22.11.2024

Елбасы: Жас ұрпақтың заман талабына сай болуы базалық білімге байланысты

Әр аймақтағы кез келген дарынды перзент Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қабілетін шыңдай алады. Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері»  дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрагерлері» атты форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Бүгін баршаңызды Зияткерлік мектептің 10 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтауға келдім. Бұл әлемдегі өркениеттің өнегесін ұстанған білім ошақтарының берекелі белесі. Назарбаев Университеті құрылғаннан кейін, осы оқу орнына түсетін оқушылар, студенттер керек. Сұраныс көп, бірақ емтиханнан өту оңай емес, мектептерде оқушыларды жақсылап даярлау қажет болды. Сондықтан осындай Зияткерлік мектептер Қазақстанның әр түпкірінде болсын деген идеяны іске асырдық. Енді, міне, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдығын атап өтудеміз», – деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент бұл оқу орындары еліміздегі орта білім берудің ең жоғары эталонына айналғанын атап өтті.

«Қазір Қазақстандағы барлық мектептер сіздерге қарап бой түзейді, әдістемелерін алып отыр. Жас ұрпақтың заман талабына сай білікті болуы базалық білімге тікелей байланысты, яғни мектептегі білімге. Қазақстан өңірлерінде ашылған 20 Зияткерлік мектепті бүгінге дейін 8 мың түлек тәмамдады. Аталған білім ордасының оқушыларына қойылатын талап өте жоғары екенін білесіздер. Сондықтан мында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан балалар ғана түсе алады. Әр аймақтағы кез келген дарынды перзент қабілетін осы мектептерде шыңдауы үшін оқу орындарын аштық. Еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын талантты ұландардың болашағы жарқын болуына септігін тигізеді. Зияткерлік мектептерде білімнің сапасы мен тиімділігі әлемдік деңгейде мойындалды. Бүгінгі кездесу барысында шетелдік мұғалімдер, профессорлар, сондай-ақ басқа да университеттердің өкілдері аталған мектептің жоғары деңгейін растап отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Автор: Руслан Ғаббасов

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА