22.11.2024

Бүгінгі күннің басты ерекшеліктері

Қазақстан Республикасында білім беруді 2011-2020 жылдарда дамытудың мемлекеттік бағдарламасында әлемдік тәжірибенің бала кезден бастап, ересек жасқа дейін адамның біліміне жасалған инвестициялардың экономика және қоғам өміріне елеулі өзгерістер енгізеді деп айтылған. Адам капиталына салынған инвестициялар мүмкін ең қайтарымды болар. Мәселен, білім алуға жіберілген шығындар өз кезегінде 5 есе болып қайтып оралады деген ұғым бүгінде ел санасында мықтап орын алған. Бұл инвестициялар тез өзгеріп жатқан заманда техникалық тұрғыдан прогрессивті әрі өнімді жұмыс күшін қалыптастыру үшін қажет дейді Мемлекеттік бағдарлама, яғни білімді, білім игеруді әлеуметтік қажеттіліктерге жасаған шығындар деп түсінбей, экономикалық инвестициялар деп қабылдау қажет.

Бүгінгі күні білім, экономикалық пайда мен жұмыс өнімділігі арасында тығыз байланыс бар екендігі дәлелденіп отыр. Білім жүйесі экономикалық артықшылықтармен қатар әлеуметтік пайда да береді делінген Мемлекеттік бағдарламада. Білім жүйесі әлеуметтік капитал құрастырудың бірден бір себепкері болады, ал бұл капитал қоғамдағы мынандай игі өзгерістерден тұрады: азаматтардың билікке қатысу үлесі жоғарылайды, қоғам бірлігі өседі, қылмыс деңгейі төмендейді.

Егерде біз Қазақстанды 2020 жылы білімді ел, ақылды экономика және жоғары білікті жұмыс күші бар мемлекет деп көргіміз келсе, онда білім жүйесін дамытуымыз қажет. Мұндай мақсатта оқу орындары бірінші кезекте үйрену мен үйретудің басты әдістемесі мен технологиясы ретінде интербелсенді әдістемені таңдауы қажет. «Неліктен интербелсенді әдістеме жоғары оқу орындарының негізгі ұстанымына айналу қажет?» деген сұраққа жауап беру үшін бүгінгі Әлем дамуының ерекшеліктерін айқындау керек секілді.
Ал Әлем дамуының негізгі тенденциялары төмендегідей.

Ақпараттың мейлінше өсуі.

Егер бұрынырақта ақпараттың жетіспеушілігі білім игерудің ең басты проблемаларының бірі болса (әр пән бойынша екі-үш оқулық қана, дерек көздерінің жетіспеушілігі), бүгінде, керісінше, ақпараттың адамның биологиялық мүмкіншіліктерінен (мәселен, адам миының) шамадан тыс көптігі проблема болып табылады. Қазіргі замандағы ақпараттың орасан зор мөлшері (кітаптар, Интернет, т.б.) адамнан бұрынғыдай мағлұматты іздестіріп қана қоймай, қажетті мәліметті таңдауды, оны игеруді, қажетіне жаратып, пайдалануды, оны бағалауды талап етеді. Бұған қоса әр салада ақпарат әрбір 4 жылда 25%-ға ескіріп және екі есе ұлғайып отырады. Ақпарат дамуының мұндай қарқыны сақталатын болса, онда, ғалымдардың пікірі бойынша, жақын болашақта ақпарат әрбір 76 күнде екі еселенетін болады, ал бұл дегеніңіз ақпараттың білім игерудің негізгі мақсаты болмайтындығын меңзейді. Сонда білім игерудің мазмұнын не құрауы қажет?
Жыл сайын коммуникациялық жылдам құралдар (Интернет және басқа да жоғары технологиялар/ hi tech: ұялы байланыс, планшеттер, і-fon, i-pad, смартфон, т.б., Интернет арқылы сауда жасау және оқу) көз ілеспес жылдамдықпен дамуда, жыл сайын олардың жаңа түрлері мен модификациялары пайда болуда. Қазірде Батыс мемлекеттердің мектептерінде «дәптер» және «кітап» ұғымдарының орнын «планшет» ұғымы басқан. Заманауи маман ақпараттық коммуникациялардың осындай түрлерінің құлағында ойнауы қажет, онсыз ол бүгінгі күн талаптарына сәйкес келмей қалуы ықтимал.

Қоғамда тұлға рөлінің өсуі.

Бүгінгі күн адам (тұлға) рөлінің Әлем дамуында, қоғам ауқымында алатын орны мен рөлінің маңызы күрт өсуімен ерекшеленеді. Бір кездерде тамаша философ И.Кант негіздеген қағида жүзеге асырыла бастаған секілді: «Адам әр кезде мақсат болып, ешқашан құрал болмауы қажет!» Қазіргі экономика адамға бағытталумен және өз кезегінде адамның өндірісте алатын орнының өзгеруімен байланысты. Адам енді бұрынғыдай өндірістің құрамдас бөлігі немесе элементі емес, адам экономиканың басты құндылығына айналуда: «Бәрі де адам үшін, адам игілігі үшін!». Экономика бүгінде экономика үшін емес, адам үшін дамуда. Әлемдік білім беру жүйесі де жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында жан-жақты сипатталған: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу».

Оқу/оқытуда, үйрену/үйретуде басты назар білім алушыға бағытталғандықтан, бұл процестің мазмұны жеке тұлғаны дамыту ауқымында құралады. Ал тұлғаның дамуы өз кезегінде оның белсенді әрекеттерімен тығыз байланысты, өйткені адам бірінші кезекте өз қолымен жасағанды елейді, ескереді, есте сақтайды. Сол себепті де бүгінде білім игеруде интербелсенді әдістердің маңыздылығы дау туғызбайтын аксиома. Алайда әлі де бізде, Қазақстан Республикасында білім беруді 2011-2020 жылдарда дамытудың мемлекеттік бағдарламасында айтылғандай, «оқыту тұлғаны дамытуға емес, формалды нәтижелер алуға бағытталған».

Адам миының мүмкіншіліктерін бұрынғыдан тиімді пайдалану мәселесі адамзаттың негізгі міндеттерінің бірі. Адам миының орташа есеппен тек 3%-ы ғана белсенді жұмыс атқарады екен. Қалған бөлігінің қалғып-мүлгіп жатқаны ғой?!. Егерде адам өз миын осы көрсеткіштен еселеп дамытатын болса, онда ол керемет қасиеттерді иемденетін шығар! Мысалы, біз рухани тұрғыдан асқақтап, соның салдарынан жер бетінде жаманшылық пен зұлымдық тып-типыл болып жойылатын шығар, «Адам адамға – дос, бауыр және жолдас!» деген қағидаға шынайы түрде жүзеге асырылатын болар! Біз бір-біріміздің ойымызды қашықтықтан біліп немесе Жер тартылысын жеңіп, еш аппаратсыз шарықтай ұша білетін шығармыз!..
Бүгінде адам миының құпияларын зерттеу және оның мүмкіншіліктерін тиімді пайдалану – адамзаттың негізгі мақсаттарының бірі. Тұлғаны бағалауда интеллектуалды коэффициенттен (IQ) эмоционалды коэффициентке (EQ) көшу. Кеше тұлғаның «миы», «басы», «ақылы», «зияты», «интеллекті» бірінші орында еді. Ал бүгінде адамды бағалауда біз бірінші кезекте оның ішкі жан дүниесін, иманы мен рухани ахуалын, адамгершілік қасиеттерін ескереміз. Сол себепті де қазіргі қоғамға тек білімді әрі білікті мамандар ғана қажет емес. Қоғамға бүгінде адами тұрғыдан ақаусыз тұлғалар мен азаматтар керек. Сол себепті де мектепте тәрбие жұмысын (яғни жалпы адамгершілік қағидаларына сай өмірге деген моралдік-рухани көзқарас, құндылықтар жүйесін қалыптастыру мәселелері) бірінші орынға қою қажет. Ғұлама Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы!» деген аталы сөздері бүгінде білім игеру жүйесінің ең басты қағидасына айналған. Абайдың да негізгі өмірлік рухани қағидасы «Адам бол!» императиві болған жоқ па еді?!

Білім жүйесіндегі өзгерістер.
Репродуктивтік оқытудан конструктивтік (құрастырмалы, сындарлы) оқуға көшу.

Бүгінгі күні білімді дайын қалпында қабылдамай, оны өздігімен құрастырудың тұлғаны дамытатындығы, өздігімен құрастырылған білімнің есте ұзақ мерзімде сақталатындығы дәлелденіп отыр. Қайталау мен жаттауға негізделген білім (репродуктивтік) тек есте сақтау дәрежесінде болса, құрастырылған (конструктивтік немесе сындарлы) білім үйренушіден түсіну, қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру және бағалау секілді белсенді әрекеттерді талап етеді. Қайталау емес, өздігімен білім құрастыру қажет бұл күнде. Ал бұл мақсатқа әр сабақта интербелсенді әдістемені қолдану арқылы ғана жетуге болады. Білімдік парадигмадан таным процесіне қатысушылардың белсенді әрекеттерін талап ететін әрекеттік парадигмаға көшу.
Күні кеше ең басты мақсат үйренушілерде қандай да болмасын білім қалыптастыру еді, яғни шәкірттер ақпарат пен мәліметтерді (фактілер, формулалар, анықтамалар, сандар мен даталар, ережелерді) есінде сақтауы қажет еді. Сол себепті ұстаздар білім мазмұнын құрастырумен шұғылданатын, шәкірттердің білімі қандай дәрежеде болуы керектігін айқындайтын, ең басты мәселе «білу» еді. Қазірде білім игеру процесінің ең басты мәселесі мен мақсаты үйренушілердің белсенді әрекеттерін ұйымдастыру болып табылады. Белсенді әрекеттер арқылы шәкірттер білімді өздігімен меңгереді, үйренеді. Негізгі қағида «не білу» емес, – «не жасай білу».

Оқу процесінің мазмұнын зерттеу жұмыстары құрайды. Бұрынырақта кез келген сабақ ақпаратпен танысып, сол ақпаратты қайталау нысанында ұйымдастырылып отырылған. Ал қазір сабақ зерттеу процесіне айналған, әр сабақта үйренушілердің келесі әрекеттермен шұғылданғандығы дұрыс:
– зерттеу жобасын жазу;
– ғылыми жұмыстарға аннотация мен пікір (рецензия) жазу;
– әдебиет көздерін талдау картасын құрастыру;
– ғылыми пікірталастар ұйымдастыру;
– портфолио құрастыру; – мақала, реферат, баяндама, сценарий жазу;
– «Қазақша Уикипедияға» мақала жазу;
– сауалнама, тест, диагностикалық құрал, жоспар, бағдарламалар әзірлеу;
– тәжірибелер жасап, оларды сипаттау, талдау және бағалау, т.б.

Мақсаттың өзгеруі: зияткерлі (парасатты, интеллектуалды) тұлғадан рефлексиялы тұлғаға көшу.

Тұлғаның тек білімді болуы бүгінде жеткіліксіз. Білім беру/алу жүйесінің басты мақсаты – мынандай рефлексиялық қасиеттері бар тұлға қалыптасуға мейлінше тиімді жағдайлар жасау: – өзіне-өзі есеп беріп, ойлары мен әрекеттерін талдай білетін,
– өзін-өзі бағалай алатын,
– өзінің мүмкіншіліктері мен қабілеттерін жүзеге асырып, өркендей білетін,
– өз өмірі мен іс-әрекеттерін ешкімге де жүгінбей өздігімен жоспарлай алатын,
– жауапкершілігі жоғары.
Мұндай рефлексиялық қасиеттерді бойында қалыптастырған тұлға жаңа Әлем жағдайында өмірдегі өз орнын тауып, қоғам игілігіне нәтижелі еңбегімен қызмет жасайды. Бүгінгі күні маманға қойылатын талаптар біліммен жұмыс жасау бағытына ауысқан. Дамыған елдердің экономикасы нақты емес жағдайда жұмыс жасай білетін, проблеманы айқындай біліп, оны шешу жолдарын белгілеп, стратегиялық бағыттарды айқындай білетін мамандарды көптеп қажет етуде.
Қазақстан экономикасы да біліммен жұмыс жасай алатын, білімді нақты жұмысқа айналдыра білетін мамандарды қажет етеді. Қазақстан Республикасында білім беруді 2011-2020 жылдарда дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ауқымында білім алушылардың оқуды аяқтағанда қандай құзіреттіліктерді меңгеруі қажет екендігін былайша көрсетуге болады:
– Қазақстандық идея мен өзінділікті қалыптастыру негізінде өз Отаны үшін жауапкершілікті өзіне жүктеу дайындығы.
– Өзіндік тұрғыдан танымдық әрекеттерге дайын болуы.
– Проблемаларды шешуге дайын болуы.
– Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тұтынушы деңгейінде тиімді қолдану дайындығы.
– Тұлға аралық қарым-қатынасқа ауызша және жазбаша түрде дайын болуы (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде).
– Әлеуметтік өзара әрекеттесуге дайындық.
– Өзін-өзі дамыту, өркендету, жүзеге асыруға дайындық.

Міне, бүгінгі заманның осындай ерекшеліктері үйрену/үйрету ісінде интербелсенді әдістеменің қажеттілігін дәлелдейтін тәрізді. Барлық деңгейлерде оқу процесі шәкірттердің өздігімен атқаратын белсенді әрекеттерден құралуы қажет.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА