22.11.2024

2015-ҰБТ, қай облыс ең алда?

 Жалпы қорытынды:

  • Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. 2-8 маусым аралығында өткізілген ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 79,4 болды, бұл 2014 жылмен (76,9) салыстырғанда 2,5%-ға жоғары, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.
  • Сондай-ақ осы жылы 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар саны 2,4 %-ға өсті, олар 14 420 (17,4 %) болды, 2014 жылы – 13 137 (15%). 50 балдық шекті деңгейлік баллды жинаған түлектер саны 4,5%-ға көбейді, яғни 67 497 оқушы (81,4%), ал 2014 жылы олардың саны 67 357 (76,9%) болды.
  • Биылғы жылы толық 125 балды оқушы алды:
  • Ердосова Гульназ Жандоскызы- Тараз қаласының №45 қазақ классикалық гимназиясының түлегі;
  • Мустафина Риана Еркінқызы- Астана қ. №59 мектеп-лицейі;
  • Самат Сымбат Куанышқызы- БҚО Теректі ауданың «Үміт» лингвистика гимназиясының түлегі;
  • Лаура Абдазимова-ОҚО Түлкібас ауданының үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі;
  • Яковлева Анастасия Владимировна- Алматы қ. №90 лицейі. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы толық балды жалпы 4 түлек жинаған еді.

Астана қаласы

Астана қаласының 99 түлегі тестілеуді сәтті тапсырып, «Алтын белгі» иегері атанды.

Биыл Астана қаласында ҰБТ-ға 3399 мектеп бітіруші қатысты.  

Атап өтейік, Астана қаласының №59 орта мектебінің түлегі Риана Мұстафина ең жоғарғы 125 баллды жинады. Ал №10 және №70 орта мектептерінің екі түлегі 124 баллдан алды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің Астана қаласы бойынша орташа көрсеткіші 86,26 баллды құрады.

Еске сала кетейік, ҰБТ Қазақстанда осымен 12-ші рет өткізіліп отыр. Тестілеу таңдау пәнін қоса алғанда, 5 пән бойынша тапсырылды, сондай-ақ 3,5 астрономиялық сағатқа жалғасты. Биыл аттестатқа ҰБТ шеңберінде тапсырылған жалпы білім беру пәндері бойынша жылдық бағаны есептей келе, орташа арифметикалық баға қойылады.

Бұдан бөлек, тестілеу нәтижелері Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланды, сайттағы нәтижені оқушының жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы білуге болады.

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысында биыл мектеп бітірген 4581 түлектің 3116-сы немесе 68,02 пайызы ҰБТ сынағын тапсырды.

Облыстық білім басқармасынан түскен алдын ала мәліметке қарағанда, шәкірттердің орташа балы – 83,62. Өткен жылы бұл көрсеткіш 81,25 балл болған еді. «Алтын белгіден» үміткер 235 түлектің 118-і немесе 50,21 пайызы, үздік аттестаттан дәмелі 98 шәкірттің 32-сі (32,7 пайыз) өз білімдерін дәлелдеп шықты.

Өңір бойынша облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлектері орташа 118,5 балл жинап, үздік нәтижеге қол жеткізді. Теректі ауданындағы «Үміт» тілдер гимназиясы – 117,8, Орал қаласынан қазақ-түрік лицейі – 113,8, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернат кешені орташа 105,4 балды еншіледі.

Аудандар арасынан Теректі (91,03 балл), Бөрлі (89,23), Тасқала (87,82) алғашқы үштікке ілікті.

Еске сала кетейік, «Үміт» тілдер гимназиясының түлегі Сымбат Самат ең жоғары 125 балл жинады әрі «Алтын белгісін» қорғап шықты.

Павлодар облысы

Павлодар облысы бойынша 2015 жылғы ҰБТ-ның 4 маусым күніне қорытындысы шығарылды, – деп хабарланған Павлодар облысының білім беру басқармасының сайтында. 

Ұлттық тестілеу орталығы бекіткен Павлодар облысында ҰБТ-ны өткізу кестесіне сәйкес 2 және 4 маусымда тестілеу 10 ҰБТ өткізу пунктерінде өткізілді.

Облыстағы мектеп бітірушілердің жалпы саны – 3768, оның 2608-і (69,2 %) ҰБТ-ға қатысты. 98 мектеп бітіруші халықаралық сайыстардың жүлдегерлері мен қатысушылары ретінде ҰБТ-дан босатылды. Облыс бойынша тестілеудің орташа балы 80,2 құрайды (2014 жылдың орташа балы – 79,85). 503 мектеп бітіруші 100 баллдан жоғары нәтиже көрсетті (19,3%). 

Ең жоғарғы орташа балл Павлодар қаласының «Жас дарын» мамандандырылған мектебіне тиесілі – 108,52 балл. Сонымен қатар жоғары балл жинаған мектептер қатарына дарынды қыз балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейі – 106,83, көп салалы лицей-интернаты – 104,47, Павлодар қаласының №3 гимназиясы – 101,84, дарынды ер балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейі (98,45 балл) жатады. Қалалар арасында ең жоғарғы нәтиже Ақсу қаласында – 84,94 балл, аудандар арасында Май ауданында – 82,93 балл.

Ең үздік нәтиже – дарынды қыз балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінің түлегі Жансая Райымова 124 баллға қол жеткізді. Май ауданының Қазақстандық ЖОМ-нің түлегі Сағидолла Сәкенов 123 баллға ие болды. «Жас дарын» мектебінің түлегі Әдия Сәбит, Лебяжі ауданының Абай атындағы орта мектебінің Кәмила Беркімбаева мен дарынды қыз балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінің түлегі Айдана Құсманғазинова – 122 балл, жеті түлек 121 баллдан жинады.

124 «Алтын белгі» аттестатына үміткердің 60-сы (48,4%) білімдерін растады. Сегіз үміткерге білімдерін растауға 1 баллдан жетпеді, 27-сі бір пәннен «4» деген бағаға ие болды. 64 үздік аттестатына үміткердің 19-ы (29,7%) білімдерін растады.

Барлық мәлімет апелляциясыз келтірілген. ҰБТ өткізу барысында мектеп бітірушілерімен ереже бұзу деректері тіркелген жоқ.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде 123 балл жинаған Павлодар облысының Май ауданындағы жалпы орта білім беру мектебінің түлегі Сағидолла Сәкен үздік нәтижеге қол жеткізіп қана қоймай, әкесін жұмысқа орналастырған.

«Сағидолла Сәкен үш жыл қатарынан орыс тілінен облыстық олимпиадаға қатысып жүрген болатын. Бірде ол: «Биыл мен қазақ тілінен жарысқа баратын боламын. Себебі ұстазым жоғары санатқа өтуі керек», деді. Шынымен де айтқанындай, бірінші орынды жеңіп алды. Білім жолына түскен шәкірт қыс бойы алдын ала тестілеуде 120 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Жуырда ол мектеп директорына келіп: «ҰБТ тапсыратын сәт те жақындап қалды. Ал маған сынақ кітапшаларын сатып алу керек», деп ата-анасының біреуін жұмысқа орналастыруды өтінген. Баланың өтінішін жерге қалдырмай, көмектесуді жөн көрдік. Әкесі күзетші болып жұмысқа орналасты. Сағидолла ҰБТ-да 125 ұпай алуға уәде бергенмен, 123 баллға қол жеткізді. Жоғары ұпайға орыс тілінен небәрі екі балл жетпей қалды. Алайда бұл біз үшін жақсы нәтиже. Сағидолла «Алтын белгісін» ақтап, ешбір конкурссыз кез келген жоғары оқу орнына түсуге жолдама алды», – дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Тұрсын Әлібекова. 

Жамбыл облысы      

Жамбыл облысында Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектердің жинаған орташа балы – 78,05, деп хабарлады облыстық білім басқармасынан. 

2014-2015 ж.ж. оқу жылының 8 879 түлегінің 6 мыңы (67 пайыз) ҰБТ тапсырды. Өткен жылы тестілеуге 72 пайыз мектеп бітіруші қатысқан. 

Биылғы жылы «Алтын белгіге» 235 мектеп бітіруші, ерекше аттестатқа – 68 түлек тілек білдіріп, 65 пайызға жуығы өз білімін дәлелдеп шықты. ҰБТ-ның бірінші күні 370 бітіруші 100 балдан көп алды. 

Тараздағы классикалық қазақ гимназиясының түлегі Гүлназ Ердосова бұл сынақта 125 балл жинады. 

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, ҰБТ-дан халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың қатысушылары ретінде 18 түлек босатылды, соның ішінде 14-і үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектептің тәрбиеленушілері. 

Жамбылдық үш түлек ҰБТ-дан өту ережелерін бұзғаны үшін емтиханнан шығарылды. Бұл жағдай Жуалы және Шу аудандарындағы мектептерде орын алды.

Атырау облысы

Атырау облысында 4 826 мектеп бітірушісінің ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге 3 527 адам қатысқан. ҰБТ-ның 50 балдық «табалдырығынан» түлектердің тек 49,7 пайызы аса алды.

«Тестілеуге қатысқандардың жинаған орташа балы – 61. «Алтын белгіге» үміткер болған 100 түлектің 25 ғана өз білімдерін дәлелдеп шығарды, ерекше аттестатқа үміткер болған 43 бітірушінің 8-і ғана алады. Өткен жылмен салыстырғанда, тестілеу ерекше бұзушылықтарсыз өтті. Ұялы телефондарды пайдаланғаны үшін алты түлектің ҰБТ қорытындылары жойылған. Бұл оқиғалардың барлығы қалада орын алды. Аудандарда бірде-бір бұзушылық анықталған жоқ», – деп хабарлады облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Дүйсекенова. 

Қарағанды облысы

Қарағанды облысында Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындылары бойынша орташа балл 79,65 болды, бұл сынақта «Алтын белгіге» үміткер болған мектеп бітірушілерінің жартысына жуығы өз білімдерін растады.

«Облыста ҰБТ 3-7 маусым күндері аралығында өткен. Биыл оған облыс бойынша жалпы алғанда 7 мың түлектің ішінен 5 мыңнан астамы қатысқан. Барлығы жақсы деңгейде, жақсы ұйымдастырумен өтіп, бұзушылықтар тіркелген жоқ. Бірде-бір түлек дәрісханадан шығарылған жоқ, ешқайсының да нәтижелері жойылған емес. ҰБТ қорытындылары бойынша орташа балл 79,65 болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 балға көп», – деп хабарлады бүгін брифинг барысында облыстық білім басқармасының жетекшісі Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, орташа балы бойынша Қарағанды облысы республикада алтыншы орында тұр.

«Алтын белгіге» келетін болсақ, өз білімдерін үміткерлердің 48 пайызы – 108 түлек растап шығарды. Биылғы жылы ҰБТ-да 750 оқушы тиісті балл ала алмады. Облыс бойынша ең төмен нәтиже – 27 балды Қарағандыдағы № 5 орта мектептің түлегі жинаған», – деп атап өтті білім басқармасының жетекшісі.

Облыста ең үздік көрсеткіш – 123 балды үш түлек: Никита Костливцев (Қарағанды қаласының № 2 лицейі), Меруерт Мұхташова (Жезқазған қаласының № 8 гимназиясы) және Аида Әлімбетова (Жезқазған қаласының № 22 орта мектебі) алды.

Дарынды балаларға арналған мектептердің арасында бірінші орынды «Дарын» мектебі алып тұр, мұндағы түлектер орташа алғанда 114,5 балл жинаған. Сондай-ақ 103 бал орташа көрсеткішке ие болған Қарағандының № 93 гимназиясы ерекшеленді.

«Жалпы алғанда ҰБТ қорытындыларына ризамыз», – деп атап өтті ведомствоның басшысы. 

Қызылорда облысы

Ұлттық бірыңғай тесттен биыл қызылордалықтар жақсы көрсеткіш көрсетті. Алдын ала нәтиже бойынша 81,8 балды құрап отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы аппарат мәжілісінде мәлімдеді.

Өткен жылы орташа көрсеткіш 74,2 балл болған. Биыл 7,6 пайызға жоғарылады. Аудандар арасында ең жоғары нәтижеге 83,5 балмен жалағаштықтар қол жеткізді. Мектептер арасында Қазақ-түрік қыздар лицейінің еншісінде. Аталған мектеп оқушыларының орташа көрсеткіші 109,9 балл. Ең жоғары 123 балды №202 орта мектептің оқушысы жинады. Алтын белгіге 231 оқушы үмітті болған болса, соның 136-сы өз білімдерін  дәлелдеді. Өткен жылы екілік бағаны 280 оқушы алса, биыл 109 оқушыны құрады.

«Бұл нәтиженің барлығы алдын ала есеп бойынша. Нақты қорытынды бір-екі күнде белгілі болады. Салыстырмалы түрде барлық көрсеткіш бойынша өткен жылдармен салыстырғанда жақсарған», – деді облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы. 

Облыс әкімі Қ.Көшербаев ҰБТ сәтті өтуіне атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта олар арнайы мадақтау қағазымен марапатталатынын жеткізді.

 Қостанай облысы

Бірыңғай ұлттық тестілеу барысында қостанайлық түлектерден 860-тан астам тыйым салынған заттар алынды. Бұл туралы Қостанай облысы білім саласын бақылау департаментінің бастығы Бәтима Дәуімова хабарлады.

Барлығы 492 мобильдік телефон, 371 шпаргалка, сондай-ақ бірнеше калькулятор мен фотоаппараттар табылды.

ҰБТ-ға 2 676 түлек қатысқанын ескерсек, әрбір үшінші оқушы заңсыздыққа жол берген. 

Өңірде ағымдағы жылы 4 397 оқушы мектеп бітірді, оның жартысынан көбі (60 пайыздан астамы) ҰБТ тапсыруға қатысты. 

Б.Дәуімова тестілеудің қорытынды нәтижелері әлі шықпағанына қарамастан, орташа балл 78 пайыздан асатыны белгілі екенін мәлім етті. Білім сапасы 41 пайыздан жоғары. Ең жоғарғы көрсеткішке – 124 баллға Қостанай мектеп-гимназиясының оқушысы Динара Айсина ие болды.

Ақтөбе облысы

 Бұл ретте облыс бойынша ең жоғарғы балл 124 болды. 

Биылғы жылы өңірде Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыру үш ағында өтті. 8 маусым күні кешке оның қорытындысы шығарылды. ҰБТ-2015 сынына облыстың 4000-нан астам түлегі қатысты.

Үш мектеп түлегі 124 баллдан алды, олар: Рахила Тулина (Хромтау ауданы №2 мектеп-гимназиясы), Назкен Үмбетова (Ақтөбе қ. Благодарное ауылдық округінің мектебі) және Айдана Тәңірберген (Алға ауданы Бестамақ мектебі).

«Нәтижелері күткендегідей болды. Жоғары балл алған оқушылар санының арта түскені, оның ішінде ауыл балаларының болғаны ерекше қуантады», – деп хабарлады облыстық білім беру басқармасының басшысы Жанат Самұратова.

«Алтын белгіге» үміткер 340 түлектің 153-і өз білімдерін растады. Отыз түлекке «Алтын белгіні» алу үшін тек бір баллдан жетпей қалды. 
Шекті межені 741 түлек еңсере алмады, осы жылы түлектердің бірі көрсеткен ең төменгі нәтиже 18 баллды құрады.

Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа баллы 82,68 құрады. 2014 жылы орташа балл – 84 болған еді.

Оңтүстік Қазақстан облысы

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов ҰБТ-да 125 балл жинаған Төле би ауданындағы орта мектептің түлегіне 500 мың теңгелік сертификат табыс етті.

Лаура Әбдазимова облыста 125 балл алған жалғыз түлек. Ол ақшаны   ысырап қылмай, қосымша білім алуға жұмсайтынын айтты.

 «Алтын белгі» табыстау салтанатты рәсіміне 608 оңтүстікқазақстандық түлек жиналды. Олардың барлығы үздік білімдерін растағандар, бастапқыда  үміткерлер саны 1084 болған. «Сендер біздің болашағымызсыңдар. Біз дұрыс бағытты таңдадық. Барлығымыздың түпкі мақсатымыз – Қазақстанның келешегінің зор болуы. Баршаңа табыс, сәттілік, жарқын болашақ тілеймін», – деді А. Мырзахметов.

Осы жылы ҰБТ ОҚО үшін табысты өтті, – деп атап өтті облыстық білім беру басқармасынан. Облыста орташа балл 78,9-ды құрады. Оның ішінде Кентау қаласының түлектері ерекше көрінді, олардың орташа балы – 99,1. Екінші орында Созақ, олардың орташа балы – 86, үшінші орында Түркістан түлектері, олар орташа 85 балл жинады. Шымкентте орташа балл 81,8-ді көрсетті, ал ең төмен көрсеткіш (орташа балл – 70,4 және тиісінше 67,1) Сарыағаш, Сайрам аудандарында тіркелді.

Салтанатты рәсімде Мақтаарал ауданының Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының еңбегі атап өтілді. Олардың барлық 35 үміткері үздік білімдерін растады. Мектеп директоры, бес әріптесі мен үздік нәтиже көрсеткен түлектер облыс әкімінің құрмет грамоталарын алды.

Мәліметтерді жинақтап даярлаған: Ахметжан Аятжан.

Мәліметтер ұлттық тестілеу орталығынан жане ҚазАқпарат мәліметтерінен алынды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА