Мектеп – шығармашылықты шыңдайтын кіршіксіз тазалық ортасы яки ар мен ақиқаттың алаңы да болуы керек. Бүгінде ұят ұстаханасы ұлтқа білім берудің орнына, пайда табатын орынға айналып бара жатқандай.
Жуырда «Ұлт ұстазы» атағын бес мың теңгеге сатып алған мұғалімдердің сертификаттары ғаламтор бетін шарлап кетті. Абай атамыздың «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» дегеніндей, қазір ғаламтор бетінен ақылы конкурстар мен ақылы атақтар туралы жарнамаларды кезіктіруге болады. Ақшаң болса арзан атақты сатып алып, шартарапқа шекеңнен қарай бер.
Міне, осы мәселеге келгенде мұраты берік мұғалімдер де екіге жарылып шыға келеді. Бірінші тарап, әрине, әркім өресінің жеткен жеріне дейін медаль ала беруді қалайды. Бұл үрдіс әлдеқашан белең алып кеткен. Екінші тарап болса, саналы ғұмырының жиырма-отыз жылында мұғалімдік қызметінде ешқандай атақ, санат, дипломды сатып алуды ар қылмысы деп санайды. Мұғалім мәртебесі биік болуы үшін мұғалімнің ой-санасы да жоғары болуы керек. Дабылды алдымен ұятты ұстаздардың өздері қақты.
Танымал мұғалім, «Qazbilim» республикалық орталығының директоры Аятжан Ахметжан бүгінде мұғалімдер арасында медаль сатып алу сәнге айналғандығын жеткізді. Оның айтуынша, аталған марапаттардың қатарында «Ғасыр ұстазы» (13 мың теңге), «Алаш ұстазы» (10 мың теңге), «Ұлт ұстазы» (5 мың теңге), сондай-ақ, «Ұлағатты ұстаз» (20 мың теңге) атақтары сатылады.
«Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар болмайды. Иә, өз басым «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы», «Ұлы дала ұстазы» деген медальдарды сатып алу түгілі сыйлыққа берсе, тағуға намыстанар едім. «Ұлт ұстазы» деген атты тек Ахаңа – Ахмет Байтұрсынұлына қолданып жүрміз. Ал олар атқарған істің жүзден бірін тындырмай, сол деңгейдегі атақты медаль ретінде сатып алу – ұятсыздықтың шыңы» дейді А.Ахметжан.
Шынтуайтына келсек, «Ұлт ұстазы» деген атақ не үшін сатылуы тиіс? Мұндай атақты тағайындауға оған кім құқық берді? Осындай атақ тарататындай, ол мекемелер бүкіл Қазақстанға танылып, еліміздің білім беру ісінде жалпыға мойындалған ба? Егер ондай болмаса, сатып алушы үшін мұндай медальдан қандай қайыр-пайда бар?
Біреулер сатушыларды кінәлайтын шығар, бірақ ақшада ар мен ұят болмайды. Бизнесте алушы болса, тауар өндіруші қашанда бар. Бизнеске айналдырып алғандар да сол арланбайтын қауымның бар екенін білетіндер ғой.
Ұстаздардың пайымдауынша, жоғарыда айтқан жеңіл марапаттарды таратушылар мектеп директорымен мәмілеге келеді екен. Жалпақ тілмен айтқанда, директор «үлесте» болуы мүмкін. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, оны құқық қорғау органдары анықтар. Алайда, директор ұсыныс жасағанда бас тартқан мұғалімге көзқарас қалай қалыптасарын шамалаймыз.
Алдымен мұндай жүйесіз жүлделерді кімдер үлестіріп жүр деген жайтқа үңілдік. Бұл марапаттардың бір парасын республикалық «Жаңа ғасыр таланттары» интеллектуалды-олимпиадалық шығармашылық орталығы тағайындаған. Шығармашылық орталықтың директоры Алмагүл Өтегеева кезекті іс-шараның бірінде үкілі «үздіктерді» марапаттап: «Білімді ұрпақ тәрбиелеген ұтады» деп ұлы абыз Қорқыт айтып кеткендей, «ұстаз» деген ұлы атқа лайық болу әрбір шәкірт тәрбиелеп отырған кез келген көшбасшы мұғалімге тән қасиет деп білемін. Жалпы, ұстаздық жұмысымен қатар көшбасшы, жан-жақты және көшті бастай алатындай қайратты әрі шыдамды болуы керек. Осы сөзімнің дәлелі ретінде байқауға баптап, балаларын қосқан бүгінгі ұстаздарымызды атап көрсетуге болады», – деген. Соны айта келіп орталық директоры бірқатар мұғалімді «Ғасыр ұстазы» төсбелгісімен марапаттап, аудан әкімдігінің Білім бөлімінің басшысына алғысын білдірген. Бұл ақпарда іс-шараның қорытынды есебін жазған сайт ұстаздардың есімін ашық көрсетеді. Біз соның өзінде қателігін түзер деген қазақы жора бойынша арзан атаққа ұмтылғандарды әшкерелегіміз келмеді.
Жалпы, Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесі бойынша «Білім туралы» заңында ведомстволық наградалармен марапаттаудың негіздемелері темірдей тәртіппен бекітіліп беріледі. Тіпті «Ы.Алтынсарин», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапаттау министрліктің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» болған жағдайда жүргізіліп, одан қала берді медальдар кеуденің сол жағына, төсбелгілер кеуденің оң жағына тағылатынына дейін белгіленген жоралғылары бар. Ал жоғарыда аталған жолшыбай жолданып жатқан сөлкебайларда бұл тәртіптердің бірі де сақталмайды.
Медаль деген марапатқа кімдер лайық деуіміз керек. Айталық, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне келер болсақ, білім беру мен тәрбиелеу процесін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру және тәрбиелеу бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары, оқушыларды, тәрбиеленушілерді практикалық даярлаудағы, олардың шығармашылық белсенділігін дамытудағы табыстары, облыстық (аудандық), республикалық, халықаралық білім бағдарламалары мен жобаларындағы жетістіктері үшін білім беру органдары мен ұйымдарында 10 және одан да көп жыл еңбек өтілі бар қызметкерлер марапатталады. Ал жоғарыда айтқан «Ғасыр ұстазы» медаліне қарап отырып, он жыл өтілің емес, он мың теңгең болса, аталған марапатқа жетудің қиын емесін қинала мойындайсың.
«Ғасыр ұстазы» атанып жатқандар, аты қарапайым болғанымен, атағы алты атанға жүк болатын «Еңбек ардагері» медалімен 40 жылдан астам, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ, еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер және зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар марапатталатынын біле ме? Білген жағдайда, әлдебір жиында сондай атағы бар адаммен қатар отырып қалса қандай күй кешеді екен?..
Бұл атышулы атақтар жайлы Білім және ғылым министрлігіне сұрау салғанымызда, ведомство білім беру жүйесінің қызметкерлерін ынталандыру және марапаттау Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушысының 2013 жылғы 8 тамыздағы № 324 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылатындығын мәлімдеді. «Білім және ғылым саласындағы қызметкерлерді марапаттау туралы ұсыныстар Ұлттық мереке – «Тәуелсіздік күнін», кәсіби мерекелер – «Ғылым қызметкерлері күнін», «Білім күнін», «Еңбек күнін» және «Мұғалім күнін» мерекелеу жағдайы бойынша министрлікте қаралады. Министрліктің ведомстволық марапаттауларына тек «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі және Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты жатады. Жоғарыда көрсетілген марапаттаулардан басқалары министрліктің марапаттауларына жатпайды және олар сатылмайды. Себебі әрбір облыс білім саласында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген үздік ұстаздарын марапаттау туралы ұсыныс материалдарын министрлікке жолдайды. Марапаттау материалдары министрліктің ведомстволық наградалар жөніндегі комиссиясының отырысында қаралып, шешім шығарылады. Жоғарыдағы баяндалғандардың негізінде мұғалімдерді аттестаттау кезінде министрліктің марапаттаулары ғана ескерілетінін мәлімдейміз» дейді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Айман Дүйсенбаева.
Заманында шынайы ұлт ұстазы бола білген Ахаңа, яғни Ахмет Байтұрсынұлына бейресми болса да беделі мен берері зор аяулы атақты алғаш рет педагог, ақын Мағжан Жұмабайұлы өз мақаласында қолданып, әрі қарай Ахаңның төл паспортына айналған екен. Ал бүгінде аттап бассаң, «Алаш ұстазына» ұшырасасың…
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»