22.11.2024

Ұрпақты ғана емес, қоғамды тәрбиелейтiн белсендi ұстаздар қатарын көбейту керек.

Қуандық ҚҰЛАЖАНОВ, облыстық бiлiм басқармасының басшысы:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адами капиталға инвестицияларды бағыттауды әлеуметтiк саясаттың бiрiншi дәрежелi басымдығы ретiнде белгiледi. Елдi кең ауқымды индустрияландыру мен экономикалық дамудың көкейкестi жобалары үшiн қажеттi кадрларды даярлау және кәсiбилендiру идеясы дамудың шешушi драйверлерi қатарында алдыңғы лекке шығарылды. Осы ретте Елбасы бiлiм берудiң қазақстандық сегментiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн дамытуды ұсынды. Осы орайда Оңтүстiк Қазақстан облысындағы бiлiм саласында нендей жұмыстар атқарылуда? Көкейде жүрген көп сауалды арқалап, облыстық бiлiм басқармасының басшысы Қуандық ҚҰЛАЖАНОВПЕН жолыққан едiк.

– Қуандық Салыбекұлы, ширек ғасыр – тарих үшiн қас-қағым ғана уақыт. Десек те, осы аз ғана мерзiмде өңiрiмiзде өрелi өзгерiстер мен толағай табыстар аз болмапты. Мiне, соны өз аузыңыздан естiгiмiз келедi.

– Рахмет! Расында, Елбасымызға ерген халық сан мың жыл аңсаған арманына да, мықты мемлекеттi қалыптастыру мұратына да дәл осы қысқа мерзiмде жетiп отыр. Ендiгi мақсат – әлемдегi дамыған отыз елдiң қатарына қосылу. «Мәңгiлiк Ел» құру – басты мақсатымыз. Ұлт Көшбасшысы жаїанды жайлаған аласапыран дағдарысты еңсерудiң екпiндi әрi нақты жоспарын белгiлеп бердi. Бiрқатар елде жан бағу жолында жанталас жүрiп жатыр. Ал, бiз даму жолына түсiп отырмыз. Әрине, бұл елi сүйген Елбасының ерен еңбегiнiң жемiсi. Елбасы «Қазақстан жаңа жаїандық нақты ахуалда: өсiм, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында ғылым мен бiлiм саласын көтеруге айрықша назар аударды. Бұл бағытта елiмiзде атқарылып жатқан жұмыстар қыруар. Соның iшiнде облысымызда тәуелсiздiк жылдары қол жеткiзiлген жетiстiктерге тоқталып өтейiк.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылында, яғни 1991 жылы облысымызда бiлiм саласына 895 миллион теңге қаралған екен. Бүгiнде салаға 230 миллиард теңге бөлiнедi. Демек, қаржы көлемi 229,1 миллиард теңгеге артып отыр.

1991 жылы облысымызда 652 мектепке дейiнгi бiлiм нысаны болған. Оңтайландыру жылдары балалар бақшаларының 84,5 пайызы жекешелендiрiлдi. Бiрқатарының ғимараттары қараусыз қалды, қиратылды. Сол тұста өңiрiмiзде 91 балалар бақшасы жұмыс iстеп тұрды. Қазiр мектепке дейiнгi ұйымдардың саны 1582-ге жеттi. Оларда 170,6 мың бала тәрбиеленiп жатыр. Облыс бойынша балаларды қамту 83,3 пайызды құрады.

Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылында 1491 балабақша ашылған. Соңғы бес жылда «Балапан» бағдарламасы бойынша 3 жастан 6 жасқа дейiнгi балаларды қамту 2,5 есеге артты. Соңғы үш жылда жекеменшiк мектепке дейiнгi ұйымдар желiсi 8 есеге (100-ден 811 бiрлiкке) көбейiп, бұл жөнiнде облысымыз республикада алдыңғы орынға шықты. Бүгiнде осы мекемелерде 78,5 мың жасөспiрiм тәрбиеленуде.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары облысымызда 965 мектеп бар болатын. Қазiр олардың саны 1022-ге жеттi. Республикамыздағы әр төртiншi оқушы бiздiң мектептерде бiлiм алады.

Осы 25 жылда 490 бiлiм мекемесiне күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Ширек ғасырда республикамызда 1396 бiлiм ошағы салынса, пайдалануға берiлген әрбiр нысанның екiншiсi бiздiң облысқа тиесiлi екен. Яғни, 568 мектеп балаларға есiгiн айқара ашқан.

Дарынды 250 оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлерi атанды. Талапты балалардың шығармашылық әлеуетiн арттыру мақсатында 1998 жылы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ашылғаны белгiлi. Сол кезде бiздiң облыста бiр ғана «Дарын» мектебi бар болатын. Қазiр осы сипаттағы мектептер саны 18-ге жеттi.

Бiлiм берудiң қазақстандық сегментiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн дамытудың тағы бiр маңызды құрамы оқыту үдерiсiне көптiлдiлiктi енгiзу, атап айтқанда, пәндердi қазақ, ағылшын және орыс тiлдерiнде оқыту болмақ. Мемлекет басшысының бұл көреген шешiмi жаїандық бiлiм беру рыногына шығудың жоғары перспективасымен отандық даярлыққа жаңа сапалы дәреже бередi. Осы күнге дейiн облысымызда үш тiлде оқытатын 16 мамандандырылған мектеп болды. 2016 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап барлық мектеп жаңартылған бiлiм беру мазмұны бағдарламасының енгiзiлуiне байланысты үш тiлдi бiлiм беру жүйесiне көштi.

2009 жылы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң 20 зияткерлiк мектебi» жобасы әзiрленген едi. Республика бойынша қазiр 20 зияткерлiк мектеп бар, оның екеуi бiздiң облысымызда. Ширек ғасыр аясында республика бойынша 24751 түлек «Алтын белгi» иегерi атанса, соның 4516-сы бiздiң еншiмiзде. Яғни, республикадағы әрбiр бесiншi «Алтын белгi» иегерi бiздiң өңiрдiң түлегi. Осыған орай тест қорытындысы бойынша ең жоғары балл алған түлектерiмiз артып отыр. Ал, өткен оқу жылында 125 балл жинаған түлектердiң әрбiр үшiншiсi Оңтүстiк Қазақстаннан болды.

Педагогтардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесi жаңартылды. 2012-2016 жылдар аралығында 57012 мұғалiм бiлiктiлiгiн арттыру курстарынан өттi. Бұл облыстағы барлық мұғалiмдердiң 85,8 пайызын құрайды.

Иә, тәуелсiздiк тартулары осындай. Жаїандық өмiр шындығының сын-қатерлерiне өзiмiздiң нақты мүмкiндiктерiмiзге негiзделген бiртұтас iс-қимыл стратегиясын қарсы қоя отырып, ұлы мұраттарға қол жеткiзiп келемiз. Елдiгiмiздi, мемлекеттiлiгiмiздi өзгелерге паш еткен бұл жетiстiктер мен жеңiстер жалғаса бередi деген сенiмдемiз.

– Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында «Ауыл шаруашылығы саласы дағдарыс кезеңiнде бiздiң экономикамыздың локомотивi болып қала бередi» деген-дi. Осы орайда кәсiптiк-техникалық бiлiм беру, яғни жұмысшы мамандықтарын даярлау қаншалықты iлгерiлеуде?

– Ауыл – ұлттық рухымыздың қайнар көзi. Ауыл жылдар бойы асыраушымыз болып келдi, болып қала да бередi. Сондықтан Елбасы ауыл шаруашылығының еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мiндетiн жүктедi.

Бүгiнде облысымызда 90 колледж бар. Мұнда 97 мамандық бойынша 70 905 оқушы бiлiм алып жатыр. 1991 жылы бiзде 32 кәсiптiк-техникалық училищеде 21480 оқушы бар болатын.

Бiлiм берудi өндiрiспен ұштастыра жүргiзу мамандардың бiлiктiлiгiн арттыратыны белгiлi. Осыған байланысты барлық колледжде дуальдi оқыту жүйесi енгiзiлген. Кәсiпкерлер палатасымен бiрлесiп, құрылыс, техникалық, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша 28 колледж 39 мамандық бойынша 100-ден аса iрi және шағын кәсiпорынмен төрт жақты келiсiмшарт жасасты. Қазiр 1347 студент дуальдi түрде оқытылуда. Осы жерде айта кетелiк, 2015 жылы колледж бiтiрушi түлектердiң 88,6 пайызы жұмыспен қамтамасыз етiлдi, 9105 студентке грант бөлiнген.

– Халқымыздың даңқты перзентi Бауыржан Момышұлы атамыз: «Ұстаз ұлы қызмет емес, ұлық қызмет» дептi. Ендi осы ұлық қызметке көлеңке түсiрiп жүргендер де бар десем, сiзге ауыр тимейдi ме? Мәселен, мектепте от жағушы немесе еден сыпырушы болып жұмыс iстеп жүрiп жоғары оқу орнын сырттай бiтiредi де мұғалiм болып шыға келедi. Қанша жерден мықты, мығым дегенiңiзбен, мұндай мұғалiмдер мектеп үшiн қаншалықты маңызды?

– Сауалыңыз өте өзектi мәселелердiң бiрi. Айтып отырғаныңыз шындық. Өзiңiз айтқандай, кешегi еден жуушыдан қандай физик, қандай химик шығады? Осы бiр мәселе менi де толғандырады. Өңiрдiң бар мектептерiнде емес, бiрақ әр жерлерде кездесетiн жағдай. Барлық елдердегi сияқты бiзде де «сырттай оқығанды жұмысқа қабылдама» деген заң жоқ. Қайта өндiрiстен қол үзбей, жоғары бiлiм алу өмiрлiк қажеттiлiк. Ол бұрын да болған, қазiр де бар. Ал, техникалық қызметкердiң бiрден бiлдей мұғалiм болып шыға келгенiне расында күмәнмен қараймыз. Бiзде, рас, «көңiлшек» директорлар да бар. Осындайларды жұмысқа қабылдай салады. Ал, бұған мектеп оқушылары қалай қарайды? «Е, сырттай оқып та бiлдей мұғалiм болуға болады екен ғой» деп ойламай ма? Ал, сол дипломды маман сабақты қандай дәрежеде өтедi? Мiне, гәп қайда? Сондықтан мектепке мұғалiмдiкке қабылданатындардың жан-жақтылығын таразыға салу үшiн бiлiктiлiк арттыру курстарынан өтудi талап етiп отырмыз.

– Облыстық бiлiм басқармасының таяудағы бiр алқа мәжiлiсiнде мұғалiмдердiң сабақ жүктемелерi заңнамаға сай бөлiнбейтiнi сынға алынды. Бұған не айтасыз?

– Облысымыздың көптеген мектептерiнде сағат жүктемелерi талапқа сай келмейтiн мұғалiмдер бар екенi жасырын емес. Сол баяғы бұл «көңiлшек» директорлардың әрекетi. Бұған қоса ағайынгершiлiк те бар. Ара-арасында «көз қысты, бармақ басты» болуы да бек мүмкiн. Мiне, осының салдарынан бiлiм беру мекемелерiнiң тиiмдi әрi нәтижелi жұмыс iстеу көрсеткiштерi төмендеп, мекеме басшылары тарапынан сыбайластыққа жол берiлуде. Бұл қоғамда бiлiм беру саласына деген көзқарас пен сенiмге керi әсерiн тигiзедi. Қазақстан Республикасының «Бiлiм беру туралы» Заңының 52-бабы 7-тармағына сәйкес мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесiн жүзеге асыратын педагог қызметкерлерге айлық жалақыны есептеу үшiн аптасына нормативтiк оқу жүктемесi 18 сағат болып белгiленген. Жоғарыдағы аталған заңның 67-бабына сәйкес осы талапты бұзған басшылар жауапты болып табылады. Алдағы уақытта бiз барлық аудандарда болып, мұғалiмдердiң сағат жүктемелерiн зерделеудi жоспарлап отырмыз. Әрине, кемшiлiк жiбергендердiң басынан ешкiм сипамайды.

– Қазiр бала күтiмiне байланысты еңбек демалысына шыққан мұғалiмдер мектепке қайта оралғанда директор оларды жұмысқа қабылдамаудың түрлi айла-шарғыларын жасайтынын естiп жүрмiз. Бұған қандай шара қолданбақсыздар?

– Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiне сәйкес бала күтiмiне байланысты жұмыскер үш жыл жалақысы сақталмайтын демалыс алады. Бiрақ, оның жұмыс орны, лауазымы сақталады. Аталған демалыстан кейiн қайта жұмысқа шығу мәселесiнде түрлi жағдайлар орын алуы мүмкiн. Жұмысына қайта орала алмағандар тиiстi құзырлы орындарға шағымданып жатады. Азаматтардың заңмен қорғалатын мүдделерiне зиян келтiрушiлерге Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген жауаптылық бар екенiн айта кеткен жөн болар. Бiздiң ендiгi бiр басты назарда ұстайтын мәселемiз осы.

– Қордаланып қалған мәселелердi жою жөнiнде бiршама жұмыстар iстеп жатыр екенсiздер. Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Бүгiнде барлық аудан, қалаларда директорлық қызметке ашық конкурс арқылы тағайындау жүрiп жатыр. Мiне, осы жұмыстың басы-қасында бiз жүрмiз. Директорлықтан үмiткерге басқарма келiсiм бередi. Ал, аудан, қалалардағы конкурстарға әдiстемелiк кабинет қызметкерлерi, заңгерлер қатысады.

Бiлiктiлiктi арттыру жүйесiнде мұғалiмдердiң функционалдық сауаттылығы – қазiргi бiлiм берудегi жаңа және нақты жағдайға икемделу дегендi бiлдiредi. Жаңа жүйе – жаңа талаптар. Соңғы 2-3 жыл көлемiнде қоғамда пайда болған, шетелдiк әрiптестер үндеген «Facebook», «WhatsApp» тәрiздi әлеуметтiк желiлер бағдарламасын мұғалiмдер тез игерiп алды. Жаңалықты бойына жақсы сiңiре алған адам ғана өзгелерге бiлгенiн үйрете алады. Сондықтан отандық iс-тәжiрибе негiзiнде әлемдiк тәжiрибедегi алдыңғы қатарлы идеяларды басшылыққа ала отырып, мұғалiмдердiң функционалды сауаттылығын арттыру үшiн белсендi әрi бiлiмдi мұғалiмдердiң қатарын көбейтуiмiз керек.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарына қаратып: «Бiлiмдi, еңбекқор, бастамашыл, белсендi болуға қазiрден бастап дағдыланыңдар» деп үлкен мiндет жүктедi. Осы талап үдесiнен шығу үшiн жастарға сапалы бiлiм, саналы тәрбие беру, олардың жан-жақты дамуына барлық мүмкiндiктер жасау – бiздiң басты борышымыз.

– Рахмет!

Сұхбатты жүргiзген Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан».

okg.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА