Солтүстік Қазақстан облысындағы үш орта мектепке және бір спорт мектебіне қазақ зиялылары – Әлихан Бөкейханұлының, Ахмет Байтұрсынұлының, Смағұл Сәдуақасовтың және Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімдері берілді.
6 сәуірдегі ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, енді Петропавлдағы №25 орта мектеп Әлихан Бөкейханұлының, №9 орта мектеп Ахмет Байтұрсынұлының, №2 орта мектеп Смағұл Сәдуақасовтың есімімен аталады. Ал ұлттық спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі берілді.
«Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Наурыз айында облыстық ономастикалық комиссиясында өңірдің белгілі тұлғаларының есімдерін беру бойынша ұсыныс қаралған. Ол бір ауыздан қолдау тапты. Қазіргі уақытта құжаттар республикалық ономастикалық комиссияға жолданды. Айтып өтсек, мәдениет және білім нысандарына – Жамбыл ауданындағы кітапханаға Сафуан Шәймерденовтың, Шал ақын ауданындағы Сергеевка орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың, Қызылжар ауданы Новоникольск ауылындағы мектепке Геннадий Зенченконың есімін беру ұсынысы жолданды», – дейді СҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірисов.
Еске сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты 7-шақырылымның депутаттары өңір белсенділерінің ұсынысын қолдап, кезектен тыс өткен сессияда Петропавлдағы білім беру және спорт нысандарының төртеуіне қазақтың біртуар ұлдарының есімдерін беру туралы шешім қабылдаған еді. Кейін тиісті құжаттар республикалық ономастикалық комиссия қарауына жолданды. Жалпы, өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекен, жер-су атаулары және олардың құрамдас бөліктерін тарихи атауларымен өзгерту жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып келеді.