22.11.2024

Нұрдаулет Кұдабаев. Менің қызығушылық әлемім

Американдық жазушы, әрі философ Ричард Бах былай деген екен: «Кез келген адамның арманы оны жүзеге асыратын күш-жігердің шегінде беріледі». Шындығында, бұл тезис менің де өмірімнен орын алды. Әрине, әрбір адамның өзінің балалық шақтан аңсаған армандары болады. Сол балалық шақтағы арман бізді үлкен өмірге жетелейді және өмір сүруге деген талпыныс береді. Толыққанды өмір сүруге деген талпыныс болса, барлық армандарыңды өз күш-жігеріңмен жүзеге асыруға әбден болады деген жылы сезім жүрегімізге ұялайды. Меніңші, сол арман деп отырғанымыз қызығушылықтың арқасында пайда болады. Шыр етіп дүние есігін ашқан беттен-ақ балада түрлі қызығушылықтар оянады. Қызығушылықтардың оянуына қоршаған орта өз әсерін тигізеді. Қоршаған орта дегеніміз не?! Ол, әрине, табиғат ана! Айналаңа көз салсаң, өзіңді қоршаған табиғаттың әдемілігіне таңқаларсың. Табиғат ананың сұлулығын әрине сөзбен әспеттеп жеткізу қиын, сондықтан сырлы қалам бояуына жүгінесің. Менің алғашқы қызығушылық әлемім де сол сурет өнерінен бастау алды. Өзімнің ұлы сөздің сиқырымен жеткізе алмаған бейнемді сырлы қаламның күшімен бағындырдым.
Өмір – үлкен мектеп. Біздің мына жарық дүниеден аларымыз да, үйренеріміз де мол. Өмірде түрлі жағдайларға тап боламыз. Әрине, әрбір жағдай біздің көңілімізге қаяу салады немесе жұбатады. Мұндай жағдайда адамзат кеудесі керемет бір сиқырлы әлемге немесе аласапырын дауылға айналғандай бір күй кешеді. Сол сәтте адам баласы ол күшті немен жеңуіне болады? Әрине, бұл сұраққа жауап беру, кімге болса да қиынға соғары сөзсіз. Менің келесі бір қызығушылық әлемім осы сұраққа мынадай жолмен жауап беруіммен толыға түспек. Әдеби өлеңдер оқу және өз шығармашылығымды қыл қалам және ақ қағаз көмегімен шыңдау – менің қызығушылық әлемімнің бір қыры. Егер менің кеудем керемет бір сиқырлы әлемге немесе аласапырын дауылға айналғандай бір күйге кенелсе, мен жоғарыда аталған қызығушылық әлеміме ерік беремін.
Жалпы алғанда адам баласы тек бір ғана қызығушылықпен шектеліп қалуы мүмкін емес. Ол – бүгінгі жаңа әлем талабы. Яғни, адам бойында бірнеше қызығушылық байқалуы әбден мүмкін жайыт. Мен жоғарыда аталған қызығушылықтарымнан басқа таңғажайып тамашаларға толы әлемге саяхаттауға, дереті фильмдер көруге, әлемдегі керемет физикалық құбылыстармен танысуға асықпын. Осы жағдайға байланысты «Жеті жұрттың тілін біл, Жеті түрлі білім біл», дейді халқымыз.
Менің қызығушылығым алуан түрлі болса да, мен неліктен ұстаздық жолын таңдадым деген сауал пайда болуы мүмкін. Ұстаздық етуге деген қызығушылық менде бала кезден-ақ оянған бір әлем десем артық айтпаған болармын. Бұл жолдағы басты мақсат – өскелең жас ұрпақты терең білім нәрімен сусындату, еліміздің ертеңі, әрі тірегі болар жас ұрпақты тәрбиелеу болатын. Кешегі ақын ағаларымыз сенген жас ұрпақтың болашағына жол көрсету, қанат қағып, биіктерден көрінуіне қол ұшын беру. Сондай-ақ, қазіргі заман талабына сай шет тілін үйрету арқылы еліміздің көркеюіне өз үлесін қосар жас буынның көзін ашу. Жалпы алғанда ұстаздық қызметті төмендегі өлең жолдарымен әспеттеп жеткізсем деймін.
Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Мен қазіргідей игі іске қол жеткізу үшін мынадай қағиданы ұстанамын «Талаптыға нұр жауар». Өмірде қаншама қиналсаң да, талап етсең қызығушылық әлеміңнің кілтін табуға болатындығына әбден көз жеткіздім. Бүгінгі таңда мен өзім балалық шағымда армандаған қызығушылығымның әлемінде жүрмін десем жарасар.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА