22.11.2024

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ІС

Адам өміріндегі елеулі қадамдардың бірі – мамандық таңдау. Осы бір маңызды қадам талапкердің тағдырына ғана емес, еліміздің ертеңі үшін де жан-жақты рөл ойнайды. Сондықтан, баланың болашақ кәсібін таңдауға бей-жай қарамай, қоғам болып атсалысуымыз міндет.

Аталмыш мәселені жан-жақты қарастырып, талқылау мақсатында 31-наурыз күні, Шымкент қаласындағы №80 мектеп-лицейінде «Әлемдік еңбек нарығына бейімделген кәсіби бағдар беру – әлеуметтік орта мен ата-ана ықпалы» тақырыбымен қалалық семинар-конференция өткізілді. Конференцияға облыстық, қалалық білім бөлімінің басшылары мен ғалымдар, ата-аналар, мектеп мұғалімдері және бірнеше колледж педагогтары қатысты. Келген қонақтар алдымен мектеп фойесінде қаз-қатар тізілген оқушылардың «Ғылымның жаңа көкжиегі» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысып, жаңалықтарымен бөлісті. Бұдан өзге, қолөнер бұйымдары көрмесі, мектеп-лицей мұғалімдерінің авторлық бағдарламалары, орта арнаулы білім мекемелері ұйымдастырған арнайы көрмелер көпшілік тарапына ұсынылды.
Жиын барысында бірінші болып сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев қазіргі ата-аналар балаларына кеңес берерде тек лауазымды қызметтер қатарын алға тартатынын, әсерінен жасөспірімдердің психологиясында кәсіптік мамандықты таңдасам қоғамның ең төменгі қатарында қалып кетемін деген түсінік қалыптастырып алғанымызды баса айтып өтті. Өз кезегінде сөз алып, осы пікірді қуаттаған педагогика ғылымдарының докторы Доспенбетов Анар, «Ұстаз нұры» газетінің редакторы, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Әнуарбек Бейсен бірнеше ұсыныстар мен пікірлер білдірді.
ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Рахия Асанованың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Республикамыздағы 860 орта және арнаулы, кәсіптік колледждердің 90-ы біздің облыста. Бұл оқу орындары барлығы 95 сала бойынша 75 000 маман дайындап жатыр. Осы көрсеткіштің 14 % -ы техникалық мамандықтарда оқитын жастар. Қазіргі таңда елімізде ауылшаруашылығы, кәсіптік салаларды игерген мамандарға сұраныс жоғары.
Мектеп-лицей директоры Қалибекова Сәуле мамандық таңдау төңірегінде туындаған бірнеше сұрақтар бойынша ата-аналармен жүргізілген сауалнама қорытындысына тоқталды. Мәселен, «Сіз балаңыздың 9-сыныптан соң кәсіптік колледждерге барғанын қалайсыз ба?» – деген сауалға ата-аналардың 17%-ы «ия», 58 % -ы«жоқ», 3%-ы «балам 9-сыныптан соң оқығысы келмейді», 22% -ы «ойланып көремін» деп жауап берген. Ал, «Балаңызбен болашақта кім болғысы келетіндігі туралы ой бөлістіңіз бе?» – деген сұрақ бойынша ата-аналардың 72%-ы «иә», қалған 28%-ы «жоқ» десе, психологтардың «Сіз балаңыздың қандай мамандық таңдауы туралы кіммен көбірек кеңесесіз» сынды сауалына 19%-ы «мұғаліммен», 28%-ы «балам ата-ана таңдауын жасайды», 53%-нан «баламның өзі шешеді» деген жауап алынған.
Семинар барысында өңіріміздегі коллеждің оқытушылары арнайы баяндама оқып, оқу орындарына қысқаша таныстыру жасады. Іргелі университетті ірі мамандықпен тәмамдап, қос-қос дипломы сандық түбінде жатқан жұмыссыз жастардың жайы да бұл семинардан тыс қалған жоқ. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін баланың қарым-қабілетін ерте бастан анықтап, соған сай бағыт-бағдар беру әрбір ата-анаға тиісінше түсіндірілді.
Жүсіпбек Аймауытов «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұнын кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Кейбір жастар мамандық таңдау ережесін білмегендіктен өзі қызықпайтын кәсіп иесі атанады. Осыдан өз мамандығына қанағаттанбаушылық, реніш пайда болып, тіпті алдарына жоспар да құрғысы келмейді. Мұның түбі бүгінгіқоғамды жаулаған жемқорлық, парақорлық, құқықбұзушылық сынды дертке апарып соқпасына кім кепіл. Семинардың мақсаты да қоғамның осындай өзекті мәселелерін барынша болдырмауды қолға алу еді. Ұстазы бейіндінің – шәкірті зейінді демекші, ұрпағының болашағын алыстан аңғаратын, соған сай тәлім-тәрбие көрсете білетін осындай білім ордалары көп болғай.

Аяулым ТАСТАНБЕК.

kaztimes.com

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА