Home Керекті кеңес Халықаралық оқыту курсының мұғалімдер үшін қандай пайдасы бар?

Халықаралық оқыту курсының мұғалімдер үшін қандай пайдасы бар?

0

Сапалы білім беру саласында мұғалімдердің біліктілігін үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Қазақстанда педагогтер мектепішілік, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі оқыту бағдарламаларына қатысып жатады. Бүгінде халықаралық деңгейдегі шетелдік курстар да ұстаздарға қолжетімді болып жатыр.

Мұғалімдерге арналған ерекше курсқа қалай қатысуға болады? Шетелде оффлайн біліктілікті арттыруға қай мұғалімдер бара алады?

Бұл қандай курс?

«Білім берудегі дамыған елдердің озық әдістемелері мен тәжірибесін меңгеру» курсы мұғалімдерге арналады. «Білім беруді дамыту орталығы» КММ мен «Daryn Teacher» ұйымдастырған жоба Түркістан облысында іске асырылады. Жалпы оқыту курсы 3 кезеңнен тұрады. Үшінші кезеңге өткен мұғалімдер Сингапур және Малайзия мемлекеттерінде өтетін Халықаралық оқыту курстарына қатыса алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алу керегін, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін дамыту маңызды екенін қадап айтқан.

Бұл курс осы Жолдау мен 2024-2025 жылдарға арналған «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Халықаралық оқыту курсының мұғалімдер үшін қандай пайдасы бар?

Аталған курсқа қатысуға ниет білдірген барлық пән мұғалімі әлем бойынша білімнен топ жаратын Жапония, Финляндия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Канада және Англия елдерінің білім беру саласындағы озық тәжірибелерімен, әдістерімен танысады.

Сондай-ақ:

  • педагогикалық жолды енді бастаған жас мамандар қоржынын жаңа біліммен толықтырады, жаңа технология мен әдіс-тәсілдерді меңгереді.
  • көпжылдық тәжірибесі бар ұстаздар курстан халықаралық стандарттарға сәйкес оқыту бағдарламасын құра алуды үйренеді;
  • сынып жетекшілер бала тәрбиесіне қатысты тың идеялар алады;
  • әр мұғалім көшбасшылық қабілетін дамыта алады, жаңа ортамен байланыс орнату арқылы оқыту тәжірибесімен алмасады.

Ең маңыздысы, мұғалімдер шетелден білім алған үздік педогог тренерлердің 10-15 жылдық тәжірибесін сіңіре алады.

Курс неше кезеңнен тұрады?

Жалпы оқыту курсы 3 кезеңнен тұрады.

І кезең

Халықаралық оқыту курсының алғашқы кезеңі «Білім берудегі дамыған елдердің озық әдістемелері мен тәжірибесін меңгеру» тақырыбында онлайн форматта өтеді. І кезең екі рет өткізіледі. Біріншісі 16-22 қыркүйек арасы, ал екіншісі 7-13 қазан аралығында өтеді. Екінші топқа тіркелу 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Курс ұзақтығы – 7 күн. Академиялық сағат саны: 70-80 сағат.
 Курс синхронды және асинхронды форматта өтеді.

7 күндік оқу бағдарламасы мұғалімдерге құрмет және қолдау көрсету, моральдық тәрбие, сыни ойлау, феноменге негізделген оқыту, әлеуметтік-эмоционалдық оқыту, жан-жақты білім беру, оқытудың жеке траекториясы, пәндік интеграция және жобалық оқыту және оқушылардың психикалық, эмоционалдық денсаулығын қолдауға бағытталған тақырыптар қамтылады.

II кезеңге I кезеңнен іріктелген педагогтар ғана қатыса алады. Онлайн курста әр күні өтілген тақырып бойынша 25 тест тапсырмасы орындалады. Жинаған балл ортақ нәтижеге қосылып отырады. Курс соңында әр мұғалімнің барлық күн бойынша жалпы балы есептеледі. Ең жоғары балл жинаған әр топтан 25 мұғалімнен, барлығы 50 мұғалім екінші кезеңге өтеді.

ІІ кезең

ІІ кезең 28 қазан мен 3 қараша аралығында «Педагогтердің көшбасшылық қабілетін дамыту» тақырыбында Алматы қаласында өтеді. І кезеңнен өткен қатысушылар 14-18 қазан аралығында тіркелуге тиіс. Оффлайн курс 5 күнді қамтиды. Академиялық сағат саны: 50-60 сағат. Екінші кезеңге 50 мұғалім ғана іріктеліп алынады.

Алматыда өтетін оффлайн курс кезінде ұстаздар қаланың белді мектептерінің мұғалімдерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Әртүрлі мәдени іс-шараға қатысып, қаланың мәдени ошақтары – театр, киностудия, өнер мұражайларына экскурсиялар жасайды. Үшінші кезеңге өту үшін мұғалімдер әртүрлі тапсырмалар орындайды. Қазылар алқасы мұғалімдердің жұмысына 1-ден 10-ға дейінгі балл беріп,  ең жоғарғы балл жинаған 10 ұстазды 3-ші кезеңге өткізеді.

ІІІ кезең

Үшінші кезең 25-30 қараша аралығында Сингапур және Малайзия мемлекеттерінде өтеді. Бағдарлама тақырыбы – «Мұғалімдердің заманауи және болашақтағы білім беру сапасын арттыру». Іріктеліп алынған 10 мұғалім 7 күн бойы шетелде оффлайн түрде білімін жетілдіреді. Біліктілікті жетілдірумен қатар ұстаздарымыз әдемі атмосферада тиімді уақыт өткізеді. Әр күн сайын екі елдің белді мектептері мен университтеріне барып, ондағы оқытушылардың оқу-білім бойынша кәсіби бағдарымен танысады. Сингапур мен Малайзияның мәдени орталықтарына экскурсия жасап, танымын кеңейтеді. Бұл мұғалімдер үшін жаңа тыныс болады.

Ағартушылық әрі танымдық бағыттағы халықаралық оқыту курсының әрбір кезеңінің соңында бағдарламаны толық аяқтаған педагогтерге сертификат табысталады.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version