22.11.2024

Қазақстанда мұғалімдердің жалақысын 500 мың теңгеге көтеруді ұсынуда

Экономикалық даулар бойынша заңгер Жангелді Сүлейманов Қазақстанда мұғалімдердің жалақысын 500 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынуда, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемдегі ең маңызды мамандықтардың бірі, ол – мұғалім мамандығы. Нақ сол адамдар біздің балаларымызды оқытады, оларға білім береді, баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыратын да солар. Біз, ата-аналар, тәулік бойы жұмыста жүреміз де, балаларымызбен тек кешкі аста сөйлесеміз. Мұғалім біздің балалармен бірге бізден он есе көп болады. Біз балаларымыздың тағдырын мұғалімнің қолына беріп қойғанбыз. Сондықтан біздің мұғалімдер барлық жағынан үздік болулары тиіс. Моральдық, зияткерлік, соның ішінде қаржылық тұрғыдан да. Бүгін мұғалімдер 50 мыңнан 100 мыңға дейін ғана жалақы алады. Осынау аса жауапкершілігі мол әрі ауыр еңбек үшін бұл тым аз», – дейді ол өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Адвокаттың айтуынша, мұғалімдер күніне 15 сағаттан, демалыссыз қызмет етеді. Педагогикалық жұмыспен қатар, есеп толтыру сияқты түрлі бюрократиялық жұмыстар бар. «Бүгінде мұғалімдердің жұмысы ең стресске толы жұмыс деуге болады, себебі олардың мәртебесіне нұқсан келген, ал сыйлы  болмаған адамға балаларды жақсы дүниелерге сусындату өте қиын», – дейді ол.

«Сонымен қатар мұғалім мамандығы олардан бірнеше есе көп жалақы алатын және зейнетақылары қамтамасыз етілген министрлерден, соттардан, генералдардан, депутаттардан әлдеқайда жоғары. Президенттің «біздің елге еңбекке адал емес қызметкерлерді ауыстыру үшін шетелден сауатты әрі мықты мамандарды тарта алмай отырмын» деп айтқан сөзі бар еді. Бізге ешкім де керек емес, бізге өзімізге сауатты және білімі жоғары адамдарды шығаруымыз керек. Бірақ оны жасау үшін біздің мұғалімдер үздіктің үздігі болуы шарт. Ал ол үшін мұғалімдердің жалақысын бірнеше жыл бойы, кезең-кезеңмен 500 мың теңгеге дейін көтеру қажет.  Сол кезде ғана мұғалімдер отбасын асырауға қажетті ақшаны ойлауды доғарады, сонымен қатар мұғалімдер арасында байқаулар жүргізіліп отырады. Осы тұста біздің білім беру деңгейіміз жоғарады, ата-аналар қосымшаларға балаларын жіберіп, баланы әуреге де салмайтын болады.

Мен түсінемін, бұл іске миллиардттаған қаражат қажет. Бірақ сауатты және ойлы қоғам тумайынша, шексіз табиғи байлықтар, түрлі бағдарламалар мен реформалар бізге көмектесе алмайды. Тағы да айта кететін жайт, біздің барлық мектептер Назарбаев зияткерлік мектептерінен кем түспеуі шарт. Балалардың барлығы бірдей, сондықтан бірдей жағдайларда білім алулары керек», – деп түйді сөзін заңгер. 

Жасұлан Жолдыбаев

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА