22.11.2024

Ахмет Байтұрсынұлы. Мектеп керектері

Өткен нөмiрде қазаққа қандай бастауыш мектептер керегiн жазып едiк, ендi ол мектептерге не керек, сол жайынан жазбақшымыз.

Қазақ балаларын ана тiлiнде төте жолмен, қолайлы құралдармен оқыту жайын жақсы бiлетiн мұғалiмдер үш жыл оқытқанда бiрталай бiлiм үйретуге болады. Ана тiлiнде жазылған кiтаптар, газеталар, журналдар, ана тiлiндегi жазу-сызу бастауыш мектептен шыққандардың мүлкiнде болады, яғни солардың бəрiнен де пайдалануға қолынан келетiн болады. Бiздiң қазiргi ел iшiндегi мектептерiмiзде жоғарғы айтылған шарттардың бiреуi-ақ бар, ол бар дегенiмiз – ана тiлiмен оқыту. Басқа шарттары орнына келмеген соң, үйренерлiк бiлiмнiң көбiн бiлмей, балалар азын ғана бiлiп шығады. Бiзде қазiр төте оқу жолымен оқыта бiлетiн педагогика, методикадан хабардар мұғалiмдерiмiз жоқ қасында. Бастауыш мектепке керек құралдарымыз сайлы емес. Кесiп пiшкен программа жоқ. Сондықтан қазаққа қандай мектеп керектiгiн сөйлегенде, ол мектепке не керек екендiгiн де айту тиiс.

Мектептiң жаны – мұғалiм. Мұғалiм қандай болса, мектебi һəм сондай болмақшы, яғни мұғалiм бiлiмдi болса, бiлген бiлiмiн басқаға үйрете бiлетiн болса, ол мектептен балалар көбiрек бiлiм бiлiп шықпақшы. Солай болған соң, ең əуелi, мектепке керегi – бiлiмдi, педагогика, методикадан хабардар, оқыта бiлетiн мұғалiм.

Екiншi, оқыту iсiне керек құралдар қолайлы һəм сайлы болуы. Құралсыз iс iстелмейдi һəм құрал қандай болса, iстеген iс те сондай болмақшы. Iстiң толық жақсы болуына, құралдар сайлы һəм жақсы болуы шарт.

Үшiншi, мектепке керегi – белгiлеген программа. Əр iс көңiлдегiдей болып шығу үшiн оның үлгiсi я мерзiмдi өлшеуi боларға керек. Үлгiсiз я мерзiмдi өлшеусiз iстелген iс олпы-солпы, я артық, я кем шықпақшы. Керексiз нəрселердi үйретiп, балалардың өмiрiн босқа өткiзбес үшiн, үйретерге тиiстi бiлiмдi кем үйретпес үшiн, балалардың күшi жетпейтiн өте алысқа сүйреп кетпес үшiн, бастауыш мектепке үйрететiн нəрселердiң кесiмi-пiшiмi болуға тиiс. Сол пiшiм программа деп аталады.
Өткен нөмiрде бiз айтып өттiк, қазақ үшiн ашылған орыс школаларының мұғалiмдерi, оқу құралдары сайлы деп. Бiздiң ана тiлiмiзде оқылатын мектептерiмiздiң құралдары, мұғалiмi сондай болуға тиiс. Сонда мектеп программасын үлгерiп, орнына келтiре алады. Мектепке керек нəрсенiң бiрi сайлы болмаса да мектеп ақсайды, программа бойынша үстiне артқан жүктi дұрыс алып жүрiп, мерзiмдi жерiне мезгiлiне жеткiзе алмайды. Сондықтан мектеп керек болса, мектепке керек нəрселерi де сайлы болуы керек.
Мұғалiм сайлы болу үшiн, мұғалiмге керек бiлiмдi үйрететiн орыннан оқып шығарға тиiс. Ондай орын қазақ түгiл, қазақтан бұрынырақ қимылдап жатқан ноғай бауырларымызда да жоқ. Қазақтардың өздерi дариммұғаллимин (педучилище) ашып, мұғалiмдерiн сонан оқытып шығаратын заман алыс жатыр. Қолдан келмейтiндерiн қоя тұрып, қолдан келерлiгiн дұрыстау тиiс. Орыс мұғалiмдiк школаларынан шығып, учитель болып жүрген қазақ жастары бар, мұсылман медреселерiнен оқып, мұғалiм болып жүрген қазақ жастары бар. Осылардың екеуi де толық мұғалiмдiкке жарайды, егер де бұлардың бiреулерi мұсылманша хат бiлу жағынан, екiншiлерi педагогика, методика жағынан кем соқпаса.
Осы күнгi орысша оқығандардың көбi мұсылманша хат бiлмейдi, мұсылманша оқығандардың көбi педагогика, методикадан хабардар емес. Қазақтан тəуiрiрек школа һəм медресе бiтiргендер аз. Ол аздың үстiне орысша оқып, мұсылманша да бiлетiндерi аз. Мұсылманша оқып, педагогика бiлетiндерi аз. Жұртқа тəртiптi мектеп керек. Мектепке сайлы мұғалiмдер керек. Мектептерге мұғалiм боларлығымыз жоғарыда айтылған екi түрлi жастарымыз. Олардың сайлы мұғалiм болуына жетiспей тұрған жерiн бiтегене жетiстiру ғана қажет. Орысша оқығандардың мұсылманша хат бiлуiне бiр-екi-ақ ай үйрену қажет, мұсылманша оқығандар педагогиканы дұрыстап үйренбегенменен де методиканы бiлiп, жаңа усулдармен танысуына оған да бiр-екi ай үйрену керек. Бұл бiр-екi ай үйрену қайсысына да болса, қолдан келмейтiн iс емес.
Мұғалiмнен соңғы сайлы болуға тиiстi нəрсе оқу құралдары. Оқуға керек қалам, қағаз, қара сия, сауыт, отыруға керек нəрселер – пұлға табылатын заттар. Қазiрiнде пұлға табылмайтын: қазақ мектебiнде қазақ тiлiнде оқытуға керек кiтаптар. Өткен нөмiрде қазақ бастауыш мектебiнде үйретiлетiн бiлiмдер мынау дедiк: оқу, жазу, дiн, ұлт тiлi, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кəсiп, жағрафия, жаратылыс жайы. Осыларды үйретуге керек кiтаптар қазақ тiлiнде жоқ. Мiне, қазiр iздесек ақшаға табылмайтын құралдар осы. Осыларды дүнияға шығару керек. Бiз бұларды уақыт жетуiнше қолға алып iстеп жатырмыз. Бiрақ, бiр жағынан, басқа жұмыспен байланулы болғандықтан, бiр жағынан, басы ашық мəтбуғамыз болмағандықтан, тез үлгерiп бола алмай жатыр. Шыға бастағандарына өкпесi бар кейбiреулер сын таққан болып жатыр. Сынағанда бiреулерi тiптi қолына алып қарамай, екiншiлерi қараса да танымай сынап жатқан көрiнедi. Əркiм сынау керек өзiнiң жақсы бiлетiн нəрсесiн. Бiлмейтiн нəрсенi сынаймын деп, құр өзiнiң бiлмегендiгiн көрсетедi. Бiреудiң бiр нəрсенiң бiлетiн, бiлмейтiндiгi iстегенде iсiнен көрiнедi. “Айқап” журналында “Оқу құралы” есiмдi қазақ əлiппесiне сын тағып отырғандар жаңа усулдарды бiлмейтiн адамдар. Ол əлiппе жазылған жаңа усулдардың ең жақсысы – усул сотие жолымен. Оқу кiтаптары жазылады оқыта бiлетiн, усулдармен таныс мұғалiмдер үшiн. Машина һəм басқа құралдар жасалады сол машина құралдардың тетiгiн бiлiп пайдаланатын адамдар үшiн. Жұмсауын бiлмей кiнə қою көзiлдiрiкке кiнə қойған маймыл сияқты болады. Бiз оқу құралдарының подретiн алып iстеп жатқанымыз жоқ. Бiздiкi жаман болса, жақсысын шығарыңдар. Жақсы шықса, жаман қалатын.
Бұл оқыту жайының таласы ақыретте не болады деп таласу емес, қазақ жердi олай я бұлай алса, түбiнде пəлен болады деп таласу емес. Олар алдағы нəрселер. Оқыту жайын кiм жақсы, кiм жаман бiлетiндiгiн көзге көрсетуге болатын нəрсе – педагогика, методикаларды кəмiл бiлетiн адамдардың алдында əлiппе шығарушы һəм сын тағушы, екi жағы сынға түссiн, тұтынған усулы бойынша балаларға сабақ берiп көрсiн. Таласпайтын орында талассын, ауыз ауыртпай соны iстеу керек. Əйтпесе, бiлiп сын таққанымды, бiлмей сын таққанымды жұрт қайдан бiлсiн деп мiндеу – жұрттың бəрi жақсы мен жаманды айырмайтын ақымақ деп ойлаған болады ғой. Бұ жағын “Айқап” ойлап я ойламай орын беретiнiне түсiнiп жете алмаймыз.
Петербургта осы күнгi болып жатқан кеңесте рухани iстермен қатар мектеп мəселелерi де қаралып жатыр, соңыра Думада да солай қаралмақшы. Ана тiлiмен оқытамыз деген пiкiр – кiли орыстан тегi басқа, тiлi басқа жұрттың бəрi қуаттайтын пiкiр. Ана тiлiмен оқу бiзге де керек екендiгiнде еш талас болмасқа керек. Назаров кеңесiнде қазақта ана тiлiмен оқуға оқу кiтаптары жоқ деп, бiрден орысша оқытуды қуаттаушы чиновниктер болған. Сондай сөздер болмас үшiн ана тiлiнде оқытатын кiтаптарымыз бар деп айтуға жарарлық болуымыз тиiс.

Ахмет Байтұрсынұлы.
“Қазақ” газетi, 1914 жыл, 17 май, № 62.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА