22.11.2024

Әке мен бала арасындағы байланыс қандай?

Бүгінгі таңда қоғамда әке мен бала арасындағы байланыстың бәсеңдей түскендей жайы байқалады. Әке тәрбиесі бала үшін әрқашан маңызды һәм баланың болашағына да негізгі бағдар болмақ.

Бірақ қоғамдағы әке мен бала қатынасының қаншалықты дәрежеде екенін анықтай қою қиын. Себебі әрбір отбасында әкенің рөлі әрқалай. Алайда әке мен бала арасындағы байланыстың беки түсуіне белгілі бір дәрежеде баланың да үлесінің бар екенін ұмытпау керек дер едік. Расында да қазіргі кезде қажетті, қажетсіз ақпараттың бәрі де бала санасына ғаламтор арқылы сіңуде. Мектеп оқушыларының әрқайсысында ұялы телефон бар. Мұнда ең бірінші мәселе бала өзіне қажетті ақпаратты түйсігімен түсіну арқылы қабылдау керек. Әке мен баланың арасындағы байланыстың да кері кетуіне мұның әсерінің болмай қоймасы анық.

Жалпы, әке мен бала арасындағы байланыстың беки түсуіне баланың анасының да қосатын үлесі аз емес. Мәселен, Құнанбай мен Абай арасындағы ғажап байланыс қара орман қазаққа мәлім. Құнанбайдай әкенің сыншылдығы мен қаталдығының өзінен балаға деген мейірім көрінеді. Ал жас Абай оқудан ауылына келгенде әуелі анасы Ұлжанға амандаспақ болғанда, Ұлжан ананың баласына әкесі Құнанбаймен бірінші амандасуы керектігін айтуы да өмірдің ұлы сабақтары болса керек. Бүгінгі таңда ұлтымыз үшін өзекті мәселенің бірі ұрпақтар сабақтастығының өзегін жоғалтпау болып отыр. Бұл арқылы ұрпақтың бойына тектіліктің тамыр тартатыны да шындық. Жуырда ғана Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде аға буын мен жастардың арасындағы байланыстың әлсіреуіне жол бермеу және ортақ мәселелерден шығудың жолдарын қарастыру мақсатында «Әкелер мен балалар» атты ашық әңгіме алаңы өткен еді. Расында да әке мен бала арасындағы әрбір сәт, әрбір диалог бүгін қарым-қатынасқа байланысты болса, кейін мінез бен ұстанымға айналуы мүмкін. Ал бәрінің жиынтығы тағдырға айналатынын түсіну қиын емес. Бұл ретте жазушы-драматург Елен Әлімжан жастарды жолдан тайдыратын құлық ашкөздік пен құлқын екенін де айтады. Яғни сол арқылы өзімбілемдікке ұрыну да әке сөзіне құлақ асудан қалуға алып келеді. Сондықтан да әке балаға бос ақыл айтқаннан гөрі, оны ісімен дәлелдеу керектігін де жеткізді. Ал драматург Болат Бекжанов бала бәрібір әкенің ізімен жүре алмайтынын, өмірдің түрлі соқпақтары оны басқа жолға бұрып әкетуі ықтимал екенін әңгімеледі.

Әйгілі Әзірет Әлінің «Баланы өзімдей бол деп емес, өзімдей болма деп үйрет» дегенінде де көп сыр жатқан болса керек. Кемшіліксіз пенде жоқ. Шыны керек, қазіргі кезде қоғамда масылдықтың да белең алып бара жатқаны белгілі. Баланы адал еңбекке баулудың да берекесі кетіп бара жатқандай. Қазіргі кезде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасыру сияқты келеңсіздіктердің де көптеп орын алуы осының айғағы болса керек. Мұндай көріністердің бәрі де баланың психологиясына әсер етпей қоймайтыны анық. Әкенің әрбір ісі балаға бағыт болатынын ұмытпаудың да маңыздылығы жоғары. «Ықылым замандардан бері жалғасын тауып келе жатқан әкелер мен балалар арақатынасы әлі күнге өзекті. Әке мен баланың арасында өрбіген өнегелі тәрбиенің әрбір қазақтың отбасында көрініс табуын тілеймін», дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, филолог ғалым Сейсекүл Исматова.

«Әке – асқар тау» дейміз. Баланы жағадағы құраққа теңейміз. Бүгінде желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақтың бой түзейтін негізгі құбыласы сол асқар тауы болғаны дұрыс-ақ. Дей тұрғанмен, өмірдің түрлі өткелдері арқылы бала бойында қалыптасатын мінез бен әрекет әкенің тәрбиесінен алыстатпаса дейсің…

 

Хамит ЕСАМАН
Жамбыл облысы
“Егемен Қазақстан” газетінен алынды

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА