22.11.2024

Білім министрі елорда мен Ақмола облысының мектептерін аралады

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елордадағы және Ақмола облысындағы бірнеше мектепті аралап, жай-күйімен танысты.

«Ақмола облысындағы Тайтөбе ауылының 700-ге жуық бала оқитын мектебінде болдым. Ондағы оқу кабинеттерін аралап, материалдық-техникалық базасымен таныстым. Өкінішке қарай, мектеп кітапханасы мен кітапхана қорының жұмысы тиісті деңгейде емес екенін байқадым. Балалардың оқуға сүйіспеншілігін ояту үшін мектеп кітапханалары оқушылардың сұранысына ие көркем әдебиеттермен қамтамасыз етілуі керек. Сол үшін «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр. Оқу жылының басынан бері еліміздегі кітапхана қоры 2 миллион көркем әдебиетпен толықты. Бұл бағыттағы жұмыста ешкім артта қалмауы керек. Сондықтан барлық мектеп директорлары мен білім басқармаларының басшылары осыған ерекше назар аударуы қажет», – деп жазды Білім министрі Facebook желісінде.

Сондай-ақ А. Аймағамбетов мектеп асханасындағы баға мен ассортимент мәселесі де туындағанын жазды. Осыған байланысты мектеп басшылылығына және білім басқармасына бірқатар міндеттер қойылды, олардың орындалуын министрлік қадағалайды.

«Әрине, кейбір мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешетін боламыз. Педагогикалық құраммен әңгімелесіп, ұстаздарға риза болдым. Мұғалімдер магистратураға түсуді, тағылымдамадан өтуді жоспарлап жүр. Ал ағылшын тілі мұғалімдерінің бірі «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондондағы Корольдік колледжінде оқып келген. Әріптестермен жақын арада жаңартылатын білім беру бағдарламаларын талқыладық. Мұғалімдермен жиі кездесіп тұрамын және әңгіме барысында бұл тақырып күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналады», – дейді ведомство басшысы.

Оған қоса, министр Целиноград ауданындағы жекеменшік «Дара» мектебіне барған. Онда 700 бала оқиды және 80 мұғалім сабақ береді.

«Олардың жалақы мөлшері бойынша қарастыратын мәселелер бар, өйткені мемлекет мемлекеттік тапсырыс сомасын көбейтсе, сәйкесінше, бұл өсім жалақының өсуіне де әсер етуі керек. Қаржы орталығына және Бюджеттік жоспарлау департаментіне мәселені зерттеп, ұсыныстар енгізу тапсырылды. Мектеп оқушыларымен әңгімелескенді жақсы көремін және осы сапарда да балалармен сөйлестік. Айтпақшы, олар офлайн оқу және мұғалімдермен, сыныптастарымен шынайы өмірдегі қарым-қатынас ұнатайтынын айтты.

Сонымен қатар жаңа мектеп құрылысының барысымен таныстым. Ол үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге көмектеседі. Қосшы қаласындағы мектеп 1200 орынға шақталған және қазір онда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық құрылыс басқармасы нысанды белгіленген мерзімде тапсырмаған, құрылыс жұмыстары айтарлықтай кешіктіріліп жатыр. Осы мәселелердің барлығы менің бақылауымда болады», – дейді Асхат Аймағамбетов.

 

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА