Бұл – Атырау инженерлік-гуманитарлық институты. Аталған оқу орнын бас лицензиядан айыру туралы шешімді Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығарған. Бұл туралы “Егемен Қазақстан” газеті жариялады.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті университет жұмысындағы көптеген заң бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, институтта білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелері, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптары, сондай-ақ біліктілік талаптары сақталмаған.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова:
«Университетті тексеру барысында көптеген заң бұзушылық анықталды. Мысалы, оқытушылардың бір уақытта әртүрлі тілде оқытатын екі түрлі топта сабақ өткізу фактілері кездесті. Бірақ мұғалімдердің оқу жүктемесінде әр топ бойынша аудиториялық сабақтар бөлек есептелген. Одан бөлек, оқу орнында кейбір сабақтар мүлдем өткізілмеген. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бекіту кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген. Сонымен бірге Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенттерді оқытқан білім беру бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің тізіліміне енгізілген бағдарламаларға сәйкес келмеді. Нәтижесінде студенттер оқу пәндерін толық меңгермеген. Сондай-ақ оқу процесі сапалы профессорлық-оқытушылық кадрмен қамтамасыз етілмеген», деді.
Тексеру Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында сапаны қамтамасыз етудің ішкі жүйесі мен қажетті материалдық-техникалық базаның жоқтығын көрсетті. Бірқатар білім беру бағдарламасы бойынша оқу, әдістемелік және ғылыми әдебиеттер жоқ, яғни студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасалмаған. Мұны тест тапсырған студенттердің білім нәтижелері растады. Яғни институт студенттерінің 90 пайызы шекті балды жинай алмады.
Айта кетейік, Үлгілік қағидалардың нормаларына сәйкес студенттер университет лицензиясынан айырылған сәттен бастап оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ға ауысуға құқылы.