07.11.2024

Самсалиева Сәуле. Оқушы білімін бағалаудың жаңа түрі

Әлем жылдам өзгеруде.  «Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны:  « XXI ғасырда нені оқыту керек?» және де екіншісі – ол да маңызы жағынан біріншіден  еш кем емес: «Мұғалімдер оқушыларды XXI ғасырға қалай дайындайды?»- деген тұжырым. Философияда «Бәрі өтеді, бәрі де өзгереді» деген қағида бар. Егер XX ғасырдың басында тарихта «Сауатсыздық жойылсын» қозғалысы болып халықты жаппай сауаттандыруға күш жұмылдырылса, XXI ғасырдың басы компьютер сауаттылығына бағытталды. Осының бәрі өмірдің бір орнында тұрмауына байланысты өзгерістің керек екендігінің дәлелдері болып табылады.

Қазақстан Республикасының  Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында:  «жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық               әл-ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту »- осы бағдарламаның тұжырымдамалық мақсаты деп атап көрсетеді. 

Білім беру жүйесіндегі жаңа білім парадигмасы білім, білік, дағды жиынтығын толық меңгерген, қоғам өміріне белсене араласатын, шығармашылықпен ойлайтын, өзін-өзі көрсете алатын, өздігінен ақпаратты іздеп, талдайтын және оны дамытуға қабілетті, кәсіби құзыретті, функционалды сауатты  жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

     Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар – терең білімділік, шығармашылық, белсенділік, жауаптылық, кәсіби сауаттылық. Бұл талаптарды жүзеге асыру үшін оқушы білімін бағалауда мүлдем жаңа бағытта жұмыс істеу қажеттілігі туындайды. Осы қажеттілікті шешу жолдарының бірден–бір жолы оқушы білімін критериалды бағалау . Критериалды бағалау жүйесінде ең маңызды нәрсе – оқу процесінің өзі, сол арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді, яғни бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны , қалай ойланғаны бағаланады. Бағалауды өткізу үшін, оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын анықтау қажет.

Білім мазмұны оқушының өз бетімен белсенді танымдық іс- әрекет етуі нәтижесінде білім алу талабына сәйкестігіне , сондай –ақ дамыта оқыту мен мақсаттар таксономиясы талаптарына сәйкестігіне негізделеді. Мұндай мазмұн дамыта оқытуға және білім сапасын нақты критерийлер негізінде обьективті бағалауға мұмкіндік береді.

Оқыту – мұғалімдердің оқушыларға жасаған сыйы емес, бұл құзіреттіліктер білім алу үшін оқушылардың өздері де оқу үдерісіне белсенді қатысуын талап етеді. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек. [ МАН,  70 бет]

« Мектеп көшбасшылығы және оқушыларды нәтижелері: ненің ықпалы бар және неліктен»(Robinson2009) атты зерттеуде  «Мектептердің өз оқушыларының болашақта жетістікке жететіндігінің кепілі болғылары келсе, мектеп басшылығы мен мұғалімдер үшін ең басты мәселе оқыту мен оқу болуға тиіс екенін сондай –ақ мектеп басшылығы ықпал ететін негізгі салалар: мұғалімдердің кәсіби өсуіне ықпал ету,командалық жұмыс пен бірлескен оқуды ұйымдастыру екендігіне баса назар аударылады.Осы орайда гимназия басшысы Г.Б.Мәнекеева басты мәселеге оқушы білімін ,ал оқушыға білім беретін мұғалімнің кәсіби даярлығын екінші орынға  қойып  дер кезінде мұғалімдердің білім алып дамуына ықпал ету , жаңашыл әдіс- тәсілдерді іс- тәжірибеде қолданып отыруына жағдай жасайды. Сондықтан да гимназияда ҚР Назарбаев зияткерлік мектебі ДББҰ   педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курсынан 31 мұғалім өткен.

Бұл мәліметтерді атап көрсетіп отырғаным критериалды бағалау жүйесіне негіз болып отырған  Блум таксономиясы сын тұрғысынан ойлауды қарастыруға болатын ойлау дағдыларының кеңінен қолданылатын иерархиялық моделі болып табылады.

Ал гимназия мұғалімдері 12 балдық критериалды бағалау жүйесін  бірнеше жылдан бері  қолданып, әдіске төселіп іс- тәжірибелерімен аудан, қала, республика көлемінде бөлісіп жүр.

«Бағалау» термині «жақын отыру» дегенді білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып ,не істегенін немесе өзін- өзі бақылау жағдайында  өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады екен. 

Критериалдық бағалау – бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс.

Егер балаға оның белгілі бір деңгейге жеткендігін айтса, онда бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; бұл ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді. [МАН,  107 бет]

Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі:
• Мұғалімге оқушының оқу жетістіктерін объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді;
• Оқушыларға оқу үдерісі барысында туындаған қиындықтарды түсінуге, бағалауға мүмкіндік береді;
• Ата-аналар оқушының оқу жетістіктер бойынша объективті дәлелдемелермен қамтамасыз етіледі;

Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауда бірқатар дағдылар қолданылады. Олар: білу, түсіну, қолдану, сыни ойлану, анализ, синтез, бағалау, зерттеу дағдылары, рефлексия, коммуникативті дағдылар, тілдік дағдылар, жеке жұмыс жасау дағдылары, топта жұмыс жасау дағдылары, мәліметті іздеу дағдылары, тәжірибелік дағдылар, шығармашылық дағдылар, IT-технологияларды қолдану дағдылары.

Біздің «Жаңа Ғасыр» №175 гимназияда  оқушы білімін бағалаудың  12 балдық критериалды бағалау жүйесі 2012 жылдан бері қолданылуда.     

Нәтижеге бағытталған сапалы білім беру үшін оқу жүйесіне 12 балдық критериалды бағалау жүйесін енгізу өте тиімді. Себебі:

  1. Дәстүрлі бағалауда сабақ барысында қарапайым немесе күрделі тапсырма болсын, олар тек дұрыс орындалса болды, «4» пен «5» қойыла беретін. Және әр тақырып бойынша оқушы баға ала алмайды.
  2. Дәстүрлі бағалау әдісі бойынша «5» деген баға бастапқы өлшем болып табылады,сөйтіп оқушының жіберген кемшіліктері мен қателіктеріне байланысты оның бағасы кемиді. Мұндай жағдайда баға ынталандыру емес,жазалау құралы болып табылады және оқушының шын білім деңгейін көрсетпейді.Оқушылар еңбегін осылай бағалаудың нәтижесінде олардың оқуға деген ынтасы азаяды, жауапты дұрыс бермеген жағдайда жазалы болу қаупіне байланысты  олардың «сәтсіздік қорқынышы»синдромы пайда болады.
  3. Дәстүрлі сабақ үстінде мұғалім әдетте бір немесе бірнеше оқушыдан ғана сабақ сұрай алады да, қалғандары ынта мен белсенділік танытпастан, өздерін боспыз деп санайды.
  4. Блум таксономиясына негізделген 12 балдық критериалды бағалау жүйесін қолдану жағдайында  бағалау «қосу» әдісімен жүзеге асырылады,оның негізіне жалпы білім дайындығының ең төмен бірінші деңгейі алынады. Әр оқушы алдымен міндетті түрде осы деңгейге жетуі тиіс.
  5. Оқушы дайындығының келесі деңгейлерін бағалау критерийлері меңгеру тереңдігіне қарай тапсырмалардың қосылуы арқылы қалыптасады.
  6. Дұрыс орындалған тапсырма, олардың күрделілігіне сәйкес бағалану қажет, яғни тапсырманың сапасы өлшену керек.
  7. Балдық жүйе оқушыларды қадам- қадамға көшу арқылы тапсырма орындауға көшуге, дұрыс орындай алмаған жағдайда көмек алуға кепілдік беруге, оқу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді екен.
  8. Білімнің тереңдігіне үйретеді.
  9. Сабақты жүйелеуге үйретеді.

Критериалды бағалаудың маңызы:

Мұғалім үшін:

  • Әрбір оқушының өзгешелігін ескере отыра жеке білім алу траекториясын құру.

Оқушы үшін:                                                                      

  • Берілген бағалау критерийлерін түсіну,қолдану,жұмысын бағалай білуі.

Ата-ана үшін:

  • Баланың білім алуындағы өсу деңгейін қадағалауы.

Критерийдің мазмұны:

Критерийлер

 

Дескрипторлар

 

А

Білу және түсіну

 

Жекелеген  сыныптар  мен пәндер  көлемінде  оқу бағдарламасы мақсатына сәйкес келетін нақты фактілерді, ақпараттар және  сипаттамаларды  білу және  жаңғырту. Алынған ақпаратты талдау, қайта жаңғырту, болжау жасау арқылы түсінгендігін көрсете білу

В

Қолдану

 

Бұрын алған ақпараттар  мен білімдерін жаңа немесе таныс емес жағдайларда және контекстерде қолдану, пайдалануБілгенін, түсінгенін, дағдыларын сабақ барысында қолдану арқылы көрсету

Әр сыныптар мен пәндер көлемінде оқу бағдарламасының мақсатына сәйкес келетін білімдерін қолдануды көрсетудің жолдары: практикалық жұмыс, диаграммалармен жұмыс, кескін картада жұмыс жасай алуы, есептер шығару,  жобалар, мәселені шешу  және жаңа нәтижелер ойлап табу болып табылады

С

Сыни ойлау және зерттеу

 

Білім  көзінен алған ақпараттарды талдау, синтездеу, бағалау  арқылы  пікірлер  қалыптастыру. Жекелеген сыныптар мен пәндер көлемінде оқу бағдарламасының мақсатына сәйкес келетін ақпараттар  мен нәтижелерді жинақтай алу және оларды талдай алу қабілеттілігін көрсету. Ұсынылған болжамдарды дұрыс ақпараттар жинақтау және деректерді пайдалану арқылы  зерттеп, бағалап, өз бетімен қорытынды жасау. Әр сыныптар мен пәндер көлемінде оқу бағдарламасының мақсатына сәйкес келетін жасалған қорытынды жайында ой қозғау қабілеттілігін көрсету.

D

 

Коммуникация және рефлексия

 

 

Әр сыныптар мен пәндер көлемінде оқу бағдарламасының мақсатына сәйкес келетін ақпараттар, фактылар  мен     ойларын, пікірлерін ауызша және жазбаша ұсыну. Басқа адамдар ұсынған ақпаратты тыңдап және сәйкесінше жауап қайтара алу қабілеттілігін, басқа адамдардың көзқарасын  қабылдай отырып, өз көзқарасын   түсіндіру арқылы ортақ ойға  келу. Айтылған  ойларды, пікірлерді, оқиғаларды ой елегінен өткізу арқылы шешім қабылдау немесе ой толғаныс нәтижесінде іс-әрекет жасау.

Критериалды бағалау жүйесі бұрынғы бағалауға қарағанда қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен ерекшеленеді. Қалыптастырушы бағалау оқытуды, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған  болса, жиынтық бағалау мақсатты баға  қою және сертификаттау немесе оқытудың алға жылжуын тіркеу үшін оқыту қорытындысын шығару үшін қажет.

Қалыптастырушы бағалау-бұл оқыту үшін бағалау болып табылады. Бұл бағалау оқушының білімінің негізі болып табылады.Бұл бағалауда білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін ізденеді.Қазіргі мұғалім рефлексивті- практик ретінде қалыптастырушы бағалаудың өте маңызды да ,өзекті екенін түсінуі керек. Сондықтан қалыптастырушы бағалау кезінде оқушыға кей жағдайда баға қойылмайды деп формативті белгілермен («Бас бармақ әдісі», «Екі жұлыыз бір тілек», «Светофор») шектеліп қалуға болмайды. Бастысы оқушыға да , оның ата- анасына да оқушы деңгейінің көрсеткішін оның не білетінін, не білмейтінін анықтап айта алуы керек.

Жиынтық бағалау-бұл оқуды бағалау болып табылады.Оқушы қазіргі кезде не оқып білгенін жинақтау болып табылады.Оқушының қазіргі кезде қандай деңгейде екенін көрсеткенімен жиынтық бағалау оқушыға үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; бұл үшін баламен бірлесіп ненің нәтижесінде мұндай баға алғандығын және бағалау өлшемдерін түсіндіріп, талдау жасаса , бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда жиынтық бағалау   басты мәселе емес,сондықтан мұғалім оқушының оқу деңгейінің қалай анықталғаны туралы оларға негіз болған қалыптастырушы бағалауға қайтып оралады. Ал қалыптастырушы бағалауды белгілі бір критерийлер негізінде жүргізіп отырса (Білу, Түсіну, Қолдану, талдау, Жинақтау, Бағалау) бұл мәселенің түйінін табу оңайлайды.

«Жаңа Ғасыр» №175 гимназия тарих және құқық пәндерінің мұғалімі.

ҚР Назарбаев зияткерлік мектебі ДББҰ  педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курсының Бірінші(ілгері) деңгей бағдарламасының сертификат иегері

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА