22.11.2024

Қазаққа ақын керек пе, технократ та керек…

«Қазаққа кім керек?». Оқырманға дәл осылайсауал тастаған едік. Бұған академик Асқар Жұмаділдаевтың «Қазаққа ақын керек пе, технократ керек пе?» деген пікірі түрткі болды. Сауалымызға елге белгілі қаламгерлеріміз де, IT мамандары да үн қатты. Бүгін белгілі ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы редакциямызға қоңырау шалып, өз пікірімен бөлісті.

– Академик Асқар Жұма­ділдаевтың сұхбатын оқып шық­тық. Осыған орай туын­даған әлеуметтік желідегі пі­кірлермен де таныспын. Өзде­ріңнің газеттеріңе шыққан ой-пікірлер топтамасы мен мақа­ланы да оқыдым. Асекеңнің «технократ ұлт болуымыз ке­рек» деуі мұң екен, бір топ ақын­дар өре түрегелді. Мұндай жағдайлар іргеміздегі орыс ақын­дары мен физиктері ара­сында осыдан 70 жыл бұрын бол­ған еді. Біз оны енді қайталап отырмыз. Яғни, бұл – біздің уа­қыт талабы, заман лебінен кеш қалып жүргендігіміздің бел­гісі. Сол кезде ғылыми-тех­ни­калық прогресс, кибернетика дамып жатқан кез болатын.

Міне, дәл сол уақытта, яғни 1959 жылы Борис Слуцкийдің «Физики и лирики» атты өлеңі «Литературная газета» басылы­мында жарық көреді. Содан ке­йін-ақ, «физиктер мен ақын­дар­дың» арасында қызу пікір­талас басталды. Тіпті атақты Эренбург «Комсомолская прав­да» газетіне «Ответ на одно пись­мо» деген жауап та жазды. Сонымен, физиктер мен ақын­дардың арасында дау неге шық­ты? Бұған Слуцкийдің өлеңін­дегі: «Что-то физики в почете, что-то лирики в загоне» деген сөзі себеп болды. Бұл өлеңнің жазылуына себеп, бір отырыста Борис ақын Слуцкийге сөз берілмей, белгілі бір физикке бірінші сөз беріліп кетеді. Ол ақынның шамына тиіп, аталған өлең жазылады. Бұл дау «Лите­ратурная газета» басылымында да, «Комсомольская правда» газетінде де жалғасын табады. Аталған тақырыптағы пікір алмасу мен ой бөлісу қайшы­лығы біраз уақытқа дейін созы­лып, ақырында қалың көпшілік «бізге екеуі де керек» деген тоқ­тамға келеді. Соған қара­мастан, оның артын ала Хрущев «жылымығы» басталып, 1960 жылдың басында Евтушенко, Рождественский, Вознесен­ский, Ахмадулина бастаған бір топ ақындар «лирикалық өлең қадір-қасиетін арттыратын» өмірге «эстрадная поэзия» деген ұғым-түсінік келді. Бұл ағым оқырман санын арттырғанмен, оның сапасын кемітті. Сөйтіп, «лириктер» «физиктерден» артық саналғанмен, оқырман сапасының кемуі, дәп сол кезде пайда болған «тихая-поэзия» өкілдерінің мерейін арттырады. «Тихая-поэзия» өкілдері Вла­ди­мир Соколов, Анатолий Жигу­лин, Станислав Куняев, Нико­лай Рубцов, Анатолий Пере­дреев сияқты ақындар келе-келе поэзияны эстрадалық шу­дан арылтып, лирикалық өлең қадір-қасиетін арттырады. Бұл дау тағы да оқырманның да сапасына әсер етті. Яғни, жеме-жемге келгенде, мұндай көзқа­рас алшақтығы тумауы керек еді.

Сол секілді, академик Асқар Жұмаділдаевтың да пікіріне ақындар өре түрегеліп жатса, оның да бір себебі болар. Деген­мен, Асекеңнің пікірінің жаны бар. Лирика – жеке адамның «шаруасы». Ал технократтық ұлт болу – жалпыхалықтық ұғым-түсінік. Мына келе жат­қан ғаламдастыру кез келген ұлт­тан соны талап етеді. Сон­дықтан да, біз ел-жұртымыздың әлемнен өз орнын табатын тех­нократтық ұлт болуын көз­де­уіміз керек. Бұл мәселеде Асе­кең «жалқыдан жалпыға көшу» деген ұғым-түсінікті меңзейді. Ал ақындардың бұған шам­данып, ішкәмшіл де кірпияздық танытуы – провинциалдық түсінік. Басқа тілмен айтқанда, «комплекс неполноценности». «Біздің ұлтқа қазір кім керек» дегенде, көштен қалмайтын, заманауи технологияға ілесе алатын, ғаламдастырудың та­лап-тілегінен табылатын ұрпақ қажет.

Қайталап айтамыз, өлең болса әркімнің жеке «шаруасы». Оған жалпыұлттық көзқараспен қарауға болмайды. Тіпті Асқар Жұмаділдаевтың өзі де ақын. Ендеше, Асекеңнің бұл ойы: «Ақын­дық қажет, бірақ бізге технократтық ұлт одан да керек» дегенді меңзесе керек. Бұл «ақ­ын керек емес» деген сөз емес. Ол, жалпы ұлттың қалыптасуын, дамуын айтқысы келіп отыр. Соған қарамай, иә, бізге екеуі де қажет. Ақындық та, технократтық та керек. Жалпы алғанда, қайсысы көбірек ба­сымдыққа ие болуы қажет де­генде, технократтық жолды кө­бірек таңдаған абзал. Осы тұр­ғыдан келгенде, Асекеңнің ойы дұрыс. Бізде жақсы ақын­дар бар. «Нашар» ақындар да жетерлік. Сондықтан Асекеңе сонша шүйлігудің қажеті ша­малы. Ол жеке адамның пікірі. Мұндай мәселеде жалған на­мыстың, кірпияздықтың, ші­кәмшілдіктің керегі шамалы. Ендеше, лирик Аманханға қа­рағанда, аталған жағдайда әрі іс-әрекетте Асқар Жұмаділ­даевтың сөзі өтімді. Яғни, «уа­қыттың талап-тілегінен қалмай, сол заманды бірге қарсы ала­йық» деген ойдың несі айып?!

Сол себепті де, академик жа­ғындамын. «Оған намыста­ну­дың да, одан кінәрат іздеудің де қажеті жоқ» дер едім.

 

Гүлзина БЕКТАС
“Айқын” газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА