22.11.2024

Таңжарық оқуларының жеңімпаздары анықталды

Бүгін 18 наурыз күні Қыздар университетінде «Халқым, сен шын тіленіп табынарым» деген атпен ІІ Таңжарық оқулары болып өтті.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырылған шара алаш ұранды әдебиеттің белді өкілі, ұлт қайраткері, ақын-ағартушы Таңжарық Жолдыұлының өлеңдерін, өнегелі өмірін дәріптеп, жас ұрпақты қазақ әдебиеті мен тарихының ақтаңдақтарын ашуға, зерделеуге шабыттандыру мақсатында арнайы өткізілді.
Ақынның рухына арналған кешке Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, белгілі әдебиеттанушы, таңжарықтанушы ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жырсүйер, әдебиет сүйер қауым көп жиналды.
Игі шараны Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Әлиев пен «Халықаралық Таңжарық зерттеу» қоғамдық қорының төрағасы Тұрсынәлі Рыскелдиев алғы беташар сөздерімен ашып, Таңжарық Жолдыұлының шығармашылығы мен өміріне тоқталып өтіп, оның мұрасын сақтай білуіміз қажет деп атап өтті.
Шара алдымен «Таңжарық таңдамалы шығармалары» деген атпен биыл «Мерей» баспасынан 2000 данамен жарық көрген дауылпаз ақын Таңжарық Жолдыұлының өлеңдері, толғаулары, дастандары мен таңдаулы шығармалары енген кітаптың тұсаукесерімен және айтыскер ақын аруларымыз Арзыгүл Қайыңбайқызы мен Зура Шайдымұратқызының жыр шашуымен ашылды.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен жақында ғана шаңырақ көтерген «Халықаралық Таңжарық зерттеу» қоғамдық қорының бірлесе атсалысуымен арулардың алтын ордасында өткен дәстүрлі шараға Алматы қаласы ЖОО студенттері қатысты. Аталмыш шараның ұйымдастырушысы, жобаның авторы Тұрсынбай Дәуітұлының айтуынша байқауға қаланың 8 оқу орнынан 50-ден аса үміткер қатысып, оның 15-і іріктеуден өткен.
Іріктеуден өткен студенттер екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші «Өткір ой, жүйрік қиял, қырағы көз, адамға бітеді алуан түрлі мінез», – деп аталатын кезеңде ақынның өршіл өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқудан сайысқа түссе, екінші кезеңде «Ақылға келсе сай боп айла серік, болжайды бәрін ақыл бұрын көріп», деген тақырып аясында ақын өмірі мен шығармашылығы, айтыскерлік таланты мен қайраткерлік тұлғасы жайында қойылған сұрақтарға жауап беріп, бақтарын сынады. Айта кетейік, қатысушылар өте тыңғылықты тайындалып келгендерін танытты.
1Байқауға қатысушыларға белгілі ақындар, бірнеше дүркін республикалық, халықаралық ақындар мүшайрасының жүлдегері, ақын – Әбдібек Әбдіманапұлы, Республикалық, халықаралық ақындар мүшәйрасының жүлдегері, ақын, журналист – Ләззат Игісінқызы, Мәдениет қайраткері, ақын – Қалиев Серік Әкрамұлы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті медиа орталығының жетекшісі, ректордың баспасөз хатшысы – Дәрмен Смайыл қазылық жасады. Әділ қазылар алқасының төрағасы, Қазақ радиосының қызметкері, ақын, журналист – Бақыт Жағыпарұлы.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің 2-курс студенті Үміт Оңласын жеңіп алды. І орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенті Салтанат Әнапияева иеленді. Екінші орынға тігілген екі орын – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 2-курс студенті Гүлім Садырбекова мен осы оқу орынның 1-курс студенті Айжан Мелдебекке бұйырды. Үшінші орынды – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 3-курс студенті Ринат Сарыбала, Сүлеймен Демирел университетінің 3-курс студенті Алтынбек Ибрагимов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенті Айдана Нұрдан үшеуі өзара бөлісті. Барлық жеңімпаздар қаржылай демеушілік көрсеткен «Халықаралық Таңжарық зерттеу» қоғамдық қорының ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. Бұдан өзге тағайындалған «Көдек Маралбайұлы» мен «Доспер Саурықұлы» атындағы арнайы сыйлықтың иегерлері анықталды. Оған Қыздар университетінің 1-курс студенттері Қамажай Еркебаева мен Мерейлім Мырзабек лайық деп танылды.
Шара барысында сонымен қатар, Таңжарық мұрасын зерттеп, насихаттауға үлес қосып жүрген бес азамат: Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегенов, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, «Халықаралық Таңжарық зерттеу» қоғамдық қорының төрағасы, жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев, ҚХР Шынжаң халық радиосының ардагер қызметкері Жібек Базарбайқызы, Қазақ радиосының қызметкері, ақын, журналист – Бақыт Жағыпарұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Республикалық, халықаралық әншілер байқауының жүлдегері, әнші Нұржан Жанпейісов Қыздар университетінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
5Жоғары деңгейде өткен кеш шағын концерттік бағдарламамен аяқталды. Онда өнер көрсеткен әнші Нұржан Жанпейісов Таңжарық Жолдыұлының ел аузында көптен айтылмай жүрген «Ақын сыры» атты толғауын орындаса, «Күміс көмей-жез таңдай» әншілер конкурсының бас жүлдегері, әнші Сәулежан Тахзияұлы «Қос жеңге» әнін, Қытай Халық Республикасының әртісі Бақыт Әсенқызы «Сағыныш» әнін нақышына келтіре орындап, кеш ажарын аша түсті. Сонымен бірге жас әншілер де Жолдыұлының өлеңдерін шарықтата орындап, ақын мұрасын насихаттауға үлес қосты.
Осылайша, абақтыдан азаттыққа шығып, ақталған Алаш арысының асыл арманы тәуелсіз Қазақ елінің сахнасында тағы бір мәрте сәтті орындалып, рухы көтеріліп, атағы аспандай түсті. Қыздар университетінде өріс алған мағыналы да, мәнді өнер тойы алдағы уақытта да жалғасын табады. Ұлтын сүйер ұрпақ барда бұл игі қадам ешқашан ұмытылмақ емес, ақын мұрасы еш жоғалмақ емес.
Бүгінде ақынның 130 өлең-толғауы, 12 қисса-дастаны, 6 айтысы, 4-5 әні жарық көрді. Ақын шығарамалары жыл өткен сайын толыға түсуде.
Ақын атында туған жерінде еңбектері, мұралары, пайдаланған заттары сақталған мұражай бар. 2009 жылы, 23 желтоқсанда қалалық мәслихаттың шешімімен Астана қаласының көшелерінің біріне Таңжарық Жолдыұлының есімі берілген.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА