Отыз жыл ішінде еліміздегі орта білім беру жүйесінде біраз реформа болды. Әсіресе соңғы 5 жылда білім саласына айтарлықтай көп өзгеріс енді. Атқарылған жұмыстар еленіп те жатты, талай мәрте сынға да ұшырады. Мұғалімнің мәртебесі көтерілді. Бірақ қазіргі кезде елімізде мектеп директорлары тапшы екені анық сезіле бастады. Оның себебі басшының еңбегінің лайықты бағаланбауы болып тұр. Жалпы мектептің озық болуы я көш соңында қалуы директорға тікелей байланысты екенін ескерсек, олардың елеусіз қалуына не себеп? Ал мұғалімнің мәртебесін көтеруге бағытталған заң қандай нәтиже беріп жатыр?
Отыз жылдағы өзгерістер
Статистикалық деректерге сәйкес қазір елімізде 7 440 жалпы білім беретін мектепте 3,4 миллионнан астам бала білім алады.
Тәуелсіздік алғалы бері отыз жыл ішінде
1 800-ден астам жаңа білім ордасы бой көтерсе, 1401 мектеп, керісінше жұмысын тоқтатқан. Мектептердің жабылуының басты себебі бала санының жеткіліксіздігі болған. Одан бөлек, орта білім беретін мекемелердегі 4 ауысымдық жүйе толығымен жойылды. Ал 3 ауысыммен оқытатын мектептердің саны едәуір сиреді. 1997 жылы кәсіптік-техникалық мектептердің саны 1991 жылмен салыстырғанда 40 пайызға, ал онда білім алатын оқушылар саны 40 пайыз қысқарған. Бұған сол кездегі сыртқы экономикалық факторлар себеп болды. Осы уақыт аралығында Білім және ғылым министрі 13 рет ауысты. 1992 жылғы 18 қаңтарда қабылданған «Білім туралы» заң алдағы уақытта нені басшылыққа алу керегін айқындады. Білім беру мекемелері оқу бағдарламасын, нысандар мен әдістерді таңдауда айтарлықтай көп дербестік алды. Алайда, бір айта кетерлігі, реформалардың стратегиясы жеткілікті дәрежеде нақты көрсетілмеді.
30 жыл ішінде ашылған мектептердің қатарында жаңа үлгіде білім беретін мекемелер де аз болмады. Орта мектептердің қатары жекеменшік мектептермен, лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептермен толықты. Білім берудің жаңа мазмұнына көшуге де талай мәрте қадам жасалды. Тереңдетіп оқытатын және мамандандырылған, «көрсетілетін қосымша кызметтерге» ақы төленетін мектептер қатары артты. 1990-1991 оқу жылынан 1995-1996 оқу жылына дейінгі аралықта кейбір пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептердің саны екі есеге, гимназиялардың саны 16-дан 131-ге, лицейлердің саны 10-нан 112-ге дейін артқан. Одан кейін мамандандырылған мектептердің өсу қарқыны бәсеңдеді, бірақ лицейлер мен гимназиялардың саны одан сайын көбейе берді.
1993 жылы Үкімет жеке меншік оқу орындарын лицензиялау тәртібі туралы бірінші ережені, 1995 жылы Білім беретін мемлекеттік емес мекемелер туралы ережені бекітті. 1996 жылы Гимназия және лицей туралы ереже қабылданды.
Жаңартылған мазмұнда білім беретін 20 Назарбаев зияткерлік мектебінің негізі қаланды. Алғашында аталған білім ордасында қолданылған тәжірибе мен әдіс-тәсілдер қазіргі кезде еліміздің бүкіл білім ордаларының білім беру жүйесіне енгізіліп жатыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» үкімі елдегі мектептерді сапалық жағынан дамытуға жасалған қадамдардың бірі болды. Осы үкімге сәйкес дарынды балаларға арналған «Дарын» республикалық мектебі ашылды.
Еліміздегі орта білім беру жүйесіндегі реформалар 1998 жылы неғұрлым жүйелі сипат ала бастады. Шағын мектептер қалпына келтірілді. Сол кездегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың үкімі бойынша жергілікті үкімет органдары мектепті тастап кеткен барлық баланы қайтару шараларын қолға алды. Статистикалық деректерге сәйкес, соның арқасында тек 1998 жылдың өзінде ғана 21 000 бала мектеп парталарына қайтадан отырған.
1999 жылғы маусым айында «Білім туралы» заң қабылданды. Заңда білім берудің үш сатылы жүйесі бекітілді: бастауыш, негізгі, жоғары саты.
2001 жылы оқу-білім саласын қаржыландыруда көптеген бетбұрыс болып, салаға бөлінген қаражат мөлшері едәуір артқан.
2002 жылдан бері арнаулы білім берудің жаңа түрлері – оңалту орталықтары мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жұмыс істеп келеді. Бүгінде осындай 15 орталық пен 198 кабинет бар.
2010 жылғы 7 желтоқсанда Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Бағдарламада 12 жылдық оқу жүйесіне көшу, білім, ғылым және өндірісті біріктіру, жоғары білікті ғылыми және ғылыми педагог кадрларды даярлау сияқты маңызды мақсаттар жолға қойылды.
Білім беру мекемелерін интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары 0-ден басталды десек те болады, ел бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қазіргі кезде барлық мектептің 96,8 пайыздан астамы кеңжолақты интернетпен қамтылған деген статистикалық дерек бар. Еліміздегі мектептердің басым бөлігі интерактивті тақталармен, заманауи технологиялармен жабдықталды. Тек соны пайдалану жағынан кемшін түскеніміз жасырын емес. Жалпы осы интернетке байланысты әлі де түйінді түйткіл, шешілмеген мәселе көп екенін былтыр анық байқаған едік.
Тағы бір айта кететін нәрсе – Ұлттық білім сапасын бағалау жүйесінің құрылуы. Осы арқылы оқушылар алған білімін сынап, PISA, TIMSS, PIRLS сынды зерттеулерге қатысуға жол ашылды.
2017 жылдан бастап информатика, физика, химия және биология сынды жаратылыстану-математика циклындағы пәндер оқушылардың қалауы және педагогтердің дайындығына байланысты ағылшын тілінде оқытыла бастады. Бүгінде еліміздегі 525 мектепте жаратылыстану-математика пәндері толықтай ағылшын тілінде өтеді. Ал 3 814 мектепте мұндай білім берудің элементтері бар.
2017 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматқа ауыстырылды. Ал 2018 жылдан бастап мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік алды. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерге қосымша пәндер енгізілді.
Соңғы кезде оқулық мәселесі өте өзекті болып тұр. Орта білім беруге арналған оқулықтардың мұқабасы ғана емес, мазмұны да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қаншама реформа, жақсы бастамалар көтерілгенімен, оқулықтың олқылықтары әлі көп.
Қорыта айтқанда, еліміздегі білім беру жүйесінің қалыптасуы экономикалық дағдарысқа тұспа-тұс келді. Содан да болар, білім берудегі өзгерістер салыстырмалы түрде баяу жүрді. Қазірге дейін көптеген мектепте, әсіресе ауылдағы мектептерде білім беру жүйесі көп өзгере қоймады. Қаладағы мектептер мен ауыл мектептерінің арасында алшақтық пайда болды. Сәйкесінше, білім сапасы да әртүрлі қалыптасатындықтан, жоғары оқу орнына түсетін талапкерлерге ауылдық квота жеңілдігі қарастырылатын болды.
Дегенмен, мемлекет басшысы жалпы білім саласындағы реформалар әлі алда екенін 2019 жылы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында айтқан болатын.
– Бастауыш, орта немесе жоғары оқу орны болсын, біздің білім беру жүйеміздегі барлық кемшілікті жақсы білеміз. Жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімейміз. Білім саласындағы реформалар әлі алда. Бізге ең алдымен білім сапасы мен стандарттарын жақсарту қажет. Болашақ уақыттың сын-тегеуріндеріне дайын болуымыз керек. Толықтай алғанда, біз білім мен ғылымға кететін шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу туралы шешім қабылдадық, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент қазіргі кездегі негізгі міндет білім саласында білікті де мықты маман даярлау екенін баса айтқан еді.
«Педагог мәртебесі туралы» Заң: Не өзгерді?
Қазір мұғалімнің мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мұғалімдер бұрынғыға қарағанда бюрократияның бұғауынан едәуір босатылды, еңбектері лайықты бағаланып, еңбекақысы өсті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, еліміздегі ұстаздардың 99 пайызының айлық жалақысы артқан. Оған қоса министр жарты миллион айлық алатын мұғалімдердің бар екенін де айтқан болатын.
– Ұстаздардың жалақысы айтарлықтай өсті. Магистр дәрежесі бар әр маман 29 мың теңге қосымша ақы алып отыр, жетекшілік үшін де үстемеақы бар, дәптер тексергені үшін төлемдер екі есе көбейді. Категориясы болғаны үшін төлемдер бар. Жоғары категориялы мұғалімдер жалақысының 50 пайызы мөлшерінде үстемеақы алады. Бізде 500 мың теңгеден астам жалақы алатын мұғалімдер бар. Бәрі де жүктемеге байланысты, мәселен, бір маман аптасына 18 сағат жұмыс істесе, ол – төменгі мөлшерлеме, ал енді бір мұғалім одан анағұрлым көбірек жұмыс істеп, сәйкесінше көбірек жалақы алып отыр.
Жалақы едәуір өсті әрі алдағы уақытта да өсе бермек. Келесі жылы біз мұғалімдердің жалақысын тағы 25 пайызға көбейтетін боламыз. Біз мұғалімдердің табысы орта республикалық табыс көлемінен кем болмағанын қалаймыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Жалпы мұғалімдердің мәртебесін көтеру мәселесі бұрын көтерілмеді десек, қателескеніміз болар еді.
1999-2000 жылдары мұғалімдердің жағдайына көңіл бөліне бастады. 1998 жылғы дағдарыстан кейін экономика біршама тұрақтанды, соның нәтижесінде, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, оның ішінде ең алдымен мұғалімдерге жалақыны уақытында төлеу басты назарға алынды.
Әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, 2000-2001 жылдары ауыл мұғалімдерді қазақстандық ауыл өлшемі бойынша табысы жоғары және тұрақты, материалдық жағынан қамтамасыз етілген топқа жатқан.
30 жылдың ішінде 2 миллионнан астам мұғалім курстық дайындықтарда, конференцияларда, семинарлар мен вебинарларда біліктілігін арттырған.
Мектепте жұмыс істейтін магистр дәрежесі бар педагогтердің де саны еселенген. Қазіргі кезде жалпы білім беретін мектептерде 9 751 педагог-магистр жұмыс істейді.
Жыл сайын орта есеппен 10 мыңнан астам жас маман мектепке жұмысқа орналасады. Мәселен былтыр еліміздің білім беру ұйымдарына 10 900 жас маман жұмысқа тұрған, оның 5 411-і ауыл мектептерін таңдаған.
Педагогикалық корпустың сапалық құрамын жақсарту үшін 2018 жылдан бастап мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізіліпті. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагог біліктілігіне байланысты жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы алады.
«Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға сәйкес педагог маманның мәртебесін арттыру үшін жүктеме 18-ден 16 сағатқа дейін қысқартылып, мұғалімдердің есеп-қисап беретін құжаттарының саны 10-нан 2-ге дейін азайтылды.
Былтыр педагогтердің жалақысы қосымша ақы мен үстемақылардың артуы есебінен 45 пайызға, ал осы жылғы қаңтардан бастап тағы 25 пайызға артқан. Дене тәрбиесі пәнінен беретін педагогтерге де үйірмелер мен спорттық секцияларды жүргізгені үшін қосымша ақы төлене бастады. Ал еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылды. Педагогтерді қызметінен тыс жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынды.
– Жалақы сынып жетекшілерге, қарапайым мұғалімдерге және мектеп әкімшілігі қызметкерлеріне әртүрлі төленеді. Мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өскенін білесіздер.
Қағазбастылыққа келер болсақ, сынып жетекшілер қағазбастылықтан айтарлықтай құтыла қойған жоқ. Бір сыныпта орта есеппен алғанда, 26-28 оқушы оқиды. Келісімшарт, құжат жыл сайын жаңартылады, қала берді әр балаға жеке-жеке анализдер жасайды. Әлеуметтік жағдайына байланысты тағы да жұмыстар жүргізеді. Жалпы мұғалімдер сынып жетекші болғаны үшін 10 000 теңге үстемеақы алады, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Байтұрсынұлы атындағы № 48 мектептің мұғалімі Гүлжан Айдын.
Қазіргі кезде мектеп директорлары мен оқу, тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілердің жалақысы мұғалімдерге қарағанда аз екені айтылып жүр. Оны Білім және ғылым министрінің өзі де растаған болатын.
Директорлардың дүрмектен тыс қалуына не себеп?
Асхат Аймағамбетов елімізде мектеп директоры болуға ұмтылыс аз екенін, тіпті солтүстік өңірлерде директор жетіспейтінін айтқан еді. Министрдің сөзінше, бұған жүктелетін зор жауапкершілік пен жалақының аздығы себеп.
– Қазір бізде мектеп басшылары немесе директордың орынбасарларының бос жұмыс орны өте көп. Бұл – үлкен жауапкершілік, оған қоса қаржылық бақылау мәселелері де бар. Қазір, өкінішке қарай бізде директорлар мұғалімдерге қарағанда әлдеқайда аз айлық алады. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі арнайы шаралар қабылдайтын болады, – деді Асхат Аймағамбетов.
2019 жылғы тамыз айында Асхат Аймағамбетов мектеп директорларының жалақысын қайта қарау қажет екенін мәлімдеді, өйткені олардың қызметінен бөлек қосымша жүктемесі бар.
Енді ұлттық біліктілік тестілеу қорытындысы бойынша мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын көтеру де көзделіп отыр екен. Олар негізгі жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы алатын болады.
Асхат Аймағамбетов 2019 жылғы Сенатта сөйлеген сөзінде мектеп директорлары орта есеппен 90 мыңнан 110 мың теңгеге дейін алатынын айтқан болатын. Министр 100 бала білім алатын мектеп директорлары мен 1200 бала білім алатын мектеп директорлары әртүрлі жүктеме мен жауапкершілік дәрежесіне қарамастан бірдей жалақы алатынын, олардың тиімділігі ескерілмейтінін де алға тартты.
– Мектеп директорларының жақсы жұмыс істеп, жетістікке жеткені де, тиімді жұмыс істемегені де бірдей еңбекақы алады. Ал мұғалімдерге санаты бойынша қосымша ақы төленеді. Бұл – әділ емес, – деді министр.
– Біз, біріншіден, білім алушылардың санына қарай саралауды, екіншіден, тиімділігіне қарай директорларға санат беруді ұсынамыз. Егер директор 1-тиімділік санатына өтсе, онда жалақысына 100 пайыз үстемеақы алады, егер 2-санатта болса, онда 60 пайыз қосылады, 3-санат – 30 пайыз. Егер аталған категорияларға кірмесе, шартты жалақы ғана алатын болады. Бірақ біз оларды тиімді жұмыс істеуге ынталандыруымыз керек, – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Аятжан АХМЕТЖАН,
Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры:
Директор болуға
талпыныс азайғаны байқалады
– Мектепте тек директордың ғана емес, жалпы мектеп әкімшілігі қызметкерлерінің, білім басқармаларында, білім саласына қатысты басқа да мекемелердің барлығындағы лауазымды қызметтердің еңбекақысы жоғары емес. Бұл мәселе жан-жақты қаралуы керек деп ойлаймын, себебі қазір мұғалімдердің жалақысынан басшының жалақысы төмен болғандықтан, директор болуға талпыныс азайғаны байқалады.
Мұғалімдердің жалақысы Үкіметтің, министрліктің бастамасымен көтеріліп жатыр. Оған қоса «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Санаттарға байланысты жаңа ережелер енгізілді. Ал мектеп директорлары мен мектеп әкімшілігіндегі қызметкерлер, орынбасарлар, одан бөлек кітапханашылар «педагог» категориясына кірмейтіндіктен осындай ала-құлалық туындап отыр.
Директорлардың біліктілігін арттыру, санат тағайындау мәселелері жүйелі түрде шешімін табу керек деп есептеймін. Ынталандыруға қатысты соңғы жылдары министрлік тарапынан құжаттар дайындалып жатыр. Бірақ, әрине әлі бір қайнауы ішінде тұрған дүниелер бар.
Иә, білім саласындағы көтеріліп жатқан бастамалар мен қабылданып жатқан реформалар – өгерістің басы ғана. Жалпы қазіргі кезде білім беру саласы заманның ағымына қарай, ұрпақтың сана-сезімі мен таным-түсінігіне қарай бейімделіп, үздіксіз өзгеріп жатыр. Сәйкесінше мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ал мектеп директорының иығындағы жүк тіпті орасан, олардың еңбегі де ескерусіз қалмайтыны белгілі болды. Алдағы уақытта мұғалімнің мәртебесі одан да асқақтай бермек, осыған сай қойылатын талап та күшейе түседі.
Ділда УӘЛИБЕК
“TÚRKISTAN” газетінен алынды