22.11.2024

БҒМ Асхат Аймағамбетов 2021 жылы іске асырылған негізгі бастамалар туралы айтты

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өткен жылы білім және ғылым саласында қабылданған кейбір маңызды шараларға тоқталды.

1. Еліміздің барлық мектебінің бірінші сыныптарында Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» және «Букварь» енгізілді.

2. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мектеп мұғалімдерінің, балабақша тәрбиешілері мен колледж оқытушыларының жалақысы 25%-ға өсті. Осы жылдың қаңтар айынан бастап тағы 25%-ға өскенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар 2021 жылдың қыркүйегінен бастап педагогтердің жұмыс жүктемесі азайтылды. Бұл бір ставка үшін мұғалімдер енді аптасына 18 сағат емес, 16 сағат жұмыс істейтінін білдіреді.

3. «Педагог мәртебесі туралы» Заң жоғары оқу орындарының оқытушыларына қолданылмауына байланысты, сәйкесінше, олардың жалақысы көтерілмеді. Сол себепті министрлікке бағынышты ЖОО-ларда 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын көтеру туралы арнайы бұйрық қабылдадық.

Қатардағы оқытушылар үшін ең төменгі жалақы 200 мың теңгені, ал профессорлар үшін – 350-400 мың теңгені құрайды. Бұл ретте 1 ставканың максималды көлемі жылына 680 сағаттан аспауы тиіс. Мұндай мүмкіндік Президенттің қолдауының арқасында және 2011 жылдан бастап алғаш рет осындай көлемде грант құнын арттырудың нәтижесінде пайда болды.

4. 2021 жылы біз педагог болып жұмыс істегісі келетіндерге жұмысқа орналасу кезінде де қойылатын талаптарды қатаңдаттық. Осылайша, енді бұл мамандыққа кез келген мектеп түлегі түсе алмайды, өйткені педагогикалық бағытқа дайындықтың барлық бағыттарына ҰБТ-ның ең жоғары шекті балы белгіленді. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтар бойынша білім алушылар алатын шәкіртақылардың көлемі де қазір ең жоғары.

Жалақыны көтеру, жүктемені азайту, есептілікті қысқарту, педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартуға жол бермеу шаралары – мамандықтың мәртебесін арттыру барысындағы маңызды қадамдар. Нәтижесінде қазір мұғалім мамандығына үздік түлектер ғана түсіп жатқанын көріп отырмыз. Осы мамандыққа түсушілердің орташа балы айтарлықтай артты, педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есе көбейді.

5. Тағы бір жаңалық – педагогикалық бағытта білім беретін жоғары оқу орындарының түлектері үшін міндетті тестілеу енгізілді. Енді дайындығы нашар үміткерлер мұғалім болып жұмысқа орналаса алмайды. Яғни педагогикалық білім туралы дипломның болуы енді жұмысқа бірден орналасуға кепілдік бермейді. Балалармен жұмыс істей білу өте маңызды және жауапты міндет болғандықтан, алдымен тәуелсіз тестілеуден өту керек. Мұндай сыртқы емтиханды 2021 жылы шамамен 40 мың түлек тапсырды. Олардың ішінде шекті балл жинағандар ғана мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Енгізілген бұл жаңашылдық жоғары оқу орындары жұмысының сапасын да көрсетті. 36 университет осы мамандық бойынша дайындау бойынша лицензиясынан айырылды.

6. Бір ұйымда ұзақ уақыт жұмыс істейтін мектеп директорлары үшін алғаш рет ротация жүйесі енгізілді. Енді олар бір ұйымда 7 жылдан артық басшы бола алмайды. Ротация басталды және жыл бойы жүргізілетін болады.

7. Сондай-ақ 2021 жылы білім беру ұйымдары директорлары құрамының сапасын жақсарту үшін нақты мерзімдер, критерийлер, тестілеуді енгізе отырып, лауазымға тағайындаудың жаңа жүйесі енгізілді.

8. Директорлар үшін біліктілік санаттары енгізілді, олар өз жалақысынан 30%-дан 100%-ға дейін ай сайынғы үстемақы ала бастады. Бұл қалай жұмыс істейді? Әр 3 жыл сайын директор аттестациядан өтуге міндетті. Аттестаттау нәтижесі бойынша басшы санаттардың бірін алады, онымен бірге 3 жылға және ай сайынғы қомақты үстеме ақы (жалақының 30%-дан 100%-ға дейін) тағайындалады. Жұмыс тиімділігі өте төмен болған жағдайда басшы жұмыстан шығарылады.

9. Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа қағидалары әзірленіп, қабылданды. Қысқаша айтқанда, бұдан былай директорлардың өз қалауы бойынша мұғалімдерді өзі жұмысқа қабылдауға мүмкіндігі болмайды. Енді нақты критерийлер белгіленіп, мұғалімдер жұмысқа қызметінің нәтижесі мен жетістіктері негізінде конкурс арқылы орналасады. Биыл бұл рәсім цифрлық форматқа көшіріледі.

10. Есеп беруді азайту және мұғалімдерді ерекше функцияларға тартпау туралы айта отырып, Заң нормалары жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Жағдай бұрынғыдан түбегейлі өзгерді. Бұл мәселеге қатысты қатаң ұстанымымыз бар. 2021 жылы жаңа заңның нормаларын бұзғаны үшін (артық есептерді талап ету, қызметтік міндетіне жатпайтын жұмысқа тарту және т.б.) білім беру ұйымдарының жүздеген басшысын және өзге де лауазымды тұлғаларды жазалауға тура келді. Бұл жұмыс жалғасатын болады.

11. Өткен жылы алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистент қызметі енгізілді. Бүгінде еліміздегі мектептерде осындай 1200 мұғалім жұмыс істейді. Бұл – инклюзивті білім беруді дамыту бойынша маңызды шара. Сондай-ақ 2021 жылы республика бойынша 50-ге жуық инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды, психологиялық-медициналық-педагогикалық кабинеттер саны 12 бірлікке өсті, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің саны 13 бірлікке өсті. Аутизм орталықтары номенклатураға енгізілді.

12. Ал мектепке дейінгі ұйымдар туралы айтатын болсақ, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың жаңа моделі әзірленді. Ол балаларды тәрбиелеу және оқыту процестеріне көзқарастарын өзгертуге бағытталған. Сарапшыларға, ғалымдарға және үкіметтік емес ұйым өкілдеріне көмектері үшін алғыс айтамын.

14. 2021 жылы ҰБТ электронды форматқа көшірілді. Енді тестілеу кезінде прокторинг жүйесі пайдаланылады. Тест тапсыратын компьютерлерде бейнебақылау камералары орнатылған. Олар интернетте тікелей трансляция жүргізуге және бейнежазбаны қайта тексеруге мүмкіндік берді. Бұрынғы қағаз жүйесінен айырмашылығы, тестілеу күні барлық бланкі мен сұрақ кітапшалары жойылатын. Электрондық форматтың арқасында тестілеу әлдеқайда объективті әрі ашық түрде өтетін болды.

2021 жылы докторантураға түсу үшін емтихан алғаш рет орталықтандырылып, электронды форматта өткізілді.

15. Сондай-ақ өткен жылдан бастап талапкерлерге жылына бір рет емес, екі рет магистратураға және докторантураға түсуге мүмкіндік берілді. Бұл жаңашылдық магистратура мен докторантурада оқығысы келетіндер үшін оң өзгеріс болды.

16. Диссертациялық кеңес қызметтерінің Ережелері толығымен өзгерді. Олардың жұмыстарының сапасын жақсарту маңызды. Біздің Комитетке 40-қа жуық кеңестің жұмысын тоқтатуға тура келді. Сонымен қатар осы Ережелер қабылданғаннан кейін қорғалатын барлық диссертациялар қолжетімді болды, ал қорғау процедурасы енді міндетті түрде онлайн-трансляция арқылы жүзеге асырылады. Бұл Ережелерде басқа да маңызды нормалар қарастырылған.

17. Білім беру сапасы төмен 15 жоғары оқу орны жұмысын тоқтатты. Тағы оқыту сапасы нашар 65 ЖОО-дан 500-ден астам лицензия кері қайтарылды. Сондай-ақ 30 колледж жұмысын тоқтатып, тиісті деңгейде білім бермеген мамандықтар бойынша 2000 лицензия министрлікке қайтарылды.

100 мыңнан астам студент басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылды. Сонымен қатар тексеру кезінде іс жүзінде оқытылмаған он мыңға жуық студент оқудан шығарылды, жоғары оқу орындарында олардың құжаттары да болмаған.

18. 2021 жылы жекеменшік мектептер саны артып, серпіліс байқалды. Өткен жылы 170-ке жуық жекеменшік мектеп ашылды. Бұл, ең алдымен, жан басына қаржыландыруды енгізу және мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нәтижесінде жүзеге асырылды.

19. Жоғары оқу орындарының жұмысын қайта қарастыруға байланысты басшылар конкурстық рәсімдер арқылы қайта тағайындалып, басшылыққа білікті әрі жас мамандар келді. Олардың арасында Кембридж университетінің, Пенсильвания университетінің, Назарбаев университетінің, «Болашақ» бағдарламасының және әлемнің басқа да жетекші университеттерінің түлектері бар. Сондай-ақ әлемнің жетекші университеттерінің 20-дан астам түлегі провост және проректор болып тағайындалды. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері министрлік пен ведомстволық бағынышты ұйымдардағы жұмысқа белсене араласа бастады.

20. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы өсті. Мәселен, соңғы екі жылда докторанттардың шәкіртақысы 82 мыңнан 170 мың теңгеге дейін өсті. Биыл қыркүйек айында шәкіртақы мөлшері тағы да артады.

21. Жоғары оқу орнында оқу үшін бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының саны 5000-ға артты. Биыл да гранттар саны осындай көлемде артады. Гранттар бөлу кезінде «merit based»-ке ғана емес, «need based»-ке де назар аударамыз. Мәселен, алғаш рет квота бойынша білім беру гранттары жалпы санының 5%-ы көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, 1%-ы толық емес отбасылардан шыққан балаларға бөлінеді.

22. Алғаш рет 2021 жылы жас ғалымдарға постдокторантура енгізілді. Енді Президент қолдауының арқасында жыл сайын 1000 жас ғалым 3 жылға постдокторантураға қабылдана алады, осы 3 жылда тұрақты түрде жалақы алып, ғылым саласындағы мансабын бастайды.

23. Алғаш рет ғалымдарға арналған тағылымдамалар пайда болды.
Енді жыл сайын бюджет есебінен 500 ғалым бір жыл бойы тағылымдамадан өтуге шетелдегі үздік ғылыми орталыққа бара алады. 2021 жылдың желтоқсан айындағы комиссия отырысында 500-ге жуық ғалым стипендияға ие болды.

24. Жақында Президенттің тікелей тапсырмасымен қабылданған «Ғылым туралы» Заңға енгізілген өзгерістер тіл мамандарын, тарихшыларды, археологтарды, философтарды және т.б. ғалымдарды гранттық тәуелділіктен біржола арылтты. Сәйкесінше, олардың ғылыми қызметін қолдауға кепілдік берілді. Кем дегенде 1600 ғалым гранттық конкурстардың нәтижелеріне қарамастан тұрақты жалақы алатын болды. Мұндай қолдаудың маңызы зор.

25. Ғылыми гранттар мерзімін ұзарту және ғылыми-зерттеу институттарында кепілдендірілген жалақы алатын ғалымдардың тізімін кеңейтуге байланысты ғалымдар көптен бері көтеріп келе жатқан мәселе де шешімін тапты. Енді гранттар 3 емес, 5 жыл бойы жүзеге асырылады, олардың тізімі де кеңейтілді.

26. QazVac – бұрын Білім және ғылым министрлігіне бағынышты ұйым болған Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты ғалымдарының жұмысының нәтижесі. Вакцина жасау және клиникалық сынақтар жүргізу жұмысын үйлестіру министрлікке жүктелген болатын.

Президенттің жан-жақты қолдауының арқасында вакцина дайындалып, БҚПҒЗИ базасында зауыт іске қосылды. Вирусология бойынша білім беру бағдарламасы мен бірлескен диссертациялық кеңес ашылып, жалақы бірнеше есе өсті, заманауи зертханалық құрал-жабдықтар сатып алынды.

27. Алғаш рет «Үздік ғылыми қызметкер-2021» байқауының қорытындысын шығардық. Бұл байқауда лауреат атанған 50 адам құрметті атаққа ие болды және қосымша 6 миллион теңгеге жуық сыйақы алды. Енді байқау жыл сайын өткізілетін болады.

28. Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын іске асыру аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың жаңа моделін бекіттік. Типтік бағдарламалар өзгеріп, біліктілікті арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылы мектепке дейінгі білім беру жүйесіне мемлекеттік бақылау енгізілді. 10 жыл бұрын балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды арттыру және жекеменшік балабақшаларды дамытуды жеделдету мақсатында оларды лицензиялау мен аттестациядан босату туралы шешім қабылданған болатын. Қазір балалар 99 пайыз балабақшаға орналастырылдық, енді барлық мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік стандарттың сақталуын қамтамасыз ету маңызды.

29. Дарынды балаларды қолдау мақсатында халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына, сондай-ақ жаттықтырушыларға қаржылай сыйақы төлеуді көздейтін заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізілді. Қабылданған шаралармен қатар жеңімпаздарға ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына грантқа түсу мүмкіндігін беруді жоспарлап отырмыз.

30. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бойынша жаңа түзетулер қабылданды. 2021 жылдан бастап дуалдық жүйе бойынша оқу уақыты жұмыс өтілі болып есептеледі, колледждер практикалық жұмыс кезінде алған өнімін сата алады. Дуалды оқыту кезінде студенттерге көмектесетін өндірістен келген тәлімгерлер жалақы алады, жаңа классификатор бекітілді. Сондай-ақ колледжге студенттерді қабылдаудың жаңа жүйесі енгізілді және мемлекеттік тапсырыс «Ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты бойынша орналастырылады.

31. 2021 жылдың қаңтарынан бастап аймақтарда білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделі енгізілді.
2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім бөлімдері облыстардың білім басқармаларына қаржылық және ұйымдастырушылық жағынан есеп бере бастады. Осы уақытқа дейін аудандық, қалалық бөлімдерін іс жүзінде облыстық басқармалар емес, аудандық, қалалық әкімдіктер басқарған болатын. Орта және мектепке дейінгі білім беруді басқару жүйесінде басқарушылар әлдеқайда көп болды. Мен бұл шешімді орта және мектепке дейінгі білім беру жүйесі жұмысының тиімділігін арттыру үшін ең маңызды қадам деп есептеймін.

32. «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру бойынша нақты жоспар бекітілді. Мектептерде балалардың кітап оқуына қолайлы жағдай жасалды, кітапханалар жаңартылды. 2021-2022 оқу жылында мектеп кітапханаларына алғаш рет 2,5 миллион данадан астам балалар көркем әдебиеті сатып алынды.

Мұның барлығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында 2021 жылы атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана.

Бұл жазбада көптеген өзгерістер мен шешімдер көрсетілген жоқ. Бірақ, әрбір бастаманың артында білім және ғылым саласы қызметкерлерінің еңбегі жатыр. Кей шаралар танымалдылыққа ие болмады және белгілі бір мойындамаушылықпен, қысыммен қабылданды. Дегенмен, бұрын тек ойда болған шешімдер бүгінде іс жүзінде орындалды. Қабылданып жатқан шаралар еліміздің білім және ғылым саласын жақсы жаққа өзгертетін болады.

Өз тарапымнан, білім және ғылым жүйесін жақсарту үшін күшейтілген жұмысты жалғастыратынымызды атап өткім келеді.

Проблемалар әлі де бар және саламыздың ерекшелігіне байланысты олардың көпшілігі әлі толығымен шешілген жоқ. Бірақ біз өзекті мәселелерді тез арада шешу үшін бар күшімізді саламыз.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА