22.11.2024

Жүсіпбек Аймауытұлы. Ана тілін қалай оқыту керек? (жалғасы)

Мақаланың бірінші бөлімін оқығыңыз келсе басыңыз

705351_1224062294_015_Aimautov_JusupbekМектепте қысқа әңгімелер қалай оқытылу керек? Салған жерден кітаптан оқыта бастамай, алдын ала сол әңгімеге балаларды даярлап алған жөн. Балалардың көргені, естігені жайынан сұрап, сурет көрсетіп, әлдебір оқылған, сөйленген нәрседен, не өмірден алып, әйтеуір оқылатын әңгімеге балаларды төндіріп, ынталандырып алу керек. Содан кейін оқылса, әңгімені балалар құлшынып тыңдайды. Алдымен жақсы оқитын балаға, сонан соң төмендеуіне оқытылсын. Әңгіме қандай әсер берді екен, тыңдаушылар ойлансын. Ұғымсыз, жат сөздер түсіндірілсін. Суретті, көркем сөздері тапқызылсын, мазмұны қысқаша қайта айтқызылсын. Әңгіме бөлшектелінсін. Бөлімдерінен сурет туғызылсын. (Оңай сурет болса, балалардың қолынан келсе, тақтайға салғызылсын; қиын болса, ауызша суреттелсін. Болмаса, үйде салып келуге берілсін). Сұраулар қойылып, балалармен кеңесілсін. Әр бөлімдерін тақырыптатып қарасын. Әңгімедегі қаһармандар атынан сөйлетілсін. Әңгімеден баланың есіне не түсті екен, айтқызылсын. Қорытынды шығартылсын.
Оқылатын әңгіме қандай болу керек? Оны таңдау үшін, оқыту әдісін ескеру үшін мұғалім мынадай сұрауларды өзіне қойып алса, дұрыс болар еді:
1) осы әңгіме мектеп мүддесіне, баланың біліміне лайықты ма?
2) бұл сабақтың мақсұты не? Мөлшерлі уақытта сол мақсұтқа жете алам ба?
қандай әдіс қолданамын: а) әңгімеде шәкірттерге не таныс, не танық? б) әңгімеге даярлау үшін, алдын ала қандай тұрғыдан қозғау керек? п) әңгіменің басқы пікірі қайсы? Жанамай пікірі қайсы? т) қиын сөздері, сөйлемдері: өзгеше жерлері қандай? ж) балалармен қай түрде кеңесемін? д) бұл әңгімеден дағдыландыруға (жаздыруға) қандай жұмыс, мәселе туғызуға болар еді? е) оқытқанда дауысты қай жерінде, қалай құбылту керек?.. Бұл сұраулар тек мысал үшін. Шалымды оқытушы әңгіменің түріне қарай, әдісін өзі таңдамақ.
Алғашқы кезде қысқаша көркем әңгіме, ертегі, мысал, өлеңнен бастап, жүре-бара маңызы да, көлемі де ұлғайып, әдебиеттің түрлі тарауларына жасалған жөн. Бас-аяғы жоқ ұзын әңгіменің бір қиқымын оқыту керек емес, аз да болса, бір нәрсе туралы толық айтылған, тұтас нәрсе оқытылу керек (ұзын романдардың әлдебір тақырыпқа жазылған лайықты жерлерін алуға, әрине, болады). Әуелі әліптеу (описание), содан кейін баяндау (повествование) түріндегі әңгімелер аралас алынған жөн. Әңгімелер, өлеңдер үлгілі әдебиеттен не балаларға арнаулы кітаптардан алыну керек. Өмірді әр жағынан суреттей алмаған, мақсұты, өнегесі сыңаржақ, анық көрініп тұрған, әйтпесе ерсі сөздер балаға оқытылмау керек. Тұрмыстың жаратқыштық жағын суреттеген, көңілді ашқандай, ойды түрткендей пернелі, үлгілі, сырлы сөздер оқылу керек.
Түріне қарай, әңгімелердің оқыту жолдары да өзгеше болады. Газет хабарлары сықылды қара сөз бен толғаулы өлеңдердің оқытуы бір емес. Ертегі, әуезелердің пернелі, кестелі сөздерін тастап, баланың өз сөзімен қайта айтқызуға болмайды. Олардың маңызы қиялға әсер беріп, шарықтатуында толғаулы, суретті, сәнді сөздерді, өлең-жырларды өз сөзімен мылжалау жарамайды: олардың маңызы сезімге әсер беріп, көңілді ұйытқытуында.
Өмірді дәл суреттеген, қаһармандарын толық мінездеген аса бір жақсылары болмаса, Крыловтың мысалдарын көп оқыта беруден де пайда аз, үйткені, тегінде ондай мысалдарда терең мән болмайды; күндегі өмірдің тәжірибесі қасқырды, түлкіні, аюды, бұлбұлды, есекті мінездеген мысалдарын алуға болады.
Баланы күн бұрын даярлап алған соң, толғаулы, көркем өлеңдерді, сөздерді әуелі оқытушы өзі оқып берсе, балаға әсері күшті болады. Толғаулы, ырғақты сөздер күй емес пе?! Күйді күйші тартса, құйма құлаққа сый емес пе? Күйге қарай көңіл күйі билемес пе? Жақсы оқылған, толғаулы сөз балаға әсер бере алмаса, мұратына жетпегені. Алғашқы алған әсер күшті болады. Ендеше күйлі сөзді көп оқып, жасытпаған жөн, 3-4 қайтара оқылса, жетеді. Қара сөзге қолданатын әдісті ақын сөзіне келгенде тастау керек. Мұнда назар ақынның пернесі, суретті сезімі жағына аударылу керек. Түсіндірем деп, ақынның тілін созғыласа, әсер бұзылады; түсіндіру әсерді әлсіретуге емес, күшейтуге жұмсалсын.
Көркем әдебиеттен оқытқаннан кейін, балаларға, мәселен, мынадай сұраулар қойылса, жарайды:
Әңгіменің қаһарманы кімдер?
Заманы, орны, уақыты, жағдайы нендей?
Басында, ортасында, аяғында айтылмай кеткен, жетпей түрған сөздер жоқ па?
Шығарманың өте маңызды жерлері қайсылар?
Қандай сөздер, жолдар, сөйлемдер өте сұлу, жат, күшті келген?
Қандай сурет салуға, қай-қайсын айттыруға болар еді?
Қай жері күйге келтіріп оқуға, қай жері сымбатқа түсіруге қолайлы?
Қай жерлері өте қуаныш, мұң, қауіп-қатер, қайғы, шаттық сезім туғызады?
Дауысты құбылтып, мұғалім оқи бастаса, мүның бәріне оқушы жауап бермей қоя ма?
Енді шығарма жазу туралы азырақ сөз.
Шығарма жазу — сөйлей білгеннің белгісі. Бірақ сөзшеңдік пен жазымпаздық бір емес. Әрқайсысына өзгеше зеректік, өзгеше дағды, еңбек керек.
Шығарманың материалын (дерегін) қайдан болса, содан алуға болады. Көбінесе шығарманы оқылған әңгімеден туғызу керек. Не әңгіменің өзі қайта жазылсын, болмаса әңгіме арқылы баланың есіне түскен нәрсе айтқызылып, содан кейін жазуға берілсін. Әрине, оны бір сабақта, бір сағатта істеп бітіруге болмайды; көлеміне қарай уақыт шамалану керек. Белгілі тақырыпқа, белгілі планмен жазу алғашқы кезде қиын тиеді. Сондықтан әуелде плансыз жаздырып жүріп, бара-бара планды тәжірибе арқылы өздері тапқандай болса, тым жақсы. Тақырып көп жазу тілемейтін дәл, ықшам болу керек. Жылдың мезгілдері, өмірбаяны, көрген-білгені деген сықылды кең өрісті тақырыптардан қашу керек. Тақырыпқа жазып, төселуге класқа сурет әкеліп, іліп қойып, әліптеткен жақсы. Қазақ баласына класты, орындықты, шкафты суреттету сықылды өмірге керексіз жұмыстар берілмеген жөн, одан да “әке, шеше, туғаным не істеп жүр екен?” деген тәрізді ойландыратын, сезімін, қиялын іс-тартатын нәрсені жаздырған артық. Бұл тәрбие жағынан да татымды. Оқушылардың бір бүйрегінен ауылы, елі кетпегені жарайды. Бүған талай жерде оралып соғып отыру керек. “Өзі болып, төркінін танымай кететін” жаман қылықтар алды-артына қарап, ойланбағандықтан, өзіне есеп бермегендіктен туады. Неғұрлым шығарманың тақырыбы күндегі өмірден, әсіресе, еңбектен, істен, балаға пайдалы, зиянды, жұғысы бар нәрселерден алынса, соғұрлым бала жұмысына ынталы болмақ, ендеше, жемісті де болмақ.
Үй ішіне, жолдасына, танысына сәлем хат жазғызып үйрету де пайдалы нәрсе. Дардай жігіттердің хат жаза білмейтіндері көп болатын көрінеді (Әсіресе әскерлік мектепте).
Газет хабарларын оқытып, тақырыптатып, тілін, сөз құрлысын бақылату, ол хабарлар туралы кеңесу, мәселеге пікірлерін айтқызу, өздеріне көрген-білген елдегі жұмыстарды хабар қылып жаздыру, жақсысын басқармаға жіберіп тұру – міне, өмірге керекті, пайдалы тақырыптар. Газеттің белгілі бөлімдерін әр балаға не бірнеше балаға оқып отыруға тапсырса, бір-екі жеті өткенде сол бөлім туралы баяндамалар жасап, өздері жоба ұсынса, мұның бәрі жұртшылыққа, азаматтыққа аяқ басқанның нышаны болар еді. Газет оқуға қызықса, сөз жаза бастаса, әлеумет жұмысына араласқаны деп біл.
Оқылған, естілген әңгіменің мазмұнын қайта жаздырғаннан да бастан кешірген оқиғаны, көрген-білгенін, өз пікірін жаздырған артық, бастапқыда сөз құрастыру жағына көбірек назар салса, соңғыда қиял, сезім, шығарғыштық қуаттары да қызмет етеді. Өз бетімен істеп шығарған қандай рақат! Өз күшіне сенімі артып, бір жасап қалады.
Шығарма жазылды. Оны қалай түзету керек? Өз қатесін жазушы өзі түзетуге кіріспесе, ондай шығармадан пайда да шамалы. Бұрынғы оқытушылар шәкірттің дәптерін қарағанда қызыл сиямен сызып-сызып, “жаман, жақсы” деп қоя салатын, болмаса, “пәлен жерін қайта көшір! Әне жері анадай боп кетіпті…” деп бірдеме жазып қоятын. Шәкірт “жаман, жақсы” дегенін көрсе болғаны, жаман болса, тыға салатын, жақсы болса, жайып салып, жолдастарына көрсететін. Ол жолмен шығарма түзету керек емес. Әсіресе, алғашқы кезде, жеке баланың жазғанына көптеп, бар класс түзету керек. Бәрін бірдей класта түзетіп шығаруға уақыт жетпейді екен, бұған мынадай шара істеу керек: үлгі қылуға жақсы, жаман, орташа жазылған үш шығарманы алып, соларды көптің талқысына салып, мінетін түзету керек. Ол — бір. Екінші – шығарманың бәрін түгел оқып шығамын демей, ең оғаш жерлерін алып, тақтайға жазғызып, балаларға түзеттіру керек. Бірталай шығармаларды солай өткізуге болады. Тақтайға жаздырып түзеткеннің пайдасы: көз қанады, ал енді шығармаға төселген кезде оқытушы түзетіп әкеліп, оғаш жерлерін, тәуір жерлерін көрсетіп, қайырса да жарайды.
Олақ оқытушы бар баланың жазғанын бір қалыпқа сыйғызып шығарам деп әуре болады. Әлгі “бірдеме” зорлық деген осы болады. Етікші, ерші ұста біткеннің қолы бір ме? Әркімнің өз ойы, өз оңтайы болады. Баланың ой желісі, өз оңтайы болады. Баланың ой желісін, өз оңтайын бұзып керек емес. Тек өз сарынымен келмей, үйлеспей тұрған сөздерін дұрыс құрастырып, не демек болғанын табу керек. Тамыршылық осында.

Жүсіпбек Аймауытұлы.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА