25.11.2024

Әлімов Асхат. Ұлт тағдыры туралы

Бір мәрте философия сабағында студенттермен қазақ ұлттық мінезінің ерекшеліктеріне тоқтап, осы тақырыпты жан-жақты талқыладық. Тақтаны екі бөліп, оның сол жағына қазақтың жағымды, ал оң жағына жағымсыз қасиеттерін жаздық. Әрине, жағымды бөлігі толықтау болды, мұнда студенттер халқымыздың қонақжайлығын, кішіпейілділігін, көнбіс-шыдамдылығын, сабырлығын, білімге құштарлығын, кеңпейілділігін, дәстүршілдігін келтірді. Ал жағымсыз қасиеттер жағына не жасасақ та, дәлме-дәл жасамай, мөлшерлеп жасайтын әдетімізді, басқаға бейімшілдігімізді, жалқаулығымызды, дарақылығымызды, жүздерге және ру-тайпаларға бөлінетін жікшілдігімізді, білгенімізді жеткізе алмай тұратын жуастығымыз бен жасықтығымызды, өзімізге-өзіміз деген немқұрайдылығымызды жатқызды студенттер. 
Соңғы жағымсыз қасиет туралы олардың түсініктемесін сұрағанымда, Мөлдір есімді студент бұл қылыққа ана тіліне деген немқұрайлықты – қазақтың 60% өз тілін білмейді дейді ресми деректер, және төл дініміз Исламға мойынсұнбауды – шамамен 500 мыңдай қандасымыз басқа діндерге ауып кеткен – жатқызды. Ал «Бейімшіл дегеніміз басқалардың мәдени, тұрмыстық, идеологиялық ықпалына тегеурін бермей, тез-ақ бойымызды үйретіп аламыз» деп түсіндірді маған Талғат.- «Қазір тіпті тамақ рационымыз, киім киісіміз, үйді жиһаздау, музыка – бәрі де не орыс, не Батыс үлгісінде болып кетті емес пе?»
Мен бұдан кейін «қазақ халқы дәстүршіл» деген оймен келіспейтіндігімді білдірдім. Студенттерден біздің қандай дәстүрлерді жіті ұстанатындығымызды айтып беруді сұрадым. Олар маған «Біз дәстүрлерді мықты ұстанатын халықпыз, мәселен, Наурыз, құрбан айт пен ораза айт, жарапазан айту, беташар, жар-жар, құда түсу, бата беру, жаназа шығару, сүндетке отырғызу, ас беру, ат шаптыру сынды ғасырлар бойы ұстанған дәстүрлеріміз бар» деп шұбыртып ала жөнелді. Мен «Бұл дәстүрлердің барлығы да рәсімдік әрекеттерге жатады. Олар діни рәсімдерге, үйлену тойына, өлім-жітімге қатысты ғана емес пе? Және де олар күнде көрініп жатқан жоқ қой. Ал дәстүр дегеніміз күнделікті өмірде орын алған әдет пен ғұрыптар болуы керек. Маған сондай дәстүрлерді келтіре аласыздар ма?» деп сұрадым. 
Студенттер аңтарылып қалды, оларға жауап беру қиын екендігін сезіп, мен оларға жәрдемдесе бастадым: «Мәселен, ата-ананы, жасы үлкенді, әйел адамды құрметтеу дәстүрі; өмірге деген байыпты, философиялық көзқарас дәстүрі; өмірді бірлесе сүретін қауым дәстүрі; қоғам мүдделерін жеке бастың мұқтажынан жоғары қою дәстүрі; «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» сынды өмір қағидасы да қазақтың байырғы дәстүріне жатады; бағана өздеріңіз келтірген тамақ рационы, үйді жиһаздау мен киім киіс дәстүрі, т.б.». Ары толғап, бері талқылап, күнделікті тіршілігімізде ұстанатын мұндай ата дәстүрлердің бүгінгі күні тіпті де ұмыт қалғанын студенттер қынжыла мойындағандай болды. Олар тіпті «Қазіргі кезде ата дәстүр біз үшін тек ұлыстың ұлы күндері ұлттық киімдерімізді киіп, кейбір мерекелік дәстүрлерді театралды-жасанды түрде келтіруімізбен шектеліп қана қойған» деген пікірге ойысты.
Сөйтіп, талқылау барысында халқымыздың ұлттық мінезі бойынша студенттердің тұжырымы келесідей болды: «Қазақ қонақжай, кішіпейіл, көнбіс, шыдамды, сабырлы, білімге құштар, кеңпейілді; алайда ол өзіне-өзі немқұрайды, басқаға бейімшіл және өз дәстүрлерін ұстанбайтын халық». Осыған тоқтады студенттер.
Талқыланған ұлт ерекшеліктері мәселесі менің өзімді де терең толғандырады. Япырау, біз неліктен осылайша біреудің айтқаны және меңзегеніне, өзгелердің салты мен дәстүріне құлай жапырыламыз, өзімізді-өзіміз жақтырмаймыз? Басқаларға еліктейміз, өз тіліміз, дініміз бен дәстүрлерімізді менсінбейміз, оларды тіпті ұмыт қалдырғандаймыз. Қит етсе, «Қазақ» десең, өзіңе тиеді!» деп өзімізге-өзіміз шүйлігіп шығамыз… Айта берсе, сөз де, мін де табылады емес пе?! Осы сынды ұлттық нигилизмнің немесе мәңгүрттіктің себебі қайда жатыр? 
Сонда халқымыз әу бастан осындай ма еді, жоқ, әлде бұл қасиет кейін жабысқан кесір-кесапат па? Осы мәселелер төңірегінде көп толғандым. 
Менің ойымша, мұндай ұлттық нигилизмнің, мәңгүрттіктің, рухани әлсіреудің негізінде әлеуметтік-саяси себептер жатыр. ХХ ғасырда қазақ халқы секілді тағдыр тауқыметіне ұшыраған халық кемде кем шығар. Нендей нәубет пен зұлматты кешпеді дейсіз қазақ?! 
Тарихшы Қалибек Данияровтың пайымдауы бойынша, 1911 жылы қазақ-тардың саны 8,4 млн.болған екен (Данияров, 86). Сол санға Қазақстан аумағында біз енді ғана жеттік. Кейініректе, 15 жыл өткен соң, 1929 жылғы санақ бойынша қазақ саны екі есеге кеміп қалған екен – 4,2 млн. Ал 1939 жылғы санақ бойынша халық саны тек 1,9 миллион ғана болған. Яғни, ширек ғасыр аясында халқымыз өсіп-өнудің орнына 6,5 миллион адамға (немесе 77,38 процентке!) кеміген!
Қазақтың саны неліктен күрт азайған? Неліктен қазақ жоқ болып кете жаздаған жер бетінен? Оның себебі ХХ-ғасырдың саяси-әлеуметтік дүрбелеңдері: 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, азамат соғысы, 1921-23 жылдардағы ашаршылық, кәмпеске, 1937-39 репрессия жылдары 66 мың қазақ «халық жауы» айыбымен өлім жазасына кесіліп, атылды, Ұлы Отан соғысы – қазақ қырғындары…
Алайда ең ауыр қырғын 1931-1933 жылдардағы АШАРШЫЛЫҚ болды… Бұл нәубет кезінде, тағы да сол тарихшы Қ.Данияровтың айтуы бойынша, халықтың 70% қырылған (басқа деректер бойынша, ашаршылықта қазақтың жартысы опат болған). 
Қазақтың басына қара түнек туған кез осы еді… Бұл зұлматта қаншама қазақ аштықтан өліп кетті, қаншама қазақ жанұшыра бөтен жерге ауып кетті десеңізші! Тіпті осы жылдары қазақтың ұлт ретінде жер бетінен жойылып кету қаупі де туды емес пе?!
Бірақ ашаршылықтың салдары тек халық санының күрт төмендеуімен ғана шектелген жоқ, оның ең басты әсері қазақтың санасын түбегейлі түрде өзгертіп жіберуінде. Міне, жоғарыда көрсетілген ұлттық мінездің келеңсіз жақтары мен ұлттық нигилизмнің бастауы осы ашаршылықта жатыр деп есептеймін. 
Ашаршылықтан кейін қазақтың сағы сынып, біз жалтақ та жасық болып кеттік, ашаршылықтан кейін қазақ өзіне немқұрайды болып кетті, ашаршылықтан кейін қазақтың жігері бор болып, рухы әлсіреп кетті! Ашаршылықтан кейін біз кім екендігімізді, қандай екендігімізді, қайда бара жатқынымыз-ды ұмытып қалған секілдіміз… 
Тап сол кезде халық санасында емес, бейсанасында «қазақ» атының өлімнен, тағдыр тауқыметінен арашалай алмайтындығы туралы тұжырым қалыптасты деп ойлаймын. Ашаршылық «қазақ» атаулының жаңа өмірге деген еш бейімділігі жоқ, «қазақ» есімі тек өлім мен қасіретпен ғана байланысты екендігін аңғартты, «қазақ» ұғымы адамды құтқара алмайды екен бұл дүниеде азаптан» деген ой қазақ бейсанасында мықтап орын алды. 
Сонда мына дүниеде тірі қалу үшін не істеу керек? «Қазақпен» байланысты барлық нәрседен арылу қажет: тіл, дін, ұлттық рух, салт-дәстүр, әдет-ғұрып – бәрінен де бас тарту керек! Өйтпеген жағдайда кеңес өкіметі билеген мына аласапыран заманда тірі қалудың өзі екіталай нәрсе. 
Біз сонда қалайша өз-өзімізді менсінбеушіліктен, мәңгүрттіктен, ұлттық нигилизмнен арыламыз? Мен әңгімені осы мәселе төңірегінде қозғағым келеді. 
Бұл жерде жеке адамның ауруы мен бүкіл ұлттың дертін салыстырып қаралық: ұқсастықтары өте көп. Сол себепті алдымен мына сұраққа жауап берелік: «Психоздар мен невроздар сияқты жүйке аурулары қайдан пайда болады»? 
Жүйке ауруларының дені адамның бала кезіндегі (әдетте бес жасқа дейінгі уақытта) жағымсыз әсерлерден қалыптасады деп есептейді психологтар. Үрей, қорқыныш, жиіркеніш, ұят секілді сезімдермен байланысты немесе баланың психикасы үшін түсінуге мүмкін емес, ол түсіндіре алмаған іс-әрекеттер, оқиғалар, жағдаяттарды бала санасы ұмытуға тырысады. Алайда психика ұмыту дегенді еш білмейді: келеңсіз жәйттер адам психикасының ең көлемді, әрі санаға бағыныш-ты емес бөлігі – бейсанаға ығыстырылып, сонда сақталады. 
Бұл жағымсыз әсерлер кейініректе, адам есейе келе, оның мінезінде жаман қасиеттердің қалыптасуына мейлінше ықпал жасайды. Адам бойындағы жасқаншақтық, жасықтық, қорқақтық, жаман әдеттер, өрескел қылық пен ашуланшақтық, психоздар мен невроздар – бәрі де саналы түрде ұмытылған, бірақ бейсанада жинақталған әсерлердің ықпалынан туындайды.
Ал психоз бен невроздарды медицина қалай емдейді? Ең алдымен дәрігер-психоаналитик дерттің себебін анықтап, оны бейсана аумағынан сана бетіне шығаруға жағдай жасайды. Ауру адам ол үшін бір кездері үрей, қорқыныш, жиіркеніш сияқты сезімдерді туғызған бала күнгі оқиғаларды есіне түсіруі керек. Есіне түсіріп, сол туралы әңгімелеп берсе – бейсанадан сана бетіне шығару деген сөз. Ал адам саналы түрде қандай да болмасын жәйтті түсіндіре алады, яғни «түсіндірме берді» дегеніміз бұл жәйт проблема қатарынан шығарып тасталды, ол енді жүйке ауруын тудырмайды: адам психикалық дертінен жазылды деген сөз.
Ал біз, қазақ, ішіміздегі шел болып, беріштей қатып қалған кесел-қасіретімізді әлі де сыртқа шығарғамыз жоқ. Біздің қасіретімізді өзімізден басқа ешкім де білмейді емес пе?.. 
Сенбесеңіз, 1931-33 жылдардағы ашаршылық туралы қаншама кітап жазылды екен? Бірнеше ондаған болар. Қаншама зертеу бар екен? Олар да сол құралпы болар. Қанша фильм түсірілді екен? Өз басым біреуін де білмеймін, көрген емеспін. Қанша ескерткіш қойылды екен ашаршылық құрбандарына? Бірен-саран шығар… Тарихымыздың бұл парағын ұмытуға жақынбыз және саналы түрде ұмытқымыз да келеді. 
Бұған кері мысал ретінде еврейлердің жағдайын алайық. Екінші дүние жүзі соғысында еврейлердің 6 миллионнан астамы қырылды. Бұл қырғынды тарихта Холокост деп атайды. Бүткіл дүние жүзі адамдары еврейлердің трагедиясын біледі, олардың қайғысымен ортақтасады.
Холокост туралы қаншама кітап жазылып, қаншама фильм түсірілді дейсіз! Тіпті қазіргі күнге дейін Германия еврейлерге айып-пұл төлеп жатыр емес пе? Немістер өздерінің кінәсін қалай жуып-шайуын білмей жүр, оларда тіпті еврейлердің алдында ұлттық кінә комплексі де қалыптасқан. Мұндай комплекс бүткіл Еуропа халықтарында бар десе де болады. Олар кезінде еврейлерді фашистердің қырғынынан арашалап қалмағанына өздерін құдды кінәлі сезінеді. 
Еврейлер өз тарихының қасіретті беттерін ұмытқан емес, ешқашан ұмытпайды да! Тель-Авив қаласының маңында Яд Вашем атты мемориалдық кешен бар. Жер астында орналасқан бұл мұражайға келген адам қайта жер бетіне шыққанда өзгеріп, басқа күйде болып шығады дейді білетіндер. Өйткені еврей халқының қасіреті кімнің де болса жанын түршіктіріп, қабырғасын қайыстырып, қайғы мен мұңға бөлейтіндігі рас… 
Холокост трагедиясын насихаттау, баршаға паш ету – бүгінгі Израиль мемлекетінің ұлттық саясатының басты мазмұны. Әрбір еврей, отбасы, мектеп, мекеме бұл саясаттан тысқары қалып отырған жоқ, әрқайсысы да ұлттық қасіретті естен кетірмеу үшін, бүкіл әлемді мойындату үшін аянбай қолынан келгенін жасайды. Ұлттың тәубеге келуі деген осы да болар…
Тағы да бір мысал келтірелік. Түркияның бүгінгі күні ортақ Еуропаға кіре алмай отырғандығының бір себебі оларға 1915 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында 1миллион армяндарды қырып жіберген деген айып тағылып отыр. Еуроодақ Түркиядан осы жәйтті мойындауды және армяндардан кешірім сұрауды талап етуде. Тіпті Францияда осы геноцидті мойындамағандарды бас бостандығынан айыру туралы заң да шыққан өткен жылы.
Ал армяндар барша ұлт болып әр жылы, ұмытпасам, шілденің 28 күні, сонау 1915 жылғы қырылғандар бойынша мейлі Арменияда болсын, мейлі Франция не Америкада болсын, қара жамылып, аза тұтады. 
Украинада жақында Голодомор, яғни 1931-33 жылдарда жүзеге асырылған ұжымдандыру саясатынан туындаған ашаршылық, туралы заң қабылданды. Мұнда да украин халқының бұл қасіретін геноцид деп атап, оны мойындамағандарды жауапқа тарту туралы шешім қабылданған.
Ал біз болсақ ашаршылық туралы аракідік сөз қозғамасақ, оны ҰЛТТЫҚ ТРАГЕДИЯ деңгейіне шығара қоймадық. Ашаршылыққа кеңес өкіметі ұйым-дастырған қазақ халқының ГЕНОЦИДІ деп баға бермедік. Аза тұтып, қара жамылмаймыз. 31 мамырда біз 1937-1939 жылдардағы репрессия құрбандарын еске алуға басты назарымызды аударып, ашаршылықта қаза тапқандар жайында көп әңгіме көтермейміз.
Қазақтың көбі қырылған нәубет туралы біздің білетініміз де шамалы. Мүмкін бұл туралы тарихшы ғалымдар талай зерттеулер жүргізген де шығар, алайда олар кең жұртшылыққа беймәлім, өйткені халық санасында ашаршылық кесапаты, оның қазаққа келтірген кесірі мен залалы мықтап орын алмаған. 
Жалпы қоғамда төл тарихымызға деген немқұрайдылық орын алған деп айта алмаймыз. Талай өткен күндер деректері жан-жақты зерттелген. Репрессия жылдары атылған 66 мың қазақтың аты-жөні бәрімізге де белгілі: олардың есімдері басылған мартиролог баяғыда жарыққа шыққан. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 240 мыңнан астам қазақ жауынгерлерінің есімдері де баршаға аян: әр ауданда «Боздақтар кітабы» басылып шыққан. 
Ал ашаршылық туралы осындай кітаптар мен тізімдер бүгінгі күні әлі де жоқ. Неліктен осы біз ашаршылық туралы айтқымыз келмейді? Ашаршылықта қырылғандардың көз жасы мен төгілген қаны бізге серт болып тұрған жоқ па деп ойлаймын. Біз олардың алдындағы борышымызды толық өтедік пе?.. 
ХІХ-ғасырдағы бельгиялық атақты жазушы Шарль де Костердің кейіпкері Тиль Уленшпигель түнде ұрланып барып, инквизиция жалған айып тағып, отқа өртеген әкесі Клаастың мәйітінің жүрек тұсынан күл алып, оны тұмар қылып мойнына іліп алады. Бүткіл өмірін инквизиция мен олардың қолдаушысы болған испан басқыншыларымен күреске бағыштаған Тиль әрқашан да «Клаастың күлі менің жүрегімде соғып тұр!» деп өзін-өзі жігерлендіріп, рухтанып, қайраттанып тұрған. Бұл сөз тіпті Фландрияда азаттық күресінің басты ұранына айналып кетеді. Біздің де жүрегімізде ашаршылық құрбандарының күлі, қаны, көз жасы, қасіреті дүрс-дүрс соғып тұруы керек! 
Сөйтіп, ұлттық мінезде ашаршылықтан кейін қалыптасқан келеңсіз қасиеттерден сол қасіретімізді сыртқа шығару, яғни жария ету арқылы ғана арыламыз деп айтқым келеді. Эстетикада «катарсис» деген ұғым бар. Ол дегеніңіз қайғы мен қасіретті бастан кешу арқылы олардан арылу, ішкі жан дүниені жаңғырту, тазаландыру, пәктендіру дегенді білдіреді. Менің ойымша, біз әлі де катарсисті бастан кешкен жоқпыз, әлі де толық қасіреттен арылғанымыз жоқ. Ал тәубеге келусіз болмайды, онсыз біздің рухымыз жаралы күйде қала бермек…
Қасіреттен арылу үшін, тәубеге келу үшін ашаршылық туралы бүкіл дүние жүзіне күңірене жар салу керек еврейлер мен армяндар секілді. Барлығы да білсін ХХ-ғасырдың отызыншы жылдары бейбіт кезеңде, еш соғыстың жоқ шағында қазақтың 70% қырылғанын! Мойындату керек барша әлемді ұлттық геноцидтің орын алғанын! Мұндай зұлматты ұмытпау керек және басқаларды да ұмытқызбау керек! 
Сол нәубетті ұмытпай, оның төңірегінде бүткіл ұлт болып бірігу керек! Сол қасіретті санамыздан тағы да бір өткізіп, «Біз – қазақпыз!» деген идеямен рухтану қажет! 
Бізден кім кешірім сұрайды бұл геноцид үшін? Кімді соттау керек? Жексұрын нәубетті қасақана жасаған кеңес өкіметі мен Кеңес Одағы баяғыда құрдымға кеткен. Мүмкін Кеңес Одағының ізбасары рөлін өз еркімен көтеріп алған Ресейді жауапқа тарту керек болар?! Өйтетін болсақ, біздің шағымымызды қандай сот қарауға қабылдай қояр екен? Гаага қаласындағы Халықаралық сотқа шағым түсіруіміз керек пе? Немесе бүкіл дүние жүзіне жар салып, «Қазақтар кеңес өкіметіне қарсы» атты жария процесті жүргізуіміз керек пе?Бұл процеске барша ұлт болып куәгерлік көрсетулер (орысша: «свидетельские показания») берсек, дүниежүзілік жұртшылықты қазақ халқының геноциді болғанын мойындатсақ, – ұлттық мәртебеміз бұрынғыдан бетер өсер ме еді?..
Ал бұл мәселеге біздің саясаткерлер мен әлі де империялық райынан қайта қоймаған солтүстік көршіміз қалай қарар екен? Ресей өз кінәсін мойындап, бізден былай деп кешірім сұрар ма екен: «Иә, кеңес дәуірі кезеңінде 6,5 миллион қырылған қазақтың және олардың тумаған ұрпақтарының обалы мен айыбы бізге қалып отыр. Кешіріңіздер бізді, қазақтар!»? 
Ашаршылық қасіретін біз ұлттық идеяның, ұлт саясатының, ұлттық тәрбиенің негізгі қағидасына айналдыруымыз керек сияқты. Сәби кезден бастап, балаларымызды сол нәубетті естен шығармауға үйрету қажет, мектеп бағдарламасына «Ашаршылық» сабағын енгізсе дұрыс болар ма еді. Репрессия құрбандарын еске алатын 31мамырдан басқа бір күнді немесе тіпті үш күнді ашаршылық құрбандары бойынша аза тұту деп белгілесек, бұл күні бүкіл қоғам болып қара жамылып, шейіт болғандарға бағыштап ас беріп, Құран оқытсақ, игі болмас па еді?! 
Бізге тіпті Яд Вашем сынды мемориалды кешен ашу да артық болмас! Халық жадында сақталып қалу үшін, келешек ұрпақтарды сақтандыру үшін ашаршылықта қырылғандарға әр ауылда ескерткіш орнатсақ абзал.
Ғалымдарымыз жаңа, тың зерттеулер жүргізіп, бүкіл қоғамға жария қылса екен өз жұмыстарын. Сонымен қатар бізге тек тарихшылардың зерттеулері ғана емес, сонымен бірге қарапайым халық куәсі де керек. Тарихты біз көбіне-көп қоғамның жалпылама дамуы мен оның саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістері деп түсінеміз. Ал қарапайым адамдардың өмірі мен ахуалы, олардың ойлары мен мұң-мұқтаждары тіпті де көп жағдайда тарих назарынан тыс қалып отырады. Бірақта, менің ойымша, нағыз тарих дегеніміз осы.
Әр ауыл, әр аудан ашаршылық жайлы өз кітабын жазса, мұнда алапат куәларының бастан өткерген қасіреттері келтірсе. Бұл жұмысты зиялы қауым өз қолына алса: мектеп оқушылары, колледж бен жоғары оқу орындары студенттері ұстаздардың жетекшілігімен жасы үлкендердің куәлік келтірген әңгімелерін жазып алып, «Менің жанұям ашаршылық жылдарында» және «Менің ауылымның ашаршылық жылдарындағы тарихы» атты кітаптарды әр оқу орнында шығарса. Іле-шала халық жазған және халық аузынан жазылған осындай тарихты том-том болып жарыққа шығарсақ. Бұл кітаптар бірінші мезетте куәгерлік көрсетулерден құралса: мұнда сол зұлматты басынан кешіп, тірі қалғандардың естеліктері немесе олардың әңгімелерін естігендердің куәліктері келтірілсе. Тек қана осындай деректер қажет бізге, ешқандай патетика мен риториканың, талдау мен пысықтаудың, пайымдау мен тұжырымдаудың керегі жоқ сияқты бұл кітаптарда: оларды өз кезегінде тарихшы, саясаттанушы, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы ғалымдар мен философтар жасасын. Ал бұл кітаптарға тек деректер, деректер және тағы да деректер керек! 
Ашаршылық фольклорға айналып кетпей тұрғанда, осы істі мықтап қолға алу керек. Осылайша біз ашаршылықта қырылған ата-бабаларымыздың алдында аз да болса қарызымыз бен парызымыздан құтылатын шығармыз. 
Менің студенттер арасында насихат жүргізіп, оларға ашаршылық туралы әңгімелер жазуды тапсыру жұмысымен айналысқаныма үш жылдың жүзіндей болып қалды. Алғашында студенттер мұндай тапсырманың қиындығын айтып, маған «Ашаршылық куәгерлері қазір сексен жастан асып кетті емес пе? Ондай қариялар ауылымызда қалған да жоқ. Біз ашаршылық жайлы қалай жазамыз?» деп қиылды. Мен оларға «Ашаршылық куәгерлерінің бүгінгі күні бірлі-жарым ғана қалғандығы рас-ақ. Олардың өзінен болмаса да, сіздер олардың әңгімесін естігендерден сұрап білсеңіздер болады. Бұл көз көргендердің куәсін естігендердің куәсі болады. Мысалы менен сұраңыздар: менің жасым елуге жетпесе де, мен марқұм әкем мен шешемнің әңгімелерін жақсы білемін. Мен солардың куәсінің айғағымын» деп жауап бердім. 
Студенттерге әкемнің айтқан әңгімесін қысқаша баяндап бердім. Оларды бұл хикая терең ойға шомдырды. «Ал тап осындай болмаса да, осы сынды тағдырлар мен оқиғалар әр қазақ жанұясында болып, сол кездегі әр қазақтың басынан өтті деп айтуға тұрарлық емес пе?! Бұл менің әкемнің тағдыры ғана емес – бүкіл халықтың тағдыры… Бұл -менің әкем емес, бұл – менің халқым…»- дедім мен.
Талай студент бұл іске жауапкершілікпен қарады. Менде студенттердің ондаған жұмыстары жиналған. Алдымыздағы таяу күндері соларды біріктіріп, алғы сөз жазып, бірінші кітап қылып шығарсақ деген ойдамыз. Бүкіл қоғам болып ондай кітаптардың тағы да талайын шығаратын күн алда деп үміттенемін. Оған бәріміз де жұмылсақ болғаны… 
Біз, міне, осындай ойдан шығарылмаған, бүкпесіз шындықты ғана келтірген, халық аузынан шыққан шынайы хикаяларды жазып, жарыққа шығарып, осы кезге дейін айтылмай, ұмыт болып тұрған тарихымызды жандандыруымыз, дүние жүзіне жария етуіміз керек. Осылайша қазақ тағдыры бүкіл адамзатты адамгершілік сипаттан ада, адами мақсаттан жұрдай, жан түршігерлік нәтижелерге алып келетін әлеуметтік-саяси тәжірибелерден сақтандырады, қазақтың қасіреті барлық адамдарға үлгі-өнеге болады деп ойлаймын. 
Менің жүрегімде ашаршылық құрбандарының күлі, қаны, көз жасы, қасіреті дүрс-дүрс соғып тұр… Мазалай береді… Тыншытпайды… 

2006 жыл
Данияров К. История казахского государства. ХV-ХХвв. В 2-х ч., часть 2. – Алматы: Жібек жолы, 2000.

Қосымша №1

Менің әкем – Қамза Әлімұлы, 1923 жылы қазіргі Қарасай ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. «Біз бір әке, бір шешеден 13 бала туған едік, солардан үлкен әпкем екеуміз ғана тірі қалдық. Үлкен ағам Мәди 1931 жылы «халық жауы» деп айыпталып, ату жазасына кесілген болатын. Қалғандары ашаршылықта опат болды» деп күңірене әңгімесін шертуші еді қайран әкем.

«1932 жылдың суық күзінде бас сауғалап, жаяулатып Шамалған стансасына жеттік. Бір орыс машинистке алтын-күміс беріп, жүк пойызына отырдық. Бағытымыз – Қырғызстан, ол жерді ашаршылық жайламапты дегенді естігенбіз, мақсатымыз сонда жету. Қанша жүргеніміз есімде жоқ, пойыз бізді Тоқмақ қаласына әкеліп тастады. Стансаға түссек, ана жер, мына жерде сіресіп өліп жатқан қазақтар. Қала халқының дені өзбектер екен, олар ашаршылыққа ұшырамаған тәрізді: әр жерде шайханада сораптап шай ішіп отырғанын көрдік. Ал шайхана табалдырығында қатып қалған қазақтардың өлі денелерін киген киімдерінен танисың.
Бұл жерде де қазақ үшін жан сақтаудың оңай еместігіне көзіміз жеткендей болдық. Әрі оңтүстікке қарай қашуға қауқарымыз қалмаған. Не де болса осында тұрақтауды жөн көрдік. Қаланың шетіндегі бір сайда аузы-мұрны жоқ біреулер тастап кеткен там бар екен, есік-терезесінің орнына текемет пен алаша жауып, соны паналадық. Екі үлкен ағаларым 17 жасар Мұғали мен 15 жасар Аббас (үйде Қабас дейтінбіз) сайдан қамыс орып, базарға отын ғып сатады. Содан тапқан азын-аулақ тиын-тебенге нан алып жейміз. Шешем елден алып шыққан алтын мен күмісті нанға айырбастайды. Кейін ол да таусылды. Бәріміз де ашпыз.
Әкемнің інісі Кәртеңбай кезінде қайтыс болып, оның төрт әйелі де бізбен бірге болатын (кіші әкемнің баласы жоқтұғын, сондықтан да әйелді ала берген екен), алдымен сол төрт жеңгем қайтыс болды. 
Әкем кезінде Бұқара мен Самарқант жақта медресе бітіріп, ауылда молда болып, балалардың сауатын ашып, оқытқан кісі еді. Ауылдағы елді отырықшылдыққа үйрететін: үй салып, тауық-қаз ұстататын, бақ салдыратын. Еңбекшінің күнбатыс жағында «Әлімнің бағы» деген жер әлі күнге шейін бар. Әкем сол кезде 58 жаста еді. Әбден қажыған, әлсіреген, қозғалуға да қауқары жоқ, күні бойы есікте отыратын, ауыл жаққа көз тігіп. Менің жасым тоғызда, күн ұзақ жеті жасар Күлсін қарындасыммен ойнаймын, ойнағанда да көбінесе отырып немесе көрпе астынан басымызды қылтитып қана, асыр салып, жүгіріп ойнау деген жоқ.
Көктем шыға бізге де хабар келді «Қазақстанға жаңа бастық жіберіліпті, аты Мырзажан дейді, қазақ оңала бастапты» деп. Осыдан кейін екі ағам да қозғалыңқырай бастады «Елге қайтайық» деп. Әкемнің «Мен елге жете алмаймын, осында әл шақырып алайық» дегеніне қарамай, ақпан айының орта шенінде «қайдасың Қазақстан, қайдасың туған жер!» деп жаяулатып жолға шықтық. 
Шу өзенінің бойында әкем қайтыс болды. Оны өзеннің бойына көмдік. Кейінірек Аббас ағам да көз жұмды. Оны көмуге мұрша жоқ, денесін ескі бір дуалдың іргесіне қойып, дуалды шайқап-шайқап мәйітіне құлаттық – ит-құсқа жем болмасын дегеніміз ғой. Арып-ашып қырғыздың Қарабұлағы деген жерге де келдік-ау! Алатаудың ар жағы Қастек – қазақ жері, одан ауыл да алыс емес. Тек биік асудан өту керек. Анадай жерде қырғыздың киіз үйі тігіліпті, алдында он шақты қой жайылып жүр. Шешем Мұғали ағама «Менің әрі қарай жүре алмайтын түрім бар. Күлсін екеуміз осында қалайық, сен Қамза екеуің асудан өтіп, елге жетіңдер. Содан соң туған-туысты жиып, көлік алып, мені алып кетерсіңдер. Мен бір-екі күн мына қырғыздарға барып паналайын, мұсылман болса, қуып жібермейтін шығар» деді. Шешемнің сөзін жөн көрдік те ағам екеуміз жүріп кеттік.
Қарлатып, борандатып асудан да өттік екі иінімізден әрең дем алып. Төмен түссек, елдің бәрі де қолдарына шелек ұстап, жотада жүр. Күні бойғы кәсіптері – сарышұнақтың ініне су құйып, тышқан аулау. «Қазақ оңала бастапты» деген әңгіме бекер болып шықты. Содан жаяулатып, ауылға келдік. Ауылдың жартысы қырылып қалыпты, аштықтан естері кеткен ел бізді елеп-ескермеді, тіпті жақтырмады да. Қысқасы не керек, ары ұмтылып, бері қарманып, Алматы жаққа тарттық та, ағам Мұғали біраз уақыттан соң Боралдайда салынып жатқан радиостанса құрылысына жұмысқа жалданды. Алайда бірер күннен соң ағама сүзек жабысып, ол да қайтыс болды. Жалғыз қалдым. Қарғалыдағы әпкеме тарттым. Жаяулатып, екі күн дегенде әпкеме де жеттім. Бірақ аш өзегіне түсіп кеткен жездемнің үй-іші мені құшақ жая қарсы алған жоқ. 
Бұл жердегі де күйім мәз болмаған соң, екі-үш күннен кейін қайтадан Алматыға жол түзедім. Түнде бір түп бұтаның арасына барып қондым. Түсіме әкем мен ағаларым кірді: бір ордың ар жағында тұр, ордың бер жағы сым темірмен қоршалған екен, маған күле сөйлеп: «Кел, келе ғой!» деп қолдарын бұлғап шақырады. Ұлдың ең кішісі болғандықтан ба, әкем марқұм мені қатты еркелететін, қасынан тастамайтын, соған орай өзім де шолжаң болып өстім: әкем мені бір жерге алмай кетсе, ызаланып, долданатынмын, тіпті пісіп тұрған қазанның ішіне сиіп те жіберетінмін. Білемін, әкем бәрібір менің бар қылығымды кешіретінін…
Сол еркелігіме салдым да, әкемнің шақыруына бармай, жалт бұрылып, қаша жөнелдім. Оянып кетсем, түсім екен. Қайтадан жолға шықтым. Ақсайға жете бере жолдың жиегінде асылып тұрған, астына от жағылған қазанның қасында бүкшеңдеп жүрген еркек пен әйелді көріп, «Бұлар маған тамақ берер ме екен» деп дәметіп, соларға қарай жүрдім. Әйел мені көріп, сасып қалды да, сонан соң «Келе ғой бермен, келе ғой, балам!» деп маған қарсы жүрді. Ер кісі де басын көтерді, бет-әлпеті қап-қара екен, көздері де жынданған адамның жанарындай қорқынышты. Ішім бір нәрсені сезгендей, зу етті. Қаша жөнелдім. Жаңа ғана жылы шыраймен жұмсақ сөйлеп тұрған әйел еркегіне өктем дауыспен «Ұста ананы!» деп бұйырды. Екуі де артымнан тұра жүгірді. 
Қашып келемін, олар ентелеп келеді. Екі өкпем өшіп, «енді ұсталдым-ау!» дегенде бір дөңнің басына шығып үлгердім. Қарасам, дөңнің асты жол екен, сол жолда қасында кемпірі мен бала-шағасы бар, сақалы белуарына жеткен бір орыстың шалы ат жеккен арбамен шоқаңдатып келе жатыр екен. Соларға қарай жүгірдім. Әлгі екеуі орыстарды көре сала, жерге отыра қалып, шөпшек теріп жүргендей кейіп көрсетті. Мен тоқтамай, сайдан бірақ жүгіріп өттім. Орыстар да мүдірместен өз жолымен кетті, жаңағы екі адамжегіш те көрінбей кетті… Бір ажалдан құтылдым, білем, сол жолы…
Айтып-айтпай не керек, Алматыда қайыр сұрап, бірнеше тәулік күнелткен соң, мені милиция ұстап алып, Сергиополдегі (қазіргі Аягөз) балалар үйіне өткізіп жіберді. Екі жылдан кейін ғана барлық балалары аштан өліп, өзі ғана тірі қалған Қарғалыдағы әпкем әр жерге хат жазып жүріп, мені тауып алып, қолына алды.
Сөйтіп, ашаршылықта әкемнен, екінші әпкем Ынтық пен оның барлық балаларынан, үлкен ағаларым Мұғали мен Аббастан (ең үлкем ағам Мәди ауыл кеңесінің төрағасы еді, 1931 жылы ашаршылық ә деп басталғанда, оны «бидай ұрлады» деп айыптап, ату жазасына кескен болатын) айрылдым. Шешем мен қарындасым Күлсіннің не өлі, не тірі екенін де білмедім…
Осыдан бастап Секер әпкемнің қолында болдым, орта мектептің жеті сыныбын бітірдім. 1942 жылдың күзінде соғысқа шақырылып, кеңес-түрік шекарасында бір жыл қызмет жасаған соң, 1943 жылдың қарашасында қылмыс кодексінің 58 бабының 12 тармағына сәйкес «антисоветтік үгіт-насихат жасады» деген жалған айыппен 10 жыл бостандық айрылуға кесілдім. Сол кезде таралған анекдот бар емес пе еді:
– Не үшін отырсың түрмеде?
– Еш жазығым жоқ, кінәсізбін! 
– Өтірік! Кінәсіз болсаң, саған он жыл берер еді! Ал сенде он бес жыл!
Воркута мен Хальмер-Ю қалаларының маңындағы лагерлерде шахтыда белшемнен суық суға батып, көмір қаздым, қарағай құлаттым. Елге 1951 жылдың қысында ғана қайтып келдім».

Марқұм әкемнің хикаясы осындай. Кейінірек, ес жинап, үйлі-баранды болып, алты бала сүйгеннен кейін, 1968 жылы әкем Қырғызстанға барып қайтқан еді. Ондағы мақсаты Күлсін қарындасын іздестіру еді: «Шешем баяғыда қайтыс болып кетті ғой, алайда қарындасым тірі шығар, соны тауып алайын». Қасына бір жеңгесін алып алды, өйткені «Қарындасым әкеме ұқсаған аққұба еді, менің жадымда әкемнің бейнесі көмескіленіп қалды ғой, қарындасымды таныса, әкемді келін болып түскеннен көрген осы жеңгем танитын шығар» деп. Қырғызстанда әкем бір айдай жүрді, бірақ қарындасын таба алмады: ешкім де естімеген, білмеген болып шықты. 
Бірақ әкем іздеуін тоқтатпады: хаттар да жазды, ылғи біреулер арқылы сұрастырып та жүрді. Тіпті «Үмітсіз – шайтан» деді ме, қайдам, дінге берік әкем, бал ашудың күнә екендігін біле тұра, ауылдағы таныс балгерге қарындасы тұрғысында бал да аштырды. Балгер: «Қарындасың тірі: бір қырғызбен тұрмыс құрған, алты баласы бар екен» деп әкемді үміттендіріп қойған да. 
Әкем біреулердің «Қырғыз деген қазақ халқы сияқты аңғал емес, олар араларында болғанды ешкімге де тіс жарып айтпайды. Ал бала асырап алғанда, қара қойды сойып, барлық туған-туыс жиылып, қойдың ішек-қарнына қолдарын салып, «Бұл жәйтті енді бір адамға да айтпаймыз!» деп серттеседі екен. Сондықтан да қарындасыңызды бекер іздейсіз: бәрібір таппайсыз!» деген сөздерін де елемеді. Іздеу сала берді… Тек өзінің қайтыс болғанынан бір жыл бұрын (әкем 1995 жылы ақпан айында қайтыс болып еді) басқа бір балгер «қарындасың қайтыс болыпты» деп сәуегейленгеннен кейін ғана, бейсенбі-жұма күндері әруақтарға бағыштап Құран оқығанда, әкем Күлсін қарындасын дұғаларына қоса бастады…
Бұл әңгіменің жалғасы бар…
Өткен жаздың шілде айында Қарғалыдағы үйдің ескі көршісі (ауылдағы әкемнің үйінде жалданып бөгде адамдар тұрады) Алматыдағы әпкеме телефон соғып былай депті: «Жақында жасы алпыстан асқан бір ер адам келіп, «Мен Қамзаның Қырғызстандағы жиені боламын. Сол кісінің балалары қайда екен?» деп сұрады. Мен сендер туралы айтып бердім: «Бәрі де Алматыда тұрады» деп. Алайда біреуіңнің де телефоныңды білмейді екенмін. Әлгі кісі солай сендермен қалай хабарласуды білмей кетті». Әпкем оған: «Ол кісінің аты-жөнін, телефонын немесе мекен-жайын жазып алмадыңыз ба?» десе, 70-тен асқан апай: «Ой, ондайды тіпті ойламаппын!» деп жауап беріпті. Ол кісі де өзінің координаттарын көршіге қалдырмапты…
Сонымен әкемнің қарындасының балалары бар болып шықты. Енді жиендерімізбен қарым-қатынас құрсақ деп армандаймыз…

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА