22.11.2024

Қызылордада оқушылар арасындағы республикалық олимпиада өтіп жатыр

Олимпиадаға Қазақстанның барлық аймақтарынан 9-11 сыныптың 663 оқушысы жиналған. Білім додасының қорытындысы 29 наурызда белгілі болады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев олимпиада қатысушыларымен кездесіп, «жастардың білімі, біліктілігі мен дағдылары – барша ұлттың ең маңызды әрі қымбат ресурсы» екенін атап өтті.

«Жоғары білікті мамандар даярлау мәселесінде білім беру сапасының  деңгейін көтеруге тиіспіз. Облыстың сала қызметкерлері мектеп түлектерінің кем дегенде 50%  ЖОО түсіруге қол жеткізуі тиіс. Біз жыл сайын аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты есебінен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жібереміз. Биыл аталмыш грант саны 2 есеге – 100-ден 205-ке дейін артты. Осылайша, бүгінгі таңда мұндай грант иегерлерінің саны 900 жетті. Айта кету керек, ағымдағы жылдан бастап облыс әкімі гранттарының 70%  IT-мамандықтарға бағытталады»,- деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап аймақтың мектеп түлектері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық  ЖОО  білім алуда. Алғашқы түлектер өткен жылдан бастап өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істеп, кейбірі магистратурада оқуын жалғастыруда.

Айта кетерлігі, екінші жыл қатарынан облыстағы мектеп түлектерінің 97%  жоғары оқу орындары мен колледждерге түскен, олардың 58% мемлекеттік грантқа ие болды. Сондай-ақ, облыс басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар жоспарларымен бөлісті. «Енді біздің міндетіміз – жастарды «Лига плюща» университеттерінде оқытуға қол жеткізу.

Егер айқын мақсатты межелеп, нақты міндеттер қойылмаса, еш нәрсеге жету мүмкін емес! Технологияларды құру және пайдалану, әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерлік, коммуникация мен дизайн, сондай-ақ, мектеп бағдарламасына кірмейтін ғылым салаларындағы дарындарды қолдау мақсатында  Ресейдің «Кванториумдар» мен «Сириустар» құру бойынша тәжірибесін зерделейміз. Олардың тәжірибесін зерделеп, жоғары білікті инженер мамандарды даярлауға, инновациялық технологиялар мен идеяларды әзірлеуге, тестілеуге және енгізуге бағытталған толыққанды технопарктер құрғымыз келеді», – деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында STEM-элементтерді, ғылыми инновациялар мен математикалық моделдеуді, робототехниканы қамтитын 46 инновациялық мектеп жұмыс істейді. Сөз соңында Қ.Көшербаев олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп: «Біздің жастарымыздың арасында да Абайдай ақын-философтар, Қаныш Сәтбаевтай бірегей ғалымдар, Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушылар, Билл Гейтс, Илон Маск секілді инноваторлар жүруі әбден мүмкін»,-деді.

Сонымен қатар, оқушыларды ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева құттықтап, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және олимпиада онлайн режимде өткізілетінін атап өтті. «Қызылорда облысында, Сырдың қасиетті жерінде, түркі өркениетінің бесігі, ойшыл Қорқыт Ата мекен еткен жерде гуманитарлық пәндер бойынша олимпиада өтуі ерекше мәнге ие.

Биыл  «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының құрылғанына 20 жыл толады.  Орталықты құру идеясы сол кездерде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің басшылығында отырған, қазіргі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа тиесілі», – деді вице-министр. Айта кетейік, 25-29 наурызда Қызылорда облысында қазақ, орыс және шет тілдері, құқық негіздері және Қазақстан тарихы бойынша олимпиаданың 2 кезеңі өтеді.

Сондай-ақ, олимпиада қатысушылары Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде өтетін жастар форумына қатысады. Білім додасының қорытындысы 29 наурызда анықталып, жабылу рәсімі өткізіледі.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА