22.11.2024

Шолпан ҚАДЫРОВА: «Мұғалімнің мәртебесін көтеретін – мұғалімнің өзі»

Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз тәрбиелеп, үлкен өмірге қанаттандырады.  Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», – деген сөзі еске түседі. Кез келген мамандықтың мәртебесін көтеру сол мамандық бойынша қажырлы еңбек етіп жүрген адамның еңбегін бағалаудан басталады деп ойлаймын.

Ұсынылып отырған  «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы педагог мәртебесін арттыруға, педагогтың кәсіби қызметіне байланысты мұғалімдердің құқықтық жағдайларын жақсартуды қамтамасыз етуге, олардың әлеуметтік қорғалу кепілдігін іске асыруға бағытталған.

Мен мұғалімдерге «Сіз ашық, адал болсаңыз, бала шын мәнінде өмірде табысты болсын деп еңбек етсеңіз, сіздің мәртебеңіз ешқашан түспейді» деп жиі айтамын. Шынтуайтына келгенде, мұғалімнің мәртебесін көтеретін – мұғалімнің  өзі. Неге қазір мұғалімдерге сын  көп айтылады? Меніңше, бұл тұста  ҰБТ-ның да өз әсері бар. Оған қоса, мұғалімдердің айлығы да бүгінгі күнге дейін  аз болды. Көпшілік жас мұғалімнің жұмысын ауыр деп ойлап, бұл салаға барғысы келмейді. Бірақ қазір жаңартылған білім мазмұны бағдарламасын меңгерген мұғалімдердің табысы жаман емес. Арнайы заң қабылданса, қоғам  да мұғалімнің еңбегіне түсіністікпен қараса, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

– Білім саласындағы реформалар көбіне дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалып жатады. Мәселен, «Баланы 5 жастан мектепке беру керек, өйткені  шетелде  балалар  4  жастан бастап мектепке барады» дегендей мәлімдемелерді естіп жүрміз. Бірақ біздің мектептерде 5 жасар баланың жас ерекшелігіне орай, жағдай қарастырылмаған. Қарапайым даярлық сыныптың оқушыларына  арналған   ұзартылған топты айтпағанда, сыныптарда ойнайтын бұрыштар жоқ. Ал шетелдерде материалдық әлеует ойын баласының бар жағдайын ескеріп жасақталған. Осы мәселеге қатысты сіздің маман ретіндегі пікіріңіз?

– Әлемдегі өзгерістер, дамыған технология балаларға мықты әсер етеді. Сондықтан бұрынғыдай «7 жастан оқыту керек» деген қасаң қағидадан арылуымыз керек. Біз қаласақ та, қаламасақ та балаларымыз дамып жатыр.

Жасымызға, тәжірибемізге қарай, «Ол шаршайды» дейміз. Бірақ біздің балалар жаңалықтар мен өзгерістерді бізден гөрі тез қабылдайды. Әлемдік үрдістерді және білім беру жүйесін 12 жылдық оқытуға көшіруді ескере отырып, балаларды мектепте 3 жастан 6 жасқа дейін оқытуға дайындауды қамтамасыз ету қажет. Баланың жан-жақты дамуы үшін тиісті орта, яғни мектепке дейінгі зияткерлік ұйым қажет. Осыған орай 5 жастағы бүлдіршіндер балабақшада немесе мектепалды даярлық сыныптарында  білім ала алады. Қазіргі кезде жылма-жыл  мектептердің материалдық базасын нығайтуға көңіл бөлінуде. Жыл сайын жаңа мектептер бой көтеруде. Мәселен, Германияның балабақшалары өте қарапайым. Штутгарт қаласында бір балабақшада болдым. Ол жерде интерактивті тақта, телефон жоқ. Біздің бөбекжайдағыдай жайлы, жұмсақ кереует жоқ, ыстық тамақ берілмейді.  Бөлмелері қоңыр салқын. Балалар жұмсақ орындықтарға  қисайып, демалып алып, жүре береді. Олар «Біз балаларды осылай шынықтырамыз» – дейді. Мені ормандағы балабақша таңғалдырды. Балалар таңғы сағат 9.30-дан 15.30-ға дейін табиғат аясында болады. Қоршаған орта туралы таным-түсініктерін кеңейтеді, әрі өздерін шынықтырады. Байқап қарасақ, Еуропа елдері балаларын табиғат аясында  баулып, қоршаған ортаға әрі бейімдеп, әрі құрметпен қарауға тәрбиелеуде. Әлемде білім саласын дамытуда әр елдің өз ерекшелігі бар. Индонезияда арнайы мектептер жоқ. Мүмкіндігі шектеулі бала мен сау бала бір мектепте білім алады. Әр баланы даму деңгейіне қарай бағалайды. Білім беруде Финляндия бірінші орында. Өйткені олар білім бағдарламасын, оқулықтарын  жиі өзгертеді. 70 жылдан кейін жаңартылған білім бағдарламасын енгізгенде, қоғам бізді түсінбей жатыр. Біз үшін өзіміз оқыған, бізге таныс бағдарлама ыңғайлы. Ал балаларымызға біз оқыған бағдарлама қажет пе? Өзім жаңартылған білім мазмұнын қолдаймын. Бірақ мұны өз басым облыстағы мұғалімдер қауымы 100% меңгерді деп айта алмаймын.  Қазір түлектер нанотехнологияға қатысы бар мамандықтарды таңдайды. Бұл да керек. Бірақ робот ешқашан мұғалім, дәрігер, журналист бола алмайды. Осы жағын да ойлануымыз керек. Атаананың баланы қалаған жасында мектепке беруге құқы бар. Біз адам ретінде де, маман ретінде өзгерістерге дайын болуымыз қажет.

– Жасөспірімдер  тәрбиесінде сізді қандай мәселе алаңдатады? Мектептерде мүшеқап үлестіріп, 16 жасар қыздарға ата-ананың рұқсатынсыз аборт (жасанды түсік) жасатуға рұқсат беруге сіз қалай қарайсыз?

– Қиын сұрақ. Бұл сұрақты көтеріп жатқан денсаулық сақтау саласындағы мамандардың өз білгені бар шығар. Әрине, қазақ әйелі болғасын қабылдағымыз келмейді. Бәлкім, жас қыздарымызды жазатайым әрекеттерден сақтап қалу үшін де бұл мәселе көтеріліп жатқан болар. Дегенмен, біздің қоғам бұған дайын емес. «Ұят болады!» деген ұғым бар. Бірақ  бейкүнә сәбиді тастап кеткен ұят, тіпті обал емес пе?!.  2016-2017 жылдары бірнеше облыста әр жерден тастанды  нәрестелер табылып жатты. Осы жағдайда барлық әлеуметтік желі шулады. Сол қыздар туралы қаншама ауыр сөздер жазылды. Бірақ сол қыз-келіншектерге барып, нақты көмек көрсеткен жандар некен-саяқ. Бейкүнә сәби тектен-тек пайда болған жоқ қой. Біз көбіне қыздарды сынап жатамыз. Ал ұлдарды неге тәрбиелемейміз? Ұлдардың  тәрбиесіне неге мән бермейміз?.. Бізде «Ер адамға бәрі болады, бәрі үйлеседі» деген қасаң көзқарас қалыптасқан. Егер  жігіттеріміз намысты, өрелі болса, сәбиін тастап, лақтырып кетіп жатқан қыздар болмас еді ғой. Яғни, жігіттің жауапкершілігі жоғары болса, осындай келеңсіз көріністер қоғамда белең алмас еді.

Сондықтан қыздарды тыйып қана қоймай, ұлдар тәрбиесін де күшейткеніміз жөн. Сонымен қатар  мектепте жаппай мүшеқап таратудың салдары қандай болады? Осы жағын да ескеру керек. Ал 16 жасында ата-аналарының рұқсатынсыз түсік жасатудың салдарынан ол қыз өмір бойы сәби сүйе алмай қалса?.. Бұған кім жауап береді?  Бұл өте күрделі мәселе. Сондықтан «Тәрбие тал бесіктен» демекші, ең алдымен, ата-аналар ұл мен қыздың тәрбиесімен жүйелі әрі асқан жауапкершілікпен  айналысу керек. Мектеп оқушылары жыныстық қатынас туралы емес, сабақ оқу, болашақ өміріне аса қажет ілім-білімді тиянақты  меңгеру туралы ойлануы шарт.

– Қазіргі ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі төмендеп кетті. Гаджеттердің дамыған  заманында жастайынан баланы еңбекке араластыруға көңіл бөлінбейді. Осы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?

– Ата-аналар қазіргі күнде «Баламды киіндірсем, тамағын тауып берсем, менің міндетім осы» деп ойлайды. Шындап келгенде, бала тәрбиені отбасынан алады. Жақсы тәрбие алған бала – ол әр ата-ананың уайымсыз-қайғысыз, алаңсыз қарттығы. Осыны көбі түсіне бермейді. Мен бұрын ата-аналардан: «Мектеп бітіргеннен кейін, балаңызды қандай тұлға ретінде көргіңіз келеді?» деп сұ-райтынмын. Олар «ұл-қызының қандай болғанын қалайтындығын» тізіп айтып береді. Онда «Бірге тәрбиелейік» деп келісімге келетінмін. Жалпы, мектеп пен ата-ана арасында үндестік болуы керек.  Екі жақтың, қос тараптың    көзқарасы, түсінік-пайымдары бір жерден шығып жатса, біз мақсатқа қол жеткіземіз. Мұғалім ешқашан оқушыға  «Сен жаман бол» деп үйретпейді.  Қазір ата-аналардың басым бөлігі баланың қолына телефон беріп қояды. Өйткені өздері үшін ыңғайлы, «әйтеуір, тыныш  отырса екен» дейді. Баланы кішкентай күнінен үй шаруасына баулыған екі  жаққа да тиімді. Мектепте де еңбек сабақтарында балаға жас ерекшелігіне сай әр түрлі тапсырмалар беріледі. Сондай-ақ 14 жастан бастап заңнамаларға сәйкес жұмыс жасап, атааналарына қолғабыс беруге болады. Бау-бақшадағы еңбектің орны бөлек, бала отбасының қысқы азық жинауына өз үлесін қосуы тиіс.  Бірақ ата-ана баланың денсаулығына зиян келтірмеу жағын да ескергені жөн. Еңбекке баулудың тағы бір жолы бұл  – үйлердің ауласын, айналасын жинау, гүл отырғызу. Бұған аса көп қаражат та қажет емес. Ата-аналар бір кезек баланы телефоннан ажыратып,  осындай жұмыстарға араластырғаны жөн. Өзімнің екі ұлым бар. Қыз жоқ болғасын, екеуін де жұмсадым. Қазір тамақты өздері пісіреді, бақшаны суарады, ауланы жинайды, қар тазалайды, машинаны жуып, дайындап қояды. Бәрін өздері жасайды.

– Шолпан  Маратқызы, мектеп жасындағы жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік жасауы кейбір білім ошақтарында әлі күнге дейін ұшырасады. Әсіресе, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы орын алған жеткіншектер арасындағы әсіре әлімжеттік бүкіл елдің жағасын ұстатты. Осыған орай біздің өңірде  жасөспірімдердің  арасында кездесетін әлімжеттік, бұзақылықтың алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы, ювеналды полицияның қызметіне көңіліңіз тола ма?

– Жасөспірімдер арасында орын алған келеңсіз әрекеттерге тағы да сол гаджеттер әсер етеді. Ғаламторда неше түрлі бейнекөріністер бар. Олар көбіне қызық көріп, біреуді соғатын, өлтіретін ойындарды ойнайды. Кейде олар сол ойынға әбден беріліп, виртуалды өмір мен шынайы өмірді шатастырып алатын сияқты. Сондықтан балаларға гаджеттермен отыратын уақытын шектеу керек. Жоғарыдағыдай бір жағдай орын алса, ата-ана кінәні мектептен іздейді. Ата-аналар балаларымен ашық сөйлеспейді. Содан соң бала өзін толғандырған сұрақтарға жауапты ғаламтордан іздейді. «Неге бөтен адам менің балама кеңес беруі керек? Сонда мен не істеп отырмын? Мен неге өз перзентіме жанашыр  дос бола алмаймын?» деген сұрақтар әр ата-ананың жадында жүргені  жөн.  Көп ата-ана «Бұлай жасама, ұят болады» деумен шектеледі. Мен әжемнің тәрбиесінде болдым. Әжем маған «Ұят болады, себебі…» деп тәптіштеп түсіндіретін. Қазіргі қоғамда осы жетіспей жатыр. Ең алдымен, ата-ана, сынып  жетекшісі, психолог  баланың сырласатын тұлғасы болуы тиіс.  Ішкі істер құрылымдары қызметкерлерімен бірге профилактикалық түсінік беру жұмыстары үнемі жүргізіледі. Дегенмен, кейбір өрескел жайттардың орын алуының тағы бір себебі – балалар ұлттық тәрбиеден ажырап қалғандығында деп ойлаймын.

Өткен айда Татарстанға барғанымда, қатты намыстанып қайттым. Қазан қаласындағы №2 ұлттық гимназияны аралап жүрміз. Гимназия директоры «Бізде он ұлдың тоғызы татар күресінен хабардар» деді. Осы сөз мені қатты ойландырды. Былай қарасаңыз, Ресей Федерациясының ішіндегі кішкентай республика ғой. Біз қазір он жігітті алып сұрап көрейікші, қайсысы қазақ күресін біледі екен?  Елге қайтқан соң ойланып, «Алтын ұрпақ»  деген жобаны бастадым.  «Қазақ күресі»,  «Қазақ әндері», «Қазақ биі», «Домбыра» бағыттарын мектептердегі  тәрбие жұмыстарына енгізгім келеді.  Бұл бір жағынан тәрбиеге жақсы әсер етеді. Әрі балаларымыз жастайынан ұлттық құндылықтарды санасына сіңіріп, ұлттық өнер мен спортты біліп өсер еді.

– Редакция қызметкерлері аудан-ауылдарды аралап, оқырмандармен жиі кездеседі. Біздің оқырмандардың басым бөлігі – мұғалімдер екендігі белгілі. Сондай сәттерде газетімізге жарияланған бала тәрбиесіне, білім саласына қатысты «Баланың суицидалды әрекетіне – ересектер жауапты», «Балаңызды  виртуалды әлемнен қалай қорғап жүрсіз?» немесе «Құрт пен тары, небір дертке  дәрі» атты мақала-материалдарды оқыдыңыз ба?» деп сұрағандағы  «үнсіздіктен» мұғалімдердің газет оқымайтындығы байқалады. Осы тұрғыда, сіздің  «Газет-журналдарға жазылып-жазылмау әр мұғалімнің өз еркінде» деген мәлімдемеңіз,  онсыз да газет оқымайтын жандар үшін жақсы желеу болған секілді. Біздің түсінігімізде, мұғалімдер – ел ішіндегі, халық арасындағы  идеологияға жауапты жандардың бірі. Осы мәселеге қатысты облыстың бас ұстазы ретінде өз пікіріңізді білсек… Өзіңіз қандай басылымдарға жазыласыз?

– Қоғамның жайын, елдің мәселесін жазып, билік пен қарапайым халық арасында алтын көпір болып отырған басылымдарды оқу әрбір адам үшін, соның ішінде мұғалімдер үшін өте қажет деп ойлаймын. Өйткені, олардың сөйлеу мәдениетінен, балалармен қарым-қатынасынан, айтатын әңгімесінен рухани деңгейі көрінеді. Ал газет оқу осы деңгейді, яғни озық ой өресі мен  тіл мәдениетін қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. «Мұғалімдер мүлдем газет оқымайды» деген жаңсақ пікір. Қазіргідей өзгеріс-тер кезеңінде қоғамдық-саяси газеттер мен қоғамдық-педагогикалық газеттер арқылы мұғалімдер елдің тыныс-тіршілігімен, озық тәжірибелермен танысып, ой-өрістерін кеңейтуде. Сонымен қатар әрбір мектептің кітапханасында біраз газет-журнал бар.  Кей мұғалімдер «Күнделікті теледидардан берілген ақпараттарға жазылады. Сондықтан өз сабағымызға қатысты ресурстар іздейміз» деген уәж айтады… Сіз атап өткен мақалалармен таныстым. Жанұямызбен республикалық, облыстық басылымдарға жазыламыз.

– Мені мектеп психологтарының жұмысы қызықтырады. Журналист  ретінде тақырыпқа тұздық керек болып, бірнеше мектеп психологынан пікір алуыма тура келді. Сол кезде байқағаным, олар  қойылған сұраққа теориялық түрде ғана жауап береді.  Одан қалса, папкаларын ақтарып, есеп беріп кетуге дайын тұрады. Оқушылармен жүргізілген нақты, жанды жұмыстар, өзінің күнделікті жұмысынан тартымды деректер айтылмайды.  Осыған қарап, «Мектеп психологтары тек есеп беру үшін жұмыс  жасай ма?» деген ой келеді. Сіз не дейсіз?

– Шынымды айтсам, мен сіздің бұл сұрағыңызға жауап беруге қиналамын. Бұл – үлкен мәселе. Алдағы уақытта отыз психологты қайта даярлағым келеді. Осы бағытта жұмыстанудамыз. Бірақ психологтар есеп беру үшін жұмыс істемейді. Олардың өз стандарттары бар, соны орындауы керек. Мұғалімдер қазір бес құжат қана толтырады. «Сол сияқты қысқартуға болмай ма?» деп жиі айтамын.  Тағы бір себебі, мектеп психологтары ашықтыққа дайын емес. Оларды мемлекеттік жоғары оқу орны солай  дайындаған. Бірақ психологтар «Бізді осылай үйретті» деп қарап отырмай ізденіп, баламен жанды жұмыстар жүргізуге ұмтылуы керек.

–  Облыстық «Орал өңірі» газетінің өткен жылғы 16 қазандағы санында «Мұғалімге төрден орын беріп жүрміз бе?» деген мақала жарияланды. Сонда Теректі ауданының Покатилов ауылындағы жас маман «Ауылда кең жолақты интернет жоқ болғандықтан, оқушыларымызды қызықтыру үшін өз телефонымыздағы тарифтерді пайдаланып жүрміз» деген еді. Жалпы, ауылдағы мектептерді  ғаламтормен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Мектептерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету облыстың  білім саласын цифрландыру жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Өңіріміздегі 381 мектептің 330-ы кең жолақты интернет жүйесіне қосулы, оның ішінде 150 мектеп кабельдік, 180 мектеп спутниктік байланыс арқылы. Бірақ интернет желісінің төмен жылдамдығы (4 Мбит/с) және спутниктік байланыстың шектеулі трафигі цифрлық білім ресурстарын оқу үрдісінде толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Аталған мәселелерді шешу және облыс мектептерін жылдамдығы кемінде 10 Мбит/с кең жолақты ғаламтормен  қамтамасыз ету үшін  облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында бес шараны жүзеге асыру аясында  жол картасы жасалды:

– Облыс және аудан орталықтарындағы мектептерде  интернет желісіне қолжетімділік сапасын және қатынау жылдамдығын арттыру (I  кезең – 53 мектеп);

– Орал қаласы мен аудан орталықтарындағы 29 білім ошағына  ұзындығы 36,7 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық байланысы желісінің құрылысын жүргізу;

– Орал қаласы мен аудан орталықтарындағы 7 мектепте талшықты-оптикалық байланысы желісінің құрылысы. Ұзындығы 16,05 км;

– Облыстың ауылдық мектептерінде спутниктік байланыс жүйесін орнату. 15 мектепті «Соңғы миля» арнасын ұйымдастыру арқылы қосу.

– Мектептегі қағазбастылық, тексерістің көптігі – мұғалімнің басты мұңы. Осы мәселелерді азайту бағытындағы жұмыстарға  тоқталып  өтсеңіз…

– Қазіргі күнде  мұғалімдер сынып журналы, тақырыптық-күнтізбелік жоспар, күнделікті жоспарлар (қысқа мерзімді жоспар), критериалды бағалау бойынша құжаттар, білім алушылардың күнделігі осы аталған 5 құжатты ғана толтырады. Педагогтардан басқа құжат  сұралмайды.

– Өткен жылдың соңында көтерілген бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбекақысына  қатысты мәселеге нүкте қойылды  ма?

–  Негізі, заң бойынша  мұғалімнің өз мамандығына сәйкес  салалық профильдік жоғары білімі болуы керек.  Бастауыш сыныптың мұғалімінің жоғары білімі  де бастауыш сыныптың мұғалімі болуы қажет. Осы мәселе бойынша біз  ҚР Білім және ғылым министрлігіне хат жаздық.   Биылғы  оқу жылының аяғына дейін барлық бастауыш сыныптың мұғалімдеріне төленеді. Бастауыш сынып мұғалімі жоғары,  І санатты  болса, оларда еш мәселе жоқ. Ал екінші санаттағы немесе мүлдем санатсыз мұғалімдерге қиындау. Өзім мұғалімдерді жақсы түсінемін. Қолдан келгенінше қолдаймын.

– Шолпан  Маратқызы, сіз мұғалімдерден «Қандай кітап оқып жүрсіз?» деп жиі сұрайды екенсіз. Өзіңіз қазір қандай кітап оқып жүрсіз?  Сізге ерекше әсер еткен тың шығармаларды атап бере аласыз ба?

– Қазір «Финдік оқыту жүйесі» атты  кітапты оқып бітірдім. Мені «Финляндиядағы білім неге сонша табысты?» деген сұрақ қызықтырады. Содан соң  «Мұғалім қалыптастыру трансформациясы» деген кітапты оқыдым. Осы кітаптан «Көшбасшы мұғалімдерді қалай қалыптастыруға болады?» деген сұрағыма жауап іздедім. Әр мұғалім көшбасшы болуға ұмтылып, қызықты жобаларын енгізіп, өз тәжірибесін зерттеп тұрса, бізде ілгерілеу болар еді. Әр мұғалім  «Мақсатыма жете алдым ба?» деп өзінен сұраса, қателескенін біліп, «Мына жерде қателестім» десе, ол да оң нәтиже. Себебі ол өз жұмысын зерттеді, зерделеді. Көбіне менеджмент бағытындағы кітаптарды оқимын. Өзім жақсы көретін тарихи романдар мен көркем шығармаларды  оқуға уақытым бола бермейді. Соңғы рет «Карандаш надежды», «Наш Айсберг тает» атты кітаптарды оқыдым. Қатты ұнады. Жергілікті қаламгер Мұнайдар Балмолданың шығармашылығы ұнайды. Әсіресе, «Анамның жаққан ошағы» деген сол кісінің сөзіне жазылған әнді тыңдасам, көз алдыма туған ауылым елестейді.

– Балаңыз мұғалімдер туралы жағымсыз әңгіме айтып келсе, қалай жауап бересіз?

– Мен ұлдарыма қай кезде де «Мұғалімдікі дұрыс» деп айтамын. Олардың мұғалімді арыздауына жол бермеуге тырысамын. Ұлдарыма «Мен де мұғаліммін, қалай жұмыс жасайтынымды көріп жүрсіңдер ғой, олар да мен сияқты ұйықтамай жұмыс істейді. Олардың да отбасы бар. Бірақ  ұл-қызына қарайтын жеткілікті уақыты жоқ. Себебі ең бірінші кезекте сіздерге жақсы білім беруге тырысады» деп түсіндіремін.

– Перзенттеріңізге ең жиі айтатын сөзіңіз?

– Ісің мен сөзіңе адал бол деп жиі айтамын.

– Ұлдарыңызды қалай еркелетесіз?

– Үлкен ұлымды «Күнім менің», кіші ұлымды «Жаным» деп еркелетемін. Үлкен балам Ұлыбританияда оқып жүр. Ол күн сайын «Мама, сені жақсы көремін» деп SMS жазып жібереді. Оны оқып, кәдімгідей ұялып қаламын.  Өйткені өзім  анама «Сені жақсы көремін» деп бір рет  те  айтып  көрмеппін…

Сұхбаттасқан  Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА