Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған студенттерімізге шетелде қалып, жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Жоғары технологиялы компанияда қызмет ететін болса, ол жерден суырып әкеліп Қазақстанда бес жыл жұмысқа байлаудың қажеті не? Бағдарламаның мақсаты да сол – зиялы ұрпақ қалыптастыру». BI Group компаниясының цифрландыру жөніндегі директоры Бағдат Мусиннің бұл сөзі көпшілікті елең еткізді. Біз де бұл мәселені жан-жақты талдауға кірістік. Елге оралып, мемлекет қаржысын өтеуді міндеттеуге қатысты кім не дейді?
Ең алдымен «Халықаралық бағдарламалар орталығына» хабарластық. Мусиннің мәлімдемесімен орталық жақсы таныс болып шықты. Аталған мәселеге ресми жауап алу қиынға соқпады. Баспасөз хатшысы Гүлшекер Хуанбай ірі компаниялардан шақырту алған түлектердің мәселесін комиссия қарап, қолдаған жағдайлар болды дейді. «Болашақ» халықаралық стипендиясына оқуға түскісі келетін әрбір үміткер шәкіртақы тағайындау тәртібі және талабымен танысады. Мемлекеттің қазынасынан шығатын қомақты қаржыға шетелдік үздік оқу орнынан білім алған әрбір азамат, елге оралып, үйренгені мен алған білімін 5 жылдық еңбек өтілі ретінде қазақ қоғамына қызмет ету қажет деген талаппен таныс. Күні кеше Бағдат Мусиннің көтеріп отырған мәселесінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ үшін еш жаттығы жоқ. Яғни, аспаннан түскендей жаңалық емес. Бұған дейін бұл жағдай төңірегінде жұмыстар атқарылып келді. Қараңызшы, егер біздің елдің бір азаматы немесе азаматшасы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік университетте білім алып, кейіннен Google немесе Apple тіпті, шетелдік қандай да бір ірі компаниядан жұмыс істеуге шақырту алдым деген құжатпен келген жағдайда, бұл түлектің мәселесі Республикалық комиссия отырысында қаралып, көбінесе оң шешім қабылданып отырды» дейді ол.
Гүлшекер Хуанбайдың айтуынша, әлеуметтік сала қызметкерлерінің өзге елде жұмыс істегенінен гөрі, елімізге пайдасы көбірек. «Егер медицина бойынша теориялық және практикалық тұрғыдан қажетті білімін толық алған түлектің шетелде қалып, басқа елдің клиникасында жұмыс істегеніне қарағанда, елімізге келіп, қанша мұқтаж адамдардың жанына араша болып, ота жасағаны әлдеқайда түйсігімізге қонымды емес пе?! Бізде ондай жағдай бар. Мысалы, Дмитрий Горбунов есімді түлегіміз Қазақстанда жылына 3000-ға жуық жүрек ауруларының күрделі оталарын жасаған. Ал осы баланың шетелде қалып, шетелдік клиниканың қалтасын қомпайтып жұмыс істегені жақсы ма, әлде елімізге келіп күрделі оталар жасағаны тиімді ме? Яғни, айтпағым, әрбір түлектің өтініші бойынша, тиімділігі мен маңызына қарай Республикалық комиссия отырысында талқыланады» деген еді.
Стипендия иегерлеріне еңбек өтілін кейінге шегеруге рұқсат етілген жағдайлар жоқ емес. Мәселен, оқуын жалғастырып не кәсіби тағылымдамаға жолдама алғанда, ауырып қалса шегеруге болады. Сонымен бірге, отбасылық жағдайлар да жан-жақты қарастырылады. Айталық, жолдасы шетелде білім алса, мемлекеттік не әскери қызметке байланысты өзге елде жұмыс істейтін болса жанұясымен бірге баруына рұқсат. Жүкті болса немесе баласының жасы үшке толғанша өтеу мерзімі кейінге ысырылады. Бағдарлама іске асырылған 25 жылдың ішінде 13 мыңға жуық адам шетелден білім алды.
Бағдат Мусиннің Qazaqstan Technology forum шарасында сөйлеген сөзін келтірейік. Форумда инновация, жаңа технология тақырыптары талқыланғанын ескерсек, спикер осы сала бойынша білім алып жатқан студенттерге қатысты айтса керек. «4-5 жыл шетелдегі алдыңғы қатарлы университеттен білім алып келген түлек Отанына оралады да, біздің Үкіметке жұмысқа орналасады. Ол жерде оны шектейтінін ескерсек, бұдан бізге пайда аз сияқты. Оларды жұмысқа шетелге жіберу керек. Ол жақтан жаңа идея әкеледі. Не болмаса бізге көмегі тиетін венчурлық қор құруы мүмкін. Тым құрығанда, басқа қазақстандықтар үшін үлгі болар еді. Елімізде жас стартапшылар толағай табыс әкеліп, әлемдік деңгейде пайдалы болатын жобалар жасауға мүдделі бола алмай отыр. Барынша бізге жақын индустрияларға ұмтылу керек. Неге? Өйткені Қазақстан – мұнай, ауылшаруашылығы, логистикалық бизнес бойынша әлемдік экономиканың бір бөлшегі. Экономиканың тірегі саналатындықтан, мұның маңызы зор. Әрине, шикізат түрінде ғана іске асырылып отыр. Дегенмен бүгінде әлем нарығында орнымыз бары анық. Неге екенін қайдам, Астанада отырып алып, стартаптарды түрлендіріп, мемлекетке қатысты бір өзгеріс жасаумен әлекпіз. Барлық стартаптар мемлекетке бүйрегін бұрып тұрады. Индустриал мәселелерді шешу қажет. Соның ішінде IT саласының мамандарына қатысты осындай пікірдемін. Силикон алқабында жасанды интеллектті біліп қана қоймай, қандайда бір индустрияда бірнеше жыл жұмыс істеп көргендерді бағалайды. Ол жақтан бір мәселенің шетін тауып, соны шешуге ұмтылғандардың бәсі жоғары. IT мамандарының ауылшаруашылығына барып, сондағы проблемаларды шешкені жөн. Ол жақта, айталық, бәсеке әзірге көп емес. Жүйелі стартаптар арқылы мол пайдаға кенелуге болады. Одан бөлек, Силикон алқабында өз өкілдігіміз болғаны жөн. Меніңше, ол жақтан түрлі экожүйелер бойынша жұмыс істейтін Digital елшілігімізді ашу керек. Солайша, ол жақтағы балаларға көмектесер едік» дейді Мусин.
Болашақтық түлектердің өзіне де бұл сауалды жолдадық. Олар шетелде қалып, қызмет етуге қатысты не айтады? Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Рашид Аюпов түлектердің шетелде қалып, жұмыс істеуін қолдайтынын жеткізді. «Жалпы қазақстандықтардың шетелде білім алуының бірнеше пайдасы бар. Біріншісі – тіл үйрену. Өйткені ағылшын тілінің мәртебесі – халықаралық. Одан кейін қай салада болсын енгізіліп жатқан технологиялар, басқару жүйелерімен етене таныс болуға мүмкіндік аламыз. Мысалы, шетелде жүріп, жатақхана алуыңыз керек болса, әкімдікке барып өтініш бересіз. Олардың қалай қабылдайтынын, қандай құжаттар керегін біліп аласыз. Енді Бағдат Мусиннің сөзіне келер болсақ, болашақтықтардың барлығы дерлік шетелде жұмыста қалады деп айту қиын. Өйткені ол жақта ең мықты дегендерін ғана іріктеп алады. Жалпы алғанда «Болашақпен» оқуға аттанғандар – еліміздің ішіндегі үздіктер. Егер солар өзге елде білім алып қана қоймай, жұмысқа шақырту алар болса, ол керемет. Оның пайдасы мол. Инвесторлар тарту, түрлі технологияларды әкелуге жол ашылады. Тіпті өзге қазақстандықтарды жұмысқа тартуға да болады. Шетелде жұмысқа алмаған жағдайда, әлбетте, елде өтейді» дейді ол.
Болашақтықтардан бөлек, өзге елге оқуға яки жұмысқа аттанғандарға қатысты ел арасында түрлі пікір бар. Яғни, ірі компанияларға жұмысқа тұру, болмаса басшылық қызметке орналасу оңай емес деседі. Work and travel арқылы кеткендердің көбі қалтасын қомпайтып келетіні рас. Бірақ істеген жерлері – даяшы, ресепшионист және т.б. Ал енді болашақтықтардың жөні бұдан басқаша. Олардың қызметке орналасу әлеуеті қандай? «Шетелдік оқу орындарындағы бағалар бойынша салыстырар болсақ, біздікілер кем емес. Екіншіден, қазақстандық студенттер барған кезде-ақ ең кемі екі тіл меңгеріп барады. Бұл үлкен қызығушылық тудырады. Әрі шетелдегі компаниялар тек өз елінің азаматтарын ғана емес, өзге мемлекеттен де қызметкерлер қабылдауға тырысады. Яғни, егер білімді әрі білікті студентті байқайтын болса, дереу жұмысқа алады. Болашақтықтардың жартысына жуығының жақсы жерлерде істеуге әлеуеті жетеді деп ойлаймын. Стартаптарды шетелде іске асыруға қатысты мынаны қоса кеткім келеді. Біріншіден, бізде технология шетелдегідей мықты емес. Айталық, біздің кітапханалардың ресурсымен олардыкін салыстыра алмаймыз. Ақпарат та көп, идеяларды қолдайтын акселераторлар да жетерлік. Қазақстанда стартап идеяларға қол ұшын беретіндер аз, болған күннің өзінде күмәнмен қарайды. Сондықтан стартап-жобалардың сәтті жүзеге асу ықтималы шетелде жоғарырақ» дейді Аюпов.
Болашақтықтың «басында» түбі елге қайту туралы ой жүреді. Жеткілікті тәжірибе жинап болған соң, Қазақстанға оралып, білгенімен бөліскісі келеді. Мұндай пікірді Рашид Аюпов алға тартты. Ол «Ұлыбританияда әлі күнге дейін Боратты бізбен байланыстыратын таптаурын бар. Яғни сенің жүріс-тұрысың, тамақ жегеніңе мән беріп қарайды. Бұл – намысты оятады әрі ол жақта оқып жүрген студенттерді жігерлендіреді. Бірақ, соның салдарынан көрсетілетін қысым да жоқ емес. Осыны ескерсек, біздің балалар ағылшындардан да жақсы екенін көрсетуге мүмкіндік алады. Жалпы егер ішкі өмірін көретін болсаңыз, ол жақта мәңгіге қалуды мақсат тұтпайсыз деп ойлаймын. Болашақтықтардың барлығы дерлік оқып, жұмыс істеп, үйленіп, ақыр соңында елге қайтуды көздейді. Англияда жүз жыл тұрса да, үлкен карьера жасай алмасын толық түсінеді. Ол жақта көптің бірі болады. Қазақстанға оралған соң, оның артықшылықтары көп болған соң көшбасшы бола алады» деп отыр.
«Болашақпен» білім алған, Ланкастер университетінің магистрі Нұрмұхамед Байғараев шетелде қалып, қызмет еткен пайдалырақ деген пікірмен келіседі. Дегенмен өзге елде қалып қою қаупі сезілер болса, кепілдікке үйді емес, туыстарының зейнетақы шотын қойған жөн дейді. «Қателеспесем, «Болашақ» түлектеріне өз мамандығы бойынша диплом алған соң 1 жылға дейін шетелде жұмыс істеуге рұқсат береді. Яғни, ұсыныс тың емес. Бірақ оның жүзеге асуы қиын. Университет дипломды бірден бере салмайды, бірнеше айдан соң поштамен жібереді. АҚШ, Еуропада еңбек нарығы, виза беру саясаты қиындап жатқанда, ол жақтан өз мамандығымен «Болашақтың» барлық түлегі жұмыс табуы оңай емес. Екінші жағынан, бұл бюджет қаражаты бөлінетін бағдарлама болған соң, көп жағдайда үкімет оның тиімділігінен гөрі қауіпсіздік жағын көбірек ойлайды. Яғни, түлектің елге оралуы маңызды. Ал де-факто келсе, шет елдің дәмін көріп, сонда барып келіп жүргендер, тұрмысқа шығып, қалып қойғандар жетерлік. Ниет тым жоғары болғанда, кепілдікте тұрған пәтер тұсау бола алмайды. Меніңше, «Болашақ» түлектерін шет елде 2-3 жылға дейін жұмыс істету саясатын бастау керек. Себебі, шетелдік университеттің тек теориялық білімін Қазақстанда қолдану күрделі. Әлемнің кез келген жеріндегідей, бізге де нақты тәжірибе керек. Сол тәжірибені түлектер жинап келсе, ертең оны республикамызда да қолдану жеңілірек болады. Бірақ мұндайда олардың шетелде қалып қою мүмкіндігі яки тәуекелі жоғары. Ондайда кепілдікке пәтерді емес, түлектің ата-анасының не туыстарының зейнетақы есеп-шотын қоюға болады. Ақылды бала жырақта қалып, ата-анасын қартайғанда зейнетақысыз қалдырмас. Немесе сол елдердің үкіметімен әлгі жастардың визасын 2-3 жылға ғана беруге келісу керек. Не десек те, теорияны тәжірибемен қуаттап келсе, «Болашақ» студенттеріне салған инвестиция бірнеше есе ақталады» дейді ол.
Тақырыптың тоқетері:
«Көп қорқытады, терең батырады» демекші, «Болашақпен» баратындар үшін жинайтын құжат та, кепілдікке қоятын дүние де көп. Олай етпеске тағы амал жоқ. Өйткені мемлекет қаржысынан білім алуға бара жатса, тегін білімнің қадірін білгені жөн. Сол үшін тәуекел де жоғары. Дегенмен елден жырақта жүріп мемлекет болашағына пайдасын тигізер болса, елде сандалтқанның қажеті қандай? Мемлекет бұл мәселенің де мән-жайымен жақсы таныс болып шықты. Келісімге келуге де кетәрі емес. Бастысы, екі жаққа да тиімді шешім шықса болғаны. Болашақтықтар расында Қазақстанның болашағы үшін қызмет етуді көздейтін болса, жауапкершілікті сезініп, тек қара бастың қамын қамдамаса, арада кикілжің тумайтын сыңайлы.
Жадыра АҚҚАЙЫР
“Айқын” газеті