Елімізде 11 мың мұғалім аттестациядан өте алмаған. Өйткені жаңа форматтағы тестілеуге 51 мыңнан астам ұстаз қатысқан еді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша, биыл елімізде 221 мың мұғалім дайындалған екен. Бұл – педагогтардың 78 пайызы.
Вице-министр Эльмира Суханбердиева: «Биыл 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Соның ішінде 8 мыңнан астам мұғалім жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда білім алып жатыр. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріскен. «Ұстаз» орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын 4,5 мыңнан астам мұғалімге қолдау көрсетіп жатыр» дейді.
Мұғалімдер арасында аттестациядан өту мәселесі жыл сайын қозғалады. Жыл сайын сынаққа қатысады. Сынақтан өтпей қалып, келесі жылға қалатын педагогтер де жетерлік. Бұл аттестация мұғалімге не береді? Аттестация педагогтің сынақ алаңы ма?
Астана қаласындағы №65 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі Закира Ералиева «Аттестация біліктілікті көтереді» дейді. «Өз пәнін толық меңгерген педагогқа сынақтан өту аса қиындық тудырмауы тиіс» деген пікірді алға тартады ол.
«Сынақтан өту педагог ретінде шеберлік деңгейін білу үшін керек. Әр мұғалімнің деңгейіне байланысты еңбекақы тағайындалады. Сол себепті де, ұстазға тестілеуден өту қажет. Осы тұрғыдан келгенде, Білім және ғылым министрлігінің бұл шешімі орынды. Ал тестілеуден сүрінген мұғалімдерге келер болсақ, олардың әрқайсысы өз пәні бойынша сынаққа қатысып отыр. Оларды сүріндірген сабақтар білім беру әдістемесі болуы мүмкін. Бұл – олар негізгі пәннен біліктілігі төмен деген сөз емес. Сондықтан мұғалімдерге сынақтан өтпей қалды деп, шет қағуға болмайды. Оларға тағы бір рет мүмкіндік берілуі тиіс. Онсыз да азғантай жалақымен еңбек етіп жүрген мұғалімді «тестілеуден өтпедің» деп тағы бір тұқыртсақ, не болады? Аттестациядан өткен мұғалімдердің жалақысына келесі жылдан бастап, 30 не 50 пайыз қосылады деген сөз бар. Сол үшін де сынақтан өту мұғалімдер үшін аса қажет болып тұр. Тестілеудің тиімді де тұсы бар: ол біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. «Мұғалімдік дипломым бар» деп сеніп жүре беруге болмайды. Жыл сайын педагог та өз кәсібін жетілдіріп отыруы тиіс» дейді Закира Ералиева.
Кей мұғалімдер аттестация категорияны көтеру үшін ғана қажет деген пікірде. Онсыз да қағазбасты педагогтер үшін қағаздың санын тағы бір данаға арттырғаны болмаса, пайдасы жоқ дегенді алға тартады. «Мұғалім мәртебесі» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбек: «Аттестацияның екі түрі бар. Бірі – кезекті аттестация. Одан бес жылда бір рет өтуі тиіс. Екіншісі – кезектен тыс. Егер мұғалімнің жетістіктері көп болса, екі-үш жылда кезектен тыс аттестациядан өтуге мүмкіндігі бар. Оның да өз қиындығы бар. Келіспейтін тұсымыз – бірінші тестілеуден өтесіз. Қазір тестілеуден өтудің жолын жеңілдетті. Қазір елу пайыз жинасаңыз, сынақтан өтуіңізге болады. Екінші бір тұсы – тестілеуден өткеннен кейін қағаз жинайсыз. Портфолио, оқушының жетістігі және тағы басқа толған қағаздарды реттеуіңіз керек. Бұл тестілеуге қатысудан да қиын шаруа яғни не тестілеуден құлаймыз, болмаса сынақтан өтіп келсек, портфолиоңыз жарамай қалуы мүмкін. Осы жолы аттестациядан сүрінгендердің көпшілігі портфолиодан өте алмаған. Тестілеуден жақсы өткенімен, қағазы толық емес. Мұғалім – ақпарат тасымалдаушы емес. Ол – оқытушы. Осының мәнін ұға алмай келе жатырмыз. Не тестілеу өткізілуі керек, не портфолио болсын. Екінің бірі. Қазір екі жұмысты қатар атқарып отырмыз. Ал аттестация категорияны арттыруға керек. Категория биіктеген сайын жалақың да көбейеді. Кейбіреулер «біліктілік тестілеумен өлшенеді» деп айтады. Шын мәнінде, мұғалімнің сынақ тапсыруға дайындалатын уақыты да жоқ. Екіншіден, қазір мұғалімнің деңгейі жетістігімен бағаланады. Мәселен, құрмет грамотасы, әртүрлі медальдарыңыз көп болса, сынақ тапсыруға қатыса аласыз. Оған республикалық журналдарда жарық көретін мақалаларыңызды қосыңыз. Ал қазір мақтау қағаздардың өзін «сатып алу» көбейді яғни, ол да бизнестің бір түріне айналды. Сол арқылы «жетістігің» артады. Сынақтан өтпей қалған жағдайда, тағы бір тестілеуге қатысы бар. Егер мүлдем тапсыра алмаса, категориясынан айырылады. Шынымды айтсам, осы квалификацияны көтеру қажет пе, жоқ па деген ой туады кейде. Ол үшін біліктілікті арттыру аса маңызды емес», – дейді.
Осыған дейін де аттестация жөнінде «Бір күн – әуре, бір күн – дау» деп, газетіміздің бетінде мәселе көтерген едік. Содан бері де сынақтан өту, жаңартылған білім жүйесі бойынша тестілеу бағдарламасы біршама жақсарған еді. Алайда мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін сынақтан өткені дұрыс па, жоқ па деген сауал күн тәртібінен түспей тұр. Бұл мәселеде ұстаздардың да пікірі екіге жарылған: бірі – қарсы, екіншісі құптайды. Демек, таразының басы тең емес.
Тестілеу 100 сұрақтан тұрады. Оның 70 пайызы оқытушының пәніне қатысты, қалған 30 пайызы білім беру әдістемелері мен заңға негізделген. Мұғалімді сүріндіріп жатқан жеке пәні ме, әлде білім беру әдістемесі ме? Наурыз айында Үкімет отырысына келген бас мұғалім Ерлан Сағадиев: «Ең жоғары деңгейге жету үшін сұрақтың тоқсан пайызына, педагог-зерттеуші – сексен пайызына, педагог-сарапшы – жетпіс пайызына, педагог-модератор алпыс пайызына жауап беруі керек», – деген еді. Биылғы тестілеу жаңа форматта өтті. Одан әрбір педагог хабардар. Оның үстіне, мұғалімдер тестілеуден елу пайыз жинаса, сынақтан өтуге мүмкіндігі бар екенін жоққа шығарып отырған жоқ. Сонда 11 мың мұғалім неден, неге сүрінді?
Ұстаздарды алаңдататын дүние – сынақтан сүрінгендер не істейді? Бірінші жолы құлады делік, екінші рет оның қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. Ал сынақтан мүлдем өте алмаса ше? Онда тағдыры не болмақ?
UIB университетінің президенті Дархан Ахмед Заки «Мұғалім де ҰБТ тапсыруы тиіс» деген еді. «Сонда мұғалімнің деңгейі анықталады» деген пікірді алға тартқан. Мұғалімнің квалификациясын арттыру үшін тестілеу қажет делік. Одан бөлек, біліктілігін арттырған педагог үстемақы алады. Біліктілігің төмен болса, жалақың да өспейді.
Мұның тиімді де тұсы бар. Білікті мамандарды іріктеп алуға мүмкіндік туады. Ал келеңсіз тұсы – мұғалім тестілеуге дайындала ма, сабақ бере ме? Онсыз да қағазбастылықтан шаршаған мұғалім көп. «Осылай әуре-сарсаңға саламыз деп, білікті кадр, білімді мамандардан айырылып қалмаймыз ба?» деген қауіп басым. Ал сынақтан сүрінген 11 мың мұғалімнің қамын кім ойлайды?
Мен 30 бойы ұстаздық қызмет жасап келемін. Жоғарғы санатты математика пәні мұғалімімін. 10 жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым.. 2008 жылы жанұямызда қайғылы оқиға болып, 18 жасар музыкант ұлымыз аяқ астынан қайтыс болды. Әйелім де өзім де қатты күйзеліске ұшырадық. Алланың қалауымен дүниеге 2011 жылы Айеркем деген қызымыз келіп есімізді жидық. Қазір қызымыз 9 жаста. Қазір жасым 57 -де, аттестациядан екі рет тест тапсырып қажетті балды жинай алмай өтпей қалдым. Күн ұзаққа қашықтықтан сабақ өткізу үшін көмпьютер алдында, одан соң оқушылармен кері байланыс жасап, тағы шұқшиып түнгі сағат 3-ке дейін отырасың. Тіпті өз қызымыздың сабағын қадағала алмай қаламыз.Әйелімде мұғалім, Осындай жағдаймен тест тапсыруға бардым. Шындығы керек, жастар сияқты мен шпор да қолдана алмадым. Оның үстіне компьютер алдында өтырып көзімде ауырып көрмей қойды. Есеп шығарып отыруға уақытымда жетпей қалды. Содан соң, “тисе терекке,, тимесе бұтаққа” дегендей белгілей салдым. Нәтижесінде қажетті балл жинай алмадым. Былай қарасам, өз пәнімді түк білмейтін біреу болып қалдым. Егер өте алмасаңыз, жоғарғы санаттан түсесіз деген. Сонда күні кеше келген жастардан төмен айлық алып жүргенше, ұстаздық жолмен қош айтысам ба деген ой келіп отыр. Бұндай жағдай тек жалғыз менің ғана басымда емес шығар деп ойлаймын. Сіздер қалай ойлайсыздар, құрметті ұстаздар!