24.11.2024

Әбілхайыр Мөлдір. Ел жадында әркез тұрар жаңғырып

Болашақ күнге шуақты сәуле шашасың!

Көркейді елім, гүлденді елім бүгінде,
Нық болсын қадам, құлама, халқым, сүрінбе.
Тірлік пен бірлік үйлесім тауып жүректен,
Шешімін таппас қиындықта да күлімде.

Еңсесі биік қазағым менің, Ер бабам,
Қасқайып тұрып киелі жерін қорғаған.
Байсалдығымен ел басқарған хандардың,
Елбасым, міне, саралы жолын жалғаған.

Жат жұрттарға да құшағын жая, қарсы алған,
Қонақ боп келсең, күлімдеп шығар қарсы алдан.
Пейілі жомарт, ақкөңіл менің халқым-ай,
Тектіліктің де ұшқынын көрем баршаңнан.

Көп көрсең де аштық пен тірлік тасасын,
Болашақ күнге шуақты сәуле шашасың.
Сан жылғы нәубет, соғыс пен зұлым күндерден,
Еңкеймей өткен қазағым менің жасасын!

Бүгінде елім өркендей түсер шақтасың,
Қонақтап ырыс, басыңа бақыт тоқтасын.
Текетірескен қатігез қиын шақтарда,
Арқадан демер бір Аллам болсын жақтасың.

Данагөй халқым, бәрінен биік ұлысың,
Өзіңмен бірге жүрегім, жүйкем, тынысым.
Халіңді біліп, қайғыңды сенің ұқпасам,
Ұйқастар құрап, ақын болғаным құрысын.

Халқымнан асқан қазына, жақұт жоқ маған,
Мұңайсам бүгін халқыммен бірге бақ табам.
Жігері мықты, рухы өшпес бойынан,
Мен өзімнің қазақтығыммен мақтанам.

Ел жадында әркез тұрар жаңғырып!

Шабыт, шіркін, самғағанда көкке өрлеп,
Ұшқын ойым қандай күшке дес бермек.
Жыр жазамын бүгін ерлер туралы,
Жырлаймын мен жеңіс туын көкпеңбек.

Соғыс өрті жалмағанда сананы,
Қорғап қалған ана менен баланы.
«Жатқа бодан болмасын»,- деп ұрпағы,
Елемеген кеудедегі жараны.

«Тек алға!»,- деп шегінуді білмеген,
Отан үшін отқа түскен, күймеген.
Мақтан етем қазағымның ұл-қызын,
Ызасымен жау жанарын түйреген.

Жұлып тастап қорқынышты жүректен,
Ақыл-ойын қан майданда түнеткен.
Жасқанбаған аға-әпкелер алдында,
Бас иемін асыл да ізгі ниетпен.

Мүмкін олар жұлдыз болып жанбаған,
Мүмкін олар шет ел асып бармаған.
Бірақ олар өзі сүйген Отанын,
Жау оғынан кеудесімен қорғаған.

Азаттықты алып берген жеріме,
Жеңіс туын шарықтатқан көгіме.
Батыр жандар есімдерін жазамын,
Өшпестей ғып жүрегімнің төріне.

Мына халық ұмытпайды мәңгілік,
Жүрер мүмкін жеңіс әнін салдырып.
Жанын берген, қанын төккен батырлар,
Ел жадында әркез тұрар жаңғырып.

Жер Анам, келіп, маңдайдан жайлап сипашы!

Өскен бұл жерім, қасиетіңнен айналдым,
Өзіңнен ұшып, қияға қанат жайғаным.
Сенемін саған желеп те жебеп жүрер деп,
Шаршы алаңында өмір деген майданның.

Киелі жерім, қамқорлық сенен күтемін,
Жемісің сенің өркенін жайса құт елім.
Сезілмей келіп, денеме майдай жағады,
Туған жерімнен табанға кірген тікенім.

Салқын самалың – жанымның жалғыз шипасы,
Бөлекше маған жерімнің қырлы қиқасы.
Құлазып көңіл жабыққан жалғыз кездерде,
Жер Анам, келіп, маңдайдан жайлап сипашы.

Перзентің болып, өмірге сенен нәр алдым,
Өзіңдей жерді іздесем, қайдан табармын?!
Адасып сенен алысқа жырақ кеткенмен,
Сағынып келер туған жер сенің балаңмын

Баурайыңды құшаққа сенің балаймын,
Сәуле шашып, жарқырап жатыр мол айдын.
Сипаттап сені, кереметіңді айтқанда,
Асыл жырымды қалайша торға қамаймын?!

Болашаққа басатұғын қадам нық.

Өмір – күрес, заңы қатал әрдайым,
Байыппенен түсінген жөн мән жайын.
Таңдауларың әр қадамың секілді,
Қате бассаң, қиын болмақ жағдайың.

Болсаң егер тайсалмайтын ұлықты ер,
Ұлылардай ұлы жолмен жүріп көр.
Жасқаншақтап, қолымнан бұл келмес деп,
Көкейіңде орнамасын күдіктер.

Алдыменен өз-өзіңнің бағаңды ұқ,
Ең бірінші таңдауың ол – мамандық.
Сүйсең оны, қадірлесең ұғынып,
Болашаққа басатұғын қадам нық.

Талғамына көз жіберіп бұл істің,
Мамандықты саралауға тырыстым.
Жұмысымды банктен мен табамын,
Адамы болам шығыс пенен кірістің

Жүрегімнен қолдау тапты бұл шешім,
Болашаққа ешбір күмән келмесін.
Маман болам білікті де, ынталы,
Үміт күтіп елім маған сенгесін!

Тілім менің – болмысым, қасиетім

Тілім менің – болмысым, қасиетім,
Ана жыры, баба айтқан өсиетім.
Жалғанда жәрдем сұрар пірім болса,
Бір өзің сүйенішім бас иетін.

Кең даламда көсілген қазақ тілім,
Көмейі күмбірлеген ғажап тілім.
Тек сенімен өр халқым тыныс алып,
Тек сенімен таниды азаттығын.

Атқан арай таңымның шұғыласы,
Үзілмейтін елімнің ымырасы.
Қара түнек қапыда қармағанда,
Адастырмас көңілдің құбыласы.

Бөтен емес әр үнің, сырларың да,
Таңсық емес дертің де, мұңдарың да.
Қырандай қайтпас тілім қор болдың-ау,
Шала қазақ шұбарлар шырмауында.

Тұралама қазақ тіл, мін тағыңа,
Азаттықтың алқасын жүр тағына,
Сарыны солмайтұғын сара жолдың,
Ізін сал өшпестей ғып ұрпағыңа.

879Ізін сал, бұл ұрпағың жарқын күлсін,
Тілі мен діңгегінің парқын білсін.
Бір өзіңде шүкір ғып жаратқанға,
Бір өзіңде мадақ жыр айтып жүрсін.

Әбілхайыр Мөлдір. Ел жадында әркез тұрар жаңғырып!

1997 жыл 25 тамызда Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Төретам қаласында туылған.
№80 мектеп – гимназиясының 11 сыныбының оқушысы.

Шығармашылық бәйге туралы мұнда басыңыз

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА