23.11.2024

Білім беру ұйымдарын аттестаттау қағаздың көбеюіне әкеп соқпауы керек

Білім беру ұйымдарын аттестаттау қағаздың көбеюіне әкеп соқпауы керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Мемлекеттік аттестаудан өтпек болған балабақшалардың 80 пайызға жуығы аттестация рәсімінен өте алмады. Бұл – сапа бойынша сұрақ бар дегенді білдіреді. Осы уақытқа дейін балабақша деңгейінде мемлекеттік бақылау тетігі болмаған. Және де өздеріңіз жақсы білесіздер, балабақшалар лицензияны да алмайды. Лицензиясыз жұмыс істейді. Бұл шешім кезінде балабақшалардың санын жылдам ұлғайту үшін қолданылған болатын. Нәтижесінде қазіргі уақытта 3-6 жас аралығындағы балаларды 99 пайыз қамту көрсеткішіне жетіп отырмыз. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ, бізге керегі – сапа. Ата-аналар тарапынан біраз сұрақ туындап жүргенін жақсы білеміз. Сондықтан мемлекеттік бақылаудың болуы өте маңызды. Осыған орай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізіліп, біз бірінші рет балбақшалардың аттестациясын өткіздік», – деді ол министрліктің аппарат жиналысында.

Министрдің атап өтуінше, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын аттестаттау алдағы уақытта кеңінен қолданылатын болады.

«Аттестаттауды жыл бойы өткізетін боламыз. Жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын барлық балабақшаға қажетті сапаны қамтамасыз ету бойынша бақылау болады. Сол бақылауға сай тиісті іс-шаралар да қабылданады. Бұл өте маңызды. Аттестаттауды қағаз толтыру рәсіміне айналдырмауымыз керек. Балабақша, мектеп, колледж деңгейінде бақылау өткізгенде құжат мәселесіне көңіл бөлмей, нақты сапаға назар аудару қажет. Аттестаттау және басқа да бақылау іс-шаралары қағаздың көбеюіне әкеп соқпауы керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА