22.11.2024

Айхан ШӘРІП. МҰҒАЛІМДЕРДІ МАЗАЛАЙТЫН КІМ?

«Айқынның» биылғы 8 сәуірдегі санында белгілі публицист Нұртөре Жүсіп «Мораторий – мұғалімдерге керек» деп ұсыныс тастады.
Бұл байлам депутаттар тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Кеше Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті әлеуметтік сала ұйымдарын тексеру мәселесіне арнап, жеке жиын өткізді, оған Үкіметтегі барлық жауапты құрылымдар басшылары шақырылды. Отырыста төбе шашты тік тұрғызар көптеген сорақы жайттар белгілі болды.

Отырысқа дайындық барысында Мә­жілістің Әлеуметтік-мәдени даму ко­митеті арнайы зерттеу жүргізіпті. Оның нәти­желерін әріптестеріне Мәжіліс депутаты Қамал Бұрханов баяндады. Бір айта кетер жайт, Парламенттің сұрауына меморгандар нақты статистикалық деректерін жол­даған. Алайда «реви­зорлық сапарлардан» ығыр болған, ең­селері жаншылған ұйым басшы­ларынан бір сөз тарту өте қиын болып шықты.

– Әлеуметтік сала объектілерінің бар­лық басшылары тексерістердің нақты саны, түрлері, сондай-ақ тексеруші органдар мен тексерушілердің аты-жөндері туралы ақ­па­рат беруге құлық танытпады, – деді Қ.Бұр­ханов. – Сондықтан әлеуметтанушылардың күшімен аталған басшылар арасында ано­нимді сауалнама жүргізілді. Әйтпесе, олар аты-жөндерін және ұйымның атауын көр­сетпесе ғана нақты, адал жауап беруге келіс­ті. Тексеруші органдардан әбден зәрезап болып, қорқып қалған…

Әлеуметтік сауалнамамен барлық об­лыс­тар, Астана мен Алматы қалалары, мек­тептер, колледждер, ЖОО-лар, ауруханалар, емханалар және мәдениет нысандарының басшылары қамтылған. Депутаттың ай­туын­ша, сауалнама нәтижесі жаға ұстатар жайттарды әшкереледі: әрқайсысы жылына 10-15 рет тексерілетін көрінеді. Ұйым бас­шылары бұл санның «ресми органдарға арналған көрсеткіш» екендігін айтыпты. Олардың нұсқауынша, шынында, тек­серіс­тер саны кем дегенде, екі есе көп! Демек, әр­бір білім мекемесінде жылына 20-30, әр ай сайын 2 тексеріс жүреді.

– Бұл ретте барлық ұстаздар тексеру­ші­лерге қызмет көрсетуге міндеттенеді, – деді депутат. – Оларға ақылға сыймайтын көлем­де құжаттар жинауға тура келеді. Мұның сыртында бешбармақ, қарсы алу, шығарып салулар ұйымдастырулары тиіс. Тексерістердің 2 күннен, тіпті 1,5 айға дейін созылатынына назар аударған жөн. Бұл ретте әртүрлі нұсқаулықтармен және қау­лы­лармен көрсетілген ережелердің бәрін бірдей орындау мүмкін емес. Келген тексеру­шілер бәрібір бұзушылық табады, айыппұл салудан «құтқармайды».

Қамал Низамұлы тексерістердің көбін аудандық және облыстық білім басқар­малары жүргізетіндігін мәлім етті: «Олар көбіне білім ұйымына тексеріспен келе­тіндері туралы бірнеше сағат қалғанда, телефонмен хабарлайды. Ол ол ма, бұл тек­серушілер не қызметтік куәліктерін, не тексеріс ұйымдастыруға негіз болған құжат­ты көрсетпейді. Артынан тексерістің қоры­тынды құжатын да бермейді. Тексеру орган­дары жол беретін осындай заң бұ­зу­­шы­лықтар кесірінен тексеруші мәртебесін қандайда бір алаяқ немесе аферистің пайдаланып кетуінің қаупі бар!»

Сауалнама көрсеткеніндей, тексеруші­лердің қолында ұлықсат етуші құжаттың болмайтындығы былай тұрсын, сондай-ақ тексерістің өзі кемшіліктер және оларды жою мерзімдері көрсетілетін актілерді толтырусыз аяқталады екен. «Бір сөзбен айтқанда, білім беру ұйымдарын тексеру жүйесінде тексеруші шенеуніктердің нағыз вакханалия, бассыздығы үстемдік құрған!» деді Мәжіліс депутаты.

«Бізді бәрі тексереді, бізге бәрі бастық, бәрі ревизор!» деп кейіпті ұйым басшы­ларының бірі. Масқарасы сол, осы әлеу­меттік сала нысандарын әртүрлі ондаған инстанция тексере алады. Қ.Бұрханов: «Олардың арасында аудандық білім беру бөлімі, облыстық білім басқармасы, төтен­ше жағдай, санэпидемқадағалау басқарма­сы, прокуратура, әкімдік, тіпті Ардагерлер кеңесі бар!» дегенде, жиналған қалаулы­лар­дың бәрі таңғала бас шайқады.

«Тексерушілердің бірінің кезекті сапа­рынсыз өткен әрбір апта біз үшін өзіміздің тікелей міндеттерімізбен айналысуға мүм­кіндік беретін шағын бір сәттілік!» дейді ұйымдардың бірінің директоры. Мына қы­зық­ты қараңыз. Тағы бірінің мойын­дауын­ша, кейбір тексерушілер келе сала: «Біздің ештеңе таппауымыз мүмкін емес, әйтпесе, басшылығымыз түсінбейді, ендеше ұзақ қопармауымыз үшін ненің дұрыс еместігін өздерің айта қойыңдар, біз соны протоколға түрте салайық. Ең төменгі айыппұлды төлейсіңдер. Сендер де тиышсыңдар, бізді де мазаламайды» дейді екен.

Депутат тағы бір кең таралған сорақы жайтты нақты мысалмен келтірді: «Мәсе­лен, мектептердің бірінің директорына төтенше жағдай қызметкерлері өртке қарсы қауіпсіздік нормаларын сақтамағаны үшін соңғы 5 жыл бойы айыппұл салумен келеді! Себебі мектептің төбесі кәдімгі қамыспен, сабанмен жабыла салған екен. Ол сонау кеңес кезінен қалыпты. Талап бойынша ондай шатыр ең болмағанда, жыл сайын арнайы материалмен өңделуге тиіс. Дирек­тор аудандық билікке бірнеше рет өтінішпен жүгінген, бірақ олар ешқандай ден қоймап­ты. Бюджетте ондай өңдеуге қаражат қарас­ты­рылмайды. Алайда ТЖ органы, жоғарыдағы биліктің бұл проблеманы шеш­­­­пей­тін­­дігінен жақсы хабардар бола отырып, тексерістерін және мектеп пен оның директорына айыппұл салуын тоқтатпайды».

Директор жағдайды түсіндірмек болса, олар «ТЖ-ны да прокуратура тексереді, егер көз жұма қарасақ, бізді коррупция көрінісі үшін жазалауы мүмкін» деп бас шайқайтын көрінеді. Осы орайда Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары мектеп бас­шы­сын жазаламай, мәселені шешуді аудан­дық-облыстық білім органдарынан, тіпті Білім және ғылым министрлігінің өзінен талап етуді, егер кесілген мерзімде орында­маса, соларды жауапқа тартуды ұсынды.

Ең қорқыныштысы сол, жауапты шен­ділер «сен салар да, мен салар» деп сырғы­тып жүргенде, қамыспен жабылған мектепті жалын жалмауы ғажап емес. Балалар әлі күнге қауіпті ғимаратта оқуларын жалғас­тыру­да.

Қамал Бұрханов кейбір ревизорлардың тексерістері «қарақшылыққа» теңесетіндігін жасырмай айтты. Олар бейберекет тексеріс­терге қыруар бюджет қаржысын шығын­дай­ды. «Біз салалық және басқа да тексеріс­терді айтарлықтай қысқарту бойынша шара­лар қабылдау керек деп санаймыз! Сондай-ақ тексеруші органдардың штаттық саны мен бюджетін 2 есе қысқартуды ұсы­намыз. Жалпы, дұрысы 10 есе азайту керек! Бірақ әзірге ең болмағанда 2 есе кемітуден бастайық». Мәжіліс Үкіметке әлеуметтік сала нысандарын тексерістердің негіздел­гендігіне, сапасына, ең бастысы нәтижелі­лігіне назар аударуды ұсынды.

Бас прокуратураның Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы С.Айтпаева да біраз жайттың басын ашты: «СЭС органдары әлеуметтік салаға 5 мың 858 тексеріс жүр­гізген, соның ішінде 2 мың 591-і білім беру саласына келеді! Төтенше жағдай органдарының білім беру саласына қатысты бізде 5 мың 68 тексеріс тіркелді. Олар денсаулық сақтау мекемелерінде 357 тексе­ріс жүргізген. Егер тиімділігіне келетін бол­сақ, биылғы төтенше жағдайлар бойынша тексерістердің 35 пайызы босқа жүрген. Мектептер мен ауруханаларды Салық коми­теті де тексереді, оның тексерісінің тиім­ділігі небәрі 56 пайыз».

Заң бойынша тексерушілер келгенде, өзінің қызметтік куәлігін, тексерісті та­ғайын­­дау туралы актіні көрсетуге тиіс. «Қыз­меттік куәліктің де жарамдылық мер­зімі болады. Кейде тіпті ондағы фото­суреттің басқа, ал оны көрсетуші адамның басқа болған жағдайы да кездеседі. Біздің ұтқыр топтар ондайларды анықтады. Сосын актіде бір тексерушінің аты-жөні жазылады, бірақ тексеруге мүлдем басқа, тіпті тексеруге уәкілеттігі жоқ адам келеді» деді С.Айт­паева.

Осыған орай Бас прокуратура БҒМ-ға «Тамыз конференциясында» тексерушілерге қатысты мәселелер бойынша ұстаздар арасында түсініктеме жүргізуді ұсынды.

http://aikyn.kz/

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА