып шығумен бірдей. Оқулықты сараптайтын үш деңгейлі комиссия бар. Егер оқулықты қоғам сараптайтын болса, үш деңгейлі комиссияның қажеті қанша? Бұл дегеңініз оқулықтан қате көрініп қалған жағдайда “бақылау кезінде өз уақытында айтпадыңдар” деген жауапқа керек дүние секілді,-дейді Аятжан Ахметжан.
“Оқулық” орталығы жылына оқулықтарды сараптаудан өткізеді. Мәселен, 2016 жылы 2, 5, 7 сыныптарға арналған 246 оқулықтың тек 131 ғана оқулық білім беру ұйымдарына қолдануға ұсынылған. Қалған оқулықтар білім процесіне енбей қалыпты. Бұл орталықтың бізге берген ресми мәліметі.
Орталық директорының орынбасары Сайыт Құсайынұлының сөзіне қарағанда, оқулық сапасын қоғамдық бақылау порталына 5000 жуық ұсыныстар мен ескертулер келіп түскен. Бәрі де оқулықтың ішкі мазмұнына қатысты ескертпелер. Кемшіліктері анықталған оқулықтар келесі жылы оқу процесінің айналымына енбейді. Яғни, аталған ескертулердің барлығы пәндік комиссиялардың мүшелеріне беріледі. Ал, комиссия мүшелері ұсынылған кемшіліктер оқулықтардың өңдеу барысында ескерілгендігіне мән береді. Тек оң сараптамалық шешім алған оқулықтар ғана баспадан шығуға рұқсат алады. Яғни, оқулықтар келесі жылы емес, кемінде 3-4 жылдан кейін қайта басылып шығады. Орталық мамандарының жауабы осылай.
Мақала барысында тілге тиек еткен мәселенің бірі – оқушылардың әртүрлі баспалармен шығатын оқулықтарымен оқуы. Бұл сұрақтың жауабын білу үшін “Оқулық” орталығының мамандарына сұрақ жолдадық. Нәтижесінде, ресми тараптың сөзіне қарағанда, бүгінде 5-11 сыныптарға әр пән бойынша баламалы оқулықтар қолданылған. Оқулықтардың барлығы пәннің үлгілік бағдарламасы негізінде әзірленеді. “Барлық тақырыптар бірдей. Айырмашылығы оқу ақпаратын беру әдістемесінде, қолданылатын жаттығулар, иллюстрациялық жүйесінде”,- дейді Сайыт Құсайынұлы.
Түсінгеніміз, әрбір мектеп оқулық шығаратын баспаны таңдап, оқушы санына қарай оқулықтарға тапсырыс береді. Оқулық оқушы қолына жетемін дегенше бірнеше процестен өтеді. Ең алдымен, ҚР Білім және ғылым министрлігі оқулықтарға қатысты әдістемені әзірлеп, қажетті оқулықтар тізімін бекітеді, ал баспалар оқулықтарды дайындап, басып шығарады. Дайын болған оқулықтарды, яғни оқушыларға қажетті оқулықтардың санын анықтау, оларды жеткізу жергілікті әкімшіліктердің жауапкершілігіне жүктеледі. Оқулықтың жеткізілуі бөлек тақырып.
Оқулық туралы ойлы пікірді кезінде Серік Қирабаев та қалдырған еді. Бірнеше жыл өтсе де, академиктің айтқандары бүгінгі жағдайды қайта еске салып отыр.
– Қазір оқулық жазып жүрген адамдар меніңше, оның терең мәніне үңіле бермейтін сияқты. Оқулық деген білген нәрсенің, болған нәрсенің бәрін ішіне тыға беретін қапшық емес. Маған оқулық деген нәрсенің жанашыр иесі жоқ сияқты көрінеді. Әрине, министрлік тізгінін ұстап отыр ғой. Дегенмен, нақты жұмыс, басиелік жетіспейді. Бұрын осы іспен нақты айналысатын адамдар болушы еді. Бәрін рет-ретімен, жөн-жөнімен ақылдасып шешетінбіз. Бағдарламалардың барлығын талқылап барып бекітетінбіз. Осындай игі дәстүрлер ұмытылып қалды,- дейді Серік Қирабаев.
Оқушы түсінігіне ауыр, мағынасы екі ұшты мысалдардың көптеп кездесуі біздегі оқулықтардың сапасынан сыр кеткенін білдіреді. Мұны ұстаз Аятжан Ахметжан да мойындайды. Ұстаз оқулық жазу құқығын баспалардан алып, ортақ бір мемлекеттік оператор құру идеясын ұсынады.
– Оқулық турасында айтқанда мен мына үш мәселені айтқан болар ем. Бізде бірізділік, жүйелілік, жауапкершілік жоқ. Ғылым академиясы бір жақта, оқулық сараптама орталығы бір жақта, оқулық авторлары бір жақта. Кеткен қателікті бір-біріне сілтеп отыра береді. Оқулық әрбір баспаның айналасында жазылатындықтан бірізді болмайды. Бағдарлама бір қолдан шыққанымен, әрбір автор өзінше тәпсірлейді. Жүйелілік керек. Сол кезде ғана оқулық дауынан құтыламыз. Егер оқулық жазу әрбір баспаның меншігінен алынбайынша, бұл мәселеге нүкте қоя алмаймыз. Бір оқулық кемінде 10 адамның қолынан өтуі керек. Бір ғана адам жазған оқулықтың аясы тар болады. Оқулық авторлары оқулық жазуға толыққанды уақытын арнауы керек. Неліктен десеңіз, біздегі авторлар әр түрлі жерлерде жұмыс істейді. Университет пен мектептерде сабақ береді. Осы авторлардың басын қосып, бір орталыққа біріктіру керек. Оқулық жазу автордың бірінші жұмысы болғанда ғана оқулық сапалы болады,-деді Аятжан Ахметжан.
Негізінде, оқулыққа қойылатын бірыңғай стандарттар бар. Министрлік бекіткен арнайы талапты да қарап шықтық. Оқырман үшін айта кеткенді дұрыс көрдік. Жалпы оқулыққа дидактикалық, әдіснамалық және әдістемелік, психологиялық талаптар қойылады. Біріншіден, оқулықтардағы оқу материалдары оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы, тақырыптардың жүйелілігі мен бірізділігінің сақталуына, қолданылған ақпарат көздері мен оқу ресурстарына сілтемелер берілуі қажет.
Қалай айтсақ та, ауыр тіл, өзге тілден аударылған түсініксіз тапсырмалар, екіұшты мысалдар мен сөйлем құрылымының дұрыс болмауы күндіз-түні оқудан бас алмайтын оқушылар үшін бас қатыратын мәселеге айналды. Білмегенін ата-анадан, түсінбегенін мұғалімнен сұрап, миы ашитын оқушының бүгіні осылай өтіп жатыр. Мұндайда оқулықтың қателігін оқушының ой өрісінен іздеудің қажеті жоқ. Сөз басында уәде еткеніміздей, биыл да оқулыққа қатысты шу әлеуметтік желі бетінде қалқып шықты. Негізгі сұрақ 5-сынып оқулығына қатысты өрбіді. Жаңартылған білім мазмұны бойынша басылып шыққан орыс тілі оқулығының ішінде оқушы ұғымына қатысты сұрақтар туындаған. Тағы бір желідегі шу 2-сыныптың оқулығына қатысты орын алды. Қазақ тілі пәніндегі жаттығулардың бірінде ұлттық киімдердің қатарында хиджабқа орын берілген. Дәл осы жағдай қоғам наразылығын тудырды.
Тобықтай түйін. Білімге жанашыр әрбір ата-ананың оқулыққа қатысты айтары аз емес. Мамандардың да оқулық дауына қатысты өз уәжі бар. Тақырыпты түйіндей келе, ұққанымыз Қазақстанда оқулық жасаудың бірыңғай үлгісі жоқ. Бұл берісі бір-екі жылда шешілетін мәселе емес. Білім саласына бей-жай қарай алмайтын мамандар басқасы басқа, оқулық жазуды бизнес көзіне айналдырмауды талап етеді. Оқулық шығаруды тендерге теліп қоймай, ұлттық арнайы орталық жұмысына беру қажет. Мұнымен келіспеске болмас. Білім біреулер үшін қаржы көзі шығар, ал ұрпақ үшін келешек көзі.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН