Латын әліпбиінен қашқандар
Естір құлаққа ерсі болғанмен, жоспарға сай латын әліпбиі қазақ мектептеріне қолданысқа толыққанды енсе, бала саны жағынан қазақ мектебінің күйі әре-сәреге түспек сыңайлы. Қазақ мектебіне бала өткізуге ата-аналар тарапынан ықыластың төмендеуі ойға қалдырды.
Құдайға шүкір, бала туу жағынан жоғары көрсеткішке ие мемлекетпіз. Басым көпшілігі көпбалалы қазақ отбасы бола тұра, алдағы жылдары ұлттық мектепке баласын бергісі келмейтін бірнеше ата-ананың пікірін сараласақ.
“Балам келесі жылы мектепке барады. Отбасымызда қазақ тілінде сөйлесек те, әлден орыс мектебіне өтініш жазып қойдым. Өкінішке орай, мемлекет үш тілді саясаттың ішінен ағылшын мен орыс тіліне басты пәрмен беріп отыр. Соңғы кезде қытай тілі қосымша қолданысқа енеді деген болжам айтылып қалады.
Латын әліпбиін тек қазақ мектебінде ғана қолданып, орыс мектебі кириллицада қалып отыр. Демек, латын жазуы тар шеңберде қолданыста болады деген сөз. Өзім кириллицамен оқыдым. Латын әріптерін өзім білмей тұрып, баламның сабағын қадағалауым қиындағалы тұр. Латын әліпбиімен оқығаннан баламның болашағы тар шеңберде шектеуге түсер деген оймен кириллицада қалған орыс мектебін таңдадым”.
Әже:
“Кеңес үкіметі кезінде орыс тілімен арпалысып өстім. Кириллицамен оқып жүріп те орысқа нанымды бермедім. Тәуелсіздік алғанымызға ерекше қуанып, балаларымды қазақ мектебінде оқыттым. Енді, міне, алдағы жылы немеремді орыс мектебіне өткізбек ойым бар.
Басты себеп – латын әріптері тек қазақ мектебінде ғана қолданылып, орыс мектебі кириллицада қалғаны. Мектеп бітірген соң жоғары білім алуы қалай болмақ? Оған соңғы жылдары сапасы төмендеп кеткен қазақ тіліндегі оқулықтардың сауатсыздығы қосымша болып отыр.
Латын әліпбиін тек қазақ мектебіне қолдану мәселесін ғалымдар әлі де жетік зерттеу керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл арқылы қоғам екіге қақ жарылғалы отыр. Ғалымдар айтпайды емес, айтып жатыр. Елеп жатқан сарапшы жоқ”.
Сая Қасымбек
драматург