22.11.2024

Аслан СӘРІНЖІПОВ: Мектепті әкімшіліктен бөлуге әлі ерте

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов министрліктің тізгінін қолға алғалы бері дау-дамайдан арылған жоқ. Жалпы, дәл осы саланы басқару екінің бірінің қолынан келмейді. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері білім саласын басқарғандардың саны сегізге жетіпті. Жуырда көкейде жүрген бірмұнша сауалды министрдің өзіне қойған болатынбыз. Сұхбат ҰБТ, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс, мектептегі қағазбастылық мәселесі туралы өрбіді. Қоғамда айрықша дүмпу тудырған, мұғалімдердің мұңын барша жұртшылыққа жайып салған мектеп тәлімгері Айман Сағидуллаеваның мәлімдемесі жайлы да Басұстаз өз пікірін білдірді.

 – Аслан Бәкенұлы, елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. 2-8 маусым аралығында өткізілген ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 79,4 болып, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайыз жоғары нәтиже тіркелді. Қазір министрлік, облыс және аудан әкімдерінің жұмыстарын ҰБТ нәтижесімен өлшейтін болдық. Бұл дұрыс па?

– Әуелі өзіңіз айтқан биылғы ҰБТ нәтижелеріне кеңірек тоқтала кетсек, артық болмас. 2015 жылы мектепті 124 346 бала, оның 84 248-і қазақ тілінде, 40 098-і орыс тілінде бітірді. 2015 жылы ҰБТ-ның орташа балы 2,6 балға көтерілді және 79,5-ті құрайды (2014 жылы – 76,9).

ҰБТ енгізілгеннен бері алғаш рет қазақ (79,2) және орыс (80,3) тілінде оқитын бітірушілердің  нәтижелері теңесті, бұл қазақ мектептерінде дайындық сапасының жоғарылағанын білдіреді. Қазақ тілінде емтихан тапсыратындар санының жыл сайын артуы да көңілімізге медет. Мемлекеттік тіл балабақшадан, мектептен бастап дамуы керек. Жоғарыдағы көрсеткіштерге зер салсаңыз, қазақ мектептерін тәмамдайтындардың үлес салмағы екі есе жоғары екенін байқайсыз.

«Алтын белгі» белгісін растағандардың саны артты, 4 397 үміткер, яғни жалпы ұсыныстың 44,5% өз білім деңгейін қорғап қалды.

Биылғы жылы 5 бітіруші ең жоғары 125 балл жинады, 100 балдан жоғары 17,4 %-ы жинады, бұл 2014 жылға қарағанда 2,4 %-ға артты.

Республикамыздың жоғары оқу орындарына түсу үшін  50 балл шекті деңгейден өткендер саны 5%-ға өсті, 2014 жылы 77%, 2015 жылы 82%.

Ағымдағы жылы ҰБТ өткізуде бақылау күшейді. Сонымен қатар, былтырғы жылмен салыстырғанда тәртіп бұзушылықтарды анықтау 3,3%-ға артты.

2015 жылдың оң статистикасы осы жылы жүзеге асырылған, жетілдірілген жүйенің ықпалынан ғой деп ойлаймын.

Осы жылдан бастап аттестатқа ҰБТ мен пән және жылдық бағаның қорытындысы бойынша орташа арифметикалық баға қойылады (бұрын аттестатқа ҰБТ бағасы ғана тіркелетін). Аталған жаңалық оқушының жылдар бойы оқыған еңбегі мен мектептің жұмысын әділ бағалауға негізделген. Қорытынды аттестаттаудағы мұндай тәсілді ата-аналар, педагогтар мен оқушылар оң бағалады.

Ара қашықтығы мектептен тапсыру пунктіне дейін 150 км-ден асатын аудандарда ҰБТ тапсыратын қосымша 10 пункт ашылды. Бұл алыс ауылдағы бітірушілерінің ҰБТ-ны тапсыруға кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік жасады.

Одан басқа, халықты ҰБТ-ның нәтижесі туралы ақпараттандыру үшін ақпараттық технологиялар қолданылды. Барлық нәтижелер онлайн режимде Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қолжетімді болды. Бұл бітірушілердің ақпаратты ашық та ыңғайлы жағдайда алуына мүмкіндік берді. ҰБТ кезінде сайтқа кіру үшін 310 мың адам тіркелді, бұл тестілеу өткізу пункттерінде қорытындыларды жариялау кезіндегі дүрлікпені едәуір азайтты.

2015 жылы Министрлік ҰБТ-ға өңірлерді даярлау сапасын бағалаудың жаңа тәсілін қолданды. Егер, бұрын тек орташа балл ғана есепке алынса, биылғы жылы үш коэффициентке кіретін ҰБТ-ның құрамдауыш индексі жасалды: қатысу коэффициенті; бұзушылық коффициенті және орташа балл коэффициенті. Бұл өңірлердің білім саласына қалай көңіл бөлетінін анықтаудың әділ жолы ғой деген ойдамыз. 2015 жылдың ҰБТ индексі бойынша Астана қатысу пайызының жоғары болуы есебінен бірінші орынға шықты.

Жалпы 2015 жылғы ҰБТ жоғары ұйымдасқан деңгейде өтті. Министрлік қолданған ҰБТ жүйесін жетілдіру жөніндегі шараны халық оң қабылдады.

11111– Жуырда Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектептің мұғалімі Айман Сағидуллаева әлеуметтік желі арқылы мұғалімдердің көкейінде жүрген мәселені ашып жазып, көпшіліктің назарын аударды. Бұл іске өзіңіз де араласып, мұғалім мен әкімшіліктің арасындағы мәселінің оң бағытта шешілуіне ықпал еттіңіз. Қалай ойлайсыз, алдағы уақытта жергілікті жердегі білім басқармаларын жеке дара құрылым етіп құрып, мұғалімдерді әкімдікке бағынушылықтан құтқаруға бола ма?

– Алматы облысының әкімдігінің ақпаратына сәйкес Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылында көктемдегі көгалдандыру айлығының жұмыстарына  байланысты  сенбіліктер ұйымдастырылған. Сенбілік кезінде оқу үрдісі сабақ кестесіне сәйкес жүргізілген. Оқу-тәрбие үрдісіне кедергі жасалмаған. Сенбілікке мектеп мұғалімдері сабақтан бос уақыттарында өз еріктерімен қатысқан.

Газет, журнал беттері мен сайттарда жарық көрген мақалалар бойынша  аудан әкімі А.Дәуренбаевтың қатысуымен Жаңатұрмыс орта мектеп ұжымы және аудандағы мектеп директорларымен жиналыс өткізіліп, мақаладағы деректер толық талқыланды.

Жаңатұрмыс орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сағидуллаева Айманды жұмыстан заңсыз шығару фактісі расталмады. Мектеп директорының 2015 жылғы 29 сәуірдегі бұйрығына сәйкес ол 1 маусымнан бастап кезекті еңбек демалысында.

Аудан әкімі барлық ауылдық әкімдеріне мектеп мұғалімдерін оқу үрдісіне кедергі келтіретін қоғамдық іс-шараларға тартуға тыйым салып, мұндай құқық бұзушылықтарға жол берілген жағдайда заңға сәйкес шара көретіні туралы қатаң ескертті.

Аталмыш мәселе облыс әкімдігі мен білім басқармасының тұрақты бақылауында.

Сонымен қатар, қазіргі кездегі Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес білім беру ұйымдарының қызметі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Білім саласын жеке дара құрылым етіп, әкімшіліктен босату туралы әл әзір ештеңе айтуға келмейді. Бәрін уақыт көрсетеді. Ол үшін мемлекеттік деңгейде арнайы жоспар-жоба, нақты шешімдер керек.

– Қазір білім ошақтарын тексеретін мекемелер көп. Өрт қауіпсіздігі, СЭС, Қаржылық бақылау комитеті… Жалпы, тексерулер мектептегі жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Жергілікті жердегі бюджетті жоспарлау бөлімдері әр мектепке тиісті ақшасын жоспарлап, бөліп беретіні белгілі. Бұдан кейін Қаржылық бақылау комитетінің қызметкерлері келіп, тексеру жүргізіп, ұстаздар қауымына қырғидай тиетінін естиміз. Мектептер ақша табатын коммерциялық ұйым емес. Бір тиынына дейін есептелген қаржыға қайта-қайта тексерудің не қажеті бар. Осыған тоқтау салуға бола ма?

– Мемлекеттік бақылау «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңымен реттеледі. Мемлекеттік аттестаттау жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізіледі. Мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген мектептерге алты ай өткен соң анықталған бұзушылықтарды жою нысанына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нақты кемшіліктерді жойған-жоймағанын бақылайды..

Білім беру саласында заңнаманың сақталуын тексеру дәрежесі жоғары мектептерге қатысты немесе жеке және заңды тұлғалардың өтінімі бойынша жүргізіледі. Егер әлдебір заңды тұлға арызданса, онда заңға сай тексеру жүргізуге болады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңына сәйкес тексерудің оң нәтижелері үшін сыйақы ұсынатын және алатын тұлғалар жемқорлық құқық бұзушылығын жасайды және әкімшілік, тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тексеру кезінде мұғалімдерден ақша жинайды деген сөздің бар екені рас. Бірақ нақты арыз болмағандықтан, кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймыз. Меніңше, ұстаздар қауымы өзінің заңдық құқығын білсе және соны табанды түрде қорғай алса, ешқандай заңбұзушылық, жемқорлық болмас еді.

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті өз қызметінде сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау үшін аумақтық департаменттермен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Ел болғасын, түрлі жағдайлар болып тұрады. Арыз-шағымның да түр-түрі бар. Кейде түймедейді түйедей ғып көрсететін кезіміз де жоқ емес. Мектеп ішінде, ары кетсе аудандық деңгейде шешілетін мәселелерді бүкіл елге жария етуге құмар адамдар көп.

– Қазір балабақшаларға төлейтін ақы әртүрлі. Ауылда бір балаға 5 мың теңге болса, қалалы жерде оның құны 30 мың теңгеге дейін шарықтайды. Осыны бір ізге түсіруге бола ма?

– Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабына сәйкес балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту, сондай-ақ мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын, жан басына шаққандағы қаржыландыру және ата-ананың ақы төлеу мөлшерін бекiту білім беру саласындағы жергілікті өкілдік және атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Мұның бәрі жергілікті жердің жағдайына қарай шешілетін мәселе.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысының 14-тармағына сәйкес мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда баланы күтіп-бағу үшiн  ата-аналардан немесе заңды өкілдерден алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшерi баланың жасына қарамастан тамақтануға кететін шығынның 100 пайызын құрайды және оны құрылтайшы белгілейді.

Балабақшаларға төленетін ақы құнының әр-алуан болуы өңірлердің өзгешеліктеріне байланысты.

– Елбасы мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқару керектігін айтқан еді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы  «27»  желтоқсандағы №570 бұйрығы негізінде  оқу жылының басында білім беру мекемелерінен бір рет статистикалық деректер жинақталады. Бұл деректерді министрлік  оқу жылы бойынша пайдаланады. Демек, бұрынғыдай қағазбастылық жоқ. Әрине, жергілікті әкімшіліктердің өз ережелері, жұмыс істеу тәсілдері бар. Мектепке қояр талаптары да әртүрлі. Қағазбастылық мәселесі содан шығуы мүмкін.

– Қазір елімізде дарынды балаларға арналған мектептер көбейіп келеді. Дарынды балаларды мектеп ұжымы өздері қабылдайды. Осындай мектепке балаларын оқыту үшін ата-аналар мектепке пара беруге мәжбүр. Пара көлемі мың доллар дегенді құлағымыз шалып қалды. Тек ауқатты адамдардың балалары оқиды. Жалпы, мектептерді дарынды, дарынсыз деп бөлгеніміз дұрыс па?

– Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында 121 мамандандырылған білім беру ұйымдары бар.  Бұл мектептерде 54 мыңнан астам оқушы білім алуда.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысымен бекітілген мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары бекітілген. Осыған сәйкес әр мектептің Жарғысы бекітіліп, онда оқушыларды мектепке  қабылдаудың ережесі берілген. Осы Ережеге байланысты мектепке дарынды оқушылар қабылданады.

Хатта көрсетілген пара беру мәселесі шындыққа жанаспайды. Өйткені мектепке қабылдау екі кезеңнен тұрады. Біріншіден, баланың дарындылық қабілетін анықтау (психологиялық тест), екіншісі пәнге бейімділігі (пән боынша тест). Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған оқушылар қабылданады. Жыл бойына осы оқушылардың дарындылығын жетілдіру мен қолдау мақсатында мектептерде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, оның қорытындысы (білім сапасының мониторингі) ҚРБҒМ бақылауында болады.

Ал төмен балл алып мектепке қабылданбаған оқушылдардың ата-аналарынан пара туралы жағымсыз сөздер шығады деп ойлаймыз. Өйткені қабілеті төмен оқушылар мамандандырылған мектептердің арнайы бағдарламасын меңгере алмайды.

Оқушылардың тұрғылықты жеріне, әлеуметтік және отбасының  мүліктік жағдайына қарамастан барлық оқушылар мен жастардың дарындылығын, қабілетін, болашағын дамыту үшін жағдай жасалуда.

– Аслан Бәкенұлы, енді әңгімені Жоғарғы оқу орындарына бұрсақ. Қазір бірқатар жетекші оқу орындары автоном университет деген атаққа ие болып жатыр. Оқу орындардың дербестігі маман дайындауға қаншалықты септігін тигізеді деп ойлайсыз?

– Автономия бәсекеге қабілеттіліктің құралы ретінде университеттерге шешім қабылдаудың шапшаңдығы мен икемділігін арттырып, ғаламдық үрдістер мен қажеттіліктердің өзгеруіне сәйкес қайта құрылуына мүмкіндік береді.

ЖОО-ның автономияға көшуінің бірінші сатысы – базалық. Жоғары оқу орындарының тиімді жұмыс атқаруын арттыруда корпоративті басқаруға көшу ерекше маңызға ие. Корпоративті басқару қауымдастықтардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың, студенттік қауымның ЖОО қызметіне тартылуын күшейте түсуге мүмкіндік береді. Басқарудың осы жүйесі бақылау кеңестерін құру арқылы енгізіледі.

Жоғары оқу орындарында құрылған бақылау кеңестері нормативтік құжаттарға сәйкес жоспарлы жұмыс атқарып келеді. Кеңес мүшелері экономика саласы үшін сапалы кадрлар дайындауға мүдделі ірі кәсіпорын басшылары, бизнес-қауымдастық пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері болып келеді.

Университет қызметін басқаруға жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-құрылымдардың және түрлі салаларды бай тәжірибеге ие қоғам өкілдерін тарту олардың кәсіби тәжірибесін университет қызметіне белсенді трансформациялауға ықпал ете бастады.

Атқарылып жатқан жұмыстардың мақсаты білім, ғылым және инновациялар саласында ЖОО мен бизнестің өзара әрекеттестік әлеуетін барынша ашып көрсету, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа нысандарын ендіру болып табылады.

Қазақстандық ЖОО-ның академиялық автономияға көшу тетіктерінің бірі – онлайн технологиялардың дамуы.

Білім беру пәндеріне онлайн-тіркеу академиялық автономияның кеңеюіне мүмкіндік туғызады. Студенттердің өздеріне оқытылатын пәндерді таңдауына мүмкіндік бере отырып, жоғары оқу орындары, өз кезегінде, тәртіпке және мамандықтарға деген сұранысты саралайды. Университет көбірек  қызмет көрсетуге және студенттер тарапынан сол я басқа білім беру бағдарламаларының контентіне қатысты сұранысты ескеруге назар аударады, осының нәтижесі – оқыту бағдарламасы сапалы дамиды. Студенттер тарапынан сұранысқа ие және еңбек нарығы мен мемлекеттік тапсырыс негізінде университетке жаңа пәндерді және білім беру бағдарламаларын ашуға мүмкіндік туады.

Бүгінгі күні  бұл бағытта Министрлік тарапынан мақсатты жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Дүниежүзілік Банк арасындағы келісімге сәйкес «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы бұл жобаны жүзеге асыру үшін  2008-2015 жылдарға 9 512 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның ғылыми базасын нығайту, ғылымның нарықпен байланысын қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта аталған бағытта 65 жоба жүзеге асырылып келеді. 26 жоба бойынша келісім-шарттарға қол қойылды, 18 жоба нарыққа шығып, 3 лицензиялық келісім тіркеліп отыр.

Сурет nur.kz сайтынан алынды

– Соңғы уақыттары Қазақстан ғалымдары беделді халықаралық ғылыми журналдарға көптеп мақала жариялап жатқанын білеміз. Бұл ғылымның оң бағытта дамып жатқанын айғақтайтын құбылыс. Бірақ елімізде ғылымды коммерцияландыру ісі ақсап жатқаны жасырын емес. Ғылым мен өндірістің арасын қалай жақындатуға болады?

– Ғылым саласы дамуының маңызды стратегиялық бағыты – ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру.

Жоғарыда айтқанымдай, Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы іске асырылуда. Аталған жобаның шеңберінде 2014 жылы 33 жоба қаржыландырылды. Оның ішінен 6 жоба өндіріске енгізілді.

Сонымен қатар, «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң жобасы әзірленуде. Заң жобасы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін арттыруға және оларды өндіріске енгізуге бағытталған.

Бұдан басқа, Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» шеңберінде 63,64 қадам ғылым саласына бағытталған.

63 қадам бойынша «Astana Business Campus» және «Инновациялық технологиялар паркі» екі инновациялық кластер құру көзделген. Бұл ғылым мен өндірістің арасын жақындатуға және ғылыми зерттеулерге бизнес тартуды қамтамасыз етеді.

64 қадам бойынша жоғарыда көрсетілген Заң жобасы бойынша жұмыстар белгіленген. Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне тамыз айында енгізу жоспарланып отыр.

Ғылым мен өндіріс өзара жіті қарым-қатынаста болмайынша, ел экономикасы өркендемейді. Еліміздің алға қойған нақты саясатының бірі – ғылым мен өндірісті ұштастыру. Бұл салада талай жобалар қолға алынып, әр түрлі мемлекеттік мекемелер құзіреті бойынша жүзеге асырылуда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Т. ӨСКЕНБАЙ

www.dalanews.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА