22.11.2024

МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ ЖАЗБАЛАРЫНАН

«Ата-анаң қартайса,
Тіреу болар бұл оқу.
Қартайғанда мал тайса,
Сүйеу болар бұл оқу».
Ы. Алтынсарин

Менің мектеп директоры болып іс­тейтін  танысым бар. Кездескен сайын әңгімеміз  қазіргі заман мектебінің кесім-пішімі туралы, ұлт басына шырақ жағатын жастардың жай-күйі,  кезінде 4 жылдық медресе бітіргендердің көрнекке сондай ірі болып шыққандығын, ал, 11 жылдық мектепті бітіргендердің көбі қазір неге жаутаңкөз болып бара жатқандығы жайында өрбитін. Әңгімені майын тамызып, үтір, нүктесіне дейін қалдырмай айтады да, «мақала жазып берші» десең, мың бір сылтау  айтып қалшадай қатып қалады. Сол әңгімелердің бірен-саранын ретті, ретсіз қағазға түсіріп қойғанмын. Ол бүгінгі күні білім беру жүйесіндегі мәселелердің біраз көлеңкелі тұстарының бетін ашатын да секілді. 

Директорлар жер шұқитын күн

…ҰБТ қорытындысы қаралатын мектеп  басшыларының коллегиясы. Директорлардың жүйке талшықтары тырс-тырс үзілуге сәл-ақ қалып тұр. Қаладағы 200 директордың  10-ы мектеп рейтингісі бойынша соңғы орынға шығып, айыпталушылардың тізіміне іліккен. Оларды «іс-әрекетсіз, дилетант, кәсіби шеберліктен жұрдайсыңдар» деп жерден алып жерге салып, қызметтерінен алып, мектептерін гимназия, лицей деген мәртебеден айырды. Оларға керісінше мектеп рейтингісін көтерген 10 мектеп директоры көз алдымызда «қазіргі күннің батырларына» айналып шыға келеді.
Бүгінгі «кінәлілердің» қатарында менің досым бар. Физик ретінде де, мектеп директоры ретінде де, өз ісінің нағыз маманы.  Ол басқаратын мектеп-мұғалімдердің білім жетілдіру институтының әдістемелік базасы.  Сондықтан, республикалық, қалалық семинарлардың барлығы дерлік осы мектепте өтеді. 10 жылдан бері оқ  бойы озық келе жатқан осы мектеп ҰБТ-ның қорытындысы бойынша төмендеп, бір күнде нашарлардың қатарына қосылды. Республикамызда бірінші болып гимназия мәртебесін алған да осылар  еді. Мұғалімдерінің білімдері толық, пікірлері жаңаша деп мақталатын. Енді… жұрдай болып қалды.
Міне, оны трибунаға шақырды. Бір ғана сұрақ қойылды да, мәселе шешілді. Ол үнсіз, ілбіп барып орнына отырды. Оның жанының ішкі дірілі залдың ортасында отырған маған анық сезілуде. Ол жаққа мойын бұрып қарай алмаудамын, бірақ, үнсіз жылап отырғанын, өксігін ішіне жұта алмай қиналғанын сезіп отырмын. Мен өлген адамдай үндемеймін,  ішкі қарсылығымды барынша тұншық­тырудамын. Оқу жүйесінің осы бір тұсы дұрыс емес деп айтқым келеді. Бірақ, айта алмаймын. Өліп қалғандаймын. Мен ғана емес, залдағылардың бәрі де. Бұл не? Қорқақтық па? Әлсіздік пе? Қыз­метімнен  айрылып қаламын ба деген үрей ме? (Онда неге өз мұғалімдеріме бұл қызметтен қазір  кет десе де дайынмын деген сөзді күніне сан мәрте айтамын?). Әлде, мұндай ситуацияға дайын емеспіз бе?  Осы форматтағы коллегия  осымен үшінші рет өтіп отыр ғой, істің қайда бағыт алып бара жатқанын алдын ала іштей бағамдап та қойғанбыз. Байқасам, «қоян» кейпіндегі жалғыз мен емес, коллегия мүшелерінің бәрі де сияқты.  Ішіміздегі қорықпай, дірілдемей тұрған адам біреу-ақ.  Бастығымыз. Қоянмен ойнаған түлкідей болып,  жеңімпаздарды құттықтап, кінәлілердің құйрығына қоңырау байлап жатты. Тең дәрежедегі диалог жоқ. Естілетіні арқыраған басыңқы және әлсіз бағыныңқы ғана дауыстар. Осылай ғана болуы керек секілді. Бойымыз үнсіздікке үйренген. Кенеттен:  «Мен бұл шешіміңізбен келіспеймін, бір күнде бәрін бұлай сызып  тастауға болмайды ғой» деген дауыс естілгенде бәріміз селк ете түстік. Оның салмақты, сабырлы, нақты сөздері шындықты тірілткендей болды. Қояннан адам қалпына орала бастадық.  Бүкіл зал оны қоштағандай болып, басымызды изеп отыр екенбіз. Оның орынды  дәлеліне басшы дау айта алмай,  шешімді коллегия мүшелеріне берді. Ура! Адал әріптесімізді қорғап қалдық. 
Педагогика саласында осындай сөзі мен ісі  бір жерден шығатын ұстаздардың болғаны қандай жақсы. Мен осындай адамдардан үйренуім керек.  Ал, менің бойымдағы досқа, іске деген адалдық, өтірікке төзбеушілік, әділдік қайда кеткен? Қорқақтардың қатарына қашан, қай уақытта қосылғанмын? Досым мені кешірер, мен өзімді кешіре аламын ба, ақтай аламын ба? Түк болмағандай жүре беру  тиімді ме? Содан бері ішкі дүниемді бір  мазасыздық кеулеп кеткендей. Мұғалім қандай  болса,  мектебі һәм сондай болмақшы (А.Байтұрсынов). Мектептеріміздің ішкі болмысының олпы-солпы болып тұратындығы  да өзімізден-ау, осы!

Қоғамға, адамдарға өкпелі мұғалім бала тәрбиелей ала ма?

Алдыма орынбасарым кірді. Қолында қағаз. Түрі әлем-тапырақ. Мектепте күн­де ойламаған, оқыс оқиғалар болып жата­тындықтан, сондайлардың кезекті бірі шығар деп аса үрікпей, бір деммен оқып шықтым. Мұндай-мұндайға етім өліп кеткен бе, қалыпты жағдайдай қабылдай салдым. 9-сынып оқушысы математикадан «3» алғаны үшін мұғалімді  маскүнемдердің аузынан әзер шығатын үш әріпті сөзбен сыбап салған.  Мен оқушы қызды, сынып жетекшісін, математика мұғалімін, тәрбие істері жөніндегі орынбасарды, мектеп психологын шақырып, әңгіме бастадым. Ата-анасының да хабардар болуын қалап,  оларды шақырттым.  Мұғалім-68-де, 43 жыл ұстаз болған адам. Жас жағынан алғанда оқушының әжесі, қызметі бойынша – мұғалім, тәжірибелі, бұл жастағы балалардың мінез ерекшелігін жақсы біледі, өз немересі 11-сыныпта оқиды. Оқушы қызға неге «3» қойғанын байыппен түсіндірді. Оқушы қыз – 15 жаста.  Сырттай қарасаң сабырлы. Қыздан:
– Неге олай дедің? – деп сұрағанымда, ол;
– Думай головой, а не ушами. Уши, как локаторы, — деген сөз ашуымды келтірді, — дегенді көзіме тесірейе қарап, ашуланбай, ызаланбай, жайбарақат жеткізді. 
– Енді, көзіңді жұмып өз әжеңді, мамаңды біреулердің осылай балағаттағанын елес­тетші, – дедім.
– Менің мамама ешкім олай дей алмайды. Екі ағам да қаржы полициясында істейді. Көрсетеді, -деді.
Ашуым тығыны жоқ бөтелкеге құйыл­ғандай алқым тұсыма лақылдап келіп-ақ қалды. Ішімді мың бір пәле түрткіледі. Булығып қалғанымды оқушыға біл­дірмеуге тырыстым. Оқушыға ті­лімнің, ойымның жеткенінше осы қылы­ғының дұрыс еместігін түсіндіріп ем, оқушы мұғалімнен кешірім сұрап, бітімгершілікпен тарасқандай болдық. 
Аз шамадан соң телефон шылдырлады. Қыздың шешесі екен.  Аузынан шыққан сөздері пулеметтен атылған оқтай. Мені тыңдайын деген құлқы жоқ. Кәрі қақпас, ұлтшыл, балалармен жұмыс істей алмайды деп бір қойды. Суицид осындайлардың кесірінен деді де, сәл ғана үзіліс жасап,  тексеріс оғын (контрольный выстрел) жіберді. Қызымның ашуын қоздырғаны үшін сотқа арыз беремін деп, сәл үнсіз қалды.  Менің эмоциямды байқап көрмекші.  Мен де осы сәтті пайдаланып: «өз-өзіңізге келіп, үйге барғанда қызыңызбен  сөйлесіңіз, мүмкін сонда бұл ситуацияға басқа  тұсынан келерсіз» – дедім. Әңгіме барысында қыздың  мамасы прокуратурада, туыстары мен достары органда  істейтінін, қаласа мектепті де, онда істейтін 80 мұғалімді де жоқ қылып жіберуге шамалары  келетінін жеткізді. 47 жыл тарихы бар мектеп те,  ондағы мұғалімдер де дүмі күштінің құрбаны болып  кеткелі тұр. Әңгімеміздің онша жараса қоймайтынын  білсем де мен оған ертең мектепке келіңіз дедім. 
Ертесі мектепке атасы келді. Қар­сы алдымдағы орындықта аяғын айқас­тырып отыр. Табанын дәл менің  бетіме бағыттап қойды. Өзінің айтуынша зиялы отбасының басшысы. Кеше кешкісін үйлерінде мектептегі жағдайды ақылдасыпты. Қорытындыны былайша шығарыпты: қыздың ешқандай кінәсі жоқ, сол кезде қан қысымы көтерілген. Екін­шіден, мұғалім осы уақытқа дейін ондай сөз естімеген ба екен, жүрегі жарылардай» – деді.  Мұғалім «зиялы» отбасы басшысының сөзін үнсіз тың­дады, жауап та  бермеді, артық-ауыз сөз де қыстырмады. Мен үнсіз отырған мұғалім жаққа қарай алмадым.  Оның жан қиналысы, реніші, зая кеткен еңбегіне деген өкініші ақырындап маған беріліп жатқан секілді.  Енді, ол кісі кеше телефонда менің «қалай болғанда да мен мұғалімді қорғаймын» деген сөзіме үйдегі заңгер ұлдарының қарқылдап күлгенін жеткізді.  Миығында мысқыл бар.  Мен әңгіме ауанының  бұлай бұрылғанына дайын болмай шықтым. Ата-ананың  алдында мультфильм кейіпкеріне айналдым да, қалай болғанда да оны  сырт көзге байқатпауға тырыстым. Өзімді өзім қолға алып: «Мен мұғалімді оқушыдан емес, тәрбиесіздіктен, өзімбілермендіктен, дөрекіліктен, көргенсіздіктен қорғай­мын» дедім. Сөзім аяқталмай жатып қыздың шешесі телефон соғып, біздің мектепті бақылауында ұстайтындығын айтты. Әкесі риза кейіппен күлді. Мен қорланып қалдым. Қоғамның, ата-ананың, оқушының мұғалімге деген көзқарасы неліктен өз­герген? Бүгінгі мұғалім оқушыға ес­керту жасай алмайды, білім деңгейін әділ бағалауға жалтақтайды. Суицид деген пәледен қорыққан  ұстаз «сенікі дұрыс емес» деп айтудан қалды. 
Шамасы, байлық білім мен өнерге келіп қонбайынша мектеп алтын ордаға айналмайтын шығар, осы!

«Өзімнің мініме құлағым керең, кісінің мінін қырынан көреміннің», – кебі емес пе?

Күн сайын жақсылығымен де, жаман­дығымен де таңқалдыратын мына заманда  біз мұғалімдер өз бет-бейнемізді, мәртебемізді,  адалдығымыз бен әділді­гімізді сақтап  қала  аламыз ба? Кінәмізді ашық мойындай аламыз ба? «маған құрғақ ақыл айтсаң – ұмытамын, көр­сет­сең есімде сақтаймын, ал, өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң үй­ренемін» де­ген данышпандық сөзді басшылыққа ала қой­майтын секілдіміз. 
Баласы 10-сыныпта оқитын бір туысым­ның айтқан әңгімесі есіме түсті. Олар отбасымен жол апатына ұрынып, 5-6 адам қайтыс болып, аман қалғандары бірнеше операцияға түсіп, қиын сәттерді бастарынан өткерген. Бала өмір мен өлім арасындағы трагедияның ішінде болған. Әрине, мұн­дайда сабақ түгіл, бас қайғыңды жеңудің өзі қиын. Сол балаға мектеп директорының: «өлгендермен бірге өлгенің дұрыс еді» деп ұрысқанын естіген оқушының, ата-ананың, айналасындағылардың ендігі жерде жүрегі жіби ме? Бізге не болған? Жүрексіздік пен мейірімсіздік бізді қалай, қашан жаулап алған? Біз неге жастарды өсірудің орнына өшіретін болдық? Мектепке келген баланың жазу дәптеріндегі әр түзету, сабақ айтқандағы қателескені үшін айыптау, бір рет тәртіп бұзса, қыр соңынан қалмай, қайта-қайта, «бетіне салық, көжесіне қатық» етіп құлақ етін жеп қою мектеппен қоштасар шақта оны мектепті, мұғалімді жек көріп, көргісі келмейтіндей халге жеткізеді. Ойы тұйықталады. Шығармашылығы, таланты өледі. Оған психологтар мынандай мысал келтіреді. Кәдімгі кеңселік қыстырғышты қолданудың қанша жолы болуы мүмкін. Ақыл-ойы  жетік адамдар 200 жолын ұсынады екен. Бұл экспериментке балабақша  жасындағы 1500 бала қатыстырылыпты. Олар  өте жоғары қабылеттерін байқатқан. Араға уақыт салып, қайтадан сол балаларға тәжірибені қайталаған. Сол балалардың енді тең жартысы ғана тапсырманы ойдағыдай орындаған. Бірнеше жылдан кейін тағы қайталаған.  Сонда олардың арасындағы 3-4 бала ғана дараланған. Бұл не? Қатаң ескертулердің шегінен шығып кетпесем деген қорқыныштың салдары дер едім.
Мектептегі сабақ пен тәрбие скрипка аспабы секілді. Онымен жай дыбыс гаммаларын ойнауға да болады. Паганинше саусақ ұшын сымға жеңіл  тигізіп, одан ғажайып үн шығаруға да болады.  Біздің көбіміз жай ойнаушылармыз ғой. Құсайын Айтқалиев, Құмаш Нұрғалиев, Рафиқа Нұртазина, Қанипа Бітібаева секілді қоғамның әділ кезіндегі педагогиканың алыптарын сағынасың. 
Кезінде Ы. Алтынсарин  Н.И. Ильмин­скийге жолдаған хатында өз көңілінен шыққан  мұғалімі А. Мозохин туралы «…Сіздің арқаңызда Құдай маған өз ойым­дағыдай бір жақсы оқытушы бергенін мен өзіме үлкен бақыт санаймын. Мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегінің бәрінен де қымбат көремін» деп жазыпты. Біздің оқушыларымыз осы сарындас пікір білдіре алар ма екен?!

«Мектепке жол» акциясы

Бүгін Бутан корольдігіндегі мектептердің  тәжірибесі туралы кино көрдім.  Мұндағы білім саласының басты мақсаты – бақытты ұрпақ қалыптастыру. Бутандық мұғалімдер бақытты балалар ғана адамгершіл қоғамда түрлі ұлттар, түрлі дін мен әр алуан көзқарас­тардың арасында  өздерін еркін сезіне алады деп есептейді. Балалардың рухани дамуына ерекше көңіл бөледі. Алдымен ішкі жан-дүниенің тазалығы, адамдық қасиеттер бағаланады, содан кейін барып  білімге көңіл  бөлінетін көрінеді. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» (әл-Фараби) деген ұстаным-ау, шамасы. Ал, біздегі басты планка – ҰБТ қорытындысы, білім парадигмасы. 
Кения мен Нигерияда алыс ауыл­дағылар сабаққа кешікпеуі үшін аса мұқтаж отбасыларының  балаларына мектеп велосипед алып береді екен. Оқушылардың оқуға аса  бір қуанышпен келетіні байқалады. Біреуі оқуға ынталы, екіншілері  достарымен жарысқандарына мәз,  үшіншісінің кешікпей келуіне мүмкіндік туып отыр. 
Бізде де «Мектепке жол» деген акция бар.  Жар-р-на-а-ма-лық сипатта.

Мектеп тауар өндіретін зауыт емес

Соңғы қоңырауда мектеп  бітірушілер ғана емес,  бұрынғы түлектер мен ата-аналардың  көп жиналғанын қалаймын. Солардың тілектерін, ұсыныстарына көбірек көңіл бөлемін. Олардың әңгімелерінен  өткен оқу жылдарындағы өзім жіберіп алған кемшіліктерді, назар аудара қоймаған жағдайлардың қандай маңызды екендігін ұғамын.  Бұрындары талапқа, тәртіпке қатаң бағынуды қадағалайтынмын. Қазір оқушыларға көп еркіндік  беремін. Жиналыс сайын  оқу озаттарын, үздіктерді, үлгермеушілерді санамалап,  нағыз статист секілді есеп беретінмін.  Біздің жұмысымыздағы маңызды нәрсе осы деп ойлайтынмын. Сөзімді ресмилендіріп, екі иығымды тіктеп директордың образына кіретінмін. Бұл жолы бір жыл ішінде оқушылар мен мұғалімдердің аман болғандығын  үлкен жетістік ретінде атап өттім. Содан кейін түлектерге ҰБТ бәрін шешетін  өмірдің емтиханы еместігін айттым. 
Кейін менің әріптестерім ереже шегінен шығып кеткенімді ескертті, ренжіді. Өзім іштей қуандым, мен сәл де болса мектептің  тауар өндіретін зауыт не фабрика еместігін түсінгенмін ғой. 
Бірақ, менің әлі өзіме өзім қойған сұрақ­тардың жауабын таба алмай қинала­тыным бар. Олар:
1. Мектеп  оқушыларының қатысатын ғылыми жобасы, олимпиадасы қызу  саудаға айналып кетуі. ҰБТ-дан қорқатын қалталы ата-аналар мен олардың балалары үшін жасалған айла секілді.  Мұны Білім министрі біледі, мүмкін оған да тиімді шығар. Бірақ, тіптен шектен шығып бара  жатыр ғой. 
2. Желтоқсан көтерлісі. Мектептегі сынып­тан тыс іс-шаралардың бағдарла­масына енді ғана еніп отыр. Онда да Алматы қаласы әкімінің орынбасары З.Ж. Аманжолованың еңбегінің арқасында-ау, шамасы. Қала мектептерінің бірен-саранында ғана Тәуелсіздік күні атап өтілуші еді, қалғандары Жаңа жылдың қарбаласына кірісетін. 
Енді, арнайы Бұйрық бар. Жақсы.  Мектепте шама-шарқымызша бұл істі атқарғанымызбен ЖОО-на барған оқушы­ла­рымыз желтоқсанның 10-нан бас­тап ауыл-ауылдарына, үйді-үйлеріне тарап кетеді. Таратып  жібереді. Ұмыттыруға тырысады. Студенттер: «Желтоқсан көтерлісін ұйымдастырған адаммен кездесу өткізейік» деп өтініш айтады деп қорқа ма екен? Кім білсін…

Ділдәр Мамырбаева,
журналист

“Ақиқат” журналы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА