22.11.2024

Өмір Шыныбекұлы. Зиялы болсаң, халқыңды ұлша тәрбиеле!

«Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар»….

Өткен түні шақырған жерге кештеу барыппын…
Алдындағы етті тауысып, сорпаны сораптаған елдің назары лепіріп сөйлеп отырған пайғамбар жасына жетіп қалған кісіде…
– Дүниеде қазақтан оңбаған, іштар, қызғаншақ халық жоқ! 1937жылы өзбектен пәлен, тәжіктен түген, қырғыздан оншақты ғана адам ұсталыпты. 
Ал қазақтан 25 000 адам ұсталған. Қазақ өзі ұстап берген! Ойпырмай, ішімізге шынашақ айналмайды-ау, айналмайды… 
Мысалы, мен аудандық газетке 4 мақала жаздым. Кездескеннің бәрі өзің жаздың ба? – деп сұрайды. 
– Жоқ, ақша беріп біреулерге жаздырдым-десем, «Бәсе» – деп, кәдімгідей қуанып қалады. 
Құдды бір, мен жаза алмайтындай…
Қазақтың дастарханында, ылғи қазақтардың арасында, қазақтың ұлттық тағамы – асқан етке тойып алып қазақтың өзін жерге тығып отырған пысықайға жыным келсе болады ма…
– Байеке, сіз бақытты екенсіз! Сіздің жазғандарыңызды оқитын ел бар екен. 
… Таласбек Әсемқұлов деген бір ұлы қазақ өткен дүниеден! Өткен жылы қайтыс болды! Сол кісінің «Оқығам жоқ» атты керемет мақаласы бар. Қазіргі зиялы қауым бірін бірі оқуды қойыпты. Ал, сіздің жазғандарыңызды оқиды екен! – деп тоқтаттым. 
Мынау қайдан шыққан пәле дегендей алара қарап алды да, мамандығымды сұрады. 
– Мектепте тарих пәнінің мұғалімімін. Сәтін салып, кезінде қазақ жерін зерттеген көптеген саяхатшылар мен ғалымдардың жолжазбалары мен зерттеу еңбектерін оқып едім. Солардың барлығы қазақ халқына өте жоғары баға береді. Тіпті, әлгінде сіз санамалаған халықтарды атап тұрып, қазақтардың даму жағынан солардың бәрінен бір саты жоғары тұрғанын айтады. 
– Тарихшы болсаңыз, сізге бір сұрақ. Қазір елдің бәрі қазақты денесі бар, басы жоқ Кенесарыға теңейді. Кенесарының басы табылады ма, жоқ па?-деді.
–  Меніңше, Кенесарының басы табыла қоюы қиын. Ол басты орекеңдер әлдеқашан құртып жіберген болуы мүмкін. Егер, ол бас болса, Брежневпен тонның ішкі бауындай жақын араласқан Димаш ақсақал, елге алып келмесе де, тұрған жерін анықтап кетер еді-деп өз ойымды білдірдім.
– -Онда тағы бір сұрақ. Сіз ошны, әлде заошны оқыдыңыз?
– Заошны!
– Мен онсызда біліп отырмын ғой! Қазіргі білгіштердің бәрі, мынау сіз секілді заошны оқыған! – деп көкіректі керіп тастап, маған қарай сұқ саусағын шошайтты.
Жағдайдың шиеленісіп бара жатқанын байқаған үлкендер –Жарайды! Доғарайық, тарихтың түбіне жеткен ешкім жоқ!- деп тоқтау айтқан соң, мен әлгі «шабуылын» жауапсыз қалдырдым да, бетімді сипап орнымнан тұрып, сыртқа беттедім.
– Сіз алысқа ұзамаңыз! Мен сізге 1 сағат уақытымды қияйын! Екеуміз тарих туралы әңгімелесейік! – деген соң, амалсыз бұрылдым.
Көзіне тіке қарап, өзі секілді сұқ саусағымды шошайтып –Ел ағасы болар жасқа жетіпсіз! Балаңызды сүмелек-сүмелек дей берсеңіз, балаңыз сүмелек болары анық! Қазақтың нанын жеп, суын ішіп отырып, қазақты жерге тыққан адаммен менің сөйлесер сөзім жоқ!-деп шығып кеттім..
Артымнан ілесе шыққан бір ағамыз – Ұят болды ғой, беделді кісіге сонша қатты сөйлеп-деп ренжіп жатыр.
– Көке беделді деген кісіңізде астамшылдық ұрып тұр ғой. Дастарханды сыйлай білмейтін адамдымен неге сыйлауым керек? Бүтіндей халықты жамандайтын ол кім өзі соншама?
– О, ол үлкен кісі! Зиялы адам! 25 жыл милиция болды. 8 жыл мектепте директор болды. Соңғы жылдары Ордабасы, Сайрам аудандарында білім бөлімін басқарды…
…. Өкінішке қарай, біздің кейбір ағайындар үшін зиялылықтың белгісі – басшы болу екен..
Айналайын зиялылар! 
Қазақты жамандауды доғарыңдаршы!
Кімсіңдер соншалықты, бүтіндей бір ұлтқа баға беретіндей?
«Ұлыңды құлша тәрбиелесең құл болады! Ұлша тәрбиелесең ұл болады!»….
Зиялы болсаң, халқыңды ұлша тәрбиеле!

855Жазба автордың фб әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алыны.

Өмір Шыныбекұлы – Шымкент қаласы А.С.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз, 1-деңгейлі курс сертификатының иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА