22.11.2024

Оқушылар мен студенттерді қайда апардық, не көрсеттік?

Білім және ғылым министрлігінің назарына!

Осы біздің бала деген мектепте жүргенде бала күйінде болып, ал, университет табалдырығын аттаған бір-ақ күнде ержетіп шыға келетіндей көретініміз қызық. Университетке түскенде қаншама шаруа қайта қайырылуға келмейтін жағдайда болады. Басқасын айтпағанда мамандықтың өзін қайтадан таңдауға келмей қалады. Дұрысында қалай істеуіміз керек еді?

Техника дамып, қоғамның күн сайын өзгеруіне байланысты адамдардың тұрмыс-салтында түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Ал біздің оқу-ағарту ісіміз, оған көзқарасымыз тоқырау үстінде. Оған дәлел қазіргі бұзылған жастар психологиясы.

Гарвард университеті зерттеушілерінің айтуынша балаларға бір сыдырғы білім беруден көрі олардың көзқарасын кеңейткен абзал. Қалай кеңейеді? Ең бірінші, тұрмысты жақсы үйрету. Табиғатпен етене қылуға, оны тануға талпындыру. Ғалымдардың пікірінше, шағын ғана табиғат мұражайын құру, қабыршықтарды, гүл ағаштардың үлгісін теру, жинау, соларды қызықтау арқылы балаларда жаратылыстық ғылымға шынайы ынтығу пайда болады екен.

Оны былай қойғанда, техникасы озық көптеген елдер оқушыларды түрлі зауыд, фабрика, фермаларға апарып, олардың қалай құрылғаны, қалай табыс тапқаны, қалай тығырыққа тіреліп, одан қалай шыққаны туралы кеңінен ақпарат беріп, қызығушылығын арттырады екен.

Ыстамбұлға барған сапарымызда өз көзімізбен көрген бір жайға жанымыз сүйініп еді, әрі күйініп еді. Қандай тарихи орынға барсаң да қаптап жүрген мектеп оқушылары. Кәдімгі сабақ ретінде өтіледі. Ыстамбұлдағы барлық тарихи орындарға бүкіл оқушыларды апарып көрсету міндет. Сондағы балалардың таңырқап, әсерленіп тұрғанын көргенде жаның сүйінеді. Ал, ондай жүйенің өз елімізде жүзеге аспай жатқанын ойлағанда күйінесің.

Тағы бір ішіңді удай ашытар дүние – бізде тарихи мұражайлардың тапшылығы. Жарайды, ол өз алдына ұзақ әңгіме. Оны қозғасаң отарлық деген таусылмас тақырып алдыңнан шығады. Біз тым болмаса шетелден алып келіп құрастырып жатқан машина зауыдтарына студенттерді апарып көрдік пе? Оқушылар мен студенттерді әнші-биші, ырбың-жырбыңдардың концертіне күштеп апарғаннан басқа қайда апардық, не көрсеттік? Ол бір өнегелі кеш болса сөз басқа. Оқушылар оң-солын білмеген күйі студент атанады. Қандай мамандық таңдарын, кім боларын білмей барып университетке түседі. Оған да қызығушылығы жоқ. Қашып-пысып оқиды. Білім жоқ, білік жоқ, жұмыссыз. Ауылдағы ата-анасының бес-алты қойына қасқырдай шабады. Бәрі емес әрине, көбі солай.

Көрмеген нәрсені түсіну оңайға соқпайды. Түсінбеген нәрсе туралы сұрақ тумайды. Балаларымыз дөп келген мәселені онымен бірге байсалдылықпен талқыламасақ, оның пікірін айтқызып тыңдамасақ, ол өз алдына томаға-тұйық бейбастақ кетеді. Мысалы, машина жасау зауыдын көзімен көрген бала сондай мамандық таңдауға өзі ұмтылады ғой. Егер біз мемлекеттің бағдарламасы ретінде жүргізгіміз келген дүниелерді балаларымызға көрсете білмесек, оның орындалуы да ұзаққа созылмақ. Нәтижесі туралы айту да ыңғайсыз.

Бізде тарихи мұражай деп ауыз толтырып айтар мұражайлар да мәз емес екенін анық. Деседе күн санап ілгерлеушілік бар. Мысалы, Астанада Ұлттық мұражай ашылды. Осы мұражаймен және өзге облыстардағы мұражайлармен мектептер келісім жасап ол жерлерді оқушыдан босатпауы керек қой! Ең болмаса концертке сүйрей бергенше мұражайға апарайықшы!

Ұларбек Нұрғалымұлы

namys.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА