22.11.2024

Қазақтың балалары математика пәнінен өте алғыр келеді – А. Жұмаділдаев

Бүгін Алматыда математика, физика және информатика пәндері бойынша жоғары сыныптар арасында ХII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған білім додасында қазақстандық оқушылар 191 медальдің – 48-ін қанжығаларына байлады. Олардың үшеуі – алтын, он үші – күміс және отыз екісі – қола медаль.

Осы орайда, «ҚазАқпарат» тілшісі Жәутіков олимпиадасының Қазылар алқасының тең төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаевты әңімеге тартып, олимпиада жайында пікірін білді.  

– Асқар Серқұлұлы, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық Жәутіков олимпиадасы биыл қандай деңгейде өтті?

– Жәутіков олимпиадасы биыл өте жоғары деңгейде өтті. Ол жыл сайын да өте жоғары деңгейде өтеді. Негізі, бұл олимпиаданың үш ерекшелігі бар. Бірінші, бұл еліміздегі халықаралық деңгейде өткізілетін бірден-бір олимпиада. Екінші, әр жылды Жәутіков олимпиадасы бастап береді. Бұдан басқа дүние жүзі бойынша ерте басталатын олимпиада жоқ. Үшінші, бұл  олимпиаданы бір ғана мектеп өткізеді. Республикалық физика-математика мектеп-интернаты. Бұл нені көрсетеді? Бұл, Қазақстанда білімнің, ғылымның өте жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Бүкіл дүние жүзі бойынша осы білім додасына қатысқысы келетін мектептер өте көп. Мысалы, биыл Жәутіков олимпиадасына қатысқандардың тең жартысы өз ақшасына келді. Өйткені, оларға билік тарапынан қаржылық қолдау болмады. Ал, бұл олимпиадада берілетін дипломның мәртебесі өте жоғары. Жеңе алмасаң да, «қатысты» деп берілетін грамотаның өзі болашаққа жол ашады. Мысалы, өзбекстандық балалар түгелімен өз ақшаларына келді.  

– Бұл олимпиадада қандай командалар көзге түсті?

– Бұл жерде мен Индонезиядан келген оқушыларды айтар едім. Өйткені, олар ылғи жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Сондай-ақ, мәскеулік оқушылар өте жоғары дәрежеде өнер көрсетеді. Олар – А. Н. Колмогоров атындағы мектеп-интернаттың балалары ғой. Біздің олимпиадада жыл сайын осы мәскеуліктер ұтып кетеді. Бір-ақ рет ұтылып қалды. Өткен жылы,  оларды біздің қазақтың қаракөз балалары ұтып кетті. Бірақ, «күш атасын танымайды», – дейді ғой қазақта. Биыл, тағы да мәскеуліктердің бағы жанды. Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Өйткені, олар физика, математика және информатикадан бірінші орынды жеңіп алды. Біздің балалар енді математикадан оза шапса, кейде информатикадан немесе  физикадан қалыс қалып жатады. Әзірге, үш пәннен де бірдей озуға шамамыз келмей жатыр. Бірақ, бұған өкінудің еш қажеті жоқ. Ғылымда ондай-ондай болып тұрады.

– Асқар Серқұлұлы, жалпы, отандық оқушылардың көрсеткен нәтижелеріне көңіліңіз тола ма?

– Әрине толады. Көңілім ылғи толып жүреді. Өйткені, бүгінгі таңда шет елдерде оқитын Қазақстанның жастары өте көп. Тіпті АҚШ-тың Гарвард университетінде оқыған менің шәкірттерім бар.    

Олар несімен ұтады? Мысалы, емтихан тапсыратын болса, ондағы сұрақтардың алпыс пайызы матеметика пәнінен болады. Қалғандары  тарих, тіл және басқа да пәндерден. Сонда, біздің жастарымыз математикадан ылғи озып шығады. Негізі, қазақтың балалары  математика пәнінен өте алғыр келеді. Сондықтан, мен әрине балаларымыздың жетістігіне қанағаттанамын.

 -Асқар Серқұлұлы, Жәутіков олимпиадасының халықаралық дәрежедегі деңгейін арттыру үшін қандай шараларды жүзеге асыру қажет?

Ең бастысы кедергі жасамау керек. Олимпиаданы қажет болса, республикалық физика-мектеп интернаты өзі өткізе береді. Бірақ, әрине аудитория, зертхана жағынан көмек көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, бұл ғылым ғой. Ал ғылымға қолдау қажет. Ғылымнан көп ақша талап етуге болмайды. Бұл күнә. Егер оған тұрақты түрде қолдау көрсетіліп тұратын болса, ерте ме, кеш пе ғылым өз жемісін береді. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Жаппарберген Айбота

www.kazinform.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА