Әлемнің 50 мемлекетінен 300-ге жуық университет мамандары қатысқан ауқымды шарада шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері өз бағдарламаларын таныстырып, жергілікті жастарға шетелде білім алудың жолдарын түсіндірді.
Көрмеге келген сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда еуропалық 200-дей университет қазақстандық студенттерге грант бөліп отыр. Яғни 20 мың қазақстандықтың Еуропа елдерінде білімін жетілдіруге мүмкіндігі бар. Бүгінде 150 мың отандасымыз сырт мемлекетте оқып жатыр. 2025 жылға дейін олардың саны 400 мыңға жетуі мүмкін. Халықаралық біліммен жүйелі айналысып жүрген сарапшы Жанболат Мелдешов мұндай шара қазақ жастарының сапалы білім алуына жақсы мүмкіндік беретінін айтады.
– Біздегі мектеп түлектерінің 34 пайызы ғана жоғары біліммен қамтылады. Шетелде бұл көрсеткіш 50 пайызды құрайды. Егер Қазақстан әлем елдеріндегі осындай көрсеткішке қол жеткізсе, қазіргі таңда отандық ЖОО-ларда 800 мыңнан аса студент оқуы керек еді. Біріншіден, жоғары білім алушылардың барлығы бірдей қазақстандық университеттерге сыймайды. Екіншіден, біздегі кей ЖОО-лардың сапасы көңіл көншітпейді. Үшінші бір себеп, елімізде кейбір мамандықтар даярланбайды. Бәрінен бұрын халықаралық білім халықаралық деңгейдегі маман болуға жағдай жасайды. Франция туризмді тегін оқытады, Германия инженерлік мамандарға грант бөледі. Неге осындай мүмкіндікті пайдаланып, балаларымызды оқытып алмасқа! Бізде дипломы бар адам көп, бірақ біраз салада маман жетіспейді. Мұндай мәселені шешудің бір жолы – шетелдің қымбат оқуына қалтадан қаржы төлемей, тегін қол жеткізіп, сұраныстағы маман болу. Ал осындай мүмкіндіктерді жастарымыз біле бермейді, – дейді Ж.Мелдешов.
Көрмені ұйымдастырып отырған Bolashaq Development Fund төрағасы Алмас Сатылғанов шараның жыл сайын өткізілетінін жеткізді.
– Осы көрмеге шетелде оқығысы келетіндер өзі қалаған мемлекетінің университеттерімен қарым-қатынас орнатып, олардың пайдалы кеңесімен болашақта сол елдерге баруына мүмкіндік алып жатыр. Былтыр 5 мың қазақстандық шетелдік университеттерге оқуға түсті, – дейді ұйымдастырушы.
Айта кетейік, шараны қолға алған коммерциялық емес ұйым адам капиталын дамыту, білім беру ортасын жақсарту мақсатында Қазақстан жастарының кәсібилігі мен шығармашылығын нығайтуды, сонымен қатар әлемдік университеттер мен жергілікті жоғары оқу орындарының тәжірибе алмасуын көздейді.
1807 жылы құрылған Германиядағы FHWS техникалық университетінің Шығыс Еуропа бойынша үйлестірушісі Наталья Куделя қазақстандық жастардың білімге деген құштарлығы қуантарлық екенін айтады.
– Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері жан-жақты дамыған. Ағылшын тілін жетік меңгерген. Олардың оқуға құштарлығы да жоғары. Әсіресе физика, математика пәндерінен алғыр екенін байқадық. Биыл біздің университетімізге 30-ға жуық қазақ студенті келді. Әлі де құжат тапсырып жатқандар бар. Алдағы уақытта біздің университеттегі шетелдік студенттер саны 150-дей болса, соның үштен бірі қазақстандықтар болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді Н.Куделя.
Шарада шет мемлекетте білім алудың жолдары ғана емес, цифрлы технология, білім жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылды. Білім көрмесіне келушілер арнайы гранттар мен жеңілдіктер туралы танымдық ақпарат алды. АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа мен ТМД елдерінің озық университеттерінен келген көрме алдағы күндері еліміздің бірнеше қаласында жалғасын таппақ. Нақтырақ айтсақ, Шымкентте 8-9 қазан (Rixos Khadisha), Алматыда 11-13 қазан (Балуан Шолақ атындағы Спорт және Mәдениет кешені), Атырауда 14 қазан (Sultan Palace), Оралда 15 қазан (Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры) және Ақтөбеде 16 қазан (Өнер орталығы) күніне жоспарланып отыр.
Айдана Шотбайқызы
“Егемен Қазақстан” газеті