22.11.2024

Мектеп меншікке, білім базарға айналып барады

Алаштың Мұхтар Әуезовтей асылы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген өсиетінің саф маңызы бүгінде көмескіленіп кетті. Мағынасы үлкен тереңдік пен кеңістікті қамтитын осынау екі ауыз сөз қазір алқалы жиындарда мінберге шыққан адамның өз баяндамасын көркемдеу үшін ғана қолданатын тіркесіне айналып барады. Ал шын мәнінде осы сөздің астарына үңіліп көріңізші…

Халық мектепті білім бесігіне теңейді. Онысы тегін емес. Сол бесікте баланың білімге деген бұғанасы бекиді. Ұстазға деген құрметі қалыптасады. Ал бүгінгі қоғамдағы шындық қандай?
Бәріміз де перзент өсіріп отырмыз. Ғылымы мен өндірісі қарыштап дамып келе жатқан қоғамда қатардан қалмасы үшін оның жақсы білім алғанын қалаймыз. «Тәрбиесіз білім – халықтың қас жауы», – депті ғұлама әл-Фараби. Әр ата-ана үйінде баласына өздігінше тәрбие береді. Ал, оның мектепте көргені мүлдем басқа боп отырған жоқ па? Парамен ұсталған директор, ата-анадан ай сайын ақша жинайтын мұғалім. Мұнымен мен мұғалім атаулыға топырақ шашайын деп отырғам жоқ. Өз әкем өмір бойы ұстаз боп өтті. Өзім де еңбек жолымды мұғалімдіктен бастадым. Бірақ, менің санамда әлі күнге дейін «Ұстаз әкеңнен ұлық» деген қағида қатталып қалыпты. Ал, бүгінгінің балаларынан педагогқа деген ондай құрмет байқалмайды. Неге?
Оның бір себебі білім ошақтарында болып жатқан былыққа байланысты. Әкесінің ақшасы, көкесінің көмегімен институтты бітіріп келген маман балаға не үйретеді? Мұны бір деңіз. Мектепте ай сайын ақша жинайтынын онсыз да тапқаны тамағына әрең жететін отбасы үйде, дастарқан басында талқыламайды дейсіз бе?! Ол әңгіме баланың көзінше айтылады. Ата-анасының қынжылысын көрген перзент мұғалімді қалай сыйласын?!

Жақында облыстық әкімдікте білім саласындағы жемқорлық жайы сөз болған келелі жиын өтті. Осы жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі төрағалық етуі мәселенің тым күрделі екенін айғақтайды. Өңірдің барлық ауыл-аймағынан жиналған педагогтарға өңір басшысы жемқорлыққа қатысты көкейді қат қылған бар ойды ортаға салуды ұсынды. Сонда барып біздегі білім саласының базарға айналып кеткені ашық айтылды. Мектептегі сауда мен бағаны қарапайым жұрт қана емес, халық өз сенімін артып, сайлаған депутаттар да білетін болып шықты. «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімшесінің төрағасы Өмірзақ Мелдеханов өз сөзінде бала-шағаны балабақшаға орналастыру үшін де ондағы басшылар бірдеме «дәмететінін» айтты.
– Мектепке жұмысқа орналасу да 1000 мен 2000 АҚШ доллары арасында. Қатардағы «техничка» боп орналасудың өзіне 1000 АҚШ долларына дейін алынады екен, – деді Мелдеханов мырза. Бұл мектепке қарапайым мұғалім не қатардағы қызметкер болып орналасудың құны.

Ал, ОҚО білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитетінің төрағасы Жарқынбек Сейтімбетұлы соңғы кезде мектепке қызметке орналасу «ставкасының» қымбаттағанын айтып салды.
– Бұған дейін мектепке мұғалім боп кіру ставкасы 500 доллар болатын. Қазір 3 мың долларға көбейіп кетті. Бұл дегені, параның ставкасы 600 пайызға көтерілген. Темірланға барсам, мұғалімдер: «Ай сайын бізден 2 мың теңгеден жинап алады» деп айтады. Бір мектепте 150 мұғалім бар. Олардан «не үшін жинайды, неге бересіздер?» деп сұрасам, «аман-есен жүргендерің үшін бересіңдер» деп айтатын көрінеді, – деді Жарқынбек Сейтімбетұлы.
Бұл біздегі мектептің директор меншігіне, ал білімнің базарға айналғанының айғағы емес пе?
Жуырда ғана ОҚО білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Әбдіғаппар Жақсыбековтың 870 мың теңге парамен ұсталғаны белгілі болды. Ал, бұған не айтасыз? Білім ошағының басшылары бетімен кетті десек, оны бақылайтын мекемедегі былықтың сиқы мынау. «Ет сасыса тұз себерсің. Тұз сасыса ше…»
Жоғарыда айтылған жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеті агенттігінің біздің өңірдегі департамент басшысы Мұрат Ахметовтың келтірген дерегі отырған жұртты мүлдем түңілдірді.
2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында білім саласының 62 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олардан мемлекетке 20 миллион теңге шығын келген!

Құдай-ау, сонда біз балаларымызды кімге оқытып жүрміз. Ұстаздың айналасына бермегі тек жақсылық емес пе еді? Өзі жақсы бола алмаған өзгеге қалай жақсы бол деп айтады. Әсіресе ол санасы сомдалып бітпеген, буыны бекімеген бала болса…
Бұл бір сұрақ. Тағы бір сауал өзінен өзі сұранып тұр көкейде. Егер білім саласындағы осыншама былықты жоғары мінберде отырғандар білетін болса, неге ол осы уақытқа дейін тыйылмай отыр?
Бұл сұраққа жауаптың бір шетін білім беру саласында басшылық қызметте жүрген азаматтың өз аузынан естідік. Сөйтсек, оның бір ұшы өзге мекемелерге барып тіреледі екен. Облыстық мәслихат депутаты, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры Амангелді Сопбековтың: «СЭС келеді, тексереді. Оның қалтасына 100-200 мың теңге салып жібермесек, олар 500-600 мың теңгенің айыппұлын салып кетеді. Оны біз қайдан тауып береміз? (әрине, мұғалімдердің қалтасынан жиналады-авт.) ЧС келеді, тексереді. Оның қалтасына 2000 доллар салып бермесе ол да айыппұл салып кетеді»- дегені сол еді залда отырғандар ду қол соқсын-ай кеп. Жиынға қатысып отырғандардың дені білім ошағының бір-бір басшылары екенін ескерсек, депутаттың аузынан шындық шыққанын солардың ұрған шапалағынан аңғаруға болады.
Дегенмен, әркімнің өз шындығы бар. Ал, ақиқат біреу. Ол – егер мекемеде бәрі тап-тұйнақтай болса, бәрі заң талабына сай болса, онда неге тексерушіге ауызбастырық беру керек? Облыс әкімі мен осы семинарға қатысып отырған құқық қорғау саласы басшыларының да көкейінен осы сұрақ шықты. «Неге ол мәселені құқық қорғау органдарына айтпайсыздар?» деген Асқар Исабекұлының сұрағы жауапсыз қалды.

Таяқтың екі ұшы бары секілді, мектептегі жемқорлықтың да себебі тек тексеруде емес. Алдымен, өз мекемесінде тиісті тәртіп орната алмаған басшыда жатыр. «Тиісті тәртіп неге орнамайды?» деген сұрақтың да сұранып шығары сөзсіз. Егер, басшы жұмысқа жең ұшынан жалғасып, таныс-тамыры мен жекжат-жұрағатын алса. Одан қалды ол жерге келген маман қызметін сатып алып жатса. Ондай басшының кімге әмірі жүреді?
Сөзіміз дәйекті болсын. Тек биылғы жылдың алғашқы үш айында білім саласындағы жемқорлыққа қатысты 14 іс тергеуде жатыр екен. Ал, осынау олқылықты болдырмау үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын айтудың орнына баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшылығы заңнамаларды тізбектеп шығудан әріге аса алмады.
Жемқорлықтың білім саласына жайылуына тағы бір себеп – ұстаздардың өзінде жатыр. Қатты да болса айтайық, «ауруын жасырған-өледі» дейді халқымыз. Білім ошағында болып жатқан былықты біле тұра, басшының белден басқанын көре тұра үн шығармайтын мұғалімдердің әрекеті де осы «індеттің» дендеп кетуіне себеп. Ұстаздарды да түсінуге болады. Қолында тек педагог деген дипломы бар олар бар жұмысынан айырылып қалса, қайдан нәпақа табады? Сондықтан «үміттің құла таңы әйтеуір бір атады» деп шыдап жүр көбі. Басым бөлігінің қазіргі ұстанған қағидасы – «Бастан құлақ садақа». Директор айтқан ақшаны да сондықтан үнсіз жинап береді. Келген комиссияны да тапқан таянғанын ортаға салып өткереді.
Жемқорлық жайы сөз болған семинар-кеңесте оны қалай болдырмаудың да жолы қаралды. Ол үшін толассыз тексерістерді орталықтандыру ұсынылды. Бұл мәселені өз саласы бойынша жоғары жаққа жеткізіп, жүйелеу міндетін облыс прокуроры И.Иманов өз міндетіне алды. Тағы бір мәселе – білім беру мекемесінің басшысын тағайындауды да орталықтандыру. Бұл әлі де пысықтауды қажет ететіндіктен келесі жиындарда кеңінен кеңесілетін болды.

Бекжігіт Мәуленов
«Оңтүстік Рабат», №14, 08.04.2015

Р.S.: Осы мақаланы жазып отырып бала кездегі бір оқиға есіме түсіп кетті. Жаздың күні болатын. Есік алдындағы көлеңкесі кең ағаштың түбіндегі кереуетте дамылдап жатқан атамның алдында 5-6 жасар баламен ойнап отырғам. Бір кезде шарбақ жақтағы жолға қарай өсіп тұрған шиенің бұталары қозғала бастады. Анықтап қарасам біздің көшенің аяқ жағында тұратын бір жеңгеміз ағашқа асылып, шие жеп тұр екен. Өзінің аяғы ауыр. Жапырақтарынан ұстап, өзіне қарай шиенің бұтағын тартып алды. Қып-қызыл түйнектерді сыдырып алып, аузына салады. Үйде өскен шиеге қалаған кезде асылып, жеп жүретін менің қызғанышым оянып, атама қараймын. Атам жарықтық, қолымен басын сүйеп алып, сол мызғыған қалпы. Қолына ілінгенді азырқанды ма, бір кезде әлгі келіншек шиенің бұтақтарын майыстырып, сындыруға көшті. Сол кезде барып атам көзін ашты да, салмақты даусымен: «Әй, келін шырақ! Кісінің қорасында өсіп тұрған шиені сұрамай жеп өзің ұры болдың. Енді анау ішіңдегі баланы қылмыскер қылатын болдың ғой» демесі бар ма. Сөйтсем, қабағы жартылай жұмулы қария бәрін байқап жатыр екен. Сол-сол екен, әлгі әйел біздің көшемен жүрмейтін болды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА