Алдағы жылы мұғалімдердің еңбекақысына қосымша төлем жасауға 126,7 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы «NurOtanTrends» пікірталас клубының отырысында «Елбасы Жолдауы: қоғамды ортақ мақсаттарға қалай жұмылдырамыз?» тақырыбын талқылау кезінде Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
«Мемлекет басшысы Жолдауында Үкімет пен министрлік алдында еңбекақыны өсіру мақсаты қойылды», – деп тоқталды вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған мазмұн жағдайындағы жұмысы үшін мұғалімдерге қызметтік еңбекақысынан 30 пайыз көлемінде үстемеақы белгіленді. Сонымен қатар, биылғы 1 қыркүйектен біліктілігіне қарай қызметтік еңбекақысынан 30-35-40-50 пайыз мөлшерінде педагогикалық шеберлігі дәрежесіне қосымша төлем бекітілді.
«Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 2018 жылға 49,8 млрд теңге 208 мың мұғалімге білім берудің жаңартылған мазмұны жағдайындағы жұмысы үшін үстемеақыға бөлінді. Мұнымен қоса, жаңа жүйе бойынша аттестациядан өткен 34 мың мұғалімнің педагогикалық шеберлігінің біліктілік санатына 4,2 млрд теңге қосымша төлемге бағытталды», – деп нақтылады А. Аймағамбетов.
Атап айтқанда, бұл қосымша ақыны төлеу аясында 2019 жылы 126,7 млрд теңге 316 мың мұғалімге, 2020 жылы 186,5 млрд теңге 343 мың мұғалімге, сондай-ақ 2021 жылы 215,6 млрд теңге 339 мың мұғалімге қарастырылған.
Бұдан бөлек ол педагогтарды қызметіне тән емес жұмыстарға тарту проблемасы төңірегінде сөз қозғады. «Егер де педагогтарды қызметіне тән емес жұмыстарға тарту мәселесіне тоқталсақ, шын мәнінде бұл жағдай проблема болып тұр және оны жасыру дұрыс емес», – деді Асхат Аймағамбетов.