22.11.2024

Әлімов Асхат. Мектепке берілген ұсыныстар

Жақында мектеп басшыларына посткурстық қолдау көрсету мен қалыптастырушы бағалау беру мақсатында 23 мектепті аралап, 116 сабақ пен басқа да шараларға (ата-налар жиналысы, коучинг) қатысып келдім. Байқауым бойынша мектептерге «жұлдыздар» да, ұсыныстар да бердім.
Төменде сол ұсыныстардың бір бөлігін келтірдім. Сіздерге «Мүмкін қажеті болар!» деген оймен жіберіп отырмын… Бір кәделеріңізге жарап қалса – игі болар еді…

Мектеп ата-ананы өзінің ең негізгі көмекшілеріне айналдыру керек. Мұның нақты көріністерін көре алмадым. Тек ата-ана жиналысында ата-аналарды өз балаларын қалай тәрбиелеу керектігіне оқытып-үйретуді көрдім, ал олардың мектептің күнделікті жұмысына араласып, мұғалімдердің кейбір міндеттерін көтергенін көрмедім. Жиналыстан да басқа шаралар өткізілсе: бірлескен жұмыс жоспары жасалса, сыныпта немесе мектепте, тіпті ауылда туындаған бір өзекті проблема шешілсе. Адамға ақыл айтып жақпайсың, ақыл сұрап жағасың! Ата-аналармен ақылдасу керек, олардан ақыл сұрау керек, мектепке жақындату керек, мектеп пен сынып жұмысына араластыру керек. Өз баласына деген жауапкершілікті сезіндіріп, мектепке қоятын міндеттерін өздеріне білдіртпей, тізе батырмай жүктеу керек. Сол баяғы менің айтатын “өз жұмыстарыңызды жеңілдету керек”! Өздеріңізге де жақсы емес пе?

Алайда менің байқағаным, мұғалімдер әлі де келінге шөмішті бермеген ене секілді басқару тізгінін ата-анаға да, оқушыға да бергісі келмейді! Соңғысын мен мектептерде оқушы үні деңгейінен көрдім. “Оқушы үні” тақталары бар болса да, оларға не жазылғанына жіті назар аударған жөн. Онда баяғы тойда тост секілді айтқан тілектер мен әсерлері емес пе: «Маған сабақтар ұнайды. Мұғалімдерге көп рахмет! Мектебіміз көркейе берсін!»?

Ал оқушылардың ұсыныстарын қай деңгейде жүзеге асырып жатырмыз? Мысалы, “Оқушы үні” тақтасында мынандай қысқа ақпар ілінсе:
“Өткен аптада бұл тақтаға 87 стикер ілінді. Оның 43-і мұғалімдерге тілек пен рахмет айту болды, 27-і жалпылама ұсыныстар, ал 17 ұсыныс нақты болды. Рахмет, балалар! Бұл 17 ұсыныстың 8-ін мектеп әкімшілігі жүзеге асырғанын өздеріңіз де көріп отырған шығарсыздар. Қалған ұсыныстарды жүзеге асыру тұрғысында жұмыстар жүріп жатыр: оларды осы аптаның ішінде орындаймыз деп уәде береміз. Директордың орынбасары: аты-жөні”.
Мұны көрген оқушылардың санасынан “Рас, біздің пікірімізбен санасады екен ғой! Қой, енді біз бұдан да мәнді, мағыналы ұсыныстар келтірейік! Осы арқылы сабақтарымыз бен мектебімізді көркейтейік!” деген ұғым мықтап орын алуы сөзсіз.

«Оқушы пікірінің» әлі де жақсартуды қажет ететіндігін мен сабақтан кейін оқушылардан интервью алғанда да байқадым: негізінен оқушылар өз ойын жеткізе алмай жатады, ойларына дәлелдер мен айғақтар келтірмейді, негізінен жалпылама пікір айтады, сабақты жақсарту бойынша нақты ұсыныстар бере алмай жатады, менің сұрақтарымды тексеру үшін қояды деп есептейді. Мәселен, олар «Осы сабақты бұдан да қызықты, мәнді, мағыналы жасау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?» деген сұраққа негізінен жалпылама жауап береді: «Сабақты жақсы оқу керек! Жақсы дайындалу керек! Мұғалімнің айтқанын орындау керек! Жалқау болмау керек!». Бұдан оқушылармен сабақ жайында көп әңгіме жүргізілмейтіндігін, олармен сабақты талдау аз жасалатындығын, сабақ қорытындысын күнде-күнде талқыланбайтындығын, олардан ұсыныс талап етіп, оларды сабақты жақсарту мақсатында қолданбайтындығын көруге болады.

Мектептерде мұғалім мен оқушылардың (тіпті ата-ананы да қосса болады мұнда) басын қосатын ортақ бір мақсат байқамадым. Мектептер негізінен тек сабақ беру, сабақ оқу, ҰБТ-ға дайындық, тәрбие шаралары ауқымында жұмыс жасауда. Ал кең, ауқымды, зәулім, елдің басын біріктіретін жоба көрмедім. Мысалы, баяғы А.С.Макаренко мектебінің бірінде ұшақ жасау немесе менің ылғи да сіздерге ұсынатын идеям «Ауылда – бір тоғай, бір тоған” жобасы секілді ортақ мүдделер болса. Осы секілді асқақ жобалар мектепті біріктіріп, мұғалімдер мен оқушылардың күнделікті жұмыстарына биік мағына берер ме еді? Мектептің ынтымағын бұрыннан да бетер нығайтар ма еді?..

Сабақ туралы. Сабақ міндетті түрде мақсаттан басталып (“Біз бүгін осы тақырып бойынша не білуіміз керек, не үйренуіміз керек, не жасай білуіміз керек!” деген сұрақты талқылау), мақсатқа жеткен-жетпегенді талқылаумен аяқталуы керек шығар: “Біз мақсатқа жеттік пе? Оның дәлелі қандай болды? Нәтижеміз не болды? Енді не істейміз?” Сабақта бәрі де мақсат тұрғысынан болса – игі еді. Тапсырмаларды ұсыну да мақсаттан басталуы керек болар: “Балалар, мен сіздерге бұл тапсырманы мына мақсатта беріп отырмын!” немесе олардың өздерінен сұрау керек: “Балалар, мен не үшін сіздерге осы тапсырманы ұсынып отыр деп ойлайсыздар?” Сондықтан да мұғалімдерді де, оқушыларды да мақсат қоюға үйрету керек шығар. Джон Дьюидің сөздерін тағы да естеріңізге сала кетейін: “Тек ерікті адам ғана мақсат қояды, құлда мақсат болмайды”.
Демек, мұғалім өзінің әрбір әрекетін мақсат тұрғысынан сараптап тұруы қажет: «Бұл сабақты не үшін оқимыз? Бұл тапсырманы мен не үшін оқушыларға беріп отырмын?» деп. Оқушы әр сабақтың не үшін оқытылып жатқанын, әр тапсырманың не үшін орындалып жатқанын білуі, түсінуі керек, сонда оның әрбір әрекеті саналы болады және биік мағынаға толады.

Деңгей. Тапсырмалар мен сұрақтардың деңгейіне көп көңіл болу керек. Байқағаным, көп жағдайда сабақтар оқулық ауқымында өтеді. Сұрақтар мен тапсырмалар «Оқулық не дейді? Оқулықта не жазылған? Оқулықты білесің бе?» деген сыңайда беріледі. Оқушылар да негізінен оқулық бойынша жұмыс жасайды, оқулықты қайталайды, жатқа айтады («Білу») немесе ондағы материалды өз сөзімен жеткізеді («Түсіну»). Ал оқулықтағы материалды, деректерді түрлендіру, өзгерту, дамыту, тереңдету, олардың негізінде жаңа ақпарат құрастыру тапсырмалары аз орындалады.
Өзімізге мына сұраққа жауап берелік: оқулық құрал ма, әлде мақсат па?.. Мақсат болса, – онда тек оқулық бойынша жұмыс жасайық, ал құрал болса, – оқулық ауқымынан тыс шығып кетіп, тақырыпты кеңейтейік, оған жаңалық қосайық! Осы арқылы біз оқушының миы мен ойлау қабілетін, шығармашылығын дамытайық! Таңдау жасау мен шешім қабылдау арқылы оның проблема шешу дағдыларын дамытайық! Бірлесе жұмыс жасату арқылы оның әлеуметтік дағдыларын дамытайық! Ең басты да мақсатымыз осы емес пе: оқушының миын, жүрегін, қолын дамыту?! Абай айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».

Тапсырмалар мен сұрақтардың Блум таксономиясы бойынша негізінен жоғары деңгейлерде болғаны дұрыс. Естеріңізде ғой: “Жоғары деңгейде берілген тапсырма оқушылардан төменгі деңгейдегі әрекеттерді өздігімен орындауды талап етеді”. Мысалы, егер оқушыларға эссе жазу не есеп құрастыру тапсырмасын берсеңіз (“Жинақтау” деңгейі), онда оқушылар өздігімен “Не жазамыз? Қалай жазамыз? Есепті қалай құрастырамыз?” деп, оқулықты ақтарады, өздігімен ақпарат іздейді (“Білу”), содан кейін қалай орындау керектігін талқылайды (“Түсіну”), өздері жасап, шығарып көреді (“Қолдану”), енді қалай жасағанын талдайды, қателерін түзейді (“Талдау”), содан кейін ғана эссе жазады не есепті шығарады (“Жинақтау”), осыдан соң бұл тапсырманың өздеріне не бергенін талқылайды (“Бағалау”). Көріп тұрғаныңыздай, бір ғана жоғары деңгейдегі тапсырма. Алайда оқушылар өздігімен Блум таксономиясының барлық деңгейлерінде тапсырмалар орындады.

“Жасасын оқушы!” ұстанымын кеңінен қолдану керек. Әлі де болса оқушыларымыз тұтынушы болуда, ал олар мүмкін тіпті тауар өндіруші болуы керек шығар! Әлі де олар орындаушы қатарында, мүмкін олар ұйымдастырушылар құрамында болуы керек болар! Мұғалім емес, оқушы жасасын сабақта! Оқушылар өздері үзілісте топтарға бөлсін, ой сергітсін, сабақ басталысымен бір-бірінің үй тапсырмасын тексерсін, бір-біріне жаңа сабақты түсіндірсін, бірін-бірі үйретсін, бір-бірінің жұмыстарын тексерсін! Көп мұғалім әлі де мектептің кіндігі, центрі болып, оқушыларға билікті бермей, “Мен бәрін де өзім жасаймын! Сендер тек тыныш отырсаңдар болғаны!” деген саясатты ұстанады. Мұғалім өзін аясын: оқушылармен өз міндеттерімен бөліссін, оларға негізгі жұмысты бөліп берсін, оқушыны жасатсын. “Жасасын оқушы!” деген осы…

Топтық жұмыс дегеніміз тек постерді бірлесе жасау емес. Барлық сұрақтарға жауапты топтық (жұптық) талқылаудан кейін берген дұрыс. Барлық тапсырмалардың тек топ (жұп) құрамында орындалғаны абзал. “Апай, мен айтайыншы!” деп қол көтергенді тыйған дұрыс. Егерде оқушы жауабын білсе, топ ішінде басқа балаларға айтып берсін, содан кейін топ атынан сөйлесін. Топтық (жұптық) жұмыс түрлері тек постермен шектелмесін. Олардың қатарына сахналау, слайд жасау, сұрақ құрастыру, видео түсіру, топтық баяндама жасау, тест сұрақтарын дайындау, түрлі ойындар дайындап өткізу, комикстер дайындау, т.б. әрекеттерді жатқызуға болады.
Жауап беру (немесе қорғау) туралы. Бір оқушы немесе бір топ жауап бергенде, қалғандары не істеп отырады? Оларға кері байланыс беруді тапсырып қойған орынды. Мәселен, бір оқушы (немесе топ) «Жауапта не жақсы болды?» деген сұраққа жауап берсе, екінші оқушы (немесе топ) «Жауапта нені жақсартуға болады?» деген сұраққа жауап дайындаса, үшінші оқушы (немесе топ) жоғары деңгейдегі сұрақ қойса, төртінші оқушы (немесе топ) қорытындылауға дайындалып отырса. Сонда оқушылар бос отырмайды, кері байланыс беруге дайындалып отырады: тыңдайды, пысықтайды, талдап, талқылайды, жауапты ыңғайлайды.

Бағалау туралы. Мектептерде оқушылардың өзін-өзі бағалауы мен топ ішінде бір-бірін бағалауы жақсы қолға қойылған. Алайда оның мақсатын дұрыстау керек, өйткені бағалау әлі де оқушының қалай жұмыс жасағанын тексеру үшін қолданылуда. Бұған қоса оқушылардың жұмысы баға, балл тұрғысынан өлшенуде. Бұны жөндеу керек! Өйткені бағалаудың басты мақсаты – оқушылардың үйренуіндегі қате мен кемшіліктерді түзету, оның оқуын жақсарту жақсарту, кемшіліктерді болдырмау.
Осыған сәйкес оқушының қалай, қанша баллға жұмыс жасағанын тексермей, оларда сабақта не сәтті немесе не сәтсіз шыққанын анықтау керек. Мысалы, топ бағалаушысынан (көшбасшысынан): “Үй тапсырмасын орындағаны үшін әр балаға қанша қойдыңыз?” деген сұрақты емес, одан талдауды сұрау керек: “Үй тапсырмасын орындауда нені сәтті орындағансыздар! Неліктен деп ойлайсыз? Қандай қиындықтар туды? Олардың себептері қандай? Оларды қалай түзетеміз? Оларды болашақта қалай болдырмаймыз?” деген сұрақтарға жауап іздендіру қажет. Ал жеке оқушының әрекеттерін бағамен емес, “жетті” немесе “ұмтылды” деп бағаласақ дұрыс.
Егерде мұғалім оқушыларға баға қойғысы келсе, онда сабақ соңында оларға жеке жазу жұмысын ұсынсын, соның орындалуы бойынша оқушыларға алдын-ала айқындалған критерийлер бойынша баға қойсын. Сабақ бойы бірлесе жұмыс жасаған оқушылар сабақ соңында өздерінің не үйренгендігінің деңгейін көрсету үшін жеке жазу жұмысын орындайды. Ондай жеке жазу жұмыстарының қатарына эссе, хат, өлең жазу, сабақта жасаған жұмысы бойынша есеп беру, есеп шығару, жаттығуды орындау, тестілеу, шығармашылықпен құрастыру: критерийлер, тест сұрақтары, кесте, есеп, ереже, анықтама, нұсқаулық, алгоритм, менталды карта, диаграмма, семантикалық карта, т.б. жатқызуға болады.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА