Қоғамда іштегі мұңын, сырын, шынын жұртқа жеткізе алмай, не қажет екенін, неге мұқтаж екенін айта алмай, қолдарымен «сөйлеп», онысын біреу ұқса, біреу ұқпайтын адамдар бар. Олардың өмірі – тұнған тыныштық. Араласатын ортасы да шектеулі: тек ым-ишарамен сөйлеп, ұғысатын кішкентай кеңістік.
Мылқау жандар да мектепке барады, көркем шығарма оқиды, сурдоаудармамен кино көреді. Ол асқан шебер, ісмер немесе талантты суретші, ұтқыр шахматшы болуы мүмкін. Егер өмірдің бір өкініші болса, ол жүректі қозғап, көңіл толқытар музыкасыз ғұмыр кешу дер едік. Ал есту қабілеті нашар жандар музыка тыңдайды деп ойлайсыз ба?.. Осы сауалдың ізімен астанадағы есту қабілеті нашар балалар оқитын №65 мектеп-гимназиясына барып, музыка сабағына қатысып қайттық.
Бағдарлама бар, оқулық жоқ
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде есту қабілеті нашар және мүлдем естімейтін 30 мыңнан аса мүгедек азамат бар. Оның ішінде 5 782 адам мылқау. Бүгінде осы санаттағы балаларға арналған он жеті мамандандырылған мектеп-интернат жұмыс істейді. Онда қазір үш мыңға жуық бала білім алуда.
Ал Нұр-Сұлтан қаласында есту қабілеті бұзылған мүгедектер саны – 1 208 адам болса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 405 бала бар. Біз арнайы барған №65 мектеп-гимназиясы астанадағы есту қабілеті нашар балаларға арналған түзету сыныптары бар жалғыз оқу орны.
Мұнда қазір есту қабілеті бұзылған 106 оқушы оқиды (оның 3-і мүлдем естімесе, қалғаны нашар еститіндердің қатарында). Нашар еститін балалар он жыл оқыса, мүлдем естімейтіндер он бір жыл білім алады. Олар Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу бағдарламасындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған жеңілдетілген бағытта оқытылады.
Айта кетейік, медицина саласындағы кейінгі уақытта пайда болып жатқан игіліктердің нәтижесінде есту қабілетінен айырылған адамдарға кохлеарлы имплант отасы жасалуда. Аталған мектепте де 52 оқушы осы отаны жасатқан. Олар сол арнайы аппаратпен және оңалту жұмыстарын дұрыс жасаған жағдайда айналаны жақсы естиді. Мектеп мұндай балаларды сөйлеуге үйретіп, қалыпты оқушылардың қатарына қосуды мақсат етіп отыр. Мәселен, жыл сайын сөйлеуі жақсарған бірнеше бала қалыпты сыныпқа ауыстырылып келеді.
Ал мұғалімдер сабақ барысында Дактиль әліпбиін, яғни қолмен сөйлеу әдісін көп қолданбайды. Аталған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Нағиеваның айтуынша, ол әдіс тек 4-сыныпқа дейін немесе қосымша құрал ретінде ғана қолданылады. Өйткені оқушымен тек ым-ишара арқылы тілдесу оның сөйлеу қабілетін дамытпайды.
«Балалардың көбісінде кохлеарлы имплант және есту аппараттары болғандықтан мұғалімдер ым-ишарамен түсіндірмей, сөйлеп, дыбыстап айтуға тырысады. Тек кей жағдайларда ғана көмекші құрал ретінде ым-ишара қимылдарын қолданады. Одан бөлек еріннен оқу әдісі бар. Яғни оқытушылар ернін қызық далаппен бояп, балаларға сөйлейді. Сонда олар естімесе де еріннің қозғалысынан сөйлемді түсінеді. Өйткені бұл балалар сурдопедагог пен дефектологтың сабақтарында еріннен оқуға арнайы үйренеді», дейді Г.Нағиева.
Есту қабілеті нашар және мүлдем естімейтін оқушылар бекітілген жалпы білім бағдарламасына сай, бірақ санатына сәйкес қысқартылған бағдарламамен оқитынын жоғарыда атап өттік. Яғни ерекше білім беруді қажет ететін бұл оқушыларға министрліктің бекіткен арнайы бағдарламасы бар. Алайда оқулығы жоқ. Зерттеп қарасақ, елімізде есту қабілеті бұзылған оқушыларға арналған оқулық бұған дейін де жасалмаған. Аталған мектептің директоры Нұргүл Елекееваның айтуынша, бұрын олар оқулықты Ресейден сатып алып отырған. Қазір бағдарлама ауысқандықтан ресейлік кітаптар қажетсіз болып отыр. Ал мұғалімдер жалпы білім беруге арналған оқулықтармен жұмыс істейді. Яғни қысқартылған бағдарламаға сәйкес оқулықпен салыстыра отырып, сабақ өтеді.
«Есту қабілеті бұзылған оқушылар ақыл-есі сау болғандықтан оларға арнайы оқулық жасалмайды. Ал жалпы мектептерге арналған жаңартылған бағдарлама есту қабілеті нашар, яғни ерекше білімді қажет ететін балаларға тым ауыр. Біз жыл сайын министрлікке оқулық туралы ұсыныстар айтып, хат жазамыз. Бұл оқушылар ақыл-есі дұрыс болса да әрқайсының қабылдау деңгейі әртүрлі. Сондықтан оларды арнайы оқулықпен оқыту керек», дейді мектеп директоры.
Бұдан бөлек мектепте есту қабілеті нашар балаларға арналған түзету сыныптарында мұғалім жетіспейді.
«Бүгінде ерекше білім беретін балаларға мамандар тапшы. Жалпы, білім беретін мұғалімдер түзету сыныптарына сабақ бере алмайды. Ол үшін арнайы әдістемелік курстардан өтіп, біліктілікті арттыру қажет. Қазір 106 балаға 42 мұғалім сабақ береді. Оған қоса, өкінішке қарай, жыл сайын есту қабілеті нашар балалардың саны өсіп келеді», деді мектеп директоры.
…Біз де ән-күй тыңдаймыз
Адам бәрінен шаршағанда һәм жалыққанда себепсіз музыка тыңдағысы келеді. Баяу әуен жаныңды қоңыр тіршіліктен бір сәт алыс, аяулы мекенге алып баратындай. Сонау бір шақтарда қалған жып-жылы естеліктермен мезгілсіз қауыштыратындай. Еркін құстай зеңгір көк аспанда қалықтап ұшуыңыз мүмкін. Яки теңіз жағасында ақ көбіктенген толқындармен бірге Күнді шығарып салыңыз. Күннің қызарған шуағына бетіңізді тосып, іштен жақсы тілек айтыңыз. Сезімтал жанның жүрегін жұбатып, ой-қиялын осындай әдемі сәттерге тек музыка ғана жетелей алады. Музыканың күшіне, музыканың әсеріне өлшем жоқ: таңғажайып.
Ән өнерінің құдіреті туралы қалай тебіренсек те қоғамда музыка тыңдай алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар да бар екенін білеміз. Әрине, «музыкасыз қалай өмір сүруге болады?» дерсіз. Бәлки, ым-ишарамен орындалған әнді көрмеген боларсыз. Әлқисса.
Біз мектепке барғанда есту қабілеті нашар балалар оқитын 4-сыныпқа музыка сабағы өтіп жатты. Әр баланың қолында шулы аспаптар – дыбыс беруші сылдырмақ бар. Олар сол арқылы әуеннің ырғағына қосылып отырады. Яғни әсіресе музыка сабағында кабинетте әуеннен басқа ешқандай дыбыс шықпауы керек. Балалар «дирижер» – мұғалімнің нұсқауымен сылдырмақтарын қозғалтып, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуын» орындап берді. Музыка пәні мұғалімінің айтуынша, кохлеарлы имплант отасын жасатқан оқушыларда қазір едәуір нәтиже бар. Ырғақты түсініп, ұстап отырады дейді.
Ал жоғары сыныптың қыздары сабақта үйренген патриоттық әндерді орындады. Сөзімен. Әрине, толық дұрыс дыбыстай алмайды. Бірақ біз олардан ән айтуда мұндай нәтиже күтпеген едік. Аздап таңғалдық. Бұдан бөлек олар әнді ым-ишарамен де орындайды. 8-сынып оқушысы Аружан Асқарова музыканы жанымды тыныштандыру үшін тыңдаймын дейді. Иә, бәріміз де музыканы жанымызды тебіренту үшін, кейде өз-өзімізбен оңаша сырласу үшін тыңдаймыз.
Өнерлі оқушылар республикалық байқауларда да орын алып жүр. Мәселен, кабинеттің мадақтама бұрышынан ХІV халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ым-ишаратпен ән айту аталымы бойынша алынған марапатты, одан басқа да мадақтама қағаздарын көріп қалдық.
Музыка пәнінің мұғалімі Нұркен Байзуллинова мұндай санаттағы балаларға музыканың қаншалықты пайдалы екенін айтады.
«Бұл балалар балабақшаға барған уақыттан бастап ең алдымен дыбыстауды үйренеді. Содан кейін шулы аспаптарда, фонетикалық ырғақпен әріптерді айтып отырып, қимыл-қозғалысты біріктіріп, есту, сөйлеу қабілеттерін жақсартады. Бұл – өте ұзақ процесс. Бұған мұғалімдер мен сурдопедагогтар, дефектологтар атсалысады. Пән мұғалімдері де сабақтарында дауыстап айтылатын жаттығулар, ойындар, әннен шағын үзінділер беріп отырады. Міне, осының бәрі баланы музыкаға алып келеді. Олар әуенді естуді, қабылдауды үйренеді. Одан соң музыкадан түсінген бейнесін суреттермен бейнелейді. Ал әннің сөздерін қолмен көрсетуді өзіміз үйретеміз», дейді мұғалім.
Сондай-ақ ол бұл балалардың үйдегі өмірінде де музыка болуы керек екенін, теледидар көріп, ата-аналары театрға, концерттерге апарып тұруы керек деп кеңес берді.
Біз оқытушыдан музыка сабағы қалай өтетінін сұрап көрдік.
«Сабақ негізінен ритм мен буыннан тұрады. Мысалы, аяқпен секіріп баланың атын айтамыз. «Жі-гер». Осындай әдіспен фонетикалық ырғақ қалыптастырамыз. Әнді бастағанда «ааааааа-ооооооо-ууууууу» деп, сосын созып барып әндетеді. Кейін тақпақтар, үзінділер үйренеді. Қазір балалар қызықты, ритмі жақсы заманауи әндерді ым-ишарамен орындап жүр. Түрлі байқауларға да апарып тұрамыз. Жүлделі орын алған оқушылар бар», дейді мұғалім.
Мектеп сурдопедагогы есту қабілеті бұзылған балаларды бірқалыпты күйге, ешқандай өзгеріссіз, дамусыз өмір сүруге үйретуге болмайтынын айтты.
«Біздің негізгі мақсатымыз – баланың есту, сөйлеу қабілетін дамыту. Кохлеарлық ипланттан кейінгі балаға оңалту жұмыстары тұрақты жүргізілсе, ол сөйлеп кетеді. Алайда өкінішке қарай, ата-аналар балаларына бұл отаны кеш жасатып жатады. Сол себептен де олардың сөйлеу деңгейі әртүрлі. Біз бұл балаларды «мылқау» деп атай алмаймыз. Өйткені оқушылардың көбісі аздап болса да дыбыстап сөйлейді. Жалпы, арнайы аппаратпен жүрген баланың сөйлеп кетуі үшін көп уақыт және еңбек кетеді. Осы жолда түрлі мамандардың жаттығулары мен музыка сабағының әсері көп», дейді ол.
Сурет – тілсіз поэзия
Ел астанасындағы №2 Өнер мектебінде сазсырнай, киімді көркемдеп үлгілеу, фортепиано, домбыра, жетіген, театр, көркемсурет курстарында инклюзияда оқитын 26 оқушы бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларды өнерге баулу мақсатында қолға алынған бұл жоба 4-5 жылдық оқу бағдарламасымен оқытылады. 2020 жылы қыркүйек айынан бастап №65 мектеп-гимназиясында есту қабілеті нашар балаларға арналған №2 Өнер мектебінің театр, көркемсурет бөлімдерінің филиалы ашылған болатын. Қазір театр бөлімінде – 12, көркемсурет бөлімінде – 7 оқушы оқиды.
Театр бөлімінің оқытушысы Айжан Шарипова есту қабілеті нашар балалардың театр өнеріне бейімі жоғары екенін айтады.
«Олар басқа балаларға қарағанда эмоцияны, іс-әрекетті, көзқарасты жақсы береді. Қазір менде 1-сынып, мұнда негізінен этюдтармен жұмыс істейміз. Сөзге әлі көшкен жоқпыз, тек ым-ишарамен үйренеді. Яғни қимыл-қозғалыстарға негізделген видео-сабақтар, видео-тапсырмаларды қолданамын. Тақырыптарға сәйкес карточкалар жасалады. Сондай-ақ ритмдік, координациялық-тренинг жаттығулармен де жұмыс істейді. Ал екінші сыныпта ертегілер, үшінші сыныпта шағын үзінділер, ал төртінші сыныпта дипломдық спектакль қойылады», дейді оқытушы.
Ол сондай-ақ қазір тәуелсіздікке байланысты қойылым (шағын үзінді) қойып жатқанын баяндады.
«Біз республикалық Махамбет Өтемісұлына арналған театрландырылған қойылымдар байқауына дайындалып жатырмыз. Шағын үзіндіде балалардың іс-қимылына сырттан дауыс қосылып қойылады. Яғни сыртқы дауыс қосылғанда балалар аузын қимылдатып ілеседі. Мұндай конкурстар балалардың қоғамға араласуына септігін тигізеді. «Мылқау балаларға театр сабағы не үшін керек?» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда ол балаларға эмоциясын шығару үшін, көңіл күйін білдіру үшін жақсы мүмкіндік», дейді А.Шарипова.
Ал сурет сыныбында, жоғарыда айтқанымыздай, есту қабілеті нашар жеті оқушы оқиды. Аталған №2 өнер мектебінің оқытушысы, Суретшілер одағының мүшесі Қайрат Жәйірбектің айтуынша, ол балалар отыз оқушының арасынан сурет салуға бейімді, қызығушылығы бар деп іріктеліп алынған. Кей жағдайда баланың сурет салуға ынтасы болса да ата-аналары келіспей жатады дейді.
«Мылқау балалармен жұмыс істеу өте ауыр. Сондықтан оқушының сурет салу деңгейіне қарай жеңілдетілген, сызықпен салынатын оңай сызбаларды үйретемін. Тақтаға бір сурет салсам, оны толық аяқтау жұмысы 4-5 басқыш бойынша орындалады. Яғни бірінші кезекте басы, кейін кеудесі, аяғы салынады. Осылайша бір суретті әр кезеңге бөліп үйретемін. Сонда балаларға қабылдау жеңіл болады. Күрделі суреттерді оқушылар сала алмайтын болған соң көбінесе мультфильмдердегі образдар, өздері білетін анимациялық кейіпкерлерді саламыз. Оқу бағдарламасының талабы бойынша перспективалық қағидаға сай суреттерді салуды да оңай жолмен үйретемін. Дегенмен талантты балалар жоқ болса да кішкене бейімді оқушылар бар. Мысалы, екі оқушының жұмыстарында бұрынғыға қарағанда нәтиже бар. Басында олар менің айтқан суреттерімді салмайтын. Өздерінің қалаған бейнелерін сызып көрсететін. Қазір оқытушының ыңғайына көніп, тактикасына үйреніп келеді. Бір жағынан, оқушыларға мынаны сал деп желкелей алмайсың. Олардың жан-дүниесінде өздерінің көңіл күйлері болады. Сондықтан сол көңіл күйді ұстап отырып, жетектесек, нәтиже шығады. Яғни ең алдымен мылқау балалардың психологиялық жағдайын ескеру керек», дейді суретші.
Саңыраулар қоғамы басшысының айтуынша, естімейтін және нашар еститін балалар мен жасөспірімдердің сауаттылығының төмендігі күрделі мәселеге айналып отыр.
«Саңырау баланы жылдар бойы «естуге», дыбыстарды айтуға үйретті. Бұл – өте баяу процесс. Бізге ауызша сөйлеуді үйретуге, есту аппараттарын қолдануға, есту қабылдауын дамытуға, логопедпен интеллекттің дамуына зиян келтірмеу керек. Өкінішке қарай, ымдау тілін білетін саңырау мұғалімдер жетіспейтіндіктен, олардың білімі төмен, көп нәрсені түсіне алмайды. Есту кемістігіне байланысты саңыраулардың ана тілі ымдау тіліне айналған. Мұндай мамандандырылған мектеп бітіргендер, тіпті өз бетінше бастауыш өтініш жаза алмайды (мысалы, жұмысқа қабылдау туралы, т.б.) Осы сауатсыздықтан мылқау азаматтар толыққанды және кәсіби білімі болмағандықтан, жалақысы аз жұмыс орындарына баруға мәжбүр», дейді С.Омарханова.
«Қалам сатып аласыз ба?»
Күнделікті өмірде, әсіресе қоғамдық орындарда – пойызда, асханада, автобустарда қалам сатып жүретін мылқау адамдармен жиі ұшырасамыз. Олар неге қала аралап, тіпті пойызға мініп, ұзақ жолға шығып, 150-200 теңгеге қалам сатады? Әрине, қазір қоғамда сөзге шешен, жақсы еститін жастарда да жұмыссыз жүргендер көп. Десек те бұл жұмыссыздықтың өз себебі бар. Ал мылқау жандардың жұмыссыздығы – мылқаулығынан.
Иә, есту қабілеті бұзылған азаматтарды, негізінен әлеуметтік мәселе алаңдатады. Оларға қоғамда ұсынатын жұмыстың да тізімі шектеулі. Мамандардың айтуынша, көбінесе мылқау ер-азаматтарға аяқ киім шебері, ал қыз-келіншектерге тігіншілік жұмыс қана ұсынылады.
Бұл топтағы жандардың құқығын қорғап, жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның саңыраулар қоғамы жұмыс істейді. Бүгінде қоғамдық бірлестіктің республиканың әр өңірінде 19 мамандандырылған оқу-өндірістік кәсіпорны, 16 корпоративтік қор, 16 аймақтық филиалдары бар. Онда есту және сөйлеу қабілеті шектеулі 2 500-ден астам азамат еңбек етеді.
Аталған қоғам толықтай оқу-өндірістік кәсіпорындарының өндірістік қызметінен алынған кірістен қаржыландырылады. Яғни бұл оқу-өндірістік кәсіпорындар есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды жұмыспен қамтумен айналысады. Жұмыстың негізгі бөлігі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 51-бабына сәйкес мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері арасында жүзеге асырылатын, әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуларына қатысу туралы ережені қарастыратын портал арқылы қабылданады.
Саңыраулар қоғамының президенті Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты 2019 жылдан бастап оқу-өндірістік кәсіпорындарының жағдайы қиындай бастаған.
«Байқаудың (аукционның) бір лотына қатысумен конкурстық өтінімдерін жаппай қабылдамау басталды. Тиісінше, 19 қоғамдық бірлестіктің бір ғана кәсіпорны мемлекеттік сатып алу конкурсының (аукционының) бір лотына қатысуға құқылы, ал қалған 18 оқу-өндірістік кәсіпорын өтінімдері қабылданбайды. Яғни мемлекеттік сатып алу порталында барлық оқу-өндірістік кәсіпорындары аффилиирленген тұлғалар ретінде мемлекеттік тіркеп, сатып алудың WEB-порталындағы «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасына енгізілген және жүйе конкурстың (аукционның) бір лотында екі немесе одан да көп оқу-өндірістік кәсіпорындары бір уакытта конкурсқа жібермейді, өйткені олардың жалғыз құрылтайшысы – «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі болып отыр. Бұл «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңында кеткен қателіктер сияқты», дейді қоғам президенті.
Жұмыс көлемінің жоқтығы оқу-өндірістік кәсіпорындарында қаржылық жағдайдың нашарлауына алып келген. Сол себептен де мүгедектер мардымсыз еңбекақы алады, ал ең төменгі жалақының өсуіне байланысты қоғамдық бірлестік мылқау азаматтарды тіпті белгіленген ең төменгі жалақымен қамтамасыз ете алмай отыр.
«Қазақстанның барлық өңірінде орналасқан оқу-өндірістік кәсіпорындары 4 000-5 000 мүгедекті жұмыспен қамтамасыз етуге қауқарлы. Мамандандырылған оқу-өндірістік кәсіпорындарының тиімді жұмыс істеуі өте маңызды: ол қоғамға ғана емес, соның ішінде есту және сөйлеу қабілеті төмен мүгедектердің қаржылық жағдайына, олардың әл-ауқатына көмек болар еді. Ал оларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мөлшері 43 200 теңге. Бүгінгі нарықта бұл сомамен өмір сүру мүмкін бе?..», деді С.Омарханова.
Енді есту қабілеті бұзылған азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін игіліктерге де тоқталып өтейік. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бекіткен Ережеге сәйкес, есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар тұлғалар есту аппараттары, веб-камерасы бар ноутбук, көп функциялы сигнал жүйелері, мәтiндiк хабар беретін және хабарды қабылдайтын мобильді телефондар, саңырау және нашар еститін адамдарға арналған сағаттар, кохлеарлық импланттарға сөйлеу процессорлары, дауыс шығаратын аппараттармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олар жылына 60 сағат ымдау тілі маманымен жұмыс жасайды. Жылына бір рет 14 күнге санаторлық-курорттық емделуге барады. Бұдан бөлек оларға төленетін жәрдемақы бар.
P.S. Есту қабілеті нашар балалардың сабағына қатысып отырып, екіұдай күй кешесің: қолдарымен бір-біріне көңілді әңгіме айтып, бір-бірін түртіп, музыка сабағының сылдырмақтарына таласып, мектеп қабырғасындағы қалыпты оқушылардан ешқандай айырмашылығы жоқтай көрінеді. Кейін олардың болашақта қандай мамандық игеріп, қалай нан табатынын ойлайсың. Мектептен кейінгі өмірдің сыныптағыдай көңілді болмайтынын балалар сезе ме екен?.. Ақиқатында, кімнің аяқ киім жөндейтін шебер болғысы келеді? Кімнің тігінші болғысы келеді? Бәріміз де жақсы жұмыс істеп, жақсы өмір сүруге талпынамыз. Ал ең өкініштісі, алдағы өміріңде тек осы жұмыстар ғана күтіп тұрғанын біліп һәм ол мардымсыз айлыққа, шамамен қалай күн көретініңді іштей сезетінің. Өмір әділетсіз бе, әлде қоғам ба?..