22.11.2024

Рамазан Бейісқалитегі. Толыққанды мұғалім болу үшін барлық пәнді жетік білу керек!

– Өзіңізбен әңгіменің сабағын кіндік қаныңыз тамған, ата-қоныс, туған жеріңізден бастасақ.
– Атырау облысы, Қызылқоға ауданы Қарабау деген елдімекенде, интеллигент отбасында дүниеге келдім. Әкем кезінде сол Қарабау мектебінің директоры болған, 1942 жылы Ұлы Отан соғысында Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапты. Мектеп бітірген соң, 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірдім. Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловтың шәкіртімін. М.Әуезовтың шәкіртімін дейтін себебім, ол кісі ауырып жатса да менің жазған еңбегіме баға берген болатын. Ол әлі менде сақтаулы.

– Қай кезеңде де бала тәрбиесі өзекті мәселе саналады. «Қайтсек баланы тәрбиелі, ертеңгі күні бармағымызды тістемейтіндей етіп тәрбиелейміз?» – деген сауалға жауап іздеумен келеміз. Енді Рамазан ата, 20 жылдай педагогикалық қызмет атқарған екенсіз, өзіңіздің педагогикалық тәжірибеңізбен бөлісе кетсеңіз.
– Мен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Бірақ, мен мектептегі барлық пәнді білуге тырыстым. Себебі, толыққанды мұғалім болу үшін математиканы, физиканы, химияны, тарихты да білуім керек. Тек бір пәннің шеңберінде білімің болса, сен оны жеткізе алмайсың. Ал, егер де барлық пән тұрғысынан білігің мол болса, білімді жеткізу оңай. Өйткені, ғылымдардың өзара интеграциялылығы бар. Себебі, ата-бабамыз былай деген: «Тасты – тас демеңіз, айтпағы бар. Баланы – бала демеңіз, айтары бар». Демек, тас та сөйлейді, сан да сөйлейді, бәрі сөйлейді. Бәрінің де айтпағы, айтары бар. Кішкентай баланың да айтары бар, себебі ол өсіп келе жатыр, мына өмірді өзінің тұрғысынан қабылдайды. Өзінің тұрғысынан қабылдайды да сол өзінің тұрғысынан саған жеткізсе, сен бұрын аңғармаған нәрсеңді аңғарасың. Міне, әңгіме қайда жатыр?! Сондықтан да баланы ести білу керек, оны сыйлай білу керек, оның ар жақ түкпірінде не жатқанын білмесең де білдіруге, түсіндіруге әрекет жасау керек.
Барлық жұмыс әрекеттінің бәрі әріден басталады. Отбасы тәрбиесі үйленгенге дейін әрекеттерге негізделеді, үй болған кездегі тәрбиенің өзі тағы бір бөлек. Қазір «аяқты санап басар кез», «баланы құлша жұмсар кез» дегенді түсінбейміз. Аяқты санап басар кезде әжелер, ене тәрбиесі деген тұр. Ене тәрбиесін «тек қана қаталдық» деп елестетеміз. Жоқ, олай емес.
Ене – келінді аяқты санап басуға үйрететін тәрбиеші. Неге аяқты санап басу керек? Бұл белгілі мөлшердегі негізгі жұмысқа дайындық. Ал негізгі жұмыс ана құрсағына бала біткен кезден басталады. Міне, «аяқты санап басар кезең» осы. Себебі бұл кезде бала қадамымен есептегенде екі мың сағаттан асатын компьютерлік ойындардың бәрін отағасы мен отанасы ұрпағы үшін 9 ай, 9 күн бойы игеруге тырысады. Соның бәрін орындаса, осы аялы ой жатырдағы ұрпаққа беріледі. Қазір бұл ғылыми тұрғыда дәлелденді. Мұны қарапайым адам да біледі.
Қазіргі балалар көп нәрсені өмірге біліп келеді. Сондықтан, ананың айналамен байланысы тек ғана таза болуы керек. Ұрпаққа беретін дүние сол 9 ай, 9 күнде басталады. Алғашқысын жасамай, бәрін өмірге келген соң жасағымыз келеді. Бұл «проблеманы күте бер» деумен тең.
Мен талай зерттеумен келемін. Бір ана: «Балам мені жек көреді, себебін түсінбедім» деген еді. Ол кісіге «балаңызға жүкті кезіңізде бір сәт болса да «ой мынау пәле болды ғой», деп ойладыңыз ба?» деген едім. Ол бірдеңені мойындағандай үндемеді. Бұл бір мәселе.
unnamed (3)Екіншіден, бала дүниеге келгеннен кейін әке-шешесін жек көруі онымен теріс қатынас арқылы қалыптасады. Егер ұлы даланың «өнерді үйрен, үйрен де жирен» қағидасын әке-шеше өзі терең біліп және оны ұрпағына тасқа басқандай түсінік етіп қалыптастыра алмаса, қайтарымсыз, шешімсіз проблемалар осыдан кейін басталады. Интернетке кіргеннің одан шығуы жоғарыда айтылған қағиданы жан дүние түсінігіне нық орнатуы арқылы шықса дұрыс болмақ, «шық» деген ата-ананың бұйрығымен емес. «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» қағидасы бабалардың қой баққан кезде ойға салған ескертуі екенін көбіміз білмейміз. Сондықтан қазақ қой баққан десе, өкінішке орай, иә деп басымызды идік.
Міне, байланыссыз ештеңе жоқ. Бүкіл дүние шым-шытырық байланыста тұр. Ал осындай шым-шытырық байланыстарды шешіп берер бір мүмкіндік– осы ұлы дала ұлағаты ілімі.

– Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарыңызда «ата тәрбиесінде болдым» деген екенсіз. Ендеше, Рамазан ата, айтыңызшы, ата-әже тәрбиесінің маңыздылығы неде?
– Иә, мен атамның тәрбиесінде болдым. Сонда атам еш уақытта еш нәрсеге жұмсамайтын. Жай ғана айтатын: «мына істі жасау керек еді, мұны қалай жасауға болады?» дегендей. Ақылдасып отырса бала қалай қызықпасын?! « Ата, мен жасайын!» дейтінбіз. «Е-е, жасайық, балам, бері кел!» деп бірге кірісеміз. Қолын жуарда, «дастарқанға барарда: қолымызды жуамыз, аузымызды шаямыз » – дейтін. Сосын біз де қолымызды жуатынбыз, аузымызды шаятынбыз. Екі-үш баланың бірі бірде жуып, бірде жумай қоятын. Сол кезде тағы шақырып алады да: «дастарханға барарда қолын жумау – жамандық, аузын шаймау – надандық» – деп ескертеді. Надансың деп жатпаса да надандық түсінігінің зәрі айтқаннан да қатырақ сезілетін. Бұл – баланың жан дүниесіне тимей тәрбиелеудің ұлы далалық тәсілі. Бұл бала түзелсе, түзеледі, түзелмесе, құлша жұмсайтын топқа кіреді. Ал, түзелген балалар ұлша жұмсайтын топта болады. Осылай баланы сынау арқылы топқа бөліп тастайды. Бірақ олар өздерінің екі топ болғанын білмейді, ол тәрбиешінің құпиясы. Ең соңында әдепкі ойды қайталап, түйін айтады: «Дастарқанға барарда, қолын жуу – жақсылық, аузын шаю – адамдық». Осыдан кейін кіммен қалай жұмысқа кірісу өзінен-өзі айқын болмақ, яғни, жалпылама емес. Міне, соны түзету үшін мен 3-6 жас аралығындағы балаға арналған «Diagnosis» электрондық оқулығын жаздым. Мұнда баланың 8 қасиеті тексеріледі: түсінік, ес, алғырлық т.б. Яғни, қандай қасиеті кемшін екені анықталады. Осылайша, ата-ана баламен жалпы емес, бағытты жұмыс жасайды.

– Қазіргі таңда кейбір жас ата-аналар, баланың ата-әжесінің қолында өсуіне, бауырына басуына қарсы болып жатады. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– (Күлді) Ата-бабамыз бәрін тегін жасамаған ғой. Ата тәрбиесінің бірнеше қажетті себебі бар. Ата-әженің берері мол, себебі тәжірибемен қалыптасқан терең түсінігі бар. Бұл бір. Екінші «алдыңғы дөңгелек қалай айналса» қағидасы негізінде тұңғыштың биік болуы қажеттілік, соңғыларына дұрыс бағыт беруі үшін. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» қағидасы бойынша ата баласына өнегелік қызмет атқару міндеті тұр. Ата баласы әке-шемен тең дәрежеде, қалғандары әке-шешенің баласы болып өседі. Мұнда да көп құпия жатыр.
Қазір заман басқа. Көп жағдайда бала тапқандыкі емес, баққандыкі болып өзгерді. Оның түп негізі бабалардың қой баққан заманда тұрып-ақ бізге «өнерді үйрен, үйрен де жирен» ескерту қағидасын өзіміз білмей, білсек те мағынасына терең үңілмей шатасуымызда. Сондықтан интернетке кіргенді кейін қайтара алмаймыз, себебі олардың бойына қасиет орната алмадық.

– Осыдан екі мың жыл бұрынғы Ұлы дала құпиясының сырын ашып, өскелең ұрпаққа паш етіп, оны ұрпақ тәрбиесіне жұмсап, насихаттап келесіз. Оның дәлелі – өзіңіздің (өткен жолы университетімізге әкеліп таныстырған) ғылыми – тәжірибелік еңбегіңіз «Ақ Отау» отбасы мәдениеті интеллектілік мектебі компьютерлік жобасын дайындап шығарғаныңыз. Ендеше, ата, айтыңызшы, осы компьютерлік жобасын жасауыңызға сізге қандай себеп түрткі болды? Мұндағы мақсатыңыз қандай?
– Мен Атырау облысы, Мақат ауданында әкімнің идеология жөніндегі орынбасары болдым. Сонда 2-3 ай бойы ауданда қанша той болатынын зерттедім. 16 үйде той болады екен. Үлкен кісілермен кездесіп, «ел болдық, ұрпақ тәрбиесін қолға алуымыз керек» деп, ол тойларды ішімдіксіз өткізуге ұсыныс жасадым. 4 той иесі ғана келісіп, қалған 12-сі қарсы болды. Отбасын құрып, шаңырақ иесі атанып жатқан сәтте қолымызға ішімдік алып, тілек тілеуіміз ақылға сия ма? Қанша түсіндіргенмен, бәрібір бұған келісіп, қолдағандар аз болды.
– Осылайша, мен бұдан еш нәрсе шықпайтынын түсіндім. Содан кейін мектепке кеттім. Мектепте елбасымыздың «Қазақстан – 2030» бағдарламасы бойынша «Президенттік сабақ» деген оқулық жаздым. Министрліктің бұйрығымен 7 ауданға тараттым, сабақ та өткіздім. Ф.Оңғарсынованың «Қыз ғұмыры» деген жинағы бойынша облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мектепте сабақ өткіздім. Білім басқармасының көмегімен 3 топ құрдым: 1) студенттер; 2)дарынды мектептің оқушылары; 3). техникалық колледж оқушылары. Ондағы мақсатым: бұлардың қайсысына қандай әсер қалдыратынын білдіргім келді. Басында ойладым, техникалық колледж оқушылырына поэзия керек емес болар деп. Жоқ, керісінше болды, олар сабаққа 3 сағат бойы тапжылмай белсенді қатысты. Себебі поэзия сусынымен кенеттен енді табысып отыр екен. Ал, қалғандары бұрыннан білетін болғандықтан, қызығу қуаныштарын басқара білді.
Қазір балаларымыз кітап оқымайды дейміз. Заман өзгерді, ендеше кітап оқытудың әдісі де сол заманға сай өзгеруі тиіс. Сол әдіс осы ойында тұр. «Ақ Отау» интеллектілік компьютерлік жобамда мағлұматтар қысқаша, 20 шақты сөйлемнен құралған, балаға әсер ететін нәрі бар дүниелер. «Алақай» топтамасында 3-6 жастағыларға табиғаттың бәрі жарыса, ақындық икемде, оған қалай қызметтенетіні туралы сөйлейді. Алма: «Алмамын мен, алмамын, тазалаймын тісіңді. Тісің таза болған соң, жылымайсың тісім деп», десе, өзен: «…еңбек етем күндіз-түн. Сатусыз менің еңбегім, пайдаласаң есеппен» дегендей бағытта сөйлейді. Сондықтан да бала мұны қарауға тырысады. Мұның нәтижесін балабақшаға, мектептерге барғанда байқаймын. Баланың жүзіне, іс-әрекеттеріне қарап отырамын. Балабақшада балалардың көздері жанып кетеді. Ал мектепте 1,2 айдан соң балалардың сабағы жақсарғанын білдім. Алматы қаласындағы № 154 Иштван Қоңыр Мандоки атындағы мектептің 9 – сынып оқушылары мұны мектепке енгізу туралы ұсыныс та жасады. Бұл бүгінгі таңның жеткіншегіне арналып жасалған, аса қажетті дүние деп санаймын. Бір ескертетінім: осының бәрін мен жазбадым. Ұлы даланың жазылып қойған маған ашқан құпиясын Сіздерге жеткізуші ғанамын.

unnamed (2)– Еңбегіңіздің нәтижесіне көңіліңіз тола ма? Әлде әлі де толықтыратын жерлері бар деп ойлайсыз ба?
– Мен қазір 3 пен 13 жасқа арналған 19 ойын жаздым. Бұл тек бір іздік жол ғана. Енді мұны толықтыру керек: тілмен, әдебиетпен, тарихпен, химиямен, т.б. Қазақ тілін, тарихты игерудің оңай жолдарын қарастырдым. Яғни, ҰБТ-қа барар оқушыға толық мүмкіндік жасалған. Халқымыз «Үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген. Қазіргі таңда үш емес, отыз, тіпті елу жылдығын ойлауы керек. Міне, мәселе қайда жатыр?! Бала кішкентайынан өмірді сезініп өскені дұрыс. Осы ойындарды ойнай отырып, бала бәрін игереді: сөйлей білуді, әңгіме айта білуді, ойға батуды да. Мұны меңгерген бала конкурсқа қатысатын болса, білгенін халыққа жеткізеді, сынға түседі, тіпті өзін де сынайды. Кемшілігін білсе, оны түзетуге тырысады. Яғни, мұны игерген бала 6 жастан бастап, «өмірдің аламан бәйгесіне» еніп, 13 жасқа дейін сегіз сүзгіден өтіп, осы доданың киесін сезініп, иесі болу дәрежесіне көтеріледі.

– Аталған жобаңызбен қанша уақыттан бері айналысып келесіз?
– Мен бұл жобамен 1996 жылы мектепке келген сәтімнен бастап, айналысып келемін. Мақсат – ұлы дала ұлағаты ілімін өзгерген заман ұрпағы түсінік үйлесіміне сәйкестендіру. Сән қуған қыздарымыз шашын жайып жалаңаштана бастады. Мұны ақылмен не үкіммен жеңуге болмайды. Ол күрес тек қана жабық киімдерді және шаш өруді сәнге айналдырған үйлесіммен болғанда нәтижелі болмақ. Осы сияқты мысал, химия ақындық икемде сөйлеп кетсе, физика алтын адам киімімен қатынасқа түссе дегендей байланыс білім алуды қызықты іске айналдырмақ. Немесе «не үшін оқисың», «оның саған берері не», «оқығаныңды қалай кәдеге асырасың» дегендей қарапайым сұрақтар тұруы керек шәкірттің ойында.
– Осы бағдарламалық жобаңызды жасауда қандай кедергілерге кездестіңіз? Әлі де сондай кедергілер бар ма?
– Бірінші кедергі: «Ғұламалық мектеп», «Көбейту-бөлу топтамасы», «Президенттік сабақ» деген еңбектерім Білім және Ғылым министрлігінің бұйрығына енгізіліп еді. Оны келесі келген министр алып тастайды. Б. Жұмағұловтың кезінде Алматы қалалық Мұғалімдердің білім жетілдіру институтының ұсынысымен 1-4, 5 сыныпқа вариативті сабақ ретінде бірнеше мектептерге енгізілген еді. Содан қалғаны – Алматыдағы И.Қ.Мандоки атындағы №154, 159 мектеп пен №104 балабақша. Яғни, ашығын айтқанда, жоғарыдан келер бұйрықсыз аса қажет дүниені де пайдалануға құлықсызбыз. Сондықтан да басты кедергі құлықсыздық болып қала бермек.
Егер, мұны білім мекемелерінің басшылары немесе аудан әкімі қолдайтын болса, Мәдениет үйіне, балабақшаларға, мектептерге салып қоюға әбден болар еді. Жыл сайын, ай сайын конкурс жариялап, іс-шаралар ұйымдастырып қорытындыланса, нәтижесін көруге болады. Ол үшін «қара қылды қақ жарар» ақсақалдарымыз болуы керек. Міне, сонда ұрпақ тәрбиесі тек білім, тәрбие мекемелері үшін емес, бүкіл ауылдық болып көтерілер еді. 6 жасар бала үлкен кісінің білмейтін дүниесін айтып тұрса, қандай ғанибет! Сонда үлкендер де етек-жеңін жиып, арақ-шарабын да, орынсыз сөздерін қойып, ақсақалдық деңгейге лайық болуға тырысар еді. Ұрпақ үшін аса қажет еңбек жеке мектептер не тәрбие мекемесінде емес, ауыл елді біріктіретін «Әкім – Ақсақал – Іскер» жобасы арқылы ғана толыққанды болмақ деп есептеймін.

– Осы бағдарлама аясында қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
– Атырау облысының Мақат ауданынан басталып, Алматының бірнеше мектептері мен балабақшаларына жалғасты. Қарағандыдағы 1 балабақша, Ақтаудағы 1 мектеп осы жобамен жұмыс істеп жатыр. 2011 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Құрмет грамотасына» ие болдым. Республикалық, қалалық білім жетілдіру институттарында дәрістер оқыдым. – Көп жағдайда ұлы ақын, жазушылардың немерелері кітап оқи бермейді. Отбасы жағдайында осы еңбегіңізді пайдаланасыз ба? Сіздің осы идеяңызға немерелеріңіздің көзқарасы қандай?
– Немерелерім қазір өздерінің қалауларымен қаржы саласында жұмыс атқарып жатыр. Бірақ, екінші немерем өз саласын жетік меңгеріп алған соң, бұл идеяны жалғастыруға өз уәдесін берген еді.

– Білім жеке тұрғанда тәрбие құралы бола алмайды дедіңіз. Ал бабалар нені де тәрбиелік дәрежеге көтере білген дедіңіз. Сол әдіспен білімді тәрбие құралына қалай айналдыра аламыз?
– Мәселен, ата-бабаларымыз математикалық таңбаларды былай сипаттаған: Көбейту– іскерлік, бөлу – әділеттілік, алу (азайту) – «Артық байлық көз шығарар» демекші, артықты шегеру, яғни, жиғаныңмен бөлісу: пітір беру, зекет беру. Қосу амалы – еңбекқорлық. Білімді іліммен тығыз байланыстарсақ, ұрпағымыз екі қоянды бір оқпен атқан шеберге айналар еді. Білімді тәрбиеге айналдырудың тағы бір жолы – топтық оқу әдісі. Ұлы дала ұлағатының осы тәсіліп осы заманға сәйкестендіріп оқи білудің жеті ережесін жасадым. Осы ойындар 3 жастан 13 жасқа дейін тек қана топтасып оқуға негізделген. Зерттеу барысында жеткіншектің адами қасиеті екі бағытта қалыптасатынына көзім жетті. Жеті бағытта жетіледі: Тәртіп құл етпейді, пұл етеді. Өзгені сыйлағаның өзіңді сыйлағаның. Өзің біліп, өзге білмесе, білгеніңнің бәрі тұл. Адалдықта әділдік жалау болып желбірейді. Артық қылам деп, тыртық қылуға болмайды, азасың. Арық сөйле де, семіз шық, көштен қалмайсың. Қуана біл, мақтанбау, мақтамау өнерін үйрен. Іс пен әрекеттің бірлігі жеті түсінік бағытында жетіледі: Бірге еңбек етеді, бұрылуға (өтірікке) жол жоқ. Озсаң мақтанба, мақтан жетер басыңа. Қатардан қалу – мін, сүйектен өтер сын. Алтаудың алалығынан сақтан, төртеудің түгелдігіне ұмтыл. Достыққа бірлік керек, басқадан қалмау үшін тірлік керек. Сөзіне ісінің сай болу – азаматтық.

– Өткен жолы университетіміздегі дәрісіңізде «Қарт екі жағдайда жоқ: тыңдаушысы болмаса және айтары болмаса» деген едіңіз. Осы жөнінде толығырақ тоқталып өтсеңіз.
– Ата-бабамыз үлкен кісіні сақалына байланысты үшке бөлген: тек сақал – айтары жоқ адам, боқ сақалды – елді бүлдіретін адам, ақ сақал – көргені мол, елді ілгері сүйрейтін адам. Сондай-ақ, кіммен қалай қатынас жасау керектігін де көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра, көп көргеннен емес, көп тергеннен сұра деген. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп сөзді өлтірмеуді бірінші жолға қойған. «Адам өлсе, ол – хақ. Сөз өлсе, ол –жұт» деген. Қазіргі айтары жоқтарымыздың көбеюі – сол «жұттың» азабы. Елбасы өзінің көрегендігімен «Бабалар сөзін» шығартты. Бірақ оны кім оқып жатыр? Оқыса оны түсінуге, түсіндіруге кімнің шамасы жетпек. Егер, әл-Фараби болмаса Аристотель күні бүгінге дейін түсініксіз болып қалмақ еді. Бізге де бабалар сөзінің тереңі мен құдіретін түсіндіре алатын бір Фараби керек-ақ. Ондайлар осы «Ақ ОТАУ»-дан өткендер арасынан шығатынына сенімім мол.

unnamed (1)– Қазіргі заманның ата-әжелеріне көзқарасыңыз қандай? Жалпы, көңіліңіз тола ма?
– Көңілім толмайды деп айту – әбестік болар, ал көңілім орта, кейде оданда төмен деп айту – бұл дұрыстық болар. Олай деуім себебі: қазіргі ата-әжелер өз тамырын дұрыс білмейді. Тамырында толықсып, нұр сеуіп тұрған дүниелерді айтады, бірақ не екенін білмейді немесе тереңіне бара алмайды. «Енелер мектебі» десек, « Ой, қазір мұның керегі жоқ» – дейді. Ал бұл тамырынан айырылу дегеніміз, Ілияс ақын айтқандай «Гималайдың да сорлы, сормаңдай» күйіне түскендей жай болмақ.
Ұлы дала бала тәрбиесіне үш тілек, үш бағыт, үш әрекетпен кіріскен. Қазір осы ұлылықтың бірін алып, бірін алмаған, алсақ «қазақ әйелі оңымен бесікті, үнімен әлемді тербеткен» ұлылығын, «бір қолмен, бір қолмен» қылып өзгертіп, алба-жұлба қылған жайымыз бар. Бабалар: «Бір ұғымды өлтіріп, екіншісінің мағынасын өзгертсең, оның зардабы жүз не мың жылдық» деген ғой. Оны кім біліп, кім ескеріп жатыр? Түсінігіміз қалай алабажұр болса, ісіміз де сондай болмақ. Кейде осы кейпімізге қарасам, жаным күйеді.

– Қазіргі ұрпақ тәрбиесіне көзқарасыңыз?
– Қазіргі ұрпақ тәрбиесі қай уақытта толық болады? Тамырынан нәр алғанда, алған білімі тәрбие құралына айналғанда толығады. Кезінде 9 жасар бала ата-бабасына ақыл айта білген дәрежеде толысқан. Ойын мақалдап, мәтелдеп, ақындық икемде негіздеп айта білген. Сондықтан да осындай қамға кіріссек, бәрі дұрыс болар еді. Қазіргі мектептегі түрлі келеңсіз жағдайлар, теріс көріністер болмас еді.
Ұлы дала ұл-қызын он үшінде отау иесі биігіне көтере білді. Отау иесі ұғымы адам қанша құрамды бөлшектен тұрса, оның түсінігі де сонша құрамды бөліктен тұрады дегенге саяды екен. Бір түсінігі кем болса, оны «табиғат теңестірмегенді заң теңестірмейді» деп түйген. Түсінік салу кезінің шегі – он үш. Үлгермесең, кешіктің. Одан кейінгі әрекет құмға құйған сумен тең болмақ. «Тоғызыңда қандайсың, тоқсаныңда сондайсың» деп кім айтпақ, дана болмаса? «Қайран баба, қадіріңді кім білген?!» – деген көңіл-күйден арылар заман тезірек болса деп ой тастап келе жатқан жайым бар…

– Әрине, сіздей өнегелі аталарымыз барда халқымыздың ұлттық тәрбиесі әлсіремесі анық. Мені қызықтыратыны әже тәрбиесі жөнінде. Өзіңіздің жарыңыз, (яғни, үйдегі әжеміз) «ене тәрбиесіне», «әже тәрбиесіне» қандай үлес қосып жүр? Осы жөнінде толығырақ айта кетсеңіз.
– Оқуды аяқтап, жарымды ауылға апардым. Оқыған адаммын ғой, үй тіршілігіне көмектесейін деп араласқанымда бір күні анам бізді шақырып, отырғызып қойып: «Бір үйге бір қатын жетеді. Мынау осы үйге келді ме, осы үйдің отын өшірмеу – оның міндеті. Сенің міндетің – түзде!» – деді. Бабалар ерлі-зайыптылар шекарасын о бастан бөліп тастаған ғой. Ал қазір сол бөлінген шекараны ашып жібердік. Осылайша, «ене тәрбиесін» бұздық. Қазір келіндерімізді қызымыздай сыйлаймыз деп жатамыз. Жоқ, олай емес. Қызымыздай болса, онда манағы айтқанның бәрі де жөніне қалады ғой. Бұл да бір еліктеушіліктің көрінісі. Бұдан кейін бара-бара Еуропаның бір елі болып шыға келеміз. Міне, бұл да ұлы даланың құпиясын түсінбеуіміздің, бойымызға сіңірмеудің салдары.

– Еңбек демалысындасыз. Бірақ қарап отырар жайыңыз көрінбейді. Ұрпақ үшін аянбай тер төгудесіз. Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
Аталған жоба – тек бір іздік дүние ғана. Ізді кеңейтуім керек. Әлі де 20 шақты ойын жаздыруым ойда тұр. Сондай-ақ, әр пәнді түсінудің ұлы далалық шеберлік жеңіл әдістері бар, соны жазуым керек. Нөсердің пайдасынан зияны көп. Себелеген ақ жауын ғана пайдалы: жерді суарады, оның құнарын сақтайды. Осыны терең білген бабалар бала тәрбиесінде аз айтып, көп мағына беру үлгісін тастап кеткен. Ұлы дала өзінің алты ғасырлық ғұмырын үш сөзге сыйғызған. Күлтегін қырық жылдық өмірін алты сөзге сыйғызған. Ұлы дала ғұламалықтың да үлгісін тастап кетті емес пе?

– Сөз соңында, өзіңіздің өскелең ұрпаққа айтар өсиетіңізбен бөлісе кетсеңіз.
– Ұлы Абай айтқан екен: «Бір-ақ секіріп шығам деп, Бір-ақ секіріп түсем деп, мертігеді, жатады» деп, бір – ақ секіріп шығуға болмайды. Мұны тарих дәлелдеген. Шыңғыс хан дүниежүзінің жартысын жаулап алды. Бірақ оған бір уыс топырақтан басқа не бұйырды? Ескендір де сол. Бір – ақ секіріп шығу деген сол Ескендірдің, Шыңғыс ханның жолын қайталау деген сөз. Бұ дүниені Абайша түсініп және түсіндірген кім болған? Сондықтан ұрпаққа «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дер едім. Тек олар осы сөздің тура мағынасына емес, шіркін, астарына үңілсе ғой! Айтарым сол!
– Рамазан ата, алтын уақытыңызды бөліп, берген сұхбатыңызға раөмет! Берер өсиетіңіз мол, көрер қызығыңыз көп болсын, ауырмаңыз!

Р.S. Қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған Қыздар педагогикалық университетінде білім алып жүргеніміз – өзінше бір бақыт! «Педагогика және психология» мамандығына кәсіби даярланып, бітіру жұмысын жазарда жетекшім Сараш Сахиқызымен ақылдаса отырып, ұлтымыздың ата және әже тәрбиесі тақырыбын таңдаған едік. Ұлт тәрбиесіне ықпалды «Ақ ОТАУ» отбасы мәдениеті интелектілік мектебінің авторы, ардагер ұстаз Рамазан Жашиұлы Бейісқалитегімен болған әңгімемізді Қазбілім порталы оқырмандармен де бөліскенді жөн санадық.

Сұхбаттасқан:  Арай Кемалашова

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА