22.11.2024

Үш тілде оқыту бағдарламасы үдеден шықты ма?

Қазақ қоғамында тым көп реформа жасалған, әртүрлі тәжірибелер  ұйымдастырылған сала ретінде мамандар әдетте  білім саласын атайтыны бар.  Білім саласындағы  өзгерістер де әлеуметтік  мәселе тәрізді  бірден  бұқараның назарын аударады.  Халық  сала басшыларының ойларымен келіспейтінін де, қолдайтынын да ашық білдіріп жатады.  Дегенмен,  сол  саланың  өзінде  қоғам ұзақ уақыт бойы назар аударған «рекордшы» бағыттар кез­деседі. Соның бірі – мектептерде үш тілде дәріс беру мәселесі.

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан ­Назарбаев «Нұр Отан» пар­­тия­сының ХVIII съезінде мектептерде үш тілде білім беру мәселесіне де тоқталғаны бар. Елбасы елімізде мектеп мұға­лімдеріне жаппай ағылшын ті­лін үйрету тым қарабайыр тә­сіл­мен ұйымдастырылғанын айт­­қан болатын. Яғни, тікелей өзінің бастамасымен қолға алын­ған игі істің дұрыс ұйым­дас­тырылмағанына көңілі толмайтынын байқатқан. Жуыр­да Білім және ғылым ми­нистрі Күләш Шәмшидинова Үкі­мет үйінде өткен баспасөз мәс­лиха­тын­да жаратылыстану және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарды арнайы курстар арқылы даярлаудың тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Министр сол жиында Қазақ­станда 11 мың ұстаздың орта мек­­тептерде физика, химия, био­­логия және информатика пән­дерін ағылшын тілінде үйре­тіп жатқанын айтқан-ды. Бұл мұ­ға­лім­дер алдымен 3 айлық, содан соң 8 айлық арнайы тіл курстарында білім алыпты. Алайда нә­­тиже көңілден шықпаса керек, жоба тоқтатылды. «Келесі жылдан бастап мұғалімдерді айлық курстан өткізетін қаржыны пе­­да­гогикалық ұйымдарға жұм­­­сай­тын боламыз. Яғни, педагог­ мамандардың университет қа­быр­ғасынан тіл меңгеріп шы­ғуына бағыттаймыз. 2016 жылы ал­ғаш рет ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді дайындауға мемлекеттік тапсырыс берілді. Алғашқы 1200-ге жуық түлек 2020 жылы бітіреді. Сондықтан мұ­­ғалімдерді оқыту курстары тоқ­татылды», деді министр. Осы­лайша қоғам­да қызу­ тал­қы­ға түс­кен мә­се­ле сәл саябыр­ тарт­­­қан-ды. Бірақ қа­­зақ­стандық оқу­­шылар үшін мем­ле­кет­тік тілмен қатар, орыс және ағылшын тіл­­дерін толық меңгеріп шығу бас­та­масы жалғасын табады. Тек формасы мен мерзіміне қа­тыс­ты ұстанымдар өзгеріп жатыр. Яғни, балаларды үш тілде оқыту бірте-бірте, ұстаз бен мек­теп­тің даярлығына байланыс­ты жү­­­­зеге асырылады. Демек, оқу­­­шы­ларымыздың үш тілді ер­кін меңгеріп шығуы үшін асық­­пау қажет екендігіне сала басшы­ларының көзі жетсе керек.

Білім және ғылым министр­лігінің деректеріне қарағанда, 2018 жылдың 1 қыркүйегінде елдегі оқушылар саны 3 млн-нан асты. Білетіндер, бұл оқу­шы­лардың басым көпшілігі қа­зақ тілінде білім алатынын ай­тады. Дегенмен, үш тілде оқыту басталғалы бері ағылшын тілін­де дәріс беруді бастап кеткен мек­тептер саны күрт өскен. Кей­­бір деректерге қарағанда, Қазақстанда 7 мың 393 мектеп болса, 2018-2019 оқу жылында оның 3372-сі ағылшын тілінде оқытуды бастапты. Одан бөлек 2608 мектеп химия, биология,­ физика және информатика пән­дерін ағылшынша оқытуды іші­нара ұйымдастыра бастаған. Яғ­ни, осы екі жарым мыңнан ас­там мектепте ағылшынша оқы­тылуы тиіс 4 пәннің орнына­ екі пән үйретіліп жатса керек. Де­мек, елдегі 5980 мек­тепте ағыл­­шын тілінде дә­ріс бе­ру ен­­­гізіле бас­та­­ған болып отыр. Бұл дегеніңіз – ағыл­­шын тілінде дәріс беруге көше алмаған мектептер саны мың жарымға да жетпейтін болғаны. Алайда елде ағылшынша дәріс беріп жүрген ұстаздар саны 11 мың екенін министрдің өзі айтты. Сонда орташа есеппен әр мектепте жаратылыстану пәндерін ағылшынша үйрететін 2 мұғалім бар деген сөз. Әрине, статис­ти­­ка жақсы. Бірақ ағылшын ті­лін­­­де дәріс беретін Назарбаев зият­­­к­ер­лік мектептері, білім-ин­­новация лицейлері тәрізді тәжі­рибелі мектептер бар екенін ес­керсек, әлгі 11 мың ұстаздың бі­разы осы білім ордаларының үле­сіне тиері сөзсіз. Олай болса, 11 мың ұстаздың балаларға ағыл­шын тілінде толық дәріс беріп жүргеніне күмәнмен қа­рауға негіз бар. Тағы бір дерек кел­тірейік. Әдетте бірқатар пән­ді ағылшын тілінде оқыту ісі жоғары сыныптардан бастала­тыны айтылған. Яғни, 9, 10, 11 сы­ныптарда біз сөз еткен пән­дер ағылшынша оқытылуы тиіс еді. Демек, 2016 жылдан бері бұл бағытта тәжірибе жасап жат­­­қан мектептер азды-көпті нәтиже берсе керек-ті. Бірақ 2018 жылдың маусым айында ҰБТ тапсыруға ниет білдірген 102 мың оқушының ішінде тек 46 түлек қана емтиханды ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған. Ал емтиханға 28 түлек қана қатысты. 2019 жылдың қаң­­тарында өт­кен «қысқы ҰБТ»­ ке­­зін­­де 35 мыңнан астам талап­кер­дің 61-і ғана ағыл­шын ті­лінде ем­ти­хан тап­сыруға бел бай­лапты.­ Елде НЗМ, БИЛ тәрізді табыс­ты жұмыс істеп тұрған мектептердің қатары біршама бол­ғанымен ағылшынша емтихан тапсырғандардың қатары соңғы бір жылда жүзге жетпеген. Мұның өзі үш тілде бі­лім беру ісінде әжептәуір асы­ғыс­тық болғанын байқатса керек. Бір сөзбен айтқанда, ұлт ұр­пағын ұшпаққа шығарып, әлем­дік өр­кениеттің ағысына ілес­тіруі тиіс бастаманы тым асы­ғыс, ғылыми негіздемесі жоқ тә­сіл­мен жүзеге асыруға кіріскен тә­різдіміз. Соның салдарынан ай­тарлықтай нәтиже болмай тұр. Елбасы да мәселенің осындай науқаншыл сипат алып бара жат­қанын сезген болуы керек, «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде бұл бастаманы сынады. Ал министрлік игі бастаманы жүйелеуге кірісті.

Жалпы, қазақ қоғамы мектептерде үш тілде дәріс беруге тым қарсы емес. Тек бастауыш сыныптарда, атап айтқанда бірінші сыныптан бастап ағыл­­шын мен орыс тілдерін үйрете бастауға наразылық танытқан. 2016-2017 жыл­дары бұл мә­селе қоғамда қы­зу талқыға түс­кен еді. Кейін сая­­бырсыды. Ма­ман­дардың көбі мұны білім са­ла­сындағы ре­фор­маның тиім­ді­лі­гіне халық­тың көзі жетті деп те болжаған. Әрі ағыл­шын тілінің курстарына қа­тысып, дәріс беруге ниет та­нытқан ұстаздар да артып кет­кен-ді. Өйткені бұл бастаманы министрлік қаржылай қолдау жа­ғын да ұмыт қалдырмаған еді. Мәселен, 2016-2017 жылдары мек­тептерге ағылшын тілінде дәріс беруді енгізу үшін бюджеттен 11 млрд теңге, 2018-2020 жыл­дарға 19 млрд теңге қа­рас­­тырылыпты. Елде физика, химия, биология және информа­ти­ка пәндері мұғалімдерінің саны 34 мың 561 екен. Олардың 35,7 пайызы немесе 12337-сі 2016-2017 жылдары біз айтқан курс­тарға қатысты. 2018 жылы курс­қа қатысқан ұстаздар саны 7518 адам болған. Байқасаңыз, ағыл­шынша қара танып қалған ұстаздар аз емес. Үкімет осы ұс­­­­таз­­дарға қосымша үстемеақы тө­леуді де бастаса керек. 2017-2018 оқу жылында 1467 мұғалім­ге дә­рістерді ағылшынша оқыта бас­тағаны үшін үстемеақы тө­леніп отырған. 2018-2019 оқу жы­­лында мұндай үстемеақы ала­тын ұстаздар саны 7835-ке же­тіпті. Министр айтқан 11 мың ұс­таз курсқа қатысып, дәріс беруге рұқсат алғандар мен шет тілін бұрыннан білетіндерден құралған болар-ау деп тұспалдадық. Ал іс жүзінде курстардың түрлі дең­гейіне қатысқандар саны 20 мың­нан асыпты.

Курстарға жастар да, егде тарт­қан мұғалімдер де барды. Бір педагогтың университет пен мектепте оқыған шет тілі ағыл­шын, енді біреуінікі неміс, тағы бір ұстаздың оқығаны француз тілі болғаны да сапаға әсер еткен тәрізді. Ағылшын тілі кур­сынан өткен, Ақмола облы­сы Целиноград ауданы №10 мек­тептің ұстазы Дәуренбек Хур­мет ұстаздардың ағылшын тілі деңгейі ала-құла болғанын айтады. «Мен – биология пәнінің мұ­ғалімімін. Курстарға қатысқан әріптестеріміздің арасында түр­лі шет тілін оқығандар да, жа­сы егде тартқан мұғалімдер де болды. Шынын айтқанда, әр­кім әр­түрлі деңгейде үйреніп шық­тық. Өз басым БИЛ түлегі әрі сол мектепте қызмет атқарған аза­­мат ретінде өзім үйрететін пән­нен ағылшын тілінде дәріс беруге азды-көпті даяр едім. Бірақ ауылымыздағы оқушылар әзір емес. Ағылшынша түсінбейді. Пәнді үйрету барысында әзірге тек терминдерді ағылшынша жат­татумен, биология пәніне қа­ты­сы қарапайым деректерді ғана айтып жүрмін. Оқушылар ағыл­шынша білмей тұрып дәріс­ті сол тілде үйрету қиын. Шәкірт­терімізді дүбәра қыламыз ба деп­ қорқамын. Ауыл­ды жерлер­де бірден ағылшын тілінде дә­ріс беру әзірге нәтижелі бола қой­майтын сияқты», дейді ұстаз. Әри­­не, қала мектептеріндегі жағ­дай бөлек. Дегенмен бастаманы қайта қарап, олқылықтарын толық­тыруға бұл жағдайдың өзі әсер еткен болуы керек.

Қысқасы, Білім және ғылым министрлігі үш тілде білім бе­ру ісіндегі олқылықтарды уа­қы­тында байқап, дер кезінде тү­­зе­туге кірісті. Мұғалімдерге ар­нал­­­ған ағылшын тілі курстарын­ күт­пеген жерден тоқтату туралы шешімді басқаша жори алмадық.

 

Амангелді ҚҰРМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА