Байырғы қазақ қоғамында ұстаның орны ерекше болған. Ұсталар бақсылар сияқты тылсымның тілін білетін, жоғарымен ұғысатын қасиетті жаратылыс ретінде сипатталады. Олар тіпті дүкендерінде емшілікпен де айналысқан. Арғы қазақтың нанымында ұсталар жылан Бапы ханнан бата алған. Ол – жер асты әлемінің билеушісі. Бұл турасында Таласбек Әсемқұловтың «Жылан қайыс ырымы» атты мақаласында толыққанды айтылған.
Кәнігі ұсталар қылыш соғардан бұрын, алдымен, тәнін де, жанын да күнәлі ойлар мен істерден тазалап, ұзақ құлшылық етіп, жан баласынан бойын аулақ салып, әбден тазарғаннан кейін қару соғуға кіріскен. Қылышқа жендеттің қолбаласы емес, жауынгердің серігі болуға, қанға қануды мұрат қылып емес, әділеттің қорғаушысы болатын баһадүрдің досы болуға бағыштаған ізгі ниетін сіңіру ұстаның мұратына айналған.
Алдаспан – ауыр қылыш, ерлердің серігі. Ердің серті сонымен. Баба қазақ танымында қару да адам сияқты жеке тұлға. Қарудың қалауы мен қасиеті болмақ. Егер ұстаның көңілінде титтей де қиянатты ой болса, қару мүгедек болып шығады деп түсінген атам қазақ. Осындай періште пейілмен соғылған қыл үрлесең қиып түсер Алдаспандар атадан балаға мұра болып, ғасырлар бойы ерлердің айнымас адал андасы болған. Тіпті қазақ мифологиясы бойынша батырдың рухы қылышында. «Қабанбайдың қылышы», «Ағыбай мен ақ сұр жігіт» жырларын баршаңыз оқыдыңыз. Жеңілуді білмейтін жауыз қара күш иелерін аңыз бен жыр қаһармандары түсінде аян берген ғайыптың хабарымен батырды (Қабанбай батырдың, Ағыбай батырдың) тауып, соның қылышының көмегімен жеңген мысал біздің фольклорда көп. Батырлар қарындас жұртты қорлықтан құтқару үшін жанын жалдайды. Және «Жылан қайыс ырымы» жасалған кездегі «Еліңді қорға, жеріңді қорға. Жауынгер бол. Бірақ жендет болма» деген серт-батаны әмәнда жадына берік тұтады.
Өлең де ұста соққан алдаспан қылыш сияқты. Алдаспандай өлең жазбақ үшін ақын пейілі қару соғуға кірісер алдындағы ұста сіпетті жүрегі періштедей пәк болмағы ләзім. Кеудесін менмендік құрты кеулеген тәкәппардың, көкейін оңай даңққа жетсем деген нәпсі билеген кәззәптың ындынына беріле қояр өлең жоқ. Сөз сізден де сезімтал. Мұндай пейілге сөздің тылсым пернелері құпиясын ашпайды. Сөз ойнату мен ұйқастырудың техникасын меңгеріп алып бұрқырата беруге болады. Бірақ, қағаздың беті мен қаламның сиясына обал.
Айналасындағы аз тобырдың айқайына семіріп көзін май басқан быртық қаламнан, Заманға күйлеп жаны былғанған ақыннан мүгедек өлең тумақ. Ондай өлеңнің ғұмыры да қысқа. Қасымша айтсақ, «Өлеңі өзімен бірге өледі».
Ақын – ақиқаттың жоқшысы. Шындық көп, Ақиқат жалғыз. Әркімнің өз шындығы болуы мүмкін. Бірақ, әркімнің өз ақиқаты болмақ емес. Өйткені ақиқат жалғыз. Әрбір өлең ақын жүрегінің сол ақиқатқа өзінше тапқан жауабы. Сіздің өзіңіз жазған сөзге әмәндә көңіліңіз толмай қоңылтақсып тұратыныңыз содан. Ертең өзгеріп кететін шындықты жазсаңыз көңіл құрғыр оның жел екенін сезіп-ақ тұрады. Шәкәрім айтқан «Өзгермейтін шын» – өлеңнің мұраты.
Ұстазым Таласбек Әсемқұловтың «Әдебиет дегеніміз – шелектеп төгілген тер» дегені бар еді. Жастықтың желігі басылып, желмен айтқан сөзіңіз тараған шақта өзіңіздің тым қораш, білімсіз екеніңізді сезінесіз.
Айғай әулиелікке жеткізбейді. Талантты болып туылғаныңызға шүбәм жоқ. Енді сол тәңірі берген нығыметті шашып алмай, жаңа көктеген жас шыбығыңызды үздіксіз біліммен суарып тұрыңыз. Ол жайқалып өсіп орманға айналсын.
Айтпақшы, өлең мен алдаспанның бір ғана айырмасы бар. Оны сіз де білесіз!